Жалпы қазақ ұлттық әскери өнерінің тарихы тамырын тереңге жайған алып бәйтерек тәрізді. Мәселен, сонау байырғы ықылым заманда «Жүйрік атты турлар» деп тарихқа енген, шамамен б.з.д. ІХ ғасырда өмір сүрген абыз Заратуштраның, б.з.д. ІІІ ғасырда хатқа түскен 21 кітаптан тұратын киелі кітабы «Авестада» қысқаша былай деп суреттелген: «…доңғалақты арбаларға мінген, олардың қарулары – садақ пен жебе, найза, айбалта, кәсібі – мал өсіру, тамағы ет пен сүт…».
Ежелгі Рим ғұламасы Цицерон «Тарихтың атасы» атаған Геродоттың жазбаларында азиялық скифтермен бірге массагеттер, сарматтар, аргиппейлер т.б. аталады. Сондағы, Танаис өзені мен Еділге дейінгі аралықты мекендеген Сармат әйелдерінің «садақ атып, сапы лақтырып, ат үстінде жүретіндігімен қатар, үш жауды өлтірмейінше сармат қыздарының күйеуге шықпайтындығы» туралы, демек, олардың жаужүрек жауынгер болғандығы жайында да деректер баршылық.
Ал, Батыс Қазақстаннан табылған «Алтын адамның» «қайқы қылышы» сияқты құнды артефактар да сарматтардың әскери өнерінің дамыған болғандығын растай түседі. Тап осыған ұқсас мәліметтерді Страбон жазып қалдырған еңбектен де кездестіреміз. Онда «массагеттер тек күнді ғана құдай деп санайды және оған құрбандыққа жылқы шалады… аттылы-жаяу жақсы жауынгерлер ұрысқа алтын белдік тағып шығады» деген деректер қалдырған.
Қазақ жерінің географиялық орналасуы мен ауа райының әсеріне қарай ежелгі ата-бабаларымыздың негізгі тіршілігі көшпелі мал шаруашылығы мен жартылай отырықшылықтан тұрды. Демек, ерлердің өндірістік еңбектен бос болуы уақыт өте келе әскери ұйымдардың түрлі салаларының пайда болып қалыптасуына түрткі болған. Ондағы тағы бір ерекшелік көшпелілердің әскери ұжымдық саласының отырықшы елдердің әскери әлеуетінен әлдеқайда артық екендігін ата тарих неше мәрте дәлелдеп те берді.
Мысалы, біздердің арғы абаларымыз Сақтардың қару-жарағы негізінен садақ пен жебе, қанжар, қылыштан тұрды. Археологиялық қазбалар нәтижесінде бүкіл қазақ жері аумағынан табылған қола жебелер – төлке және шие тәрізді болып келеді. Жебелердің бұл түрлері өз кезегінде адырнасы үлкен күшпен керіліп тартылатын күрделі садақтардың пайда болуына ықпал етті, демек, қару түрін жетілдіруге мүмкіндік туғызды. Нәтижесінде, бұндай садақтардан атылған жебелердің ұшу қашықтығы ұзарып, қиратқыш күштері де еселеп артты. Сондай-ақ, қарудың қанжар, шоқпар, айбалта сияқты түрлері де кеңінен қолданылды.
Жоғарыда айтылғандай көшпелі шаруашылық жағдайы көбінесе жайылым үшін әртүрлі қақтығыстарға апарып, ұдайы жер дауына тірелетін. Содан барып, бұл үрдіс байырғы тұрғындардың өздерін сыртқы жаудан қорғауға және шұрайлы жерлерден жаңа қоныстар иелену үшін жоғары әскери дайындықта болуын талап етті. Сөйтіп, байырғы сақтарда әскери өнердің дамығандығы сонша, сол заманның өзінде жаудың негізгі күшін жоюға арналып жасақталған ерекше атты әскерлер тобы болды. Олар тұтқиылдан жау жасағына шабуыл жасап, келген жаудың негізгі орталық күштеріне қатты соққы беретін. Осынау ерекше топтың аттары да, өздері де қорғану мақсатында темірден, мыстан соғылған сауыттар киетін.
Олар соғыс алаңындағы алғашқы сәтінде улы жебелерді қарша боратып, одан кейін айбалта, найза, семсер, селебе сияқты қарулармен кескілескен ұрыс салатын. Сол бір әскери демократия заманында бойына садақ, найза, айбалта, семсер, гүрзіден тұратын бесқаруын асынбағын ер азаматтарға көпшілік ортасына кіруге, әскер жиынға қатысуға қатаң тыйым салынып, еш жерден орын берілмеген.
Замана ағымына сай көшпелілер қоғамында – әскердің құрылымы, оны басқару жолдары, лауазымдық жүйенің реттілігі, барлық сарбаздардың қарумен, азық-түлікпен қамтылуы бәрі-бәрі қатаң ережемен жүзеге асырылған. Сонымен қатар, әскери жаттығу, жорыққа дайындық, түрлі байқаулар, майдан шебін құру, соғыс жүргізудің айла-тәсілдері т.б. әскери соғыс өнеріне қатысты әрекеттердің барлығы үнемі үздіксіз жетілдіріліп отырған. Бұл саладағы кез-келген заң бұзушылық жауапкершілікке тартылып қатаң жазаланатын.
Киіз туырлықты көшпелілер жауынгерлерінің ұстаған тулары да әртүрлі үлгіде тігілетін. Жауға қарсы аттанарда қолбасшы шатыр тігіп, ту ілген. Бұл жағдайды көрген көз жетер жердегі барлық еркек кіндіктер бесқаруын асынып, өздері-ақ шұғыл түрде жиналатын. Алыс ағайындарға хабаршылар аттандырған.
Иә, аталмыш дамыған әскери өнер мен соғыс шеберлігінің арқасында, Қазақ – Жоңғар соғысындағы естіген жанның сай-сүйегін сырқырытар «Елім-ай» әнін тудырған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» зар заманында да жер бетінен жойылмай аман қалдық. Әрине, қазақ елін осындай ауыр күйге түсірген жоңғардың жауынгерлері бұдан бұрынғы Қалдан Серен кезіндегі шоқпар, сойыл ұстаған тағы әскер емес болатын. Қысқаша сипаттар болсақ: «Бұл келген жоңғар шеріктері Батыстық үлгіде сап құраған, соғыс тәсілін еуропаша жүргізе білетін, білте мылтығы мен зеңбірегі бар тас түйін қаруланған қосындар еді». Оған, жоңғар әскерінің ғасырлар бойғы жинаған ұрыс-соғыс тәжірибесі мен жанкештілігін қосыңыз. Міне, бұл осындай арнайы дайындықтан өткен жүз мыңдық алапат күшке қарсы тұрды…
Бұл нәубет 1723-1725 жылдардағы қазақ жұртының басына түскен ең ауыр кезеңдердің бірі. Қыстың қысымынан әне-міне шығып, көктемге иек артып, бейхабар қамсыз отырған қазаққа 7 түмен әскерімен жоңғарлар тұтқиылдан лап қойды. Басқыншылар бейбіт тұрғындарды қоспағанда 100 мыңнан астам сарбаздың өмірін қиды.
Дәл осы ел басына төнген сұрапыл қасіретті шақта қазақтың жаужүрек батыр оғландары ежелгі ата-баба салтымен шатыр тігіп, ту ілді. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Қазыбек бек, Малайсары тағы басқа сайыпқыран ержүрек батырларымыздың көтерген туының астына жиылған қазақ сарбаздары жұмылған жұдырықтай болып жоңғарға қарсы ойсырата соққы беріп, қасиетті қазақ жерінен түре қуып шықты. Есімдері ұранға айналып, жасаған жанкешті ерен ерліктері ұрпақ жадында мәңгілікке сақталып қалды.
Міне, осы қазақ-жоңғар соғысында қарулану әлеуеті жоғары, саны көп, күші басым жауды жапырып, қырғынға ұшыратып, бетін қайтарған – Орбұлақ, Аңырақай, Бұланты, Қалмаққырылған, Шаңды жорық тағы басқа да ұлы шайқастар қазақ тарихында елдіктің үлгісі, ұрпақ тәрбиесіндегі Отан қорғаудың, ұлтжандылықтың теңдессіз өнегесі ретінде мәңгі өшпес ерлікке айналды. Әрине, бұндай ұлы жеңістерге, ғасырлар бойғы соғыс өнерінің озық тәжірибелерін келелі кеңестерінде пайдаға асырған қазақ сардарларының алдағы болар шайқасты шебер ұйымдастыруы мен соғыс өнерін жеттік меңгерулерінің нәтижесі еді.
Енді еліміздің тарихындағы аталмыш ұлы шайқастардың алғашқысы, яғни, 1643 жылы болған Орбұлақ шайқасына аз-кем тоқталып өтсек. Жалпы, тарихтағы Орбұлақ шайқасы қазақ халқының әскери соғыс өнерінің заман талабына сай дәрежеде дамып отырғандығын айдай әлемге әйгілеп берді. Бұндағы негізгі ерекшелік Салқам Жәңгір сұлтан мен Шапырашты Қарасай, Суан Елтінді, Дулат Жақсығұл, Найман Көксерек, Жиембет, Арғын Қомпай, Қырғыз Табай тағы басқа қазақтың қайсар ұлдарының көзсіз батырлығымен бірге мықты жауынгерлер мен соғыс салар жерді де дұрыс таңдай білуі үлкен септігін тигізді. Алдағы ұрыста жеңіске жетуде жауды күтіп алар шайқас алаңына айналған жер мен қорғаныс шебінің де тас қамалдай берік болуы ұлы жеңісті жақындата түсті.
Осынау алапат шайқасқа дайындалған қазақтар 2,5-3 шақырымға дейін аласа төбелердің қырын қуалай оқпана қазып (окоп) 300 мергенді сонда жасырды. Қалған 300 жауынгермен Жәңгір сұлтан тар қыспақта қалған жаудың ту сыртынан атой салды. 300 мылтықпен бірге зулаған улы жебелер жоңғарлардың есін алып, үрейін ұшырды. Жаудың кең көсіліп соғыс салуына еш мүмкіндік бермей орасан зор қырғынға ұшыратты. Қарша бораған оқ пен жебеге, Сасықтекенің түтіні қосылды. Улы жебелердің уының күштілігі сондай, жанай өтсе де жауды мәңгілікке сұлатып жатты. Сасықтекенің түтіні адамдармен қоса аттарды да улап, бәрінің ақыл-есін алды. Аузы-басын тұмшалап, ешкі майымен майлап алған қазақ сарбаздары еркін қимылдап, шабуылды үдеткен күйде ойсырата соққы жасады. Көптігі мен қаруына сеніп алаңсыз келе жатқан Батур хонтайшы бастаған 50 мың ойрат алғашқыда не болғанын түсінбей 10 мыңдай адамынан айрылғаннан кейін барып бұл қырғыншылықтың мәнін кеш түсінді. Одан Жалаңтөс баһадүрдің 20 мың қолмен көмекке келгенін естігеннен соң амалсыз кері шегінуге мәжбүр болды. Осынау мыңдаған адамдар ажал құшқан қырғыннан аман қалғандары қарымта шабуылға жүректері дауаламай көп шығынмен, масқара болып елдеріне қайтты.
Иә, сөйтіп, мұқым қазақтың басқыншы жауға қарсы ұлт болып ұйысып қарсы тұруының әуелгі басында осы Орбұлақ шайқасы тұр!
Осы жерде сәл тоқтала кететін бір ерекшелік, қазақ хандары елін, жерін басқыншы жаулардан қорғау мен жауды жеңу мақсатында қарулы әскерден басқа да соғысудың түрлі амал-шарғыларын кеңінен қолданған. Яғни, хан сарайларындағы – «Сүлік», «Жер көсе», «Етборсық», «Бармақ ұста» тағы басқа құпия мамандық иелері де Орбұлақ шайқасындағыдай керек кезде соғысқа барынша араласып, ұлы жеңістерге өзіндік үлестерін қосып отырған.
Сүлік – үлкен шайқастар кезінде «Ұйқымалым сірне» әдісіне салып жаудың басын айналдырып ұйықтату, түтіндетіп иіспен улау тәсілі арқылы дұшпан жаққа үлкен шығын келтіруші. Олар жау келер жолдың бойына шөптен шөмеле үйіп, ор қазып, оған улы шөптерді араластырып, оттың лапылдап жанбауын қадағалаған. Көктем мен күзде шөптерді жинап, уын қайнатып, шүберекке сіңдіріп, кептіріп алдағы ұрыстарға дайындаушы. Ұзаққа ататын нарсадақпен атылған мергеннің жебесінің улы шөпке түсіп түтіндеуі, қарсы жақтың әскеріне үлкен шығын әкелетін. Тіпті қатты жараланған жауынгерлерді сол улы шөптер арқылы ұйықтатып ота жасап емдеген.
Жер көсе – ол дегеніңіз жұлдызгер, көреген ғалымдар. Олар кез-келген елдің, жердің ауа райын болжап, жел қай жақтан соғатынын, алдағы қыстың қалай болатынын болжаушы. Және қай жерден ащы, қай өңірден тұщы су шығатынын да дөп басып айтушы.
Етборсық емшілер – сынған сүйекті, зақымданған ішкі ағзаларды жуып, әрі кесіп, далалық қостарда дәрілік шөптерді қолданып жағдайы өте ауыр сарбаздарды бірнеше тәулік бойы ұйықтатып, емдеп, аман алып қалушылар. Ата-бабасынан емшілік қасиеттері бар әруақты адамдарды тауып жеті жылға жуық Тараз қаласында оқытқан. Олардан ант алып, жеке тұлғаларға қастандық істемеу, тек халық мүддесіне сай қимылдау, алған білімдерін соғыс жағдайында ғана пайдалануға пәрмен берілген. Дәл сондай «ғәріпхана» аталатын емдеу орталықтары Иассы (Түркістан) қаласында да болған. Етборсық емшілер қымыз, қымыран, дәрілік шөптерден бөлек арнайы дайындалған шараптар беріп науқастарды аяғынан тік тұрғызып сақайтқан.
«Алтайдың бал шарабы,
Отырардың отты шарабы.
Тәшкеннің нан шарабы,
Тараздың жүзім шарабы» делінген.
Жараланған сарбаздың ауруы асқынбас үшін ота жасаларда жарасын осы Отырардың отты шарабымен (бұл 96% спирт) тазалап жуған. «Алтайдың бал шарабын» жауынгерлерге денесіне күш-қуат алу үшін беріп отырған. Ал, көп қан жоғалтқан жауынгерді «Тараздың жүзім шарабымен» емдеген. Жүйкесі сыр берген әскерилерге шөп дәрілермен қатар «Тәшкеннің нан шарабын» берген.
Бармақ ұсталар – Ұлытауда, Қаратауда, Алтайда және үлкен қала кенттерде, Түркістанның айналасында, Текелі маңайында шойын балқытып, ұңғы, білтелі мылтықтар соғып, кей кездерде қолға түскен қаруларға қарап «От-ұшпа» зеңбіректер жасаған. Шойын, темір балқытқан «Отжағарларда» қызыл жалынға қыздырып, шыңдаған – наркескен, алдаспан, найза-қылыштарды, суға малмай жүйрік атпен шауып желге суытқан. Себебі, осындай әдіспен соғылған қарулардың жүзі ешқашан мұқалмай, не нәрсені болса да қиып түскен. Болат, була, дула, шойын, зұлмарт темірлерді өте берік қылып шыңдап, әдемі өрнектермен әшекейлеген. Бұндай қарулар үлкен сұранысқа ие болып, сол ұсталардың даңқын шығарған.
Енді қазақ соғыс өнерінің тағы бір түрі – жекпе-жек. Соғыстың бұл түрінде жауласушы екі жақ шеп құрып тұрады да, екі жақтың әйгілі батырлары ортаға шығып сайысады. Шарт бойынша аты-жөндерін сұрасып, соғысу тәсілін (атыспақ, қылыштасу, найзаласу т.б.) келіседі. Екінің бірі өлуі керек, себебі, жекпе-жектің серті солай. Қай жақтың батыры қаза табады, солар жеңілген болып саналады. Жекпе-жек сайыс кейбір жерде құн төлеумен бітіссе, келесі бір жағдайларда екі жақтың қан-қасап қырғынымен аяқталған. Мысалы: «1627-қоян жылы Тобылдан ығысқан ойраттар Еділ мен Жайықтағы алшындарды шауып тыныштық бермегені, Еділдің Хазарға құяр жерінде қазақтарды қырғаны, әсіресе Сарысу маңындағы Борық ауылын бала-шағасына дейін тігерге тұяқ қоймағаны жөнінде суық хабар жетті. …Есім хан Асыда жиын шақырып, Қарасай, Ағынтай, Көксерек, Сарбұқа батырлардың әрқайсысына 5 мың сарбаз беріп Жайыққа аттандырады».
Сөйтіп, Хазар теңізінің батысында қазақ қолы мен жоңғарлар арасында 83 күн ұрыс болады. Осы соғыста жекпе-жекте сегіз ойратты өлтіріп, тоғызыншыда аты жығылып, Алатау батыр дүние салады. Ұрыстың бір жарым айы жекпе-жекпен өтті. Майданда Ағынтай батыр жеті рет, Сарбұқа бес күн, Көксерек жеті күн, Қарасай батыр тоғыз күн жекпе-жекте тұрған. …Ұрыстың аяғы додаға-кескілеске айналды да, ойраттар терістікке қарай орыс жеріне қашты».
Міне, жалпы қазақ батырларының ержүректілігі мен жанкештілігінде шек жоқ. Оған қысқаша ғана дәлел келтірер болсақ, мысалы: Қаракерей Қабанбай 103 рет жекпе-жекке шыққан, ал, Қарасай мен Ағынтай батырлар әрқайсысы соғысқа екі жүз мәрте кіріп, сол тікелей төнген ажал аузынан аман шыққан екен. Осынау батыр бабаларымыздың Отаншылдық рухының беріктігі мен асқақтығына бас иіп тағзым етейік, кейінгі ұрпаққа үлгі тұтайық.
Тарихта елін, жерін басқынша жаулардан қорғаған хандарымыз, батырларымыз, билеріміз әскерге қолбасшылық жасап, жау жағаға жармасқан сұрапыл жылдарда соғыстың небір ұтымды әдіс-тәсілдерін тиімді пайдалана білген. Бұл дегеніңіз қазақ соғыс өнерінің замана сұранысына сай үнемі дамып отырғанының айғағы. Мәселен, олардың қатарына мына соғыс түрлерін жатқызамыз: Үш тоғыс соғысы, қаша ұрыс салу соғысы, жекпе-жек соғысы, үлкәр жәрік соғысы, ошақ соғысы, айқораланды соғысы, шұбыртпалы соғысы, аламан соғысы, құйрық жеу соғысы, шаңды жорық, дода соғысы.
Осы аталған соғыс тактикаларының ішінен үшеуіне жалпылама қысқаша түсінік беріп кетер болсақ:
Қаша ұрыс салу соғысы – бұнда жауға бір шетінен шабуыл жасап, қаша жүріп соғысу. Осы әдіс арқылы қарсыластың шоғырланған күшін бөлшектеп, майдан алаңынан ұзатып әкетіп, әлсіретіп, әр жерде қоршауға алып жою арқылы жеңіске жету.
Айқораланды соғысы – қарсылас жауды айналдыра кеңінен қоршап алып, содан соң біртіндеп қоршаудың шеңберін қыса түсу. Қарсылас дұшпанның білмеуі үшін осылай аталған. Сыртқа беттегендерін біртіндеп жойып отырған. Қоршауға алушы жақ үшін қоршалғандардың жағдайынан анағұрлым тиімді ұрыс түрі ретінде шайқастар кезінде жиі қолданылған. Негізгі шабуылдаушылар үшін адам шығынын азайтуға өте ыңғайлы әдіс. Және бұл тәсіл жау жағының мән-жәйді ұғынуына мұрша бермей, тұтқиылдан жасалатын соғыс әдісі.
Үлкәр жәрік соғысы – жаумен соғысудың бұл әдісінде шабуылдаушы жақтан жүз адам майдан алаңына шауып кіріп алдыңғы шептегілермен соғысын бітіріп, ілгері өтіп майданнан шығып кетеді. Оның артынан екінші жүз, одан үшінші жүз, төртінші сөйтіп кезекпен келе береді. Осылай мың адам он рет бірінен соң бірі ұрыс тоқтаусыз ұрыс салады. Жау жағы қанша мықты болса да соғыстың бұл тәсіліне шыдас бере алмай тас-талқаны шығады.
Міне, өздеріңіз байқап отырғандай бұл дегеніңіз қазақ сарбаздарының ғасырлар бойғы майдан алаңынан жинаған соғысу тәсілдерінің бір парасы ғана. Жауынгер еліміздің өр мінезі мен өжеттілігінің арқасында бүгінде біздер ұлан-ғайыр аймаққа ие болып отырмыз. Дербес мемлекетпіз. Сонау, ғұн дәуіріндегі Мөде тәңірқұт бабамыздың «Жер мемлекеттің негізі» деп айтқан қағидасы мыңдаған жылдар өтсе де әлі күшінде. «Бастыны идіріп, тізеліні бүктірген…» сайыпқыран Түркілер мен одан бергі тарихта есімдері мәңгі өшпеске таңбаланған батыр, жаужүрек бабаларымыздың өшпес ерліктерінің арқасында елдігіміз сақталып қалды. Мемлекетіміз мәңгілік, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ