Белгілі ғалым, шығыстанушы, профессор Ислам Жеменейдің «Кез келген ел өзінің тарихын зерттеуде үш дерекке жүгінеді. Олар: археология, жазба дерек және фольклор» (салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ауыз әдебиеті…) деген пікірін қолдай отырып, біз өз зерттеуімізде осы ұстанымға сүйенгенді жөн санаймыз. Өйткені, біздің бұл зерттеуіміз көбіне жанама және ауызша деректерге (Ауызша дерек деген ұғымды танымал шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Әбусейтова айтқан еді) негізделуге мәжбүрлейді. Бұлай дейтініміз, тарихшы ғалымдардың айтуынша, жалпы қазақ тарихында көмескі тұстары көп ел – Суан елі болса керек. Оны белгілі тарихшы Т.Омарбеков өзінің «Қазақтың шығу тегі» атты зерттеуінде: «Тарихында көптеген жұмбақтар бар қазақ тайпаларының бірі – Суан» деп айтады. Сондай-ақ, Қараменді бабаның би болуы туралы жағдайына теориялық-әдіснамалық негіздің де бар болғанын, оның адамзаттың тарихи қажеттілік заңынан туындауы да зайыр болған. Оны, мәселен, «Төле би тарихы» дастанында қазақ даласындағы хандық дәуірдің саяси-тарихын сипаттай келіп, поэзиялық стильмен өрілген: «Басшылық етіп тұруға билердің болды керегі» деген жолдармен және Қойшығара Салғараұлының айтуынша, қазақ даласындағы билер билігі сонау Тәуке хан тұсында ұлттық-тарихи мүддеден бастау алған: «Қазақ жүздерін іс жүзінде өздерінің ортасынан шыққан билерге… басқартты» деген тұжырыммен де дәлелдеуге болады. Аталмыш мақалада басты мәселе Қарамеңді бабаның Суан елінің алғашқы биі болғаны туралы ой желісі болмақ.
Осы контексте, біз өзіміздің тікелей бабамыз Қарамеңді би Мұратұлының Қазақ хандығы тарихындағы саяси-әлеуметтік орны мен рөлін ұрпақтық парыз тұрғысынан алғаш рет зерттеу мақсатын көздейміз. Нақтырақ айтқанда, жазба деректерде: «Қараменде – (Қарамеңді – Д.С.) өз заманындағы соғыс өнерін игерген ірі әскер қолбасшысы, әрі суанның тұңғыш биі, әйгілі батыр» [Өскенбай Әуесхан Рақымжанұлы. Қараменде шежіресі. –Алматы: «Асыл кітап», 2018. -200 б. (16 б.)], – деп көрсетіледі. Осы ретте Қарамеңді бидің әділдігі мен сөзге шешен болғаны да тарихи жазбаларда айтылады. Мәселен, шежірелік жыр-аңыздарда: «…Мұраттың екінші ұлы – Қараменді (Қарамеңді – Д.С.), Тосқауыл сөз қалмайды кемеңгерге», – деген жыр жолдары айтылса, Матан Сімәділұлы Жетісудың игі жақсыларын сөз ете келіп, «солардың қатарында от ауызды, орақ тілді, қара қылды қақ жарған Қараменде биді айтуға болады», – деп жазады. Тағы бірде, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманын сипаттай келіп, «еңіреген елінің бел баласы, көсіліп кетсе көсем, шешіліп кетсе шешен…», -дегенді айтады. Қаременде баба Суан руының алғашқы биі атанған деген пікір айтылады жазба әдебиетінде [Смәділұлы Матан. Суаннан шыққан сегіз би: Шежіре. –Алматы: «Жалын» ЖШС, 1997. -144 б.].
Осы ретте, ең алдымен, өкінішке қарай аңыз әңгімелерден, ауызша деректерден басқа ресми тарихи деректерде осы Қараменді би жөнінде мәліметтердің жоқтың қасы болуы. Сол себепті біз алдымен жазба деректерде сирек кездесетін Қараменді және Қараменде деген адам есімдерінің бір мезгілде қосарлана қолданған фактілерге негізделе отырып олардың кімдер, қандай тұлғалар болғаны, олардың бір өңір аумағында жер-су, елді мекен атауларында қосарланып айтылу себептерін анықтауға алғаш рет қадам жасап отырмыз.
Тарихи жазба әдебиеттерде кездесетін Қараменді, Қараменде адам есімдеріне қатысты деректерге талдау жасауды жөн санадық. Мұндағы көзделетін мақсат – біздің бабабыз болып есептелетін Суан руының Қараменді биінің есіміне қатысты мәліметтің тарихи шындығын анықтау. Энциклопедиялық мәліметтер бойынша, тарихта екі Қараменді және екі Қараменде болғаны айтылады:
Біріншісінде, Қараменде, Қараменді деген есімдер өзен атауымен байланыстырылады. Мәселен, Қазақ Совет энциклопедиясының 6 томында Қараменде сөзі жеке алынып: «Қараменде – Жезқазған облысының Ақтоғай ауданындағы өзен. Солтүстік Балқаш алабында», – деп көрсетіледі. Қалған мәліметтері кейінгі энциклопедиядағы мәліметтермен бірдей. Аталған энциклопедияда «Қараменде» сөзі тек бір ғана жерде қолданылады. Онда «Қараменді» деген сөз қолданылмайды. Ал Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының 5 томында Қараменде, Қараменді сөздері қосарлана айтылып: «Қараменде, Қараменді – Солтүстік Балқаш алабындағы өзен. Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы жерімен ағады. Бастауын Қиматас тауының оңтүстігіндегі бұлақтардан алып, Қарақұл ауылы тұсында Тоқырауынға құяды. Арнасы кең, ағыны баяу. Көктемде су деңгейі көтеріледі. Алабы шабындық. Егін суғаруға пайдаланылады», – деп жазылған. Алайда, бұл өзенге осы атау кімнің атымен, қалаай, қай уақытта, қай дәуірде берілгені энциклопедияда айтылмаған.
Екіншісінде, Қараменде, Қараменді сөзі қосарлана аталып, олар ауыл атауымен байланыстырылады. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының 5 томында: «Қараменде, Қараменді – Қостанай облысының Наурызым ауданындағы ауыл, аудан (1965 жылдан) және ауылдық әкімшілік Округ орталығы», – деп келтіріледі. Бірақ, бұл ауылға осы атау қандай кісінің атымен, қалай, қай уақытта, қай дәуірде берілгені энциклопедияда айтылмаған. 2005 жылы шығарылған «Қазақстан. Ықшам энциклопедиялық сөздікте» де Қараменде, Қараменді сөзі қосарлана айтылып, олар сол ауыл атауымен байланыстырылады. Мұнда алдыңғы мәлімет: «…Тұрғыны 4,4 мың адам (2003). Іргесі 1914 қаланған. 1940 жылға дейін Қ., 1941-96 ж. Докучаевка аталды», – деген ақпармен толықтырылған. Өкінішке қарай, бұл мәліметтерде де сол елді мекендерге осы атау кімнің атымен, қалай, қай уақытта, қай дәуірде берілгені туралы энциклопедияларда нақты ақпарат берілмейді.
Үшіншісінде, Қараменде Шоқаұлы Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының 5 томында және Қазақстан тарихы энциклопедиясында: «Қараменде Шоқаұлы (1720-1818) – би, шешен. Тобықты руының төбе биі болған. Өзінің шешендік тапқырлығы, әділ билігімен ел құрметіне бөленген. Қарамендені Абайдың әкесі Құнанбай өзіне ұстаз тұтқан. Қараменде қазіргі Жезқазған обл. Ақтоғай ауданы жеріндегі «Жұмбақ қара» деген таудың етегіне жерленген», – деп көрсетіледі. Мұндағы Қараменде Шоқаұлы туралы мағлұмат халық жадына сіңген саяси-әлеуметтік тарихи тұлға екеніне талас жоқ. Бұл кісінің өмір сүрген тарихи уақыты мен кеңістігі мәліметте нақты айтылған, оған қосып-аларымыз болмайды. Алайда, көрсетілген даталарға қарағанда бұл Қараменде би Шақаұлы біздің Суан Қараменді Мұратұлы бабамыздан кейін, яғни 28 жас кіші болғаны зайыр.
Төртіншісінде, Қараменде Сейітқали Ыдырысұлы. Ол кісі Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының 5 томында: «Қараменде Сейітқали Ыдырысұлы (10.1.1913, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Әйтей ауылы. – 10.6.1997, Алматы) – қазақ ауыз әдебиетін жинаушы» деп жазылған. Бұл адам да біздің зерттеу нысаны болып отырған тұлғадан төрт ғасыр кейін өмір сүрген болып отыр.
Жоғарыда аталған алғашқы екі мәліметтердегі адам есімдерінің қосарланып аталуы мен олардың өзен және ауыл атауларымен байланыстырылған деректерден екі түрлі мәселенің басын ашуға тура келеді. Біріншісі, Қараменде және Қараменді есімдерге қатысты, екіншісі, олардың қосарлана аталып, жер-су атауларына байланысты топонимдік мәселеде бой көрсетуі.
Бірінші мәселеге келетін болсақ, аталмыш классикалық, энциклопедиялық жазба құжаттарда Қараменде және Қараменді сияқты есімдердің қатар аталуы олардың қазақ тарихында өз орындары болған, әлеуметтік-саяси қызмет атқарған жеке тарихи тұлғаларды айтып тұрғаны анық. Сондағы Қараменде есімі жоғарыдағы үшінші деректе келтірілген Тобықты руының төбе биі болған Қараменде Шақаұлы болатыны сол өңірдің тарихи құжатарында айтылатын айтулы саяси-әлеуметтік тұлға болғанын тарих біледі әрі ол бүгінге дейін мәлім, халық жадында. Ал Қараменді (Қарамеңді – Д.С.) атты кісінің ата-тегі, ру-тайпасы жоғарыда аталған жазба деректерде, тіпті энциклопедиялық мәліметтерде айтылмай да, жазылмай да қалған. Өте қызықты, есімі аталады, алайда оның кім екені, неге ол есім алдыңғымен қосарлана аталып тұрғаны туралы тіс жармайды. Бұл да ақпараттық феномен болып отырғаны шындық. Өйткені, мұндай үнсіздік тек Кеңес дәуірдегі дерек көзінде ғана емес, тіпті Тәуелсіз Қазақстан кезіндегі Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында және 2019-2020 жылдары жарық көрген ресми деректерде де қайталанады. Біз мұнда ешкімді кінәлі дей алмаймыз, алайда бұған басты себеп отандық іргелі зерттеулердегі әлі де болса «балаң» кезең деп ойлаймыз.
Енді сол деректерде тек аталып қана қалған Қараменді атты тарихи тұлғаның есімдік атауына тереңірек зерттемелік тұрғыдан тоқталуды жөн санаймыз. Бұл Жетісу өңірінің перзенті Суан руының өкілі біздің Қарамеңді би бабамыз туралы танымдық-тағылымдық талдау болмақ. Осы ретте, осы есім жөніндегі тарихи деректерге көз жіберсек, нақты ресми деректі мәліметтерге қанық боламыз. Бұл жерде, алдын ала айта кететін бір нәрсе – ол Қарамеңді баба шежіресінде Қарамеңді руын – «ой қарамеңділері» және «тау қарамеңділері» деп екіге бөледі. Ол тек тұрған аумағына ғана байланысты болған шартты бөлініс. Ал генетикалық тұрғыда екеуі де сол бір Қарамеңді бабаның ұрпағы болып есептеледі. Мұндай тарихи территориялық шартты бөліну жалпы қазақ тарихында бар құбылыс екені белгілі. Мәселен, ХХ ғасыр зерттеуші тарихшысы П.П.Румянцевтің дерегіне зер салатын болсақ, ол Жаркент уезінің Суандарын қауымдастыққа бөле отырып, №4 қауымдастықтың басын біріктірген ру басын – «Караменды», яғни Қармеңді деп көрсетеді. Олардың қыстауы – «Қызыл-жиде Сарпылдақ», ал жәйлауы – «Қара-Мұрын және Бес-Мойнақ» [Румянцев П.П. Материалы по обследованию туземного и русского старожильческого хозяйства и землевладения в Семиреченской области. Том ІІІ. Дажеркентский уезд. – С-Петербург, 1912. -809 стр. (180 б.)], – деп жазады. Бұл шежіре бойынша ой қарамеңділерінің локациясы. П.П.Румянцев тағыда Суанның ішіндегі Тоқарыстан болысы жөнінде сөз қозғай отырып, өз кітабында, №8 қауымдастықтың басын біріктірген ру басын да – «Караменды», яғни Қармеңді деп көрсетеді. Олардың қыстауы мен тұрған жерінің жалпы атауын – Қу деп белгілейді. Көктеуі мен күзеуі ретінде сол қыстаудың жақын маңын, ал шабындығын – Теріскен-төбе дейді. Жайлауы – Қара-Мұрын, өзендері ретінде – Тас-тоғанды атайды. Бұл тау қарамеңділері болса керек. Байқасақ, екеуінің тоғысатын орны жайлауы. Бұдан біздің бабамыздың азан шақырып қойылған аты, шын мәнінде – Қарамеңді болғаны анық болып тұр. Оны шежірелік жыр-аңыздарда айтылған: «…Мұраттың екінші ұлы – Қараменді (Қарамеңді), тосқауыл сөз қалмайды кемеңгерге. Дейді екен: Жапал (Жайыл болса керек – Д.С.), Тана, Мүлік, Тілеу, төрт ұл бар бұл кісінің көлемінде» [Бабалар сөзі: Жүз томдық. –Астана: «Фолиант», 2012. Т.82: Шежірелік жыр-аңыздар. -432 б. (325 б.)], – деген жолдармен нақты айғақтауға болады. Сонда ол – Қарамеңді Мұратұлы болып шығады.
Осы ретте, ендігі бір баса назар аударатын түбірлі маңызды мәселе – ол Қарамеңді деп қойылған адам есімінің жазба деректерде «Қараменде, Қараменді» болып жазылып кету дәстүрінің себебін анықтап көрелік. Біздің пікірімізше, бұл дәстүрдің қалыптасуына басты себеп, ол тұлғалалар және олардың есімдер туралы деректердің түп нұсқасы араб әріпімен жазылған төте жазудағы қолжазбалардан алынуы деп айтуға негіз бар. Белгілі ғалым, шығыстанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменейдің айтуынша, араб графикасында «ң» және «ы-і» дыбыстарының таңбалары болмаған. Олай болса Қарамеңді есіміндегі «ң»-ның орнына «н», «і» әріпінің орнына кейде «е» таңбаларының қолданылуы фонетикалық және траскрипциялы ауытқулардан қалыптасқан құбылыс деуге болады.
Енді екінші, олардың қосарлана аталып, жер-су атауларына қатысты топонимдік мәселеге келеміз. Алдымен, жоғарыдағы энциклопедиядаларда Қараменде, Қараменді атты адам есімдерінің сол өңірде қатар аталуы олардың сол аумақта әр тарихи кезеңдерде болғандығын, нақтырақ айтқанда сол жерлерді қоныстанғанының шындығынан белгі берсе керек. Суан ата туралы мәліметтер бойынша, Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясының 8 томында Суан ата туралы: «Тарихшы П.П.Румянцев 18-19 ғ-ларда С. (Суан – Д.С.) тайпасының біразы Тарбағатай, Барлық бойын мекендегенін айтады. Ол арада қазірге дейін Суан бейіті сақталған», – деген мәлімет жазылған. Ал Бексұлтан Нұржекеұлы Суан руларының Тарбағатай өңірінде болғаны жөніндегі көзқарасын: «…Тарбақатай төңірегінде болыппыз дегенді көбі растайды. Кейбір рудың жекелеген ұрпағына сол өңірдің атауына қатысты аттар да қойылған. Мәселен, ақша руының ХІХ-ғасырда Тарбақатай тауында болғандығын тарихшы Румянцев те жазады», – деп жоғарыдағы айтылғанды растай түседі.
Қолжазба қорларындағы деректерде: «…Қараменде (бұл жерде Тобықты руының Қараменде Шақаұлы жайында болып отыр – Д.С.) бастаған дадан тобықты көшіп келгенше, Ұлы жүз үйсіннің қонысы болған Балқаштың бойы енді дадан тобықтының қонысы болған», – деген ақпар жазылған. Бұл деректен байқайтынымыз, біріншіден, Балқаш өңірінде әрі Қараменді, әрі Қараменде елінің әр тарихи уақытта мекендегенін байқайтын болсақ, екіншіден бұл аумақта алдымен Суан руының Қарамеңді тайпасының орын тепкені анық айтылады. Бұл бұлтартпайтын тарихи деректік дәлел деуге негіз бар.
Осы ойды топонимдік заңдылыққа сүйенетін көзқарастармен де негіздеуге болады. Мәселен, Қазақ Совет энциклопедиясында: «Топонимика (грек. topos – орын, жер және onoma — атау) – география, тарих және тіл білімі ғылымдарының түйіспесінде дамып келе жатқан жаңа ғылым. Топонимика – географиялық атаулардың немесе жер-су аттарының шығуын (этимологисын), дамуын, қазіргі жағдайын, мағынасын, грамматикалық, фонетикалық формасын, жазылуын және екінші бір тілде берілуін зерттейді» дей келіп, «Топонимикалық атаулардың ең негізгі қасиеті – олардың тұрақтылығы, сол үшін де мұндай атаулар адамзат тарихы, мәдениеті және тілі жөнінде көне де ғылыми мәліметтер береді. Мысалы, географиялық атаулардың құрамын зерттей отырып, сол аймақта ықылым заманда қандай тайпалар, халықтар мекендегенін анықтауға болады», – деп көрсетіледі. Ал Тәуелсіз Қазақстанның төл мәліметіне зер салсақ, Ұлттық энциклопедияның 8 томында: «Мысалы, географиялық атаулардың құрамын зерттеу сол аймақты ежелгі заманда қандай тайпалар, халықтар мекендегенін анықтауға, олардың өткен тарихының ерекшелігін қалпына келтіруге, тараған жерінің шекарасын белгілеуге, орын ауыстыру бағытын шамалауға, бұрынғы мәдени және экономикалық орталықтарын, сауда жолдарын, т.б. білуге болады. Осы мағынада топонимдер (жер-су, елді мекен, халықтар аттары) тарих, этнология, археология және тіл білімінде нақты материал береді», – деген мәлімет жазылған. Бұл келтірілген ғылыми тұжырымдар зерттеу нысанымыз бойынша біздің де нақты ғылыми ой қорытуымызға негіз болатыны анық. Демек, жоғарыдағы деректерде Қараменде мен Қараменді адам есімдерінің бір өңір аумағында қатар аталуында тарихи шындықтың болуы зайыр. Ондағы Қараменде деген адам есімі – ол жерде кейіннен орын тепкен Тобықты руының өкілі Қараменде бидің елі болатыны анық. Ал Қараменді деген есіммен берілген адам есімі – ол алдыңғы рудан бұрын сол өңірді мекендеген Үйсін, оның ішінде Суан руының ұрпағы Қараменді елінің де тарихи тұрағы болғаны шындыққа жанасатын болғаны деген тарихи-ғылыми тұжырым жасауға негіз туады. Ал мына бір «Бабалар сөзі» жүз томдығындағы «Шежірелік дастандарда» айтылған:
Тегің кім, ата-бабаң қайдан келді,
Ат қойып мекендеді қандай жерді?
Тарихты халық жасап, халық жазбақ,
Мен-дағы үмітпенен будым белді.
Тарихшыл шежіре шал талай өткен,
Фактімен сөз қалдырып беріп кеткен, – деген өлең жолдары соның дәлелі болмақ. Қорыта айтқанда біз бұл мақалада Қарамеңді бабаның есімінің аталу әрі жазылу графикасына байланысты және сол есіммен аталған жер-су, елді мекен атауларының топономикалық астарына тоқталдық. Осыларға байланысты тарихи құпияны ашуға қадам жасадық. Алайда, бұл соңғы аксиомалық шешім деп айтудан аулақпыз. Қандайда бір соны пікірлерге, көзқарастарға есік ашық.
Дәулетбек РАЕВ,
Философия ғылымдарының докторы.
Алматы қаласы.