Жуырда қазақтан шыққан тұңғыш қылқалам шебері, суретші Әбілхан Қастеев туралы жас қаламгер Сәбит Молдахановтың «Өмір мектебі» атты кітабы жарық көрді. Сурет өнерінің саңлағы саналған Әбілхан Қастеевтей ұлы тұлғаның өмір мен шығармашылығын жан-жақты зерделеп, оқырман қауымға құнды қазына ретінде ұсына білген автордың бұл еңбегі көпшіліктің көңілінен шығары сөзсіз.
«Оқырман назарына ұсынылып отырған бұл кітап қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби суретші, Қазақ КСР халық суретшісі, Қазақ КСР еңбек сіңірген қайраткері, Шоқан Уәлиханов атындағы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иеcі, тума талант, табиғи дарын иесі, қазақтың сурет өнері саласын күллі әлемге танытқан, құнды жәдігерлері бес мыңға жуық туындылардың авторы, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Әбілхан Қастеевтің өмірі мен жүріп өткен жолы, шығармаларына арналады. Әрине Әбілхан Қастеевтей ұлы тұлғаның өмірін бір кітапқа сыйғызу мүмкін емес. Ол кісінің әрбір өткен күні, әрбір шығармасы бір-бір кітапқа арқау боларлық тақырыптар. Алайда, аталған кітап Әбілхан Қастеев жайлы жазылған ең алғашқы туындылар қатарына жататындықтан халық суретшісінің өмірі мен шығармалары ықшамдалып, қысқаша жазылды. Сонымен қатар, кітапқа Әбілхан Қастеевтің өзі берген мақалалары, ол кісі жайлы жұбайы Сақыш апайдың, балаларының, басқа да елімізге танымал өнер қайраткерлері мен шығармашылық адамдарының берген мақалалары, өлеңдері сол күйінде ұсынылды.
Әбілхан Қастеевтің жеке өмірі мен өмір сүрген кезеңі өте ауыр болды деп айта аламыз. Суретшінің өмірге келген жылдарынан бастап Патшалы ресейдің солақай саясты кесірінен туындаған бай мен кедей тап арасындағы қайшылық, жер-жерлерде болып жатқан ұлт-азаттық көтерілістер, зертеруші ғалымдар атап көрсетіп жүрген үш кезеңнен тұратын ашаршылық жылдары, артынан іле шала басталған репрессия жылдары, одан кейін басталған Ұлы Отан соғысы жылдары өз ауыртпалықтары мен зардабын тигізді. Патшалы Ресейден басталған қазақ халқын түбегейлі жою, тілі мен дінінен айыру, ділінен айыру саясытына Әбілхан Қастеев қылқаламымен қарсы тұрды. Халық суретшісі қазақ деген тәуелсіз ел бар екенін – ғасырлар бойы келе жатқан өзіндік әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі бар екенін, ауыз әдебиеті мен әуезді әуені бар екенін, ұлы тұлғалары бар екенін, кең байтақ туған жеріміздің бар екенін туындыларымен дәлелдеп, сол кездегі халық пен келер ұрпақ санасына сіңетіндей етіп қалдырды. Сонау солақай саясаттың салдары болмады деп айта алмаймыз, ықылым заманнан Тәңірі мен Жаратушы Алласына табынып келген ата-бабаларымыздың дінін тәрк етіп – дінді жоққа шығарушылар, ана тілін білмейтін қазақтың ұл-қыздары мен шыққан тегін, руын, елін білмейтін адамдар пайда бола бастады. Осынау қиын-қыстау заманда зиялы қауым өкілдері мен өнер адамдары өз туындыларымен, өз шығармаларымен халықтың халық болып сақталуына қызмет етті. Бір ғана мысал, суретшінің замандасы Шәмші Қалдаяқов қазақтың намысын оятуға, рухын көтеруге, қазіргі «Менің Қазақстаным – Әнұранымызды» жазғанындай, Әбілхан Қастеев сол кездегі әлі шекарасы шегенделмеген қазақтың жерінің барлық аумағын «Қазақстан жерінде» деген туындысымен қорғаған еді. Осы «солақай саясаттың» басында тұрған Ленин ше? Бұл заманның талабы еді. Ол заманда Хан Кененің суретін салмақ түгілі атын атаудың өзі қылмыс болып табылатын. Қазақта «екі қошқардың басы – бір қазанға сыймайды» демекші, Хан Кенені салған адам Ленинді салмауы керек еді. Қастеев түсінді, егер оларға керегі «Лениннің портреті» болса берейін, ал өзім – күллі қазақтың ұлыларын, күллі қазақтың жерін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ауыз әдебиеті мен тарихын салып кетейін дегендей туындылар жасады. Байқасаңыз үлкен маңызы бар туындылар мен үлкен іс-шаралар алдында «Лениннің портретін» салады, әлгі дүниелер «Лениннің портретінің» көлеңкесінде қалады. Бірақ халық суретшісі Ленин кетіп, жаңа заман, тәуелсіз ұрпақ келерін білді. «Лениннің портреті» жалғыз болғанымен Қастеевтің артында «Кенесары хан» мен «Амангелдіден» бастап, күллі қазақ зиялылары, қарапайым қазақ шаруалары, күллі халық пен ұлан ғайыр туған жеріміз тұрды. Сонымен қатар, өз өмірінің куәсі болған тарихи оқиғалар – «Түрксібтің» құрылысы, «Тың игеру» жылдары, «Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатының» құрылуы, басқа да салынып жатқан кен байыту орындары, зауыт-фабрикалар, мал өсіру алаңдары, «Қапшағай су электр станциясының» құрылысы, Қапшағай қаласының салынуы, «Медеу» мұз айдынының құрылысы, тағы басқа да тарихи оқиғаларды өз көзімен көріп, өз шығармаларына арқау етті.
Әбілхан Қастеев бала күнінен батырлар жырларын, жыр-дастандар, ауыз әдебиетінің жауһарларын естіп құлағына сіңіріп өскеніндей, біз де бала күнімізде Әбілхан Қастеев туралы ел арасындағы аңыз-әңгімелер мен болған оқиғаларды тыңдап өстік. Сондағы естігеніміз «бала кезінен көзі туған жерінің сұлу табиғатының сұлулығына тұнып өскен», «көзінде айнасы бар бала», «ең алғаш суреттерін таяқпен топырақ бетіне салыпты», «қой бағып жүріп сурет салған», «қарапайым шаруаның баласы» болыпты деген сияқты аңыз-әңгімелер болатын. Әбілхан Қастеев өзі естіп өскен тұлғаларды туындыларына арқау еткеніндей, маған да сол аңыз адам Әбілхан Қастеев – осы кітаптың дүниеге келуіне себепкер болған шығар. Одан бөлек, Қастеевтің туған ауылы Шежін ауылы мен менің туған ауылым – Тұрпан ауылы «төсекте басымыз қосылмаса да, төскейде малымыз қосылған» іргелес жатқан ауылдар еді. Ия, бала күнімізден «сұлулығына Әбілханның көзі тұнып өскен» сұлулықты бір туған табиғатымыздан іздеп, көріп өскеннің де септігі тиген болар. Қастеев жайлы түрлі қызықты аңыз-әңгімелер мен оқиғаларды халық аузынан естігенімізбен, оқып ізденуге, танысуға, өзімізге аңыз болған – ол кісі жайлы кітап түгілі жарытып бірде-бір мақаланы таба да, оқи да алмайтынбыз.
Ұсынылып отырған бұл кітап халықтың сүйікті перзенті, халық суретшісі – Әбілхан Қастеевті танып-білуге, ол кісінің, өмірі мен шығармашылығы жайлы кең мағлұматтар алуға өз септігін тигізеді деп ойлаймын. Ұлыларымызды ұлықтап, тұлғаларымызға тәу етіп басымызды иеміз», – дейді кітап авторы Сәбит Молдаханов.
P.S. Құрметті кітапсүйер қауым, аталмыш кітаптың тұсаукесері аудандық кітапханада 9-шы қараша күні сағат 10.00-де өтеді. Келіңіздер, көріңіздер, қатысыңыздар.