Кезектен тыс президент сайлауы Павлодар облысында да қарқынды жүріп жатыр. Сайлаушылардың қатысу белсенділігі де жоғары. Өңірдегі сайлаудың ұйымдастырылуы мен өту барысын бақылауға алған байқаушылардың пікірі – осындай.
Павлодар облысында тұрақты негізде тәуелсіз байқаушылар штабы жұмыс істейді. Ол үшін бірнеше үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп, Қазақстанның кезектен тыс президент сайлауына мониторинг жүргізуге кіріскен. Қазір облыс аумағындағы 507 сайлау учаскелерінде тәуелсіз байқаушылар сайлаудың өту барысын бақылауға алған.
– Бізбен бірге 2 мыңнан астам белсенді азаматтық позициясы бар адамдар жұмыс істеуде. Сайлау күні біздің байқаушылар дауыс беру процесіне араласпай, барлық жалпы сайлаудың өту процесіне мониторинг жасайды. Атап айтқанда, дауыс беру кезінде заңбұзушылықтар анықталған жағдайда соған сай әрекет етіп, сайлаудың әділ өтуіне ықпал етеді. Бүгінде сайлау біздің өміріміздегі аса маңызды күнге айналды. Қазақстандықтар барлық деңгейдегі сайлау процестеріне, атап айтқанда ауыл әкімдері, енді аудан әкімдері мен мәслихат және Парламент Мәжілісінің сайлауларына қатысатын болды. Біз дауыс беріп, өз азаматтық позициямызды көрсетуіміз еліміздің болашағы үшін аса маңызды екенін түсінуге тиістіміз. Өйткені Қазақстан жалға алған пәтер емес, баршамыздың ортақ үйіміз, – дейді Павлодар облыстық «Партиялық емес бақылау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алма Қозбаева.
Бірнеше сайлау учаскелеріндегі дауыс беру барысын бақылаған байқаушылар төрайымы сайлаудың белсенді түрде өтіп жатқанын атап өтті.