Халқымыз жер-көк жаратылып, одан кейін өздері өмір сүріп келе жатқан заманнан бері табиғаттағы өлі-тірі дүниенің бәрінің қасиетін түсіне білген. Нәр алатын, жанданатын тіршілік көзі, өмір сүру ортасы тау мен дала болғасын тілін тереңірек ұғуға әрекеттеніп, соған қарай өзінің күнделікті тірлігін бейімдеген. Аң-құстың және өздерінің қорек көзі малдың жайылатын шөбін, жалпы өсімдіктер әлемінің қадір-қасиетін айырып-тануға ұмтылып, түсініп қадірлей білген. Мыңдаған жылдар бойғы жинақталған аңшылық саятшылықты өнер деп бағалап, ұрпағына сабақтастыра қалдырып отырған. Құс салу, жүйрік ат баптау, тазы жүгірту – ол тек жан бағу, үй ішін асырау ғана емес, өнер ретінде бағаланып, ұл-қыз балаларын жасынан соған баулыған.
Бұрынырақта ықылым заманнан жалғауын үзбей келе жатқан саятшылық, қыран құс баптау өнері, оның ішінде жаламадан түсіп бүркіт алып, қолға үйретіп аңға салу, сұңқардың ұшқыр түрлерін қаршыға, ителгі баптау, төбет тәрбиелеп жыртқышқа салу, тазы жүгіртіп баулу, қақпан құру, қылдан есіп тұзақ қою сияқты ежелгі өнердің өкілдері көптеп кездесетін-ді. Жай ойын ретінде қарастырып жүрген асық атудың түпкі мәніне ой жіберсеңіз жас баланың бойын дамытуға, иіліп-тұруға, икемділікке, ептілікке баулудың бір қыры деп санауға тұрады. Қазіргі күндері қазақтың табиғатына тән бұл далалық өнер өз қырын жоғалтып бара жатқаны жасырын емес. Жаңа заман жаңаша ұғым әкеледі. Біздер ұлттық ойындар деп қарастырылған осы далалық өнер біткеннің бәрін бұл күндері бір сөзбен спорт деп атайтын болдық.
Мергендікті алыңыз. Құралайды көзге атқан, ұшқан құсты дара оқпен атып, биік сырықтың басына жіңішке жіпке байланып, бас жүлдеге тігілген тайтұяқ алтынның бауын үзіп түсіретін мергендер болған. Алыстан көздеп садақтың оғын ілулі алтын жүзіктің көзінен өткізетін мергендердің де есімдері тарихта бар. Қазақ халқының арасынан осы айтулы өнердің әр саласынан есімдері естелік, аттары аңыз ретінде сақталып қалған небір айтулы саңлақтар шыққан. Мысалы, 1916 жылға дейін өткізіліп тұратын атақты Қарқара жәрмеңкесі кезінде жоғарыда айтылған қазақтың ұлттық ойын түрлерінен, бәйгенің түр-түрінен, палуан күрес, қыз қуу, тағы да басқа бәсекелер өткізіліп тұратын болған. Осының біріне қатысып отырған орыс ояз өтіп жатқан ойын түрлеріне разы болмай:
– Қазақтарда осыдан басқа ештеңе жоқ па?, – дегенін естіп қалған Албан ішіндегі Шоған руынан шыққан Қайыпберді мерген:
– Анау оязға айтыңдар, мен оған өнер керек болса көрсетейін, – депті. – Менің мылтығымды әкелуге рұқсат берсін, бір жігітті атқа отырғызып, аттың құлағының ортасына үкі қадасын, сосын мынау төбені айналдырып шауып өтсін, екінші айналғанда кекіліне қадалған шоқ үкіні атып түсіремін.
Қасындағы тілмаштары дереу оязға жеткізген соң келісім беріпті. Мылтығын алдырып, жігітті дайындап атқа мінгізіп шаптырып жіберіпті. Бар екпінімен шапқан ат ояз отырған тұстан өтіп бара жатқанда атқан екен, дәл құлағының ортасындағы ағараңдап бара жатқан шоқ үкі қиылып түсіпті. Қазақтардың мергендік өнеріне еріксіз куә болған ояз мергенге сый-сияпат беріп қайтарған екен.
«Құланды да жыландай кісі атады» деген тәмсіл сөзге құлақ салсаңыз, көп нәрседен хабар береді. Аңшы сөзінің де көлеңкесінде көп мән жатыр. Тоқтыбалақты (Дуадақты аулаудың өзіндік әдісі болған. Сұрағандарға айтармыз) ұшқыр аттың жалына жабыса зымыратып келіп орнынан көтеріліп ұшқанша құрықпен не сырықпен ұрып түсіретін самдағай жігіттер өткен. Оның шет жағасын өзіміз де көрдік. Не болмаса қыстап, не жайлап отырған жердің ыңғайына, ондағы аң мен құстың түріне қарай жаяу аулаудың да әдіс-тәсілін жете меңгерген кәнігі аңшылар көп болған. Оның да себебі айта берсең сан түрлі.
Ежелгі аң аулау тәсілінің бірі сақпанмен ұрып түсіретін әдіс болған. Ал жаугершілік заманда сақпанның тасы арнайы ат бүйірін қажамайтындай жұмырланып жасалынып, түбі қысқа ұзыншақ етіп тігілген былғары қоржындарда жүрген. Әскерлер ұрысқа шығар алдында қолбасылар садақшылардан бұрын арасын үш-төрт қадамнан алшақтатып сақпаншыларды тұрғызған. Алақаны көннен жасалынып, қайыстан бау тағылған сақпанның тасы бастан асыра айналдырып ұрғанда зырылдай ұшып 150-200 қадамда тұрған қалқансыз жауынгерді жұлындай түсірген. Аңшылардың мылтық шыққанға дейін кәдеге асырған ұрыс құралы сақпан болған. Сақпанды да арнайы адамдар ұстаған.
Сол жаугершілік замандарда болашақ ел қорғайтын жастарды ұрысқа дайындаудың жолдары әр түрлі болып келген. Балалар жастайынан-ақ ат жалын тартып мінгеннен бастап үлкендерден бір елі қалмай әртүрлі өнер үйренген. Әсіресе, мінсең көлік, жауға жапсаң сенімді серігің, жесең тамақ, сусасаң шөліңді басатын шәрбәт қымыз беретін жылқы малы қасиетті болып саналатын. Осы аттың үстіндегі орындалатын ойын ретінде танылған білек күшімен тақымының мықтылығын сынайтын аударыспақ, ойлы-қырлы жермен жүйткіп келе жатып садақ ату, заулап келіп ат бауырына түсіп теңге ілу, шауып келе жатқан аттың бауырынан айналу, ер үстіндегі жасалатын тік тұру, теріс мініп шабу, жалына жармасып қосарласа жүгіріп қарғып міну, ойын ретінде жүргізіп әйел азаматтардың да ат үстіндегі отырысын, қимыл-қозғалысын бақылап алатын қыз қуу, нағыз білектілер мен жүректілер қатысатын көзсіз көкпар тартыс секілді түрлерін қазақтар ғана жасай алған.
Топтың ішінен алып та жығатын, шалып та жығатын алымдылар, қарсыласына бар күшін сарқа пайдаланбай айла-тәсілмен алатын, сан түрлі ептілік көрсететін жылдам, амал-тәсілдерді орнымен пайдалана алатын самдағай жігіттер мен қыздар көзге түсетін. Түптеп келгенде ақсақалдар, билер, қолбасылар, сыншылар, үлкен сақа жауынгерлер өздерінен кейінгі ел қорғайтын жастарды тәрбиелейтін ойын элементтері ретінде осы айтылған өнер түрлерін жүргізіп, жалпы қорытындылағанда алты алашқа сауын айтып қадірменді адамдарға берілетін асты, тойды ер жігіттерді ұрысқа дайындайтын, сынақтан өткізетін арена ретінде пайдаланған. «Отыз күн ойын, қырық күн тойын» өткізіпті дегеніңіз жай сөз емес. Отыз күн болмаса да, сол бірнеше күннің әр қайсысын әр түрлі спорттың түріне арнап, солардың ішінен өзгелерге қарағанда ең басым жігерлі де жүректі, қысылтаяң жерде жол табатын ақылды азаматтарды анықтаған. Әр қырынан көрінген палуандарды, мерген садақшыларды, ат үстіндегі білекті айлакер азаматтарды далалық бейбіт ойындарда сынап көріп, болашақ онбасы, жүзбасы, мыңбасыларын осылардың ішінен таңдауды көңілдеріне түйген.
Жат жерлік отаршылдардың қазақ даласын түгелдей жаулап алғаннан кейінгі кездерде де ел арасындағы топ бастайтын ер-азаматтарды анықтау, топқа түсіріп сынау тоқтап қалмаған. Атақты ақын, қуған жауына тас атып ұрып түсіріп кете беретін сақпангер Мәди Бапиұлы, орыстың қарашекпенділерімен арыстандай алысқан Иманжүсіп, құрыш білекті, жолбарыс жүректі Балуан Шолақ, Сатай Әтіке батыр, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басшылары мергендер Амангелді Иманов, Кейкі Көкембайұлы, тағы басқа атақты ел қорғаны болған ерлер осындай айқас ареналарында небір «сен тұр, мен атайын» деген алыптармен айқасып, сыналып шыққандар.
Жаркент өңірінде де атақты өнерпаздар көп болған. 19 ғасырдың соңында осы аймаққа кірмелердің қоныстануына қарулы қарсылық көрсеткен топтың басшысы Әтіке Қазақбайұлының бір басында бірнеше өнері болған. Бетке алып көздемей ататын мергендігімен қоса ат үстінде сайыскерлігі тарихта қалған. Үлкен бір аста өзінен анағұрлым ірі келетін палуан жігітпен ат үсті сайысына түсіп, екеуінің айқасқан білегіне шыдамаған қарсыласының атының алдыңғы екі тізесі бүгіліп, тізерлеп қалған екен. Екеуінде де анадан туа біткен орасан күш болмаса бұлай болар ма еді?
Ел арасында жүргенде көңілінде сәулесі бар, арғы аталарынан естіген оқиғаларды, әңгімелерді ұмытпай айтып жүретін жандарды кездестіреміз. Солардың ұрпақтарының аузынан естіген әңгімелерден білетініміз заманында көптеген палуандар, мергендер, атбегілер тағы басқа өнерпаздар өткен екен. Ол туралы адамдар туралы біреулер білсе, біреулер білмейді. Жұрт болғасын тумысынан өнер қонған адамдар қазақ арсында көп болған. Сол ерен палуандардың аты-жөнін ел аралап жүргенде еміс-еміс естіп қаламыз. Әңгімені бүге-шігесіне дейін айтатын ұрпақ азайды. Десе де аталарының атағын бұрындары отбасындағы үлкендерден естіп, топ арасында отырған жерлерінде дәріптеп жүретін көкірегі ояу жандар әлі де кездеседі. Тарихтан белгілі патшалық Ресеймен шүршіттер басқарған Қытай елінің арасында болған шекара бөлісінде Суан елінің жартысынан астамы Қорғас өзенінің шығысында қалғаны белгілі. Десе де, жат бауыр болуды қаламайтын қазақ емес пе, шекараңызды керек қылмай бауырларын іздеп өткісі келгенде атпен сар желіп, өзенді кешіп өте шығатын болған. Екі араға керуен тартқызып, сауда-саттығын да жасап отырған. Арғы ғасырдың аяқ шенінде төрткүл дүниеден жиналатын саудагерлердің Құлжадағы өтетін жәрмеңкесін естіп Суан жерінен осындай бір керуен шығып барған екен. Жәрмеңке біткеннің дақпырты дүңкілдеп жер жарып тұрған кез. Ол кездерде Қорғастан Құлжа, Үрімжіге дейінгі аралықты жайлаған қазақтардың көптігі білініп тұратын шақ. Мұндай жәрмеңке кезінде ұланасыр той, әртүрлі ойындар өтіп тұратыны хақ. Жаркент жерінен шыққан керуен де өздерімен қоса әнші-күйші, білекті де, белді палуандарын алып барыпты. Суандар өз ішіндегі Қарабектен шыққан Тыштыбай палуанды алып барған екен. Сол кездерде жасы отызды орталаған Тыштыбай палуан да ешкімге дес бермей белдескеннің белін алатын кезіне келіпті. Арғы атасы Бабаназар да ел намысы ортаға түсіп тұрғанда айтқызбай айқаса кететін, талайдың талағын айырған жауырыны жер иіскемеген палуан болса керек. Қазаққа ең қадірлі өнер күрес емес пе. Жәрмеңкеге жиналғандардың дені күрес өтіп жатқан жерге барыпты. Бұлар да бұған дейінгі өзімен белдескен палуандардың бәрін жығып, күшін алдым деп басынан аттап, мейманасы асып тұрған қытай палуанына кез келіп қалыпты. Ортадағы қытай палуаны шірене талтайып маған шығатын кім бар дегендей сұстанып тұрыпты. Албан-Суан, қырғыз, ұйғырдың белдескенінің бәрін топыраққа аунатып, құтын қашырып жіберген соң бірен-саран күбірлескен сөздерден басқа жұрт тым-тырыс үндей алмапты. Ортадағы жаршының «тағы барма, мына палуанға шығатындарың, әйтпесе жүлде осыныкі» деген айғайын естіп жақындап келе жатқан Тыштыбай сол күйі алаңды бетке алыпты. Денесі зор, бұлшық еті ойнап тұрған қытай палуаны шағын бойлы, бірақ кеудесі кең, құйып қойған қорғасындай қазақтан сескенгенін білдірмей тұрған орнынан қозғалмапты. Манағы, намысымыз кетті-ау деп ұнжырғасы түсіп тұрған қазақтар Тыштыбайдай палуанды көргенде намыстары қозып, қолдап айғайға басыпты. Күрес ережесі бұтына шалбар киіп, кеудесін жалаңаштап тастап белдесу екен. «Тәуекел деп тас жұт қорытасың» дегендей көптің көтермелеуімен Тыштыбай қарсыласымен ұстаса кетеді. Айқасқан сом білектердің, сықырлаған сүйектердің дыбысы дуылдаған адамдардың үнінен асып естіліп тұрады. Ақырында бураша алысып жүріп, сәті келгенде қытай палуанын жамбасқа алған Тыштыбай атып ұрады. Сөйтіп Қарабектен шыққан Тыштыбай палуан Құлжа жәрмеңкесіне жиналған бүкіл қазақтардың мерейін тасытқан екен. Сол палуандар сияқты осы біздің аймақтан шығып атақтары алысқа кеткен Арқабай, Кәкебай сынды ағайынды екі палуан талайды тамсандырған күрес көрсеткен өнерпаздар болыпты. Ол кісілердің ұрпақтары қазірде бар екен. Олар жайлы алдағы уақытта жазатын боламыз.
Өткен ғасырдың 20-30 жылдары қызылдардан қысым көріп, көптеген қазақтар үркіншілікке ұшырап, Қорғас өзенін кешіп өтіп ежелден қазақ жұрты отырған жерді сағалап қоныстанған. Қытай өкіметінің өзі де бұл аймаққа толықтай өз билігін орната алмаған кез. Ауып барған ел аз жылда тұрмысын түзеп, ағайын арасына жан кіріп, той-томалақ жасап, әртүрлі өнер түрлері өркендей бастапты. Сондай бір аста әр ұлт өзінің палуанын әкеліп күреске салып, үлкен тартыс басталған екен. Палуандар ортаға кезек-кезек шығып бас бәйгеге тігілген кілем жапқан атан түйені ұтпаққа жан алып, жан берісер арпалысқа түсіпті. Енді бір кезекте өзге бір жұрттың алпамсадай палуанын шандыған шынжырменен алыстырып, екі жігіт екі қапталынан қармап ұстап елге сұс қылып жетектеп ортаға әкеліпті. Әлгі палуаның қалшылдап, көк талды сығып суын шығаратындай айбарын шашып бет қаратпай тұрыпты. Мұндайға жүректі жігіттің жігіті ғана тәуекел етері анық. Қанша сестенсе де «Ол да адамнан туған шығар. Нар тәуекел!» деп белсеніп топқа түсіп белдесіп жүрген Елшібектен Үркімбай ортаға келіпті. Ұрыста тұрыс жоқ демей ме. Үркімбай палуан шынжырдан босана жеп қоярдай ұмтылған, балтырымен кеудесін қара жүн басқан әлгі палуанмен алысып жүріп сәтіне келтіріп жауырынымен жер қаптырған. Қарсыласын ұтқан Үркімбай палуан сол астағы бас бәйгеге тігілген түйені олжалаған екен.
Иә мұндай елдің даңқын асқақтататын, қалың жұртың мақтанышына айналған ондаған палуандарымыз баршылық. Ардагер палуан атанып, барған жерінде өзімен теңдестердің терін шығарып, белдескеннің белін алып, атағы жалпақ жұртқа жайылып асқақтап жүрген Қасенханның өзі суан елінің аңызына айналды емес пе. Аудандағы жастар арасынан әлі талай саңлақтар шығып елді қуантып, өздері де ел алғысына бөленері анық.
Молот СОЛТАНАЕВ