Келер жылы қазақтың тұңғыш кәсіпқой суретшісі, Европалық бейнелеу өнеріндегі кескіндеменің ұлттық үлгісін қалыптастырған тұлға талант Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толғалы отыр.
Иә, бұл кісі сияқты бүкіл бір елдің өнерінің бастау көзі болған тұлғаның ұлылығын әрбір 5-10 жылда ұлықтап отыру ұлттық сана мен болашақ ұрпақтың «мен қазақпын» деп әлемге тіке қарайтын мүмкіндігі үшін қажет. Ол үшін көп дүниенің керегі де шамалы. Ә.Қастеевке арнап ақпараттық технология заманында республикалық бір үлкен көрме-конкурс өткізіп, оны сол технология арқылы жарнамалап, соңынан ғылыми кеңестер мен кездесулер болып жатса әлем өзі-ақ Қастеевке бағасын беріп, осындай суретшісі болған ел құрметке лайық дейтініне мен кәміл сенемін.
Осы арада Ә.Қастеевтің 100-жылдық мерейтойын 2004 жылы өткізудегі сәті түскен бірнеше іс-шаралардың басы-қасында болған қарапайым қызметкерлер мен белгілі тұлғалардың азаматтығын еске алып, «жақсының жақсылығын айт — нұры тасысын» демекші, басқаға үлгі де болар деген үмітпен баян еткім келеді.
Біріншіден, ұйымдастыру жұмыстарының бәрін өз мойнына алған музей қызметкерлері болды. Сол жылғы мерейтойдың ұлағатты шаралары мол болғанын атап кету керек. Солардың ішінде суретші атындағы музейдің алдына көркем-монументалдық сипаты, образдық шешімімен үйлесім тапқан тамаша ескерткіштің қойылуы — жалпы елімізде суретшіге арналған алғашқы ауқымды белгі болды.
Ә.Қастеевтің шығармаларының мерейтойлық альбомынан басқа толық ғылыми каталогінің ЮНЕСКО-ның қаржылай қолдауымен басылым көріуі де музей өміріндегі жаңалық еді.
Тағы бір ерекше шара ол — халықаралық ғылыми конференция өтіп, оған оншақты шет елдерден белгілі ғалымдар қатынасып, материалдарының жинақ болып басылып шығуы болды.
Жалпы, жыл бойы өткен шаралардың саны да, сапасы да жоғары, затына сай болды дей аламыз. Өйткені оның бәрі үкіметтің 2003 жылға 18 маусымындағы арнайы қаулысымен бекітілген және осыған қатысы бар барлық азаматтар мен музей қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің жемісі деген дұрыс болар. Себебі, музей бұл дайындықты 2002 жылдан бастаған болатын.
Әрине, мұндай үлкен істің ұйымдастырылуы, дайындығы, өткізілуі деген сияқты көп салалы, сан қырлы амалдарының арасында жеке адамдардың іскерлігі мен пайым-парасаты да қомақты рөл атқарып жатады ғой. Олар кейде көзге көрінсе, кейде ескерілмей, күнделікті шаруа дәрежесінде қалып қояды. Тіпті есімі әлемге әйгілі азаматтарымыздың шапағаты тиген сәттер де қапы қалып жатады. Сондай бір орайы келген мерейтойлық шаруалардың басы-қасында болған адамдар жайлы естелік айтудың жөні келіп тұрған сияқты. Бұл Ә.Қастеевтің 100 жылдығын ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне енгізіп, халықаралық деңгейде атап өтуді іске асыруға байланысты жағдай еді.
Музей өз тарапынан осы ұсынысын Мәдениет комиттетінің төрағасы (ол кезде мәдениет, ақпарат және қоғамлдық келісім министрлігі) Б.Тілеухан мырзаның атына хат арқылы жолдап, қолдау көрсетуді сұрадық. Дәл сол кезде ҚР Білім және ғылым министрлігі де академик Марғұланның мерейтойлық шараларын ЮНЕСКО-ға ұсынып жатқан.
Бекболат Қанайұлына біздің ұсыныстарымыздың негізі дұрыс боп көрінгенге ұқсайды, алдына барғанымызда «министрмен ақылдасамыз» деп мені шығарып салды.
Ендігі жерде әкімшілік этика бойынша Мәдениет министрлігінің ұсыныс хаты Сыртқы істер министрлігіне түсуі керек еді де, олар республика атынан ЮНЕСКО-ға жолдайды. Міне осындай бір әкімшілік әрекеттердің арасында бір жапырақ қағаздың жоғалып кететінін білгендіктен қадағалап отыруды жөн көрдік. Оншақты күн өткеннен кейін сұрасақ өз министрлігіміз жібердік дейді, Сыртқы істер министрлігінің ЮНЕСКО ісін жүргізетін бөлім алғамыз жоқ дейді. Өстіп телефон арқылы байланысып жүргенде екі айдың жүзі болып кетті. «Жақсыға пара бергенше бара бер» деген халқымның нақыл сөзі есіме түсе қалып Астанаға министрлікке барып келейін деп тартып кеттім. ЮНЕСКО істері бөліміне кірсем 3-4 қыз отыр екен, кім екенімді айтып едім, «аға, сізбен телефон арқылы сөйлескен мен едім, министрлігіңізден хат әлі жоқ», – деді. Сол сәттегі менің түрімді көріп аяп кетті ғой деймін, «біз былай істейік, ЮНЕСКО-ға министрлік жазды ма, музей жазды ма бәрібір, оларға тек нақты негізделген ұсыныс қана керек. Сондықтан Сіз ағылшын және орыс тілінде сол ұсынысты жазып алып келіңіз. Біз оны Парижге жібере саламыз», — демесі бар ма. Мәселенің бұлай күрт өзгеріп, оп-оңай болғанына сенер-сенбесімді білмей аңтарылып қалғаныма жаңағы қыз «аға, қорықпаңыз, бәрі дұрыс болады», — деп күлімсірегенде періште осындай болады екен ғой деген ой келіп, есімді жиып, рахмет айтуға шамам келді. Сол «періште» қыздың айтқанындай екі тілде жазылған ұсыныс хатымызды негіздемесімен қоса сыртқы істер министрлігінің ЮНЕСКО істері бөлімі бір жетіден кейін ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтеріне жолдап жіберді. Көп кешікпей бір айдан аса уақытта Парижден хабар да келді. Түскен ұсыныстарды қараған комиссия Ә.Қастеевтің 100-жылдық мерейтойын ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне енгізуге лайықты деп тауып, Парижде өткізілетін уақытын да белгілепті. Сөйтіп бұл мәселе осылай шешімін тауып кетті.
Ақылыңнан айналайын, періште қыз, сен болмасаң Ә.Қастеевтің 100-жылдығы ЮНЕСКО-да атап өтілмей қалатынына дау жоқ еді. Бір өкініштісі, сол қыздың аты есімде қалмапты, осы әңгімемді оқып, сол қыз мен едім, — деп жатса, тағы да менен, ел-жұрттан, Ә.Қастеев аруағынан мың алғыс!
***
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп халқым бекер айтпаған екен. Ә.Қастеевтің 100-жылдық мерейтойын өткізу барысында аяқ астынан неше түрлі кедергілер пайда болып, олардан ұшатын кілемге отырғандай қалқып шыға келген сәттер болғанын еске алсақ, Ә.Қастеев құдайдың сүйген құлы екенінде дау жоқ сияқты. Оған орасан талантпен қоса өнеріне өшпес ғұмыр беріп, осы бір қазақ табиғатына тағылау сурет өнерінің тұңғышы етіп жаратуы да пендеге берген үлкен сый емес пе?!
Сондай бір туа қалған қиыншылықтың бірінен шығуға Олжас Сүлейменовтың шапағаты тигенін айтпаса болмас деп ойладым. Ол былай болған еді: ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне енгеннен кейін негізгі іс-шараның бірі, ол – ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Ә.Қастеевтің шығармаларының жеке көрмесін өткізу болатын. ҚР Сыртқы істер министрлігінің вице-министрі А.Волковтың мәдениет министрлігіне жіберген хатында 2004 жылдың қазан айының 26-нан қарашаның 10-на дейін Парижде өтетін көрменің экспонаттары 22 қазанға дейін жеткізіліп, көрсетілетін қызметтердің төлем ақысын қарастырыңыздар делінген, сонымен қатар көрменің салтанатты ашылуын ЮНЕСКО-ның Бас директоры К.Мацуура мырза өзі басқаратын болғандықтан Қазақстан жағынан келетін делегацияның лауазымдық тізімін, сөз алатындардың аты-жөнін хабарлауды өтінген еді. Қасқасы, Сыртқы істер министрлігі өз жағынан жағдайды қадағалап, ескертулерін жасап жатты. Біз болсақ музейде, әрбір келген хатты оқыған сайын жүрек қағысымыз жиілеп, дайындап қойған суреттердің жәшігін қайта-қайта тексеріп, министрліктен бұйрық күтіп жүрміз.
Парижде бұрын да М.Әуезовтың 100-жылдығына, Абайдың 150-жылдығына қолданбалы өнер экспонаттарының көрмесін кішігірім залдарда өткізгенбіз. Басқа шет елдерге де көрме апарып, біраз жинаған тәжірибеміз де бар. Бірақ мына көрменің жөні бөлек, себебі, бұл жеке көрме, көлемді, қалай қабылданады, кім не дейді деген сияқты түйткілдер көп. Бәрінен бұрын уақыттың зымырап өтіп бара жатқандығында, әне-міне дегенше қазан айы да келіп қалды, енді 15 күннен кейін көрме экспонаттары ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде болуы тиіс.
Сол арада жоғары жақта тағы да ауыс-күйіс болып, енді біздің тағдырымыз басқа кісінің құзырына көшіпті деп естідік. Париждегі көрмеге Бірғаным Әйтімова деген кісі барады екен деген хабар келгенімен нақты қашан баратынымыз әлі белгісіз боп тұрды. Енді қалған 10-15 күнде апаратын жүктің кедендік құжаттарын жасау, виза алу, ұшақтың билеті де жоқ екенін ойлағанда тығырыққа тірелгенімізді сезіп, қанымыз суығандай болады.
Осындай бір шарасыз сәтте отырғанымызда музейде ашылайын деп жатқан марқұм М.Қисамединовтің көрмесіне Олжас Омарұлы Сүлейменовтің келе қалғаны бар емес пе. Ол кісі сол ЮНЕСКО-ның қазақстандық елшісі еді ғой. Іздегенге сұраған, көрмені ашып, Олжекеңді сөйлетіп, экспозицияны аралап шыққаннан кейін кабинетке келіп жағдайды айтып, халықаралық әлеуметтің алдында ұятқа қалатын жағдайға келіп тұрғанымызды жеткізіп бақтым. Олжекең жағдайымыздың мүшкіл екенін бірден түсінді де, қорықпаңдар, мәселені шешеміз деп, бір-екі орысша «жақсы» сөздерді айтты да ертең Астанаға ұшамын деді. Салмақтап сөйлегеніне сенбеу қиын еді. Солай болды да.
Үшінші күн дегенде Астанадан дауылдан бетер екпінді бұйрық келіп, астан-кестен болдық. Неден бастарымызды білмей абдырап қалған біздерге министрліктің халықаралық жобалар өткізу дирекциясының басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы өзі көмекке келіп, қысқасы бір жетінің ішінде жаңағы жұмыстардың бәрін орындап, ҚР Суретшілер одағының төрағасы, ҚР Халық суретшісі Еркін Мергенов, Ә.Қастеевтің кіші қызы Гүлнәзия Қастеева, музейдің аға ғылыми қызметкері, француз тілінің маманы Раушан Баялина, Арыстанбек Мұхамедиұлы және мен — бесеуіміз Париж қайдасың деп ұшып кеттік.
Айналайын ағатай, Олжас Омарұлы! Сіз сол күні, сол сәтте музейге келмегеніңізде Париж қайда, біз қайда? Қазақ суретшісінің өнері, мәдениеті өріс алмай қалар еді. Ғұмырыңыз ұзақ болсын!
***
Кедергілердің келесісі Д.Помпиду әуежайында болды. Ұшағымыз аман-есен қонғанда «келдік-ау» деп кеудемізді кере дем алып, далаға шыққанбыз. Франциядағы біздің елшіліктің жігіттері қарсы алды. Мәселенің негізгісі апарған жүгімізді кеденнен құжаттарын рәсімдеп шығарып алып кетуде екен. Жүк менің атыма жазылғандықтан мен әуежайда елшіліктің бір жас жігітімен қалдым да қалғандарын қонақ үйге орналастыруға алып кетті. Жаңағы жігітім құжаттарды тындыратын шығар деп қаперсіз отыра бердім. Ары-бері елпектеп жүгіріп жүрген елші жігітім бір уақытта «аға, қазір келем», — деп жоқ болды да кетті. Келіп қалар деумен бір сағат өтті. Шыдай тұрайын деп, отырып тағы бір сағатты өткіздім. Енді не істеймін, телефондарын білмеймін, тіл білмейтінім о бастан, көлік те жоқ, айдалада қалды деген осы екен деп жан-жағыма алақтай қарап, мазам кете бастады. Қарсы алдымдағы әйнек терезенің ар жағында отырған француз кеденші көзінің астымен анда-санда маған қарап қойып жымиып отырған еді, енді ол да қабағын түйіп түнере қалыпты. Бұған дейін Қазақстаннан келген музей директоры, беделді қазақпын ғой деген ойым быт-шыт болып, француз кеденшінің алдында тұтқын кейпінде мүсәпір халге түстім. Иығымды көтеріп, білмедім ғой дегендей енді мен оған күлімсіреген болам. Ол маған ала көзбен қарай ма қалай, әйтеуір біреумен телефон арқылы сөйлесіп отыр. Төртінші сағатқа кеткенде кеденші мені саусағымен ымдап өзіне шақырды. Не айтпақшы екеніне ақылым жетпей дал болып алдына жақындай бердім. «Дуан-дуан, папир» деген сөздерін анық естимін. Менің арғы атамды қайдан біледі деп те ойладым. Содан бір кезде «кастомс» деп ағалшынша айтқанда барып түсінгендей болдым. «Дуан» дегені «кеден» екен, «папир» дегені «қағаз», ендеше кедендік құжат жасаймын дегені. Ішім жылып сала берді. Енді менен «тампон» дегенді сұрайды, ауызым аңқайып, ол не болды екен деп, телевизордағы жарнама есіме түсе қалғанда француз жұдырығымен қағазды қойып қалды. Ұқтым, мөрің бар ма деп тұр ғой бұл. Әрине, бар. Сөмкемнен шығара қойдым. Мына жерге ұр дегендей қағаздың бұрышын нұсқады. Солай істедім де, ішімнен бір Аллаға тәубе еттім және Қастеев аруағына рахмет айттым. Мені аяп, жаны ашыған французға да өмір тіледім.
Кеденші французым қолымнан ұстап аулаға шығарды, бір жүк көлігін шақырып менің жәшіктерімді тиетті де, маған машинаға отыр дегендей ишарат білдірді. Енді бұл француз маған әкем тіріліп келгендей көрінді. Қолын қысып, құшақтап, бетінен сүйюге аз-ақ қалдым. Қайтейін, қолымда басқа түгім жоқ. Білетін французшам «мэрсиді» бірнеше рет қайталап әдемілеп айтқандай болдым.
Әйтеуір, елшіліктің адресін жазып алғаным дұрыс болыпты, жүргізуші көп қиналмай алып келді. Кейін әлгі елші жігітті сұрастырсам қызметіне келгеніне бір-ақ ай болған, французша да жөнді білмейтін болып шықты. Қайтіп менің көзіме түспеуге тырысқан болуы керек, жолықпадым.
***
«Бітер істің басына, жақсы келер қасыңа» деп халқымыз қалт айтпаған екен. Іздесең табылмайтын талай адам «бір көріп қолын ұстасақ» деп армандайтын аңыз адам — жазушы Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовың Парижде ашылайын деп жатқан Ә.Қастеевтің шығармалары көрмесіне Австриядан әдейілеп келуі біз үшін көрген түстей болды. Оның себебі де жоқ емес еді.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, ес кетірер жаңалықты көрменің ашылатын күні естідік. Бірғаным Әйтімова ханым өзі келеді деп жүрген Арыстанбек бауырымыз «енді ешкім Астанадан келмейтін болыпты», — деп тұр. Ондайға үйреніп қалған біздер енді қайтейік, барымен базар болармыз деп тұрғанда С.Толмачев деген Олжас ағамыздың орынбасары ЮНЕСКО-ның басшыларына кіріп шығып еді, үнжұрғасы түсіп енді «Мацуура мырза протоколға сай Қазақстан жағынан лауазымды адам болмаса көрмені ашуға бармаймын» деген жаман хабар жеткізді. Ол деген көрме ресми ашылмайды, сонымен бәрі тәмәм деген сөз. Төбемізден жәй түскендей бәріміз меңірейіп тұрғанда көрме залының есігі айқара ашылып, «Ассалаумағалейкүм, қазақ бауырлар!» деп Шыңғыс аға кіріп келмесін бе! Басқаларының қандай күйде болғанын білмеймін, мен өзім жақсылықтың жарық жұлдызы туғанын жан-тәніммен сезіндім. Жаратушы тағы да бізді тығырықтан алып шыққанын білдім де «құлдық» дедім. Ары қарай бәрі менің сезімім ақталғандай болды.
Шыңғыс Төреқұлұлын бәріміз қаумалап, сәлем беріп, қолын алып дегендей шұрқырасып қалдық. Содан ептеп жағдайды түсіндіре бастадық, осындай да осындай, «біз жақтан келетін лауазымды адамдардың ұшақтары ұшпай, жолдары болмай, біздер жетім баланың күйін кешіп отырмыз, не көмегіңіз бар?» — дедік қой. Шыңғыс аға бізді тыңдап болған соң, «саспаңдар, бұларға қырғыз — қазақ бір туғанын айтып, мен сол үшін келдім деймін», — деп күлді де Мацуура мырзаға жолығу үшін кеңселеріне кетті.
Біз ғой сақадай сай тұрмыз, халық көп жиналды. Қазақстанды жақсы білетін бір француз профессор бар екен, бұрын да М.Әуезовтың 100 жылдығында көргенбіз, сол кісі бізбен қосыла Қазақстанның мәдениеті мен өнері жайлы келушілерге мағлұмат беріп жүр. Жағдайымыз тәп-тәуір оңалып қалғандай, бірақ көңіліміз әлі күпті.
Көрменің ашылатын уақыты сағат 16-00-де екінші қабаттан бір топ адам, алдыңғы қатарда Шыңғыс Төреқұлұлы және К.Мацуура мырза болу керек, шығыс пішініндегі адам төмен түсіп келе жатты. Жұрттың бәрі қол соғып, қарсы алып жатқанына қарағанда бәрі орнына келді ғой деп түйдім. Иә, солай болды. Мацуура мырза ортаға микрофонға жақындап біздерді қатарына шақырды. Содан сөз сөйлеп, көрменің авторы Қазақ елінің тұңғыш кәсіпқой суретшісі, жарты әлемге белгілі болған Әбілхан Қастеев дегенде көзіме жас келіп, неге екенін білмеймін шөліркеп қалғандай тамағым кеуіп барады екен. Біздің елдің атынан Шыңғыс аға мен Еркін Мергенов сөйледі де экскурсияны Раушан Баялина жүргізді. Оның французшасына халық риза болып, мақтау айтып жатты. Соңы дастарханға жалғасты.
Осылай тағы бір қазақи кедергіден әлемге әйгілі ғұлама жазушы, дипломат Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов ағамыздың арқасында аман-есен, абыроймен өтіп, қазақ мәдениеті мен өнерін, оның ішінде бейнелеу өнерінің де шоқтығы биік екенін әлем алдында дәлелдегендей болдық.
Қырғыз-қазақ бір туған дегеннің шындығына көзіміз сонда жетіп, Шыңғыс сияқты ортақ ағаларымыздың болғанына «тәубе» дедік. Топырағың торқа, жаның жәннатта болсын, аяулы аға.
Байтұрсын ӨМІРБЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері, профессор,
Ресей көркемсурет академиясының
құрметті мүшесі.