Өткенімізді саралап, жоғымызды түгендей бастаған сонау Тәуелсіздігімізді жариялаған алғашқы жылдардан-ақ әуелгі кезекте сан ғасырлар бұрын ел қорғаған ер бабаларымыздың есімдері тарих сахнасына қайта орала бастады.
Оның айқын бір көрінісі болған сол кездегі астанамыз Алматының көшелерін Райымбек батыр, Қабанбай батыр, Қарасай батыр, Бөгенбай батыр т.б. есімі өлмейтін ерлеріміздің атымен атала бастағандығы бәріміздің де есімізде. Бұл дегеніңіз қанша заман өтсе де,қаншама бүркемелесе де тарих таразысының өткенге ертелі-кеш әйтеуір бір кезде әділ бағасын беріп, ақты ақ-қараны қара деп айқындап, шындыққа салтанат құрғызатын бұлтартпас заңдылығының бар екенінің белгісі болса керек.
Алысқа бармай-ақ, жиырмасыншы ғасырдың басында өмір сүрген Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов тізе берсең шыға беретін Алаш арыстарының сталиндік солақай саясат кесірінен еш аяусыз нақақ күйсе де, бәрібір оларды уақыттың әділ қазысы ақтап шығып, алып тұлғалардың шын мәніндегі халқының қамын ойлаған адал перзенттері екенін бүгінгі ұрпаққа паш еткенін айтсақ та жеткілікті. Олардың есімдері мен ел үшін жасап кеткен игі істері мәңгі өлместен ұрпақтарымен бірге жасай бермек.
Дәл сол сияқты Аралбай батырдың есімі де бірнеше ғасырдан соң бүгінгі ұрпақтарымен қайта қауышып, мәңгілікке бет алды.
Сөзімізді Аралбай батыр деп ерекше леппен бастауымыздың да өзіндік мәні бар. Өйткені атақты Райымбек батырмен қоян-қолтық араласа жүріп жоңғар қалмақтарына қарсы жан аямай қырқысқан Аралбай Ерназарұлының есімі де қазақтың Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Қарасай сынды қас батырларымыздың есімдерімен қатар аталуы тиіс екеніне бүгінгі ұрпақтың көзі жетіп отыр. Тіпті он тоғызыншы ғасырдың аяғын ала өмірге келіп, кешегі кеңестік дәуірде сексеннің сеңгіріне шығып өмірден озған әрі ақын, әрі сазгер Кенен Әзірбаев Суаннан шыққан батырлардың есімдерін тізіп жырға қосқанда:
Суанда Сатай, Бөлек, Аралбайлар
Қабанша Күркірген талайлар бар
Тұс-тұстан атой салса өңшең саңлақ
Жау жаны кеудесінде қалай қалар, – деп рухтана түйдектетуі жайдан-жай айтыла салмай, шындықты зерделеп, бабалар ерлігіне тағзым ете отырып, бүгінгі ұрпаққа әсерлі жеткізгені дау тудырмаса керек. Аралбай батыр жайлы сөз еткенде Қабылбек Сауранбаев ақсақалдың жазба-естеліктеріне үңілмеу шалалық болар еді. Аталған жазба-естелік Кеңес өкіметі билігін қатал жүргізе бастаған 1930-шы жылдары жасырын түрде жазылып қалдырылған екен. Бұл жөнінде тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев ағамыз да өзінің «Райымбек батыр» атты көлемді мақаласында айрықша атап өткен. Онда әңгімеге арқау болған Қабылбек Сауранбаевтың «Райымбек батырдың шайқастары» атты қолжазбасына жан-жақты тоқталады.
Қ.Сауранбаев аталған шежіре-қолжазбаны қағазға түсіргенде сол жылдарда көзі тірі 30-ға тарта көнекөз қариялармен кездесіп, олардың ел басынан өткен қилы замандар туралы әңгімелерін қызыға тыңдап, зердесіне түйіп өскенін айтады. Сол көнекөз қариялардың арасында Райымбек батырдың немересі 105 жастағы Нартұлы Қашаған, белгілі Сатай батырдың шөбересі 112 жастағы Кезеңқараұлы Әділбек тағы басқа да өмірден көргені мен түйгені мол сол кездегі тірі шежіре ақсақалдар болған екен.
Райымбек батыр шайқастарын жазғанда Қабылбек Сауранбаев бірінші жорыққа яғни алғашқы шайқасқа Ұлы жүзден бір жүз он батыр қатысты деген фактіні келтіреді. Олардың ішінде Қангелді батыр, Биеке батыр, Бердіқожа батыр, Райымбек батыр, Сатай батыр, Бөлек батыр, Аралбай батыр, Ырыскелді батыр, Ердес батыр, Тілеуке батыр, Қапай батыр т.б. батырлардың есімдерін атайды. Сондай-ақ Қ.Сауранбаев өзінің шежіре-жазбасында Райымбек батырдың екінші және үшінші жорығында да өзге батырлармен бірге Аралбай батырдың қатысқанын жазады. Қатысып қана қоймай, жаумен арыстандай айбаттана шайқасып, ерен ерліктер де көрсеткен.
Аралбай батыр Райымбек батыр бастаған бұл үш жорықтан басқа да жан алып, жан беріскен талай шайқастардың бел ортасында жүрген. Бұл жөнінде жазушы Жолдасбай Тұрлыбаев өзінің «Райымбек батыр» романының бірнеше тарауында егжей-тегжейлі жазғаны белгілі. Сондай-ақ, аталған романда Аралбай батырдың елшілік қыры да, яғни Төле би баба мен ұлы жүз ханы Жолбарыстың тапсырмасымен сол кездегі Ресей патшасы Анна Иоановнаға Ералы сұлтан бастаған топпен Ұлы жүздің Ресейге қосылуы жөніндегі хатын жеткізуге барған сапары да жан-жақты жазылған.
Ал ел басына «ақтабан-шұбырынды» заман орнап тұрған сол кезеңде іргеміздегі алып мемлекет Ресеймен татулыққа қол жеткізудің халқымызды жау қырғынынан қалай да аман алып қалу үшін маңызы зор еді. Сондықтан да Аралбай батыр Петерборға аттанған топпен бірге өзіне жүктелген сенімді ақтай білді. Мұның өзі елім деп туған ердің сол елінің азаттығы үшін қандай қатал сын мен қатерлі өткел болса да жанкештілікпен қаймықпай қарсы тұра білген ержүрек екендігінің белгісі. Тарихи оқиғалардың, бір кезде өмір сүрген тарихи тұлғалардың өз кезінде жазбаша дерегі қалдырылмаса кейінгі ұрпақ арасында олар туралы кереғар пікірлерге толы айтыс-тартыстар болып жататыны тағы жасырын емес. Бұған алысқа бармай-ақ Жаркент маңында болған атақты Орбұлақ шайқасын айтсақ жеткілікті шығар. Егер біртуар дара талант иесі, жазушы Бексұлтан Нұржеке ағамыз бұл істе асқан жанкештілік көрсетіп, жазба құжаттарды алға тартып дәл сол заманда қағазға түсірілген Левшиннің жазбаларын сөзбе-сөз, үтір-нүктелеріне дейін өзгертпей көпшілік назарына дер кезінде дәлел етіп көрсетіп сұңғылалық танытпағанда, бұл мәселеге нақты нүктенің қойылуы қиын еді. Дәл сол сияқты Аралбай батыр туралы да кейбір зертеушілер мен тарихшылар тарапынан күмәнді көзқарастар айтылмай қалған жоқ. Мұнда да белгілі педагог, білім саласының маманы Тұрсын Әбдірешов ағамыздың төккен терін атап кетпеске тағы болмайды. Нақты дерек үшін бұл пікірсайыста да біз Аралбай батыр өмір сүрген кезеңнің ізі суымай тұрып жазылған тарихи жазбаларды бұлтартпас дәлел етіп алға тартуымызға тура келді. Бұл дәл сол кезеңде өмір сүріп, дәл сол кезеңде қазақ даласына Ресей билігінен арнайы тапсырмаман келген әкелі-балалы П.И.Рычков пен Н.П.Рычковтардың 1771 жылы Санкт-Петарбургта жарық көрген «Капитан жазбалары». Аталған жазбада дәл сол кезеңдегі қазақ даласында орын алған тарихи жағдайлар қай жылы, қай айда, қай жерде, кімдердің қатысуымен болғаны тасқа таңба басқандай айқын жазылып қалған деуге болады. Біз тек Арлбай батырға қатысты жазбаға көз жүгіртелік.
«Үшінші грамота қазақтың Ұлы жүзіне:
«Біз, Құдай шапағатындағы Бүкіл Ресей патшайымы және билеушісі Анна.
Қазақ ордасындағы Бек Қодарби, Төлеби-Сатай батырға, Хангелді батыр мен Бөлек батырға және қазақтың бүкіл Ұлы жүзіне біздің ұ.м.и (ұлы мәртебелі императрица – түсініктеме автордан) мейіріміміз жаусын. Сіздер ұлы әмірші ұ.м.и-ге бүкіл Ұлы жүздеріңіздің бізге бодан болуға уәде ететінін жаздыңыздар, ал біздің боданымыз Әбілхайыр хан сіздерді Ресей бодандығына қабылдадым деп баяндап, біздің сарайымызға сіздердің өкілдеріңіз Аралбайды, Парагелді батырды (Ырыскелді болуы да мүмкін – ескерту авт.) және Тәттімбет батырды жіберді. Сондықтан біз, біздің ұлы әмірші ұ.м.и. атымыздан, сіздердің ол өтінішіңізге мархабатымызбен ден қойып, сіздерді қазақтың кіші жүзінің әскері мен Әбілқайыр ханды қарамағымызға қабылдаған ретімізбен бодандыққа алып отырмыз. Бұл туралы сол Әбілқайыр ханға арнайы жіберілген Тәттімбет батырмен біздің ұ.м.и. атымыздан жолданған грамотада жазылған…» (Бұдан әрі қолжазбада 9 параграф жетіспейді.)
Міне 1734 жылы 10 маусым күні мемлекеттік мөр басылған түпнұсқа грамотада осылай деп анық жазылған («Капитан жазбалары», 13-бет).
Бұл жөнінде Қазақ Ұлттық Энциклопедиясының бірінші томында да анық жазылған. Аталған Энциклопедияда сонымен бірге Аралбай батырдың қаза болған және жерленген орны Шу өзенінің бойы екені де анық көрсетілген. Ол Шу өзенінің бойында қалмақтың әйгілі қолбасшысы Сарманжаның әскерімен болған шайқаста зеңбірек добының жарықшағынан болған жарақаттан көз жұмады. Сарманжа қалмақтарға тажал боп төнген Райымбек батырды өлтіруді армандап өткен көзсіз батыр әрі әккі қолбасшы еді. Сол Сарманжаның аңдып жүріп, Тәшкенге бара жатқан Райымбек батырдың соңына түскенін білген Аралбай батыр аз ғана топты сарбаздарымен өздерінен күші басым әрі от қару зеңбіректері бар жаудың жолын бөгеу үшін асқан қаһармандықпен шайқасып, өзі сол шайқаста қапыда қаза табады. Осы жөнінде және жалпы Аралбай батырдың өмірі мен батырлығы жайында сонау 90-шы жылдары көзі тірі кезінде талантты ақын ағамыз Тоқбай Исабеков деректі мақалалар жазып, алғашқылардың бірі болып батыр есімінің ұрпақтар жадында мәңгі сақталуы үшін оның атына көше, мектеп берілуін және мүмкіндік болса еңселі ескерткіш те орнатылуын мәселе етіп көтерген еді. Одан бері де ширек ғасырдай уақыт өтсе де батыр бабамыздың есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында айта қояр тұшымды дүниелердің болмағаны әрине қынжыларлық жайт. Дегенмен де жақында ғана Жаркент қаласынан батыр бабамыздың атына көше берілгені үлкен қуаныш болғанын айта кеткеніміз жөн.
Өткенін ұрпақтар жадына сақтатуды ұмытпай, ел қорғаған батырларын қастерлеп, әркезде де ұлықтап отыруды естен шығармаған халықтың болашағы да жарқын болса керек. Ендеше осыдан үш ғасыр бұрын қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген естір құлаққа суық тиетін сөздермен сипатталып қалған сол бір аласапыран кезеңде өмір сүріп, ел басына тажал болып төнген қисапсыз қалың нөпір Жоңғар қалмақтарының қанды қырғынына тосқауыл болып, алты алаштың намысы үшін ажалдың өзін қасқайып тұрып қарсы ала білген Аралбайдай ер бабамызды бүгінгі біздер мен келер ұрпақ қанша ұлықтаса да көптік етпесе керек.
Қарағанды облысындағы Атасу кентіне қойылған арғыннан шыққан Аралбай батыр Әлібекұлының ат үстінде отырған еңселі ескерткішін көрген сайын ерлігі мен өрлігі өзге батырлардан бір мысқал да кем емес өзіміздің Аралбай бабамыздың әруағының алдында сүйегіміз жасып, еңсеміз түсіп кететіні де жасырын емес. Бұл – батыр жарыстыру яки баба әруағын салыстыру емес. Осынау ұлан-ғайыр атырапты – бүгінгі Қазақстан аталатын мемлекетіміздің тұтас жерін қорғау жолында шейіт кеткен баһадүр бабалар рухын ұлықтаудың, әруақ сыйлаудың елдік көрінісіне тамсану. Ендеше бар ғұмыры ат үстінде ел мен жердің тыныштығын күзетумен өткен әруақты баба – Аралбай батырдың еңселі ескерткішін Жаркент қаласының қақ төріне орнататын уақыт та келген сыңайлы. Ойланайық, ойласайық ағайын. Елдігімізді көрсетейік. «Өлі разы болмай – тірі байымайтынын» да естен шығармайық.
Шаяхмет АЛЖАМБАЙ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі, ақын.