Сейсенбі, 10 Наурыз, 2026
  • Біз туралы
  • Сайт тәртібі
  • PDF нұсқа
  • Байланыс
Jaraina.kz
  • Басты бет
  • Саясат айнасы
  • Өңір айнасы
  • Тарих айнасы
  • Қоғам айнасы
  • Мәдениет айнасы
No Result
View All Result
Jaraina.kz
No Result
View All Result
Басты бет Ақпарат ағыны

Қазақстан – сақтандыру шешімдерінің көшбасшысы: Сала нарығы 1,7 трлн теңгені құрады, алайда климаттық қатер шығыны әлі де мемлекеттік бюджетке жүктеліп отыр

4 Наурыз, 2026
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

1
БӨЛІСУ
18
ҚАРАЛЫМ
FacebookTwitterTelegram

Климаттық өзгерістер Орталық Азия елдерінің экономикаларына барған сайын қаттырақ әсер етіп, тасқын, құрғақшылық, аптап ыстық пен басқа да табиғат құбылыстарының қатерін арттырып отыр. Десе де, аймақта мұндай апаттардан қорғайтын қаржылық тетіктер жеткілікті деңгейде дамымаған. БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰ ДБ) сарапшылары «Климаттық және табиғи апаттарға төзімділік: Орталық Азияда сақтандыру мен қаржылық шешімдерді әзірлеу» атты есебінде осындай қорытынды жасайды. Біз аталған зерттеудің басты тұжырымдарын зерделеп, климаттық қатерлерден сақтандыруды дамыту еліміз үшін қандай мүмкіндіктерге жол ашарына зер салып көрдік.

Жоғары климаттық қатер аймағы

Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азия елдері климаттық өзгерістер салдарынан зардап шегуі мүмкін ең осал аймақтардың қатарына жатады. Бұл жерде әңгіме тек температураның көтерілуі мен су жетіспеушілігінде ғана емес, жиі қайталанып жатқан экстремалды табиғат құбылыстары жайында да болып отыр. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, еліміздің аумағының едәуір бөлігінде су тасқыны мен құрғақшылықтан бас­тап, көшкін түрлері, орман өрті мен жер сілкінісіне дейінгі табиғат апат­­тарының қаупі жоғары. Бұл аймақтың инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығы мен экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер етеді.

Зерттеудің басты тұжырымдарының бірі ретінде Орталық Азия елдерінде климаттық және табиғи апаттардан қор­ғайтын сақтандыру деңгейінің төмендігі назарға алынған. Көп жағдайда апаттардан келген шығын мемлекеттік бюджет немесе халықаралық көмек есебінен жабылады да, ал сақтандыру құралдарының рөлі шектеулі деңгейде қалып отыр.

Сақтандыру саласындағы әлеуеті зор көшбасшы

Қазақстан – аймақтағы ең үлкен эконо­микаға ие, урбандалу (қалаға шоғырлану) деңгейі жоғары және өнеркәсіп секторы, соның ішінде мұнай-газ бен тау-кен өндіру саласы дамыған мемлекет. Бұл бизнес пен экономикаға тәуекелдерді басқарудың неғұрлым күрделі қаржылық тетіктерін енгізуге мүмкіндік береді.

Еліміздің сақтандыру нарығы қазірдің өзінде тұрақты даму үдерісін көрсетіп отыр. Қаржы реттеушісінің деректеріне қарағанда, 2025 жылдың қорытындысы бойын­­­­ша елімізде сақтандыру сыйақы­ла­рының көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,5%-ға артқан. Сақтандыру секторының активтері 25%-дан аса өсіп, 3,9 трлн теңгеге жуықтады. Жасалған сақтандыру келісімшарттарының саны 18 миллионнан асып жығылды.

Жалпы алғанда, Қазақстан аймақтағы сақтандыру нарығы ең жоғары дамыған елдердің қатарына кіреді.

Орталық Азия елдеріндегі жағдай

Орталық Азияның басқа елдерінде сақтандыру нарығы біздің мемлекетімізге қарағанда баяу дамып жатыр. Бұл әсіресе табиғи және климаттық қатерлерден қорғау сегментінде айқын байқалады. Дүниежүзілік банктің Global Financial Development Database халықаралық салыстырмалы деректеріне сәйкес, non-life сақтандыру сыйлық-ақыларының ІЖӨ-дегі үлес көрсеткіші бойынша Қырғызстанда бұл деңгей шамамен 0,197%, Тәжікстанда – 0,286%, ал Қазақстанда – 0,472%-ды құрайды. Бұл біздің еліміздегі сақтандыру инфрақұрылымының салыстырмалы түрде алғанда жоғары дамығанын көрсетеді.

Қырғызстанда су тасқыны, сел көшу мен құрғақшылық қатерлері жоғары, алайда соған қарамастан сақтандыру жүйесі жеткілікті дамымаған. Мемлекеттік бағдарламалар ауыл шаруашылығын да ішінара қамтығанымен, осал таптардың сақтандыру құралдарына қолжетімділігі шектеулі күйінде қалып отыр.

Тәжікстанда су тасқыны, көшкін мен зілзала қаупі бар. Алайда сақтандыру на­рығы тым шағын, ал тәуекелдерді қаржы­лан­дыратын мемлекеттік тетіктердің дамуы көңіл көншітпейді.

Түрікменстанды алаңдатып отырған басты климаттық қатер – құрғақшылық. Дегенмен мұнда да сақтандыру секторы төмен деңгейде, ал табиғи апаттар­дан сақ­тан­дырудың мемлекеттік бағдар­ла­ма­ла­ры жоқтың қасы.

Өзбекстан су тасқыны, құрғақшылық және жер сілкіністерімен жиі бетпе-бет келеді. Кейінгі жылдары ауыл шаруа­шы­лығын сақтандырудың қанат­қақты бағдар­ла­малары пайда болғанымен, климаттық апат­тардан сақтандыру жүйесі әзірге шектеулі шамада жұмыс істеп тұр.

Құдайы көршілерімізбен салыстыр­ғанда біздің еліміздің қаржылық инфра­құ­ры­­лымы мен реттелетін сақтан­дыру нарығы едәуір жоғары даму деңгейін көрсетіп отыр. Бұл тәуекелдерді басқарудың заманауи құралдарын, соның ішінде параметрлік сақтандыруды, климаттық және апаттық облигацияларды енгізуге мүмкіндік береді.

Табиғи апаттың құны

Климаттық қатерлер қазірдің өзінде елі­міздің экономикасына айтарлықтай ықпал етіп отыр. Халықаралық қаржы­лық институттардың бағалауынша, табиғи апаттар жыл сайын аймақ мемлекеттерін жүз мил­­лиондаған доллар көлемінде шы­ғын­ға батырады. Соның ішінде біздің еліміз де экстремалды табиғат құбылыс­та­рына жиі ұшырап жүргені әмбеге аян.

Оның нақты бір мысалы – кейінгі жылдары орын алған көктемгі су тасқындары. Мәселен, 2024 жылы еліміздің бірнеше аймағында болған тасқын салдарынан 100 мыңнан аса адам баспанадан айырылып, орасан зор шығынға ұшырағаны мәлім. Билік тарапынан инфрақұрылымды қалпына келтіру, баспана салу мен зардап шеккен отбасыларды қолдауға қосымша қаражат бөлінді. Мұндай оқиғалар мем­лекет­тік қаржыға түсетін жүктеменің жоға­ры­лығын көрсетіп, тәуекелдерді бөлу­ге арналған сақтандыру тетіктерін жетілдірудің маңызын айғақтайды.

Ауыл шаруашылығын цифрлық сақтандыру мәселесі

Табиғат құбылыстарынан зардап ше­гетін ең осал саланың бірі – аграрлық сек­тор. Біздің еліміз әлемдегі ең ірі ауыл шаруа­шылық жерлеріне ие мемлекет, атап айтқанда, салалық ведомстволардың дере­гін­ше, ауыл шаруашылығы алқаптары 200 млн гектардан астам жерді құрайды.

Құрғақшылық, ауа температурасының құбылмалылығы және ылғалдың аздығынан ел экспортының едәуір бөлігін жабатын дәнді дақылдар өнімділігіне айтарлықтай зиян келуі мүмкін. Мұндай жағдайда аграр­лық тәуе­келдерді сақтандыру эконо­ми­ка­лық тұрақ­тылықтың маңызды құралы сана­лады.

Кейінгі жылдары елімізде ауа райы ахуалын мониторингілеудің автомат­тан­дырылған жүйелерін және спутниктік деректерді пайдалана отырып, аграрлық сақ­тандыру жүйесіне цифрлық шешім­дерді енгізу басталды. Дегенмен, сарап­шы­лардың айтуынша, бұл жүйенің әлеуеті әзірге толыққанды пайдаланылмай келеді.

Жаңа сақтандыру құралдары

БҰҰ ДБ есебінде еліміз климаттық қатерлерді басқарудың инновациялық құралдарын енгізу үшін жоғары әлеуетке ие екені айтылған. Соның бірі – параметрлік сақтандыру, яғни бұл жүйеде төлемдер белгілі бір табиғи көрсеткіштерге, атап айтқанда жауын-шашын деңгейі немесе зілзала күші белгіленген шамаға жеткенде автоматты түрде жасалынады.

Тағы бір келешегі зор бағыт – табиғи апаттарға арналған облигациялар және климаттық облигациялар. Аталған қар­жылық құралдар табиғи апаттардан туын­дауы мүмкін шығындарды жабу мен кли­мат­тық өзгерістерге бейімделу жобаларын қаржыландыру үшін инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

БҰҰ қандай реформаларды ұсынады?

Дегенмен сарапшылар сақтандыру жүйесін дамытуда әлі де белгілі бір мәсе­лелер бар екенін айтады. Әңгіме сақтандыру тетіктерінің мемлекеттік тәуекелдерді басқару жүйесіне толыққанды интеграция­ланбауы жайында болып отыр. Кейбір жағдайда сақтандыру өнімдері климаттық қауіптің ерекшелігін толық ескере бермейді немесе ауыл тұрғындары мен шағын бизнес өкілдері үшін олар қолжетімсіз.

Халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі де саланың дамуына кедергі болып отыр. Көп адам сақтандыруды қағаз жүзіндегі процедура ғана деп ойлап, мүлік пен кірісті қорғайтын құрал ретінде санамайды.

БҰҰ сарапшылары сақтандыру тұрақ­тылығын дамыту үшін кешенді шаралар ұсынған. Соның қатарында заңнаманы жетілдіру мен сақтандыру нарығын реттеу, тұтынушылар құқығын қорғауды күшейту, сақтандыру саласында мамандар дайындау мен қаржылық сауаттылық бағдарламаларын кеңейту секілді бағыттар бар.

Еліміздің жаңа мүмкіндіктері

Ұзақмерзімді келешекте аталған ұсыныс­тарды іске асыру еліміздің климат­тық және экономикалық күйзелістерге төзім­­ділігін айтарлықтай арттырады. Ха­лық пен бизнесті сақтандырумен кеңі­­рек қамту төтенше жағдайлар кезінде мемле­кет­тік бюджетке түсетін жүктемені төмен­де­туге және табиғи апаттардан кейін эконо­ми­каның тезірек қалпына келуіне мүм­кін­дік бермек.

Осылайша, климаттық қатерлерді бас­қару­дың сақтандыру құралдарын жетіл­діру орнықты дамудың маңызды элементіне айналады. Орталық Азиядағы ең үздік сақтандыру нарығына ие болып отырған біздің еліміз үшін бұл экономиканың ішкі тұрақтылығын арттырып қана қоймай, кли­маттық қатерлерді сақтандырудың аймақ­тық жүйесін қалыптастыруда маңызды рөл ойнауға жол ашады.

egemen.kz

Алдыңғы мақала

Азаматтық бірегейлікті нығайту және заң мен тәртіп тұжырымдамасы

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ...

Азаматтардың 90%-ға жуығы Жаңа Конституция жобасын қолдайды

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

КӨП ОҚЫЛҒАНДАР

Ас беру мәдениеті жайлы не білеміз?

Ас беру мәдениеті жайлы не білеміз?

6 Наурыз, 2023
3.5k
Халық өз таңдауын жасауға қол жеткізді

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІ

10 Наурыз, 2023
1.4k
Депутат мемлекетті 5G құрылысын бақылауға шақырды

Депутат мемлекетті 5G құрылысын бақылауға шақырды

15 Желтоқсан, 2022
1k
Қытай жеріндегі «Шейіт сай» туралы не білеміз?

Қытай жеріндегі «Шейіт сай» туралы не білеміз?

19 Қараша, 2022
942
Топыраққа тұншыққан тарих

Топыраққа тұншыққан тарих

4 Қараша, 2022
796
Бала деген бір бақыт

Бала деген бір бақыт

22 Қазан, 2022
787
Өзен аты Өсек пе, Үсек пе?

Өзен аты Өсек пе, Үсек пе?

28 Қазан, 2022
748
Тоқбай ИСАБЕК: Ластанған адамдарға қас жаным

Тоқбай ИСАБЕК: Ластанған адамдарға қас жаным

20 Сәуір, 2022
654
Жаркент қаласына 140 жыл емес, 1400 жыл

Жаркент қаласына 140 жыл емес, 1400 жыл

22 Қазан, 2022
627
Халықаралық GDA компаниясы 100 миллион теңгеге гуманитарлық көмек көрсетті

Халықаралық GDA компаниясы 100 миллион теңгеге гуманитарлық көмек көрсетті

23 Сәуір, 2024
547

БІЗ ТУРАЛЫ

Jaraina.kz

Газет Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 13.09.2018 ж. тіркеліп, №17270-Г куәлігі берілген.

ПОРТАЛ ТӘРТІБІ

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

БАЙЛАНЫС

E-mail: jar-aina@mail.ru
Телефон: +7 (777) 971 57 67
Мекен-жайымыз: ҚР, Жетісу облысы, Жаркент қаласы, Е.Сыпатаев көшесі, 242 үй, 14-пәтер

РЕДАКЦИЯ

  • Біз туралы
  • Сайт тәртібі
  • PDF нұсқа
  • Байланыс

© 2026 / Jaraina.kz - қоғамдық-саяси, ақпараттық-экономикалық, тарихи-танымдық газетінің сайты / Барлық құқықтар қорғалған.

No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Саясат айнасы
  • Өңір айнасы
  • Тарих айнасы
  • Қоғам айнасы
  • Мәдениет айнасы

© 2026 / Jaraina.kz - қоғамдық-саяси, ақпараттық-экономикалық, тарихи-танымдық газетінің сайты / Барлық құқықтар қорғалған.