Білім беруді тұрақты дамыту қоры 2022 жылдан бастап «Қазақстан халқына» қорымен және Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірлесе отырып, «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасын іске асырып келеді. Бұл жоба қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтуға, педагогтардың кәсіби шеберлігін дамытуға бағытталған. Жетісу облысында бұл жобаға 4 мектеп қамтылып отыр. Солардың бірі – Кербұлақ ауданының Қоғалы орта мектебі. Бұл мектепті дамытуға жоба аясында 250 млн. теңге бағытталды. Бұл қаражатқа 36 сынып қайта жабдықталды, — деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жоба аясында Қарғалы орта мектебінің сыныптарындағы жиһаз жаңартылып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмек көрсетілді. Физика, химия, математика, биология, география, информатика, жаратылыстану кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталды. Интерактивті панельдер мен зертханалық жабдықтар орнатылды. STEM зертханасы мен робототехника кабинеті сынақтарға керекті шағын гидропоника зертханасымен, виртуалды шындық кабинеттерімен және басқа да түрлі құралдармен, материалдармен жабдықталған. Информатика кабинеті заманауи технологияларға сәйкес толығымен жаңартылып, компьютерлік техникалар қойылған.
Қор өкілдері мен демеушілер мектептің жаңартылу жағдайымен танысты. Атап айтқанда, мектепке «Қазақстан халқына» ҚҚ төрағасы Болат Жәмішев, НЗМ ДББҰ Басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова, сондай-ақ жоба демеушілері қатарындағы Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен «Aitas.kz» холдингінің өкілдері келді.
Б. Жәмішевтің айтуынша, жоба ауылдағы білім деңгейін арттыруға бағытталған: «Заңда «тірек мектеп» ұғымы бар, бірақ заң мұндай мектептің немен айналысу керектігін нақтыламайды. Біздің ойымызша, бұл мектептерді ең мықты жабдықтармен жарақтандырумен шектелмеуі керек. Мұндай мектептер жақын маңдағы мектептер үшін құзыреттілік орталығына айналуы тиіс. Мен бұл мектепте ең жаңа химия кабинеті қанша сағат жұмыс істейтінін сұрап білдім, яғни аптасына көп дегенде 8-10 сағат қана жұмыс істейді. Қалған уақытта да бос тұрмауы үшін көрші мектептерден де осында оқушыларды тарту керек. Олар теорияны өздерінен үйренсін, ал практикалық, зертханалық сабақтарға осындай тірек мектептерге келсін. Оған қоса онлайн сабақтар да өткізу керек. Онлайн формат – тек індет кезінде керек формат емес, сонымен қатар оқушы үшін де, мұғалім үшін де сабақтардың күнделікті форматына айналуы тиіс. Біздің осындай жоспарларымызды жүзеге асыруға осы тұрғыда жинақталған оң тәжірибесі бар НЗМ көмектеседі», — деп атап өтті ол.
Тұрақты білім беруді дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаевтың айтуынша, қор 2019 жылдан бастап қалалық және ауылдық мектептердің білім сапасы арасындағы алшақтықты қысқартуға өз үлесін қосып келеді. Жаңа форматта бұл жоба өткен жылдан бастап іске қосылды.
— Біз тірек мектептерді үш бағытта дамытамыз. Біріншісі — мұғалімдердің біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу. Бұл бағытты «НИШ» ДББҰ қадағалайды. Екінші бағыт – материалдық-техникалық базаны жаңарту. Үшіншісі – мектептерді әдістемелік жағынан сүйемелдеу. Тірек мектеп үш «магнiиттік» мектептің тартылыс орталығына айналады, олар білім беру, әдістемелік және басқа да міндеттерді бірлесіп атқаратын біртұтас кешен ретінде жұмыс істейді, — дейді ол.
Атап өтсек, бүгінде елімізде осындай 80 мектеп бар, тағы 110 білім ошағын ашып, жарақтандыру жоспаланып отыр. Бүгінгі күні Жетісу облысында «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасына 2022-2023 жылдары 4 мектеп тартылды, олардың әрқайсысын қайта жабдықтауға 250 млн. теңгеден бөлінді. Бұл — Ақсу ауданындағы Е. Сиқымова атындағы орта мектеп, Ескелді ауданындағы К. Шестаков атындағы орта мектеп, Сарқан ауданындағы Абай атындағы гимназия мектебі және жоғарыда аталған Кербұлақ ауданындағы Қоғалы орта мектебі.
Сонымен қатар облыстық білім басқармасының мәліметінше, балаларды бағдарламалауға, робототехникаға, құрастыруға үйрету мүмкіндіктерін арттыру, оларға инженерлік дағдылар бағытында қолжетімді сапалы білім беру үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының, «Инженерлік білім беруді дамыту» қорының және «Арман Инжиниринг» ЖШС компаниясының қолдауымен «Болашақ инженер-1» жобасы іске асырылды. Соның шеңберінде Алакөл, Ақсу, Сарқан, Ескелді, Көксу, Қаратал, Кербұлақ аудандарында тағы 7 мектеп робототехника жиынтығымен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін «Болашақ инженер-2» жобасының аясында Текелі қаласындағы тағы бір робототехника кабинетін жабдықтау жоспарланып отыр. Облыс көлемінде жалпы сомасы 71 млн. теңгеден астам инвестиция тартылатын болады.
Фотограф: Руслан Кадыров