Жетісу облысы бойынша Панфилов ауданы халқының саны жағынан алдыңғы орындардың бірінде тұрған болса, Көктал ауылдық округі Жаркент аймағындағы тұрғындар саны жағынан алда тұрған өңір. Тарихы да тереңде жатыр. Атағы республика көлеміне жайылған азаматтар дүниеге келіп, еңбек еткен ауыл. Ауылшаруашылығына пайдаланылатын жер көлемінен де және мал басының саны жөнінен де ауданда алдынғы орындардың бірінде. Біз бүгін кезекті сұхбатымызды Көктал ауылдық округі әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қадырбаев Батырбек Рүстембайұлымен жүргізіп отырмыз.
– Батырбек Рүстембайұлы, біріншіден сізбен «Жаңа Қазақстанды» құратын Президент сайлауы қарсаңында кездесіп отырмыз. Осы сайлаудан қандай жаңалықтар күтесіз?
– Сұрағыңызға рақмет. Ауданымызда шығатын екі газеттің бірі «Жаркент айнасы» басылымының редакторы, өзіңіз тікелей сұхбаттасуға келгеніңізге алғысымды білдіремін.
2022 жылдың қаңтар оқиғасынан кейін жалпы Қазақстан Республикасында түбегейлі өзгерістер болды. Оны өздеріңізде теледидардан көріп, газеттен оқып жатқан шығарсыздар. Сол көп өзгерістің бірі – Референдум, Президент сайлауының өткізілуі. Себебі ол бұрынғыдай 5 жылдан екі рет сайланбай, бір рет жеті жылға сайлануы болып тұр.
Президент атқаратын көптеген жұмыстардың Парламентке, Мәслихатқа және жергілікті атқарушы органдарға өтуі. Бұл енді бір күнде атқарылатын жұмыс емес, оған біраз уақыт керек. Президент үшін жеті жыл мерзімде көптеген жұмыстар атқарып, өзгерістер енгізуге болады. Сол себепті Президент сайлауынан көп үміт күтеміз.
– Оқырмандарымызды округтегі халықтың әлеуметтік тұрмыстық жағдайынан хабардар ете кетсеңіз.
– Көктал ауылдық округінде жалпы саны 12 876 адам тұрады. Оның ішінде қазақтар, орыстар, ұйғырлар және басқада түрлі ұлт өкілдері тұрып жатыр. Округте 945 зейнеткерлер, 149 «Алтын алқа» иегері, 224 «Күміс алқа» иегері бар.
– Округте 2022 жылға дейін 408 шағын бизнес нысандары тіркелген екен. Олардан округте кіріс көздері қандай?
– 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 1 219 485 теңге кіріс түсті.
– Ауыл болғасын халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы әртүрлі. Қоғамдағы тұрмысы төмен отбасыларға көрсетілетін жәрдемдерге тоқсалсаңыз.
– Сұрағыңыз өте орынды. Ауыл болған соң халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы әртүрлі болатыны белгілі ғой. Округ мамандары ақсақалдар алқасымен, славян, ұйғыр ұйымдарымен бірлесе отырып тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларын анықтау жұмыстарын жүргізіп, кәзіргі уақытта 110 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуда.
Көктал ауылының іскер азаматы, «Көктал-Агро» ЖШС директоры Ж.Охановтың демеушілік көмегімен көпбалалы анаға Республика күніне орай бір тұрғын үй сыйға тарту етілді.
Сонымен қатар тұрмысы төмен отбасыларға және жалғыз басты аналарға 30 тонна көмір және отын тізім бойынша таратылып берілді.
– Ауыл ішін абаттандыру жұмыстарына бюджеттен қаржы қарастырлырған ба? Бөлінген болса қандай жұмыстар жүргізуде?
– Ауыл ішін абаттандыру жұмыстарына бюджеттен қаржы қарастырлырған. 2022 жылы абаттандару жұмыстары бойынша Work aut спорттық кешенінің сыртын қоршау жұмыстары, орталық саябақтағы және жол жиектеріндегі ағаштарды әктеу, сырлау жұмыстары жүргізілді. Көрнекі құралдарды (билборд) жасау жұмыстары, сонымен қатар жасыл желекті көгалдандыру жұмыстарына қаржы игерілді.
– Сіздердің округке қарасты 2 балалар бақшасы, 2 шағын орталық, 4 орта мектеп бар. Күнделікті жұмыс істеу барысын қадағалап отыруға кадрларыңыздың уақыты жете ме?
– Көктал ауылдық округі әкімі аппаратында 8 жоғары білімді бас маман, 1 жоғары білімді жетекші маман мемлекеттік қызметкерлері жұмыс атқаруда. Барлық мамандарға мекемелер бөлініп берілген. Әр маман өзіне бөлінген мекемелермен тиісті деңгейде жұмыстар жүргізіп, қадағалауда.
– Ел Президенті білімді ұрпақ өсіру, білім саласын дамытуға көп көңіл бөлуде. Осы орайда білім сапасының көрсеткіштері және олардағы жетістіктер қандай?
– 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша 108 оқушы орта мектеп оқуын аяқтап, оның 8-і «Алтын белгі» иегері болса, 11 оқушы үздік аттестат иегері атанды. Жалпы округ бойынша білім сапасы 69,35% құрады.
– Мал басын өсіру жөнінен ауданда Қоңырөлең ауылдық округінен кейін екінші орында келесіздер. Болашақта асыл тұқымды мүйізді ірі қара, қой, жылқы малының санын көбейту шаралары жоспарларыңызда бар ма?
– Мал шаруашылығы бойынша округте 14372 бас сиыр, 1380 бас жылқы, 30 000 бас қой, 78 бас түйе бар. Сонымен қатар округте 5 асыл тұқымды Санта-Гертруда ірі қара малы және биязы жүнді арқар Меринос асыл тұқымды 4 шаруа қожалығы бар. Атап айтсақ, ірі қара малы бойынша асылдандыру жұмысымен Рахымбеков Нұрлан, Абиров Марат, Малыбаев Сайлау, Қалиев Нұрбол, Аблакимов Ертай айналысса, қой шаруашылығы бойынша Сарпеков Ұлан, Абиров Марат, Қалиев Нұрбол, Жұмақов Нұртай айналысады.
– Округ салыстырмалы түрде алғанда құқық бұзушылық көрсеткіштері жөнінен жоғары тұр. Бұл тұрғындар арасындағы құқықтық сауаттылықтың төмендігінен бе, жоқ басқадай зиянды факторлары бар ма?
– Қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік саласында қоғамдық тәртіп бойынша «Бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу, оның ішінде мал ұрлығына қарсы іс – қимыл бойынша қабылданған шаралар және атқарылып жатқан жұмыстар туралы» жалпы 9 айдың қорытындысы бойынша 26 қылмыс тіркелді, оның 23 қылмысы ашылған.
Жалпы аудан бойынша ең үлкен елді мекен болғандықтан құқық бұзушылық болып тұрады. Округімізде діни және ұлтаралық құқық бұзушылықтар орын алған жоқ. Жалпы құқық бұзушылық құқықтық сауаттылықтың төмендігінен емес, кей кезде тұрмыстық жағдайларға байланысты орын алып отырады. Округімізде ұсақ түскен арыз-шағымдар бойынша сотқа дейінгі медиациялық жолмен шешіп отырамыз.
– Ілияс Жансүгіровтың мынандай өлең жолдары бар. «Өз ұлын, өз ерлігін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деген. Сіздердің аймақтан шыққан алғашқы Алаштанушы, көпке танымал «Қызылдар қырғыны» жинағының, 1916 жылғы патша үкіметіне қарсы көтеріліс басшысы Мұқа болыс туралы, т.б. сүбелі шығармалардың авторы Армиял Тасымбековты есте қалдыру мақсатында қандай шаралар жасамақсыздар?
– Армиял Тасымбеков біздің жерлесіміз, Ақжазық ауылының түлегі және оның ағайын – туыстары осы ауылда әлі күнге дейін тұрып жатыр.
Біздің білуімізше – Армиял Тасымбеков тек қана 1916 жылы Мұқа болыс туралы шығарманың авторы ғана емес, 1932-1938 жылдары Саяси репресияға ұшыраған ер – азаматтарымыздың жан жарлары туралы көптеген мақалалар жазып, тұңғыш рет «АЛЖИР» туралы баспасөзге жариялаған азамат.
Бірақ бұл кісі біздің ауылда еңбек етіп, жұмыс істемеді.
– Болашақта округ әкімі болсаңыз жұмысты неден бастар едіңіз?
– 30 жыл ел басқарған Д.А.Қонаев ағамыз «қанша қызметің биік болса да, халықтан жоғары емессің» деп айтқандай, егер әкім болсақ халықтың әл – ауқатын арттыруға, тұрмыстық деңгейін көтеруге, жастарды жұмыспен қамтуға және де ауылымызға инвестиция тартуға күш салар едім.
Сұхбаттасқан М.Мұсаұлы