Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Павлодар облысының жұртшылығымен, кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен және жастарымен бірқатар кездесу өткізді.
Үгіт-насихат науқаны басталғаннан бері ел өңірлерінде сайлаушылармен 13 мыңнан астам кездесу өтті. Олардың басты мақсаты – кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бастамаларын тұрғындарға жеткізу.
Екібастұз қаласында РҚШ мүшелері әлемдегі ең үлкен «Богатырь» ашық көмір кенішінің еңбек ұжымымен кездесіп, кеншілерге кандидаттың бағдарламасындағы жұмысшылардың құқықтарын қорғау және өндірістегі қауіпсіздікті арттыруға қатысты басымдықтары туралы айтып берді.
«Азаматтардың адал өнімді еңбегі құрметтелуі, қорғалуы және оған лайықты еңбекақы төленуі тиіс. Қызметкерлердің мансаптық болашағы мен табысы олардың кәсібилігіне, жауапкершілігі мен әбжілдігіне байланысты болуы керек. Жастарды еңбекқорлыққа баулыған жөн», – деді Республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы Асхат Оралов.
Павлодарда Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары трамвай басқармасы мен электролиз зауытының ұжымдарымен кездесу өткізді. Жүздесу барысында кандидаттың сайлауалды бағдарламасындағы жаңа өңірлік саясатқа арналған бөлімі талқыланды.
Республикалық қоғамдық штаб мүшелері Павлодар облысының Ақсу, Екібастұз қалаларында, сондай-ақ Баянауыл, Железин, Успен және т.б. аудандарында сайлаушылармен 20-дан астам кездесу өткізді.