Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов «Самал» шағын ауданында орналасқан №382 сайлау учаскесіне барып, Президент болуға лайықты санаған үміткерін таңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Халықтың әл-ауқаты, көңіл-күйі түзелмей береке болмайды. Көңіл-күй жақсы болған кезде ғана жұмыста береке болады. Бұл — бір. Екіншіден, ғылым, білім, мәдениетті дамыту керек. Ұлылардың айтуынша, мәдениетсіз, әдебиетсіз ел – ел емес деген. Сондықтан мен таңдаған кандидат осыған көп көңіл бөледі деп мен сенемін. Келешек үшін адал қызмет істейді деп ойлаймын», — деді Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов. Еске салайық, Алматыда 600 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Қалада 1 миллион 176 мыңнан астам адам дауыс бере алады. Ал тұрғылықты тіркеуі жоқ азаматтар үшін 55 дауыс беру учаскесі жұмыс істеуде.