Қазақстан – демократиялық мемлекет. Ал, мемлекет болса, тәуелсіз биліктің саяси ұйымы. Біз тәуелсіз, реформалары орныққан дамушы елміз, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауында атап көрсеткендей, «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» атты басты бағытты ұстанатын, алға қарай даму жолындамыз. Біздің мақсатымыз айқын. Жалпы, ел болашағы — мықты басшы, бірлігі бекем халық, жігерлі жас, білімді ұрпақтың қолында, мемлекет дамуы орныққан реформа арқылы жүзеге асатыны сөзсіз. Еліміздің алдында тұрған басты міндеттің бірі – салауатты, саналы, білімді, ақыл-парасаты мол және ғылыми-мәдени өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу екендігін президентіміз ерекше атап өтті.
Саясат — ол бір қалыпта тұрмайтын дүние. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш өзінің қызметтік лауазымына келгеннен кейін, бірден елді демократияландыруды қолға алды, билікке халықтың жақындауын басты мақсат етті, халық үнін еститін мемлекет тұжырымдамасы арқылы бүгінгі күні елдің үнін, тілегін, ниетін жоғары билік құрылымы еститін болды. Аудан әкімдері бұрын халық алдында жылына 1 ақ рет есеп беретін болса, қазір тоқсан сайын есеп беріп, облыс әкімдері жарты жыл сайын халық алдына шығып, әрбір халықтың айтқан сөз-пікірінің орындалуы қандай деңгейде екенін негізгі бағытқа алды. Жалпы, елдегі саяси болсын, экономикалық болсын реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, адами капиталды арттыруға, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, түптеп келгенде қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатыр. Биыл баршаңызға мәлім, ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен Ата заңға бірқатар өзгерту енгізілді. Бұдан бөлек, Сіздер мен біздер ел дамуы жолында біршама жұмыстар жүзеге асырылып жатқанының куәсіміз.
Елде қандай өзгерістер болмасын бір мемлекетте өмір сүріп жатқаннан кейін бірлік туын бірге көтеріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға тиіспіз. Біз дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық, қарқынды, жан-жақты жаңару үдерісіне бірге атсалысып, билік институттарының бастамаларын қолдап, заңдылық пен құқық тәртібін нығайту, халықпен жұмыс істеу, мемлекеттік, партиялық және қоғамдық ұйымдардың қызметтерін және тиістә өкілдіктерінің атқару істерін айқындап беру, саяси жүйе құрылымын жаңартудың тиімді тетіктерін жасауды қалыптастыруды жүзеге асыруға қос қолдап атсалысуымыз керек, бұл біздің азаматтық борышымыз деп есептеймін.
Қабышев Темірлан Қайратұлы,
К. Ушинский атындағы
орта мектептің мұғалімі
Жетісу облысы, Сарқан ауданы.