Жуырда ҚР Бас прокуроры Берік Асылов ҚР Парламенті Мәжілісіне келіп Қаңтар оқиғасына қатысты біраз шындықтың бетін ашты.
Бас прокурор Парламент қабырғасында арандатушылардың қолына түскен қару-жарақтарды депутаттарға көрсетті. Бүлікшілер бұл қаруларды босап қалған полиция ғимараттары мен қарау-жарақ дүкендерінен қолды қылғаны белгілі.
Ең қызығы Бас прокурор Қаңтор оқиғасы өзінің шегіне жеткен кезде Алматы облысы Полиция департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаев ғимаратты тастай салып қашқанын айғақтайтын видеоны депутаттардың назарына ұсынды.
Иә, Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғанда полиция қызметкерлері арандатушыларға қарсы қайрат көрсете алмады. Полиция басшысы өз ғимаратын тастай салып қашқанда, қалған қарапайым сақшылардан қоғамдық тәртіпті орнатуды талап ету басы артық дүние екеніне тағы да көзіміз жете түсті.
Осылайша Серік Күдебаев өзіне тапсырылған қызметті дұрыс атқармаған. Алматы облысында жалғыз полиция емес, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары да өз ғимараттарын тастай қашыпты. Бұдан кейін арандатушылар ғимаратқа кіріп, қарау-жараққа қол жеткізген. Осыдан кейін жаппай тәртіпсіздік орын алғанын бәріміз білеміз.
Депутаттар алдында баяндама жасаған Берік Асылов бүлікшілердің Қаңтар оқиғасы кезінде ең алғашқы қару қолдану оқиғасы 5 қаңтар сағат 16:00-де Алматыда Президент резиденциясын басып алу кезінде қолданғанын алға тартты.
Сондай-ақ Берік Асылов ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов 2022 жылдың 5 қаңтарында ҰҚК департаменттерінің ғимараттарын босатуға бұйрық бергенін айтты.
Ол тәртіпсіздіктер шыңында Алматы қаласының, Алматы және Қызылорда облыстарының ҰҚК департаменттерінің барлық жеке құрамы өз ғимараттарын тастап кеткенін атап өтті.
«Тергеу мәліметтері бойынша, 5 қаңтарда ҰҚК төрағасының орынбасары Әнуар Садықұловтың жеке құрамның ғимаратты тастап кетуге дайындығы туралы жазбаша нұсқауы келіп түсті. Кәрім Мәсімовтің нұсқауы бойынша Алматы және Қызылорда облысының ҰҚКД ғимараттары бос қалды. Сондай-ақ басшылықтың нұсқауы бойынша Алматы және Жамбыл облыстарының полиция департаменттерінің ғимараттары да босатылды. Ашығын айтсақ, бұл басшылар әлсіздік танытты. Нәтижесінде тәртіпсіздіктердің жолын кесу бойынша уақытылы шаралар қабылданған жоқ», деді Бас прокурор Берік Асылов.
Оның айтуынша, Алматы мен Талдықорған екі тәулік бойы қарулы қылмыскерлердің билігінде болды. Олардың қолында тұтас арсенал — 3 мыңға жуық автомат, тапанша, мергендік мылтық және ондаған мың оқ-дәрі болды. Қазіргі уақытта 2 мыңға жуық қарудың орналасқан жері әлі де белгісіз.