СЕРГЕЛДЕҢ
Иә, «Әлемде талай қызық бар…», дегендей себепсіз салдар болмайтыны баршамызға аян. Кешқұрым ойламаған жерден қалта телефоным шыр ете қалды, байланысты қостым. Мен жұмыс жасайтын мектептің директоры Айтжамал Шағманқызы «Қали тез маған жолығып кетші, тапсырма бар» деп мекен-жайын айтты. Бардым, хал сұрасқан соң қолыма сыртында «Милиция бастығы Чанышев Қасымхан» деп жазылған қызыл папканы беріп, «ҰҚК сұратып жатыр, жақында мейрам күндері екен, мынадағы мәліметтерді ретке келтіріп, жүйелеп берсең және де мүмкін осы тақырыпта бір оқушы дайындап, ғылыми жұмыс қорғатарсың» деді күліп. «Қарап көрейін, материалдары жеткілікті болса» деп жауап қаттым. Үйге келіп бірнеше рет оқып шықтым, бәлендей жаңалық таба алмадым, бұрыннан таныс мәліметтер. Қарандашымды алып реттеп, бір жүйеге келтіріп, артық жерлерін қысқарттым, материал дайын болды.
Содан осы папканың ішінде тұрған бұған дейін онша көңіл бөлмей селқостау қараған екі көк дәптерді қолыма алдым. Сыртында «Из воспоминании Курмаева Хамита Ильясовича. Очевидца, лично знавшей Ходжамьярова и Чанышева. 6 февраля, 1921», екіншісінде «Дополнение об убийстве Дутова со слов Ходжамьярова рассказанно им 1934-35 г. тов. Курмаеву Х.И. и З. Сабирову и другим в момент когда он т.е. Ходжамьяров работал…» деген сөздер өзіне еріксіз назар аудартты. Асықпай парақтап оқып шықтым, таңданбасқа шарам жоқ, «атаман Дутовтың өлтірілуі» жайындағы әшейінгі ауызекідегі айтып жүретін аңыз әңгімелер мен бұрындары естімеген тың мәліметтер де осы көк дәптерлердің ішіне хатқа түсіпті. Япырай, өмір десеңші, жұмыр басты пенделердің тағдыр тәлейі де күнгей мен көлеңкеден тұрады-ау…
Себебі, бұл оқиға жайында Кеңес үкіметінің ақпарат құралдарындағы жариялануы мен түсірілген «Атаманның ақыры» фильміндегі жағдаяттар бір сарынды, ал, ауыл қарттарының әңгімелеріндегі «атаманның өлімі» жайлы мүлдем басқа, салмақтап зерделей білген жанға, арадағы айырмашылық жер мен көктей болатын. Неге десеңіз бірі қолдан жасалып бұрмаланған құпия болса, екіншісі ақырын, сақтықпен айғайламай айтылатын, жасандылықтан ада нағыз салиқалы ақиқаттың өзі еді.
Ал, енді мақаламыздың тақырыбы айтып тұрған «Атаман Дутов» жайлы қысқаша мәлімет беріп өтсек: Түп-тегі самаралық әскери казактардан тарайтын Александр Ильич Дутов Сырдария облысының Қазалы кентінде жорық үстінде дүние есігін ашқан. Балалық кезеңін Ферғана, Орынбор, Санкт – Петербург қалаларында өткізген ол, 1897 жылы Орынбордағы Неплюев кадет корпусын, ал, 1899 жылы сондағы атты әскер мектебін аяқтап хорунжий шенімен өзінің әскери өмір жолын бастайды. 1914 жылғы Бірінші дүниежүзілік соғысқа өзі сұранып аттанады. Өміріне түбегейлі бетбұрыс әкелген 1917 жылғы ақ патша тақтан құлаған Ақпан төңкерісі еді. Оның жалғасы болған Ұлы Қазан төңкерісінің нәтижесінде Уақытша билік жойылып үкімет басына В.И.Ленин бастаған большевиктер келеді. Большевиктер өкіметін еш мойындамаған А.Дутов, алғашқы күндерден бастап-ақ оларға қарсы күрес жолына түседі. Сол, 1917 жылдың 25 қазанында №816 жарлыққа қол қойып, өз қоластындағы әскерилерге большевиктердің Петроградтағы билікті күшпен басып алғандығын мойындамауға бұйырады. Бірақ, жаңадан қаз тұрып келе жатқан Кеңес үкіметіне қарсы 1918 жылы көктемде республика аумағындағы Чехословак корпусының бүлігі кері әсерін тигізді. Антанта елдерінің қолдауымен болған бұл бүліктің соңы Ресейде Азамат соғысының басталғандығын білдірді. Чехословак корпусы бүлікшілері Кеңес үкіметіне қарсы күштермен (ақ гвардяшылар, кулактар, кадеттер, эсерлер, меньшевиктер, «Алаш партиясы» т.б.) одақтасып, кеңес билігін құлатып Сібірдің және Қазақстанның біршама қалаларын өз қоластына қаратты. Дәл осы оңтайлы сәтті шебер пайдалана білген А.И.Дутов Орал мен Орынбор казактарын большевиктер билігіне қарсы көтерді. Нәтижесінде, Қазақстанның көптеген аумағында Кеңес үкіметі құлатылып және Ресейге қарасты Омбыда адмирал Колчак бастаған Уақытша Сібірлік ақ гвардияшылар үкіметі құрылса, 1918 жылы шілдеде А.Дутов Түркістан мен Сібір арасындағы қатынаста стратегиялық маңызы зор Орынбор аймағын басып алып қызылдарға үлкен қауіп төндірді. Дегенмен, көп ұзамай қарсы шабуылға шыққан Қызыл армия 1919 жылы күзде Колчак армиясын талқандады, осы бір жайсыз оқиғадан кейін А.Дутов екінші рет Орынбор казактарының қолбасшылығына тағайындалып, Көкшетау мен Атбасардан Жетісуға шегінуге мәжбүр болады. Жол азабын тартып әрең жеткен орынборлық казактар, бұл жердегі атаман Б.Анненковтан қолдау таппай қағажу көргеніне шыдамай, 1920 жылы наурызда Сарқанның Қарасырық асуы арқылы Қытай иелігіне өтуіне тура келеді. Сөйтіп, Алатау асып Шыңжандағы Дампань әкімшілігіне қарайтын Боротала өзені маңайына қос тігіп бір айдай аялдайды. Содан әрі Сүйдін қаласына және сол маңайдағы Мазар, Шипанзе қыстақтарына табан тіреп орналасады. Етек-жеңін жиған атаман Дутов енді жоспар бойынша Жаркентке шабуыл жасап билікті қайта қолға алу әрекетіне көшеді. Оған дәйек ретінде 1920 жылдың күзінде жазылған хаттардан деректерді келтіре кетсек: А. Дутов «…Жетісу мен Ташкент арасының өн бойында жұмыс жүріп жатыр. Мен Харбинмен, Қырымдағы генерал Врангельмен байланыс жасап тұрамын». Зерттеуші Д. Голинковтың «КСРО – дағы антикеңестік құпия ұйымның күйреуі» кітабындағы 1921 жылдың басында «ағылшын барлау қызметімен байланыс орнатуы» және Орта Азия басмашылар қозғалысының басшысы Эргашбай Бердиевке жазған хаты, мысалы; «…Мен сізбен байланыс жасауға үшінші рет әрекет етіп отырмын. Қазір біз Қытай шекарасындағы Жаркентке таяу Сүйдін қаласындамыз. Менің қоластымда 6000 адамға жуық жасақ бар, …Жаркентке соққы берер сәтті күтіп жүрмін…» т.б. мәліметтер және Жетісудағы Кеңес үкіметіне қарсы астыртын ұйымдармен де тығыз байланыста болғандыға тағы бар. («Егемен Қазақстан» газеті, Ж. Ауыпбаев, «Ажалға аттанғандар» 2016 ж. 1-3, 6,9 қыркүйек сандарында) Ал, ендігі Кеңестік большевиктердің алдындағы негізгі мақсаты қайткен күнде де, буыны бекімеген жас мемлекетке төніп келе жатқан алапат қауіптің алдын алу, яғни, ес жиғызбай, шұғыл түрде атаман Дутовтың көзін жою болды.
Ендігі кезекті біршама құпияны ішіне бүккен дәптерлерге берейік, Курмаев Хамит Ильясұлының жазуы бойынша:
«Дутовтың өлімі» туралы З.Сабиров екеуі М.Ходжамьяровтың өз аузынан естіген, ол оқиға 1934 – 1935 жылдары аудандық партия комитетінің ұйғарымымен колхоздардың кіріс – шығысын тексеруге Надекке, ол кездегі атауы «Қызыл батрақ» колхозында кездескен. М.Ходжамьяровта МТС-тің кіріс – шығыс есебін тексеруге барған және екеуара жақсы қарым-қатынаста болған екен. Оны байқаған қасындағы бірге жұмыс жасайтын жолдастары Курмаев Хамит арқылы өтініш білдіріп «Дутовтың өлімі» жайлы Ходжамьяровтың өз аузынан естігілері келетінін айтқан. Неге десеңіз сол бір қанды оқиға жайында әркім әртүрлі айтатын, оның қайсысы өтірік, қаншасы шындық екенін айыру мүмкін емес-ті. Келісімін берген ол тек жұмыстан кейінгі уақытта, яғни түнгі 11.00-де бөлмесінде күтетін болды. Айтқан уақытта Курмаев Х, Сабиров З, және П.Ф.Ивановтар жиналып, «Атаман Дутов» жайлы хикаяның тірі куәгері М.Ходжамьяровтың әңгімесін тыңдауға отырады, сонымен:
…Жоғарғы Сот мемлекетке аса қауіпті деп танылған атаман Дутовты өлім жазасына кесіп сырттай үкім шығарады. Үкімнің орындалуын ВЧК өзінің қарамағындағы ТурЧК-ке тапсырады. Ол орган өзінен кейінгі Жаркенттің уездік ЧК-не бұйырады. Себебі, барлау қызметтерінің ақпараты бойынша атаман Дутов 1921 жылдың 21 мамырында қарауындағы бар әскери қосынымен Кеңес үкіметіне қарсы шешуші шайқасқа тыңғылықты дайындалып жатқандығы мәлім болды. Осы қанды қырғынның алдын алу мақсатында Жаркенттік уездік милицияға қатаң түрде «қайткен күнде де Дутовтың көзін жою керек» деген құпия бұйрық берілді. Таңдау чекист Қ.Чанышевқа түсті. Неге десеңіз әкесі Мұхаметгали Чанышев бай болғандықтан үш әйел алған адам, ал, былайғы жұрт оны сыртынан «Князь» деп атайтын. Яғни, бай тұқымынан шыққан адамның Дутовқа байланысқа шығуы сол кезең үшін заңды құбылыс еді. Және де алдын-ала құрылған жоспардағыдай бұл «құпия тапсырманың» тез арада оң бағытпен қарқын алуына да өз септігін тигізді. Сөйтіп, құпия жоспардың алғашқы қадамын Жаркент ЧК-сы 1920 жылдың күзінде Қасымханға құпия түрде демалыс беріп, жедел түрде Құлжа қаласына аттандыруымен басталды. Құлжаға үлкен әпкесі Хадишаны алған бай жездесі Алдагаров Фатихпен бірге барып ақ гвардияшылардың құрамасына басшы болып жүрген бұрынғы танысы Миловскиймен жолығысады. Екі жылдай бұрынғы кездесуі кезінде, «ағынан жарылған» Қасымханға аталмыш Миловский 1918 жылы атаман Дутовпен таныстыруға уәде берген еді. Бірақ, уәдесін орындай алмаса да қазақ офицері Абылайхановпен таныстырады, онымен етене араласып сеніміне кірген Қ.Чанышевты ол өз кезегінде атаман Дутовпен жүздестіреді. Осынау көптен күткен сәттілікпен жалғасын тапқан кездесу барысындағы сөз арасында Қасымхан «Жаркенттегі сақадай сай милицияның құпия түрде төңкеріске дайын» екендігінен хабардар етеді. Енді атаман екеуінің арасындағы хабар беруші алғашқы байланысшы тыңшысы Джамаза атты дунган болды. Оның түрлі себептермен хабар берудегі тыңшылық қызметі ойдағыдай нәтиже бермеді. Содан дер уақытындағы хабар алмасу мен қарым-қатынасты нығайту мақсатында екінші «байланысшы» ретінде чекист Мұқай Жігітековты (Байсымақов) іске қосады. Сапардан сәтті оралған соң, атаманның сеніміне ие болу үшін ВЧК-ның шешімімен Қасымханның атынан осы Мұқай арқылы Дутовқа біраз қару-жарақ жіберіледі (винтовка, патрондар). Және атаманның ең сенімді адамдарының бірін шаруашылық басшысы ретінде жұмысқа тұрғызады. Қ.Чанышевтың Дутовпен етене араласуына Қытайдың уезд бастығы Шань Ганьның да көмегі зор болды. Шань Гань осы көмегінің қарымтасы ретінде Қытай аумағында ауыр қылмыс жасап өлім жазасына кесіліп, түрмеден қашып кетіп Жаркентте тығылып жүрген «қауіпті қылмыскерді» ұстап әкеліп беруін өтінеді. Себебі, сол үшін Шань Гань Пекиндегі жоғарғы басшылықтан қатаң ескерту алған болатын. Атаманмен қоса оның да сенімді адамына айналу үшін Қасымхан амалсыз келісімін береді. Сөйтіп, әлгі қылмыскерді қаладағы тығылып жүрген жерінен тауып, көңіліндегі күдігін сейілту үшін алғашқыда милицияға қызметке алады. Біршама уақыттан кейін қазіргі Төменгі Пенжім маңайындағы Худояр елді мекеніне контрабандистерді тұтқындайсыңдар деген желеумен қасына төрт адам қосып, бесеуін шұғыл аттандырады. Түн ауа алаңсыз ұйықтап жатқан «қытайлық қылмыскерді» басқа төртеуі жабылып қол-аяғын байлап шекара асырып, қытайлық уезд басшысы Шань Ганьға апарып тапсырады. Мұқай арқылы қару-жарақтың жеткізілуі, Шань Ганьның тілегінің орындалуы және Дутовтың сенімді серігінің жұмысқа алынуы сияқты сіңірген еңбегі Қ.Чанышевті атаманның ең жақын, ең сенімді адамының біріне айналдырды.
Атаманның көзін жоюды алғаш жоспарлағанда ақылдаса келе Қасымхан бірінші байланысшы болған жансызы Джамазаны жұмсайды, 2 – 3 рет қанша оқталса да еш нәтиже болмайды, кейін екінші байланысшы Мұқайды жұмсайды оның да әрекетінен түк шықпайды, екеуінің де тапсырманы орындай алмауының себебі келген адамның әр қадамына, іс – қимылына өте сақтықпен қарайтын Дутовтың күзетінің мықтылығында еді. Бірақ, көбінесе кейінгі кезеңдегі екеуінің арасындағы құпия хат-хабар мен жаңалықтарды, құпия тапсырмаларды үнемі Мұқай жеткізіп отырған. Алда, қайткен күнде де осы бір қауіпті тапсырманы жүзеге асыру міндеті тұрғандықтан Қ.Чанышев амалсыздан гимназияда 2 – 3 сыныпты бірге оқыған бала кездегі досы М.Ходжамьяровты араластыруына тура келді. Өйткені Қ.Чанышевтың ет жақын туыстарының бәрін (онға жуық адамды) ЧК кепілдікке алып Жаркент түрмесінде қамауда ұстаған екен. Іс алға басып М.Ходжамьяровта Қасымханның пәрмені бойынша құпия тапсырма орындау барысында байланысшы тыңшы санатында бірнеше рет Дутовтың қабылдауында болады. Сөйтіп, 1921 жылы 6 ақпанда ВЧК-дан жедел түрде атаманның көзін жою туралы бұйрық келеді. Неге екені белгісіз хат жазып берген Қ.Чанышев орта жолда қалып, тапсырманы орындауды мойындарына алған Мұқай батыр мен М.Ходжамьяров Дутовқа кіріп, Ходжамьяров Қасымхан жазып берген хатты оқып отырған атаманды атып өлтіреді де, Мұқай күзетшілердің көзін жойып, қуғыншыларды адастырып Иінтал арқылы Жаркентке аман-сау жетеді. Сол қанды оқиға орын алған мезетте Қ.Чанышев, И.Ушурбакиев екеуі Құлжа қаласындағы бай жездесі Фатихтың үйінде болады. Олар ертесі атаманның үйі орналасқан Сүйдін қаласына өздерінің сенімді тыңшыларын жіберіп, Дутовтың өзі жіберген чекистердің қолынан ажал құшқанына анық көздері жеткен соң ғана, 8 ақпан күні Жаркентке қайтып оралуымен аталмыш қолжазба аяқталады (Орысшадан аударған автор).
Осымен мақалам аяқталды-ау деп ойлағаныммен қателесіппін. Атамыз қазақ «Адамның дегені болмайды, Алланың дегені болады»деп айтқанындай, ойламаған жерден аталмыш «Атаман Дутовтың» өліміне қатысты тағы бір тың дерекке тап болдым. Оқи отырып өздеріңіз де ой елегінен өткізіп, саралап көрерсіздер…
«АЛМАС КЕЗДІК — ҚЫН ТҮБІНДЕ ЖАТПАЙДЫ…»
Бұл, мәселе былай жалғасын тапты — күні кеше, яғни 27.08.2018 жылы тау жақтағы Құрашының аузындағы Ақкүмбездің кімге тұрғызылғанын, ондағы арабша жазулардың не мағына білдіретінін сұрап білуге ауыл ақсақалы Жүнісов Тұрғанбек Абдуалиұлы атаға барған едім. Себебі, «осы кісілер біледі-ау» деген Жаркентте тұратын бірнеше көнекөз қарияларға барып едім, әркім әртүрлі жорамалдап, нақтылап айта алмай екіұштылау жауаптар берді. Тек соңғы барғаным мырзакелді Шәріпқан ата ғана, «бір білсе, сол Лесновкадағы Тұрғанбек молда ғана білер, бұл жазу мен күмбездің тарихын» деді. Содан салып ұрып туған ауылымдағы бала кезден танитын қарияға барып, келісімін алған соң қалам мен дәптерімді жазуға ыңғайлап, диктофонды қостым. Іздеген сұрағымның жауабын тауып, көптеген қызықты тарихи деректерге қанықтым. Сөз арасында Мұқай батыр мен Дутов жайлы да әңгіме қозғалды. Тамағын бір кенеп алып ыңғайланып отырған атам, «әй, бала ақыр жазып отырсың ғой, енді есіме түсті «мен, әкем Әбдуәлидің «Мұқай батырдың өз аузынан естіген Дутов өлімі туралы хикаясын» да айтып берейін, жазып аласың ба?» – деді де әрі қарай сөзін жалғады. «…Әкем көкірегі ояу, көзі ашық, аймаққа атағы шыққан құралайды көзге атқан аңшы, көпке сыйлы адам болғанымен, мінезі кішкене қырсықтау адам еді, сол үшін де бірталай тарих пен құпияны өзімен алып кетті ғой. Бірақ, қайтыс болар алдында өзінің өкінішін білдірді, амал қанша бәрі де кеш еді» деп, сұраулы жүзбен жанарын маған қадады. Мен таңданған қалпымда не сенерімді, не сенбесімді білмей аңырып отырып қалдым, «сонда қалай, Әбдуәли ата Мұқай батырды жақсы білген ба?» деп сұрақ қойдым. Ойпырмай, балам-ай, екеуі де Суанның Құдайбердісінен, бірі — Тәсібек, екіншісі — Арыстан атасынан тарайтын, Бұрханда туылып жастайынан бірге өскен, туыс, ағалы – інілі бауыр адамдар ғой» демесі бар ма. «Содан, «әрине айта беріңіз, мен тыңдап отырмын, дайынмын» деп басымды изеп келісім ишаратын жасадым. Өткен балалық шағы еске түсті ме, әлде әкеге деген сағынышы ма, жанарына жас үйірілген қария біраз отырып қалған үнсіздіктен кейін бойын тез жия қойып, бұлттан кейінгі жадыраған күндей жүзіне қуаныш ұялаған Тұрғанбек атам «ол оқиға былай болған екен» деп әңгімесін бастады:
…«Мұқайдың өз аузымен әкем Әбдуәлиге айтқаны, – деп, тағы бір қайталап алды. Ғасырға жуық уақыт өтсе де осынау елден-елге аңыз болып әлі күнге дейін айтылып жүрген, ақ казактардың атаманы Дутовтың көзін жою туралы құпия тапсырманы орындауға бес адам барыпты. Екеуі сыртта аттарды ұстап тұрған, оның бірі Мұқайдың інісі Көдек (кейбір мәліметтерде Көбек), үшеуі аулаға кірген біреуі есіктегі күзетшінің қасында қалып, Мұқай батыр мен М.Қожамяров кеңсенің ішіне тікелей Дутовтың өзіне кіреді. Себебі, Қ.Чанышев пен атаман арасын байланыстырушы жансызы болғандықтан, сырттай үнемі құпия тасырмамен суыт жүретін бұларды танып алған күзетшілер де жөнсіз тоқтатуға қаймығатын. Қасында адютанты бар атаман асқан сақтықпен қадала қараған қалпы, суық жүзбен қарсы алады. Қасымханның ауыр жарақат алып келе алмайтынын және бар жағдайды қысқаша баяндағаннан кейін, хат беріп жібергенін айтып Мұқай қойнынан шығарған қағазын ұсынады. Оны Дутов оқып болған соң, тағы «нең бар?» дегендей ишарат жасайды, тез түсіне қойып екінші хатты ұсынады, атаман өте сақ алдындағы үстел үстінде оқтаулы револьвер, екеуінің әр қимылын қалт жібермей бақылауда ұстаған. Екінші хаттан кейін атаманның сұрланған жүзі жылып, босаңсып қалған сәтін дөп басқан Мұқай батыр үшінші хатты алғандай сыңай танытып көз ілеспес жылдамдықпен қойнындағы оқтуалы наганын суырып алған бойда Дутовты атып салады, ал, Қожамяров адютантты атады, етпетінен құлаған атаманның қасына жетіп барған Мұқай дәлел ретінде оның екі погонын жұлып алып, далаға атып шығады, оқ дауысы шыға сала сол мезетте-ақ, даладағы үшінші адам есік алдындағы күзетшіні жайратып салған екен. Сыртта Қожамяров жоқ, Мұқай жанталасып ішке қайта кірсе, есі шыққаны сонша ол бөлмеде, екі қолымен басын ұстап алып түсініксіз бір сөздерді қайталап, сенделіп, айналып жүр екен. Қолтықтап алып сүйрелеген күйі аттарға жеткізіп, аяқ-қолында жан жоқ Қожамяровты белінен қапсыра құшақтап атқа мінгізген соң бірі жетекке алып, екіншісі қамшымен атты сабалап қаша жөнеледі. Олар екі көше айналғаннан кейін барып даурыққан қуғыншылардың айғайы мен ретсіз атылған мылтық дауысын естиді. Содан, адасып қалған қуғыншыларды артқа тастап, Қорғастан аман-есен өтіп, шекара асып Иінтал арқылы Жаркентке келеді. ЧК арнайы тыңшыларын жіберіп Дутовтың өлімі расталған соң ғана, Қ.Чанышевтың кепілдікте Жаркент абақтысында отырған туыстарын босатып, ал, Мұқай өзімен бірге әкелген екі погонды дәлел етіп, әрең дегенде ақталып шығыпты. Және де Мұқай батырдың «тағы бір айтқан сөзі» деді, қария алға қарай бір ұмсынып алып «әлгі Махмұт адам өлтіріп көрмеген екен, не онысын ертерек айтпапты қан көргенде үрейленіп, есі ауып қалды, әйтеуір әрең дегенде құдай сақтап бәрімізде аман оралдық-ау..» — деген екен. Және бір назар аударарлық мәселе, 1938 жылы 12 қаңтардағы Мұқай Байсымақовтың өз қолымен жазған НКВД өкіліне куәгер ретінде берген түсініктемесінде: «Жаркент милициясының бастығы Қ.Чанышевті («сырт көз үшін») тұтқынға алардан бір ай шамасы бұрын ЧК-дан А.Дутовты өлтіру жөнінде тапсырма алған. …Бұдан әрі операция басталады, сонда М.Қожамяров пен М.Байсымақов ақ гвардияшылар генералын өлтіреді».
Және бір ескерте кететін жағдай осы бес сайыпқыранның бірі Солтанай Маралбаев болған екен. Тақымы мықты шабандоз, жас күнінен құралайды көзге атқан мергендігімен, сондай-ақ күндіз-түні жортқанда бағытынан жаңылмас зеректігі, жершілдігімен және өжеттігімен аймаққа аты шыққан Солтанай батырдың жасы алпыстан асса да ат үстінен түспеген кезі екен. (Батыр атамыздың бүгінгі ұрпағы Молот Солтанаев ағамыз аудан, облыс жұртшылығына танымал ақын, Білім беру ісінің үздігі және қаламгер әріптесіміз). Енді бұл жердегі менің айтпағым, осы айтылған әңгіменің бала күнімде атам Рамазанмен еріп қонаққа барғанда (Ақжарқын, Абдуали, Жұмаділ т.б. аталардың үйлерінде) дастархан басында жинала қалған ақсақалдардың сөз арасында «Ей, не сөйлеп отырсың, Дутовты атқан Мұқай батыр екенін бәрімізде білеміз ғой» деп дебейлеп айтқан сөздерін талай естігенімді, сонау 1990 жылдары Алмалыдағы Қойшыбай бақсының үйінде сол ауыл қарияларының осы оқиға жайында айтқанынан естіген әңгімелеріммен дәлме-дәл сәйкес келуі. Сәл аялдап чекист Н.Миловановтың «Көрінбейтін майдан» жинағындағы мәліметтерге зер салып көрелік: «…Күзет үйінен атып шығуға ұмтылған казактарды есік пен терезеге оқ атқан Қасымхан қайта қуып тығады. Зәрелері зәр түбіне жеткен олар қаруларын тастай сала төсектердің астына зып береді. Осы кезде іштен бірін – бірі сүйеген Махмұд Қожамяров пен Мұқай Байсымақов көрінеді», және сол Н.Миловановқа М.Қожамяровтың өзінің айтып бергені: «…алдымен Дутовты сұлаттым. Сонан соң өзіме атылған адьютантты қақ маңдайдан тарс еткіздім. Ол жанып тұрған майшамды тұғырымен құлатқан бойы еденге гүрс етті. Мен атаманның аунақшып жатқанын көріп оны екінші рет аттым да, не болғанымды білмей, үстімді тер жауып, қабырғаға сүйене тұрып қалдым. Сол кезде Мұқай кіріп келіп, далаға сүйемелдеп алып шықты». Міне, өздеріңіз байқап отырғандай, бұл деректер жоғарыда жазылған Мұқай батырдың «тағы бір сөзінің» дәлелі іспетті. Ал, жоғарғы «Көк дәптердегі» естелік бойынша Қ.Чанышев дәл осы сәтте бұл жердегі атыста мүлде болмаған. Сол қанды оқиға орын алған мезетте Қ.Чанышев, И.Ушурбакиев екеуі Құлжа қаласындағы бай жездесі Фатихтың үйінде болады. Олар ертесі атаманның үйі орналасқан Сүйдін қаласына өздерінің сенімді тыңшыларын жіберіп, Дутовтың өзі жіберген чекистердің қолынан ажал құшқанына анық көздері жеткен соң ғана, 8 ақпан күні Жаркентке қайтіп оралуымен аталмыш қолжазба аяқталады.
Және 1921 ж. 11 ақпанында Ташкенттен Түркістан майданы Әскери Революциялық Кеңесінің мүшесі Г. Сокольниковтың атына жолданған мына бір жеделхатта: …Операцияға басшылық етуші адам Дутовтың бөлмесіне кіріп келіп оған хат ұсынды да ұрымтал сәтті пайдаланып екі рет атып Дутовты және үшінші оқпен көмекшісін жайратты. Нүкте.
Келесі мәліметке кезек берсек, «АРНАЙЫ АДРЕСКЕ. МЕЙЛІНШЕ ҚҰПИЯ. Түркістан өлкесіндегі ВЧК уәкілетті өкілінің №44 бұйрығынан көшірме. 1921 жылғы 12 сәуір. Ташкент қаласы. 1. Құлжада атаман Дутовтың көзін жоюды тікелей ұйымдастырғаны үшін, Қ.Чанышевты ВЧК атынан «Дутовтың көзін жоюға тікелей басшылық жасағаны үшін» деген жазуы бар алтын сағатпен марапаттаймын». («Егеменді Қазақстан» газеті, Ж.Ауыпбаев, «Ажалға аттанғандар», 3 қыркүйек, 2016ж.)
Ал, енді түсініп көріңіз…(Қ.Чанышев) Н.Миловановта «есік пен терезеден оқ жаудырады, бірақ ішке кірмейді», ал, Г.Сокольниковке жолданған жеделхатта «Дутовты өз қолымен атады», №44 бұйрық бойынша «басшылық жасағаны үшін» алтын сағатпен марапатталады, «Көк дәптер» бойынша «…жездесі Фатихтың үйінде болады»…
Иә, бірнеше жылдан соң бұл тарихи қанды оқиғаның болғанына да, бір ғасыр уақыт болып қалыпты. «Қазақфильм» түсірген «Атаманның ақыры» киносында чекист Қ.Чадияров, естелік құжаттарда (екі көк дәптерде, М. Қожамяровтың айтуы бойынша) М.Қожамяров, көнекөз қариялардың ауыздан-ауызға беріліп келе жатқан деректері бойынша (Мұқайдың өз айтуы, Әбдуәли зәңгі, Тұрғанбек және Ақжарқын манпаң, Жұмәділ, Рамазан, т.б. аталарымыздың) Мұқай батыр. Бұл тарихи оқиғаның мән-жайы әлі күнге дейін белгісіз, аңызы қайсы, ақиқаты қайсы ешкім білмес құпия болып қалды ғой…?!
Ал енді азды-көпті қолда бар деректерге кезек берер болсақ: Мұқай Жігітеков (Байсымақов) 1888 жылы Бұрханда қарапайым қазақ жанұясында өмірге келген. Бозбала кезінен-ақ, малды ауылдарда өтетін жиын-тойлардағы көкпар, күрес, аударыспақ, т.б. түрлі ат және күш сынасу ойындарының асқан шебері болуымен қатар, жас кезінен қайсар батырлығымен ел көзіне түскен екен. Оған дәлел, атаманның көзін жоюға іріктеліп алынған чекистерге жеке – жеке берілген мінездемеде, Мұқай Байсымақов туралы – Жауынгер. Жүрек жұтқан батыл жігіт. Алып күштің иесі – деген мінездеме берілген. 1917 жылғы Ұлы Қазан төңкерісінен кейінгі, Кеңес үкіметі жаңа орнаған 1918 жылдары С.Журавлев (кей деректе Я. Лаков полкі) бастаған қызылдардың отрядына қосылған. Жер жағдайын жақсы білетін, аймаққа аты шыққан батыр шекара асқан қазақ ауылдарын қайтаруда және Қапал, Абакумовка елді-мекендерін азат етуге қатысып, большевиктер үкіметіне сіңірген еңбегі үшін 1920 жылы Жаркент уездік милициясына қызметке алынады. Тек Кеңестік қызылдарға ғана қызмет етпей арғы бетке ауған талай қазақ ауылын «комотрядтың» қырғынан құтқарып, ажалдан арашалап алғаны жайлы және де күн демей, түн демей, орыспен де, қытаймен де атысып шекараны кез-келген жерден бұзып өтіп кете беретін көзсіз ерліктері туралы аңыз-әңгімелерді ауыл қарияларынан бала күнімізден естіп өстік.
Сол аласапыран заманда малсыз қалған кейбір руластарына бала-шағаңның ырызғысы деп сауын сиырлар, «сойып жеңдер» деп ұсақ малдан талай рет айдап әкеліп берген жомарттығын, сондай-ақ, «ашаршылық жылдары Мұқай батыр өз ауыл-аймағына жоқшылықтың зарын тартқызбай, титтей де таршылық көрсетпепті» деген сөзді марқұм анам Күләйханнан да талай естіген едім. «Дутовтың көзін жою операциясынан» кейін 1921 жылдың 16 қыркүйегінде Ташкентке шақырылып, ВЧК төрағасының орынбасары Уншлихтың №303 бұйрығы бойынша есімі жазылған «Алтын сағат және наганмен» марапатталған.
1938 жылдары «халық жауы» деп ұсталатын болған соң амалсыздан шекара асып кеткен, кейін қапыда Қытайлардың тұтқынына түсіп, арғы беттегі қазақтардың атақты ақыны Таңжарықпен (руы Қызай) абақтыда бірге отырған есіл ер, көп ұзамай Құлжа (кей деректе Үрімжі) түрмесінде қытайлардың қолынан көз жұмған. Таңжарық ақын кейін абақтыдан шыққанда «…екі рет сұраққа апарып қайтып әкелді, қатты қинағандары білініп тұр. Бірақ Мұқай батыр бойынан қорқу мен күйзеліс, өкініштің табын байқай алмадық. Нағыз арыстан жүректі оғлан екен, ата жау қытайларға титтей де жұмсақтық танытпай, асқақ, иілмеген қалпы үшінші рет сұраққа кетіп қайтып оралмады» деп көкірегі қарс айырыла айтқан сөзін кеше ғана, «тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы» Тұрғанбек атадан естігенде бір жағынан қазақтың қайсар ұлына сүйсінсем, екінші жағынан өзегімді өкініш өртеді. Мінекей, ағайын, Патшалық Ресейдің елесі болған «ақтардың», Кеңестік «қызыл империя» мен Қытай үкіметтері билігінің ешбірін мойындамаған, туған жерінің төсінде түз перісі көкжалдай еркін жортқан, туған елінің жадында аңыз болып сақталған қазақтың тағы бір арысы, жаужүрек батыры өз өмірін осылай аяқтаған екен…
Бала күнімде атамнан Көрде туған — Көрғұлы, Рүстем – Дастан, Бозжігіт, Әтіке, Нұржеке, Мұқай, Шойнақ, т.б. батырлар туралы көптеген әңгімелерді естіп өскен едім. Соның бір парасын кейінгі ұрпаққа керек болар деп, көптеген жылдар бойы санада сарытап болып, жаныма маза бермей жүрген, ауыл ақсақалдарының аманатындай болған осы бір қолда бар мәліметтерді өз тұсымнан реттеп, жүйелеп, сіздерді хабардар етейін деген ниетпен қалам тартып отырған жәйім бар. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін патша көңіл оқырман өздеріңіз көңіл таразысына салып, сараптап аларсыздар деген ойдамын…
Ал, осы деректі беріп отырған Тұрғанбек Абдуалиұлы атамыз, 1938 жылы 15 мамырда туылған, алғашқы сауатын бала күнінде Қытайдағы дүнген мешітінің молдасы Арли ахуннан ашып, құранның толық нұсқасын бітірген сауатты, діндар адам. Қазіргі таңда Лесновка ауылындағы Талды мешітінің молдасы. Кириллицаны өз бетінше оқып үйренген, бірақ жаза алмайды. Оқыған кітаптары — «Мың бір түннің» 4 томы, «Рүстем – Дастан», «Манастың жыры», «Алмас қылыш», «Алтын Орда» т.б. көптеген діни кітаптарды оқыған көзі ашық, көкірегі ояу, өте мәдениетті зиялы адам.
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі.
Жаркент қаласы