«Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын…» деп көңіліңдегі ұйыған шерді қозғайтын кемеңгер ұлы Абайдан сөзінен түспесек талайдан бері көкірекке түйін болып түйдектелген жағдаяттардан серпілудің кезегі келмейтін сияқты. Жаһандық өркениеттің бастауында болған Еуразия кеңістігіндегі этномәдениеттің үрдісіндегі орталықтардың біріне айналған көрікті әрі адам баласының өмір сүруіне, тіршілігіне жасауына қолайлы өңір – Жетісу аймағы.
«Жер тарихы – ел тарихы» дейді тумысынан ойшылдықты өміріне серік еткен халқымыз. Сақтар, Ғұндар, Ұлы Үйіосылар, Үйсіндер одан кейінгі Көктүріктердің өмір сүру табиғатын, тұрмыс-тіршілігі мен тарихи мұраларын зерттеу, зерделеу қазіргі күні алдынғы орынға шығып отыр. Жалпы ежелгі дәуірден бергі тарихты оймен шолып, ақ-қарасын ақтарып, сонау өткен замандардағы дүниені дірілдетіп билеген алып империяның билеушілерінің ұрпағы екендігінді дәлелдейтін мұрағаттарды халықтың көз алдына көлденең тартып, жазып кетерің болмаса тарих сені мойындамайды.
Еліміздің көптеген аймақтарында жүргізілген зерттеу, қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған құнды жәдігерлер біздің өткен тарихымызды білуге өлшеусіз үлес қосуда. Қазақ даласындағы үлкен дарияның бірі – Іле өзенінің оң жағалауындағы Жаркент Еуразия құрлығындағы Жібек жолымен әрлі-берлі өтетін керуен біткеннің түйесінің белін теңнен босатып, аттардың ерін алып арқасын суытып, адамдары аялдап тыныстап өтетін бекет-қалашық болғандығы тарихи жазбалардан аян. Біз Жаркент жеріндегі ескерткіштер дегенде ойымызға әуелі археологиялық ескерткіштер келеді. Көне дүние мәдениеті туралы сөз қозғағанда тарих ғылымының негізгі бір саласы болып келетін археологияға, яғни, қазба жұмыстарының нәтижесіне сүйенеміз. Қазақ жеріндегі жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары ол біздің жеріміздегі өмір сүрген бабаларымыздың қалдырған заттай деректері арқылы тұрмыс-тіршілігін, өмір дағдысын, салт-дәстүрін, т.б. нәрселерді анықтайтын, сараптайтын ғылым.
Б.з.б. 7-6 ғасырлардағы ертедегі көшпелі тайпалардың, сақтар мен үйсіндердің мәдениетінен қалған мұралардың көп табылған орталығы Жетісу алабы дей келсек те, көне қоныстардың, қорымдардың, үйсін қорғандарының, балбал тастардың, петроглифтердің зерттелу жағында олқылықтар бар. Мектеп оқушысы кезімде, 8-10 кластарда, әскер қатарында жүргенімде күнделік жүргізу әдетім бар еді. Соның бірінде «Әркім өзінің туған жерінің тарихы туралы жазбаса да оймен шарлап шығуға қақысы бар» деген жазба түсіріппін. Осы жазылған сөздің қасиеті бойға қонақтап өз өлкемнің, туған жерімнің тарихына қалам тартуға тура келді. Оған өкінбеймінде. Жасымнан естіген, көрген білген, жазып сақтаған, шежіре деректерді топтап тарихи материалдар ретінде жазу барысында пайдаландым.
Туған жер тарихын зерттей отырып материалдарды жүйелеп жазу кезінде академик Манаш Қозыбаевтың «Негізінде әрбір тарихи оқиға, тарихи факті, тарихи тұлға үш деректер арқылы мойындалады. Тарихи шындық ретінде қабылданады. Ол – бірінші халықтың мойындауы, екінші – тарихи деректердің сәйкестігі, үшінші – мемлекет тұрғысында мойындалуы» деген қағиданы ұстандым. Жоғарыдағы келтірілген дәйек сөздерді ежелгі Үйсін мемлекеті және оның орталығы болған Шығу қаласы туралы зерттеулерге түп қазық еттім. Ертеректе, қазірде баспасөз беттерінде жазылып жүрген тарихи зерттеу мақалаларда Шығу қаласының орталығы туралы мәліметтер жазылып жүр. Дегенмен де олар жазып, атап жүрген орындардан Басғұншы (Шығу) ауылындағыдай мол тарихи жәдігерлер кездескен емес. Үйсіндердің күнделікті тұрмыстағы қолданған қыштан жасалған ыдыстары. Кен өндіруде руданы үгітуге пайдаланған тастан жасалған құралдарының табылуы да Үйсіндерде металл өндеудің (Алмалысу шатқалының басындағы қалың орман арасынан табылған қорытылған қожырлардың табылуы дәлел – автор) Орталық Қазақстандағы қола дәуірінің соңғы кезеңіндегі (б.з.б. 9-8 ғ.) академик Ә.Марғұлан ашқан Бегазы-Дәндібай мәдениетімен қатар кезеңде өмір сүріп, дамығандығын көрсетеді.
Б.з.д. 3-2 ғасырларда өмір сүрген Үйсін мәдениетінің таралу аймағы кең. Облысымыздың аудандарындағы таралып жатқан үйсін мәдениетіне жататын ескерткіштерге (үйсін обаларына, қоныстарына) археологиялық қазба жұмыстары толықтай жүргізілмесе де біршама зерттелген. Кеңес өкіметі 1982 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Қазақ КСР тарихи және мәдени ескерткіштердің тізімін бекіту туралы» қаулы қабылданған болатын. Соның нәтижесі болуы керек, Жаркенттегі жүзге жуық археологиялық, тарихи, мәдени ескерткіштердің орналасқан орны, түрі, атауы қай дәуір ескерткіші екендігі жайлы мәлімет жасалынған. «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану» заңына сәйкес облыс аумағындағы Жаркент өңірінен басқа аудандардың да археологиялық, тарихи, мәдени мұралары түсірілген. 2010 жылғы 27 сәуірде «Алматы облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы» Алматы облысы әкімдігінің қаулысы шықты. Қаулы облыстық «Жетісу» газетінің 2010 жылғы 17 маусымдағы №70 санында жарияланды. Бес жарым бетке басылған қаулыда ескерткіштердің атаулары, олардың түрлері, орналасқан жерлері көрсетіліп, мемлекеттік тізімде 1519 нысан есепте тұрады деп ескертпе берілген. Сол жылдары шыққан экспедиция құрамындағы мамандарға үлкен алғыс айтуға тура келеді. Мың бес жүзден астам нысанды аралап картаға, тізімге алып, жатқан орындарын анықтап сипаттама жазу сияқты үлкен маңызы зор жұмыс атқарған.
Мұны алдыға тартып отырғанымның мәнісі мынада. Қазақ айтпақшы «Ол көштегі түйеде біздің жүгіміз жоқ» демекші, басқа аудандардағы атқарылып жатқан шаруаларда жұмысым жоқ, мен өзіміздегі табан астында тапталған дүниемізді түгендеуге кірістім. Алғашқыда жоғарыдағы «Жетісу» газетіне шыққан және аудандық мәдениет бөлімінен алған тізімдегі мұраларды салыстыра отырып жергілікті жердегі археологиялық ескерткіштерге көңіл жіберіп, уақыт тауып, қола, темір дәуірінің ескерткіштерін бөліп, қорғау, насихаттау жөніндегі ескертпесін жазып «Жаркент айнасы» газеті бетінде жарияладым. Тырс еткен пенде болмады. Баяғы бей-жайлық. Қысқартып айтқанда өзге ауылдардағы ескерткіштер түгелдей қамтылып, Басғұншы ауылдық округіне қарасты аймақтардың археологиялық мұралары облыстың да, ауданның да тарихи және мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енбей қалған. Бұл мәселе туралы да кезінде осы газет бетінде мақала жазып, Басғұншы аумағындағы ескерткіштерді зерттеу, санын алу, археологиялық сипаттама жазу, суретке түсіру, каталогка енгізу, оларды қорғауға алу жөнінде сөз қозғағанмын. Абайша айтқанда «Қайран сөзім қор болды…».
Санамалап берсек, ең бастысы Басғұншы ауылының ішіндегі жеке тұрғындардың бау-бақшаларының арасындағы ондаған, Басғұншының шеті мен Қорғас өзені екі аралығындағы жағалаудағы бірнеше обалар тізімге ілінбеген. Ауылдың күнбатысындағы Көкағаш жазығындағы егістіктердің орнындағы, қырман орнындағы, Ноғай бейіттің солтүстік шығысындағы аумағы ат шаптырым жазықтағы әртүрлі көлемдегі елуден астам, барлығы жүзге жуық үйсін обалары әлі есепке кірмеген. Осыған қосымша осы аталған жердегі егістіктің ортасы мен шетінде түркі дәуіріне жататын екі балбал тас, Алмалысу аңғарындағы кемпір тас әлі тізімге кіру мен мемлекеттік қамқорлыққа алуды күтіп тұр. Бұл ежелгі дәуір ескерткіштерінің сипаттамасы: саны, көлемі, биіктігі, ені, диаметрі жазылған мәліметтер менің қолымда. Сол аймақтағы тас бетіндегі қола дәуірінен сақталған петроглифтердің орнын анықтап, оларды суретке түсіріп, мақалалар жазып ел-жұртқа таныстырғанымды «Жаркент айнасы» басылымын оқыған оқырман біледі.
Алмалы ауылының солтүстік батысында созылып жатқан қыраттың бауырындағы Кеңсай, Сарықора аталатын қыстаулар салынған сайдың беткейлеріндегі қойтастардағы петроглифтерді оншақты жыл бұрын суретке түсіріп, газет бетінде мақалаға өзек еткенмін. Енді бір петроглифтердің үлкен шоғыры шекарадағы Қорғас өзенінің бойымен Ойжайлауға барар жолдағы Шұңқырбұлақ аталатын шатқалдағы тік беткейдегі жартастарға салынған. Тік жартастың бетіне салынған таңбаларды суретке тарту үшін елжанды азаматтар белдеріне арқан байлап, орта шеніне дейін түсіп, суретке тартты.
Басғұншы елді мекені Үйсін патшасының ордасы орналасқан Шығу қаласының орны екендігін осы елді мекеннің орнынан табылып жатқан көптеген археологиялық жәдігерлер дәлелдейді. Біріншіден Үйсін ордасы «Қызыл аңғар» деп аталатындығы Қорғас аңғарының екі беткейінің топырағының қызғылт-сарғыш түсті бояудай болуы соның айғағы. Екіншіден «Басғұншы» атауы. Мұндағы «бас» күллі түркі жұртына мәлім сөз. Екінші буындағы «ғұн» атауы үйсін патшалығының жерін б.д.д. 44 жылы басып алған ғұндар жайлы айтылып тұр. Үшінші буындағы «шы» көне түркі тілінде ел-жұрт мағынасында қолданылған. Мысалға алсақ «қой-шы», «мал-шы», «жұмыс-шы» деген сөздердегі қой бағатын, мал бағатын, жұмыс істейтін «адам» мағынасында айтылады. Талдай келгенімізде Басғұншы ғұндардың басты адамдары тұратын, мекендейтін ордасы, қонысы, орны, жері мағынасын береді.
Басғұншы Үйсін мемлекетінің ордасы деуімнің басты дәлелі – жүзден астам обалар шоғырының болуы. Кей деректерде Кеген ауданындағы Құмтекей, Райымбек ауданындағы Байыңқол маңында деп жорамалдағанымен ол жерлерден көне жәдігерлердің табылуы және үйсін обалары дәл осы Басғұншы маңындағыдай шоғырлана орналасқан емес. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде мына жаңалықты да айта кетсек болады. Өткен жылы Қорғас өзенінің бойымен сол жағалауын жағалатып Тоқсанбай жотасының бауырында жатқан Қазанкөлге қарай өрлей салынып жатқан тас жолдың бойынан, құлаған жардан жерленген адам сүйегімен қоса екі-үш қыш құмыра, көзе табылды. Жәдігердің құндылығын біліп, ата-бабамыздан қалған мұра ретінде бағалап, маған әкеліп тапсырған бауырымызға үлкен рахмет. Өкінішке қарай кейбіреулері жардан топырақ құлағанда қирап кеткен, бір-екеуі аман. Бұлар мен бұдан бұрын жинастырып аудандағы жауынгерлік «Даңқ» музейіне өткізген отыздан астам үйсіндердің жәдігерлерінің қатарын толықтыратын мүліктер. Тоналған, ойрандалған үйсін обалары қаншама десеңізші. Қаншама құнды заттар қолды болды. Қашама жақтағы шатқалдарындағы тоналған үйсін обалары, қазіргі Жерұйық ауылы төңірегіндегі 1950-ші жылдарда әскерилер ойрандаған обалардан алынған, тасып әкетілген жәдігерлер тарихымызды тереңірек тануымызда үлкен дәлелдер болар еді. Жайбарақат жүріп жабықтағымыздан, үндемей жүріп үйдегімізден айырылдық. Ендігі кезектегі атқарылатын жұмыс археологиялық, тарихи жәдігерлерді сақтап, қорғап, кейінгі ұрпақтың игілігіне жарататындай, тарихын танитындай күйге келтіру. Болашақта, болашақта деп жүріп болашақты да жүріп өтіп бара жатқан сияқтымыз. Қашан осы күндері деп істелініп жатқан істі көреміз, оны да көрерміз.
Молот СОЛТАНАЕВ