Әлемді жаулаған әлеуметтік желіден әлем дүние көріп жатамыз. Соның бірі күні кеше бір бағдарламада қазағымның қаракөз қызы оқушының даму барысы мен мұғалімнің көзқарасы туралы тақырыптың жілігін шағып, майын ішкендей болды.
Қысқасы, тақылдап тұрған қызымыз орыс пен қазақты салыстырды. «Орыс мектебінің балалары қазақ мектебінің балаларымен салыстырғанда өз ойын ашық айта алады, оқу процесі көңіліне жақпаса ұнамайтынын ашып айтады, қысқасы, олар ашық, олар пысық болып өседі. Ал қазақ балалары мұғалімнің мысынан қорқып еркін өсе алмайды, жасық болып өседі, ойындағысын айтуға қорқады» дейді.
Расымен де солай ма? Біздіңше әсте олай емес. Таяқтың бір ғана ұшы болмайды ғой. Әрине, баласының мектепке дейінгі өмірімен жұмысы жоқ ата-ана бүлдіршіні мектепке барған соң қит етсе кінәні мектепке артуға тырысады. Ол ақиқат. Ал психологтардың айтуынша, баланың психикасы 3-5 жас арасында қалыптасып қояды екен. Яғни, балаға мінезі тіпті ананың құрсағында жатқаннан-ақ қалыптасып қоятыны секілді, даму процесінде шамамен сол 3-5 жас аралығы өте маңызды болып саналады. Демек сол аралықта баланың өмірінде өте қуанышты сәт болса да, өте қорқынышты сәт болса да санасында қалып қояды екен. Ал сол жас шамаларында балаңыз қайда болды: үйде, балабақшада, әлде мектепте?
Бәріміз білетіндей, бала мектепке 5-6 жасында барады. Жанып тұрған баланы өшіріп тастаған мектепті көрдіңіз бе? Керісінше, баланың қара тануына ықпал етіп, таным-түйсігін кеңейтіп, заман талабына сай білім береді ғой ұстаздар.
Осыдан бірнеше жыл бұрын 1-сыныпта оқитын қызын жетектеп репетитор іздеп жүрген әкені көрдім. Қосымша сабақ не үшін керек екендігін сұрағанымда «Сынып жетекшісі егде тартқан кісі, қызымның баяулығын бетіне басып, дұрыс жазбағаны үшін нұқып отырады екен. Енді бірдеңе қылып үйрету керек» дейді. Жарайды, кезінде бізді мұғалімдер нұқымақ түгілі шапалақпен салып та, таяпен ұрып та, жұдырықпен түйіп те жіберетін. Бірақ қазір заман басқа. Қазіргі балалардың психологиясы да өзгеше. Сондықтан да негізгі талап қорқытып оқыту емес, ынталандыру, сабаққа қызықтыру. Өйткені бастауыш сыныпта қорқынышпен отырған бала орта буынға келгенде де сол кездегі фобиядан шыға алмай қалуы мүмкін.
Жасыратын жоқ, бес саусақ бірдей болмайтыны секілді мұғалімдер де әр түрлі. Дегенмен отбасында ашық, еркін, ақылды болып қалыптасқан бала мектепте де зеректігімен назарда жүреді. Ол тек қазақ сыныбының мұғалімдері қатал, орыс сыныптарының мұғалімдері жұмсақ дегенді білдірмейді. Орыс мектептерінде де қатыгездігі ішінде жатқан оқушылар жетерлік. Оны да баспасөз беттерінен оқып, біліп отырсыздар.
Ең бастысы мынаны есте сақтаңыз, балаңыздың тәрбиесіне әуелі өзіңіз жауаптысыз, құрметті ата-ана! Баланың санасын анасының құрсағында жатқанында қалыптастыратыныңызды ұмытпаңыз. Сосын жаңағы фундаменті қаланатын 3-5 жас аралығына баса мән беріңіз. Ең маңыздысы, бастауыш сыныпта қадағалаңыз, үй тапсырмасына көмектесіңіз, тек ұрып, ұрсып, балағаттап емес!
Бастауыш сыныпта балаға білім беру де оңай емес, әрине. Дегенмен мұғалімдік мамандықты жанымен қалап, ұсақ балалармен жұмыс жасайтынын біліп келген маман болса алдында отырған балаға қатыгездік көрсетпесі анық. Ағартушылық жолына адасып келген «мұғалімдер» болмаса…
А. ДАНИЯРҚЫЗЫ