1992 жылдың жаз айы еді. Үйгентас төрінде хан батыры, дарабоз Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдық мерей тойы өтіп жатқан кез. Панфилов ауданы «Абылай хан» ауылы болып аталды. Біздің «Октябрьдің 40 жылдығы» колхозы бір ауыл болып отырдық.
Мен ертелетіп табиғат көрінісін салуға кеткенмін. Үйге келсем Тоқбай аға жалғыз өзі мұңайып, көзінен жасы мөлтілдеп жылап отыр екен.
– Ау, Тоқа! Сізді біреу ренжітті ме?, – деп сұрадым.
Қалың ойда отырған Тоқбай аға көзінің жасын сүртіп, біраз үнсіздіктен соң:
– Жоқ, мен өзіміздің дәрменсіздігімізге налып, жылап отырмын. Мінеки Егемендіктің арқасында Қабекеңнің тойында отырмыз. Бұрын мұның бәрі тек арман еді ғой. Батыр бабалар біздің Суанда да жеткілікті. Осы қазіргі отырған ауылымыздың атын «Батыр Суан» немесе Сатай, Бөлек, Аралбай батырлар атымен, Қараменде, Малдыбай, Қожбанбет билердің атынан тіккен болсақ қайтер еді? Мен соған налып отырмын. Олардың әрқайсысы «сен тұр, мен атайыннан» басқа, ел басқарып, билік айтқан даналар еді. Әй, Хамит, не істейміз? Осыны қолға алсақ қайтеді? Не ойың бар?, – деді Тоқаң.
– Аға, мен батыр бабалардың бейнелерін сомдауға шамамның жететініне сенімдімін, ол үшін деректер керек және нақты тапсырыс болуы шарт. Мен нақты тапсырыссыз жұмыс бастамаймын, өйткені ертең «портреттер» дайын болған кезде «біздің батыр бабамыздың бейнесін олай емес бұлай жасау керек еді» дейтін әңгімелер туындайды, – дедім. – Бабалардың әруағы үшін мен тегін жұмыс жасайын. Жоба дайын болғанда әр рудың азаматтарының алдына сынға апарайық, әркім өз ойын айтсын, жобаны бекітіп алайық, сонан соң түп нұсқаны жазайын.
Тоқбай аға «Ойбай-оу, ондай болса мен дайынмын, аман-есен үйге жетіп алайық та, сұраған деректеріңді дереу жинауға кірісейін», – деп балаша қуанды.
Арада бірер күн өткен соң Тоқбай аға бастаған бір топ адам менің шеберханама кіріп келді. Ауданға аттары белгілі азаматтар: Тұрғанғазы Жапарқұлов, Нәби Сарпеков, Ерол Майкотов, Ислам-Ғали Үркімбайұлы, Мәлік Балғабаев, Тұрдақын Құдайқұловтар еді. Келген мақсаттары би, батыр бабалар бейнелерін жасауға тапсырыс беру екен. Тоқбай аға біраз деректер жинай келіпті. Алғашқы дерек ретінде Кенен Әзірбаевтің:
Суаннан Сатай, Бөлек, Аралбайлар,
Қабандай күркіреген талайлар бар.
Тұс-тұстан жас саңлақтар атой салса,
Жау жаны кеудесінде қалай қалар, – деген өлең жолдарымен қатар біраз тарихи деректері бар.
Әр рудың өзіне ғана тән ерекшеліктері бар. Ол ерекшеліктері мінез- құлықтарынан, мәдениетінен, дене бітімінен, тіптен көздерінен де білініп тұратын. Мен мұны бұрыннан-ақ байқап, саралап жүретінмін. Осы ерекшеліктерді қолдана отырып батырлардың «жиналмалы образын» жасауға 1992 жылдың жазында кірістім. «Бұрында ру басылары, би-батырлар кеуделеріне «таңба» тағып жүреді екен, біз қандай таңба тағамыз?» деп сұрадым Тоқбай ағадан. «Біздің бабаларымыз қандай таңба таққанын қайдан білейін, бірақ менде бір ұсыныс бар және оным әбестік бола қоймас. Былай болса қайтеді: Мырзагелді бауырларымыз Алатаудың бөктерін жайлаған, таңбасы «Қыран бүркіт» болсын», – деді. «Ендеше Сатай елі де сол таудың етегінде, биік қарлы шыңдарда ғана өмір сүретін айбатты да жігерлі «Қар Барысын» мен Сатай бабамызға тақтым», – дедім. Бұл тапқырлығымызға екеуіміз де мәз болыстық. Бұл кезде «Қыран бүркіт» те, «Барыс» та, Қазақ елінің символына айналмаған кез еді. Биік тау басында ғана өмір сүретін, әрі «Сақ бабаларымыздың өнерінде жиі кездесетін «Арқар» бейнесін Бөлек батырға тағайық, оның үстіне ол кісінің атасы да Қошқар ғой», – деді Тоқбай аға жымиып. Бұл ұсынысқа кейін Бөлек руының азаматтары да келісті.
Жоба (эскиз) дайын болған соң «Бөлек батырдың» портретін «Сәтті жол» ауылына халық арасына талқыға апардық. Аздап өзгерістер енгізген соң түпнұсқа қабылданды. Келесі батыр бейнесі «Сатай батыр» еді. Батыр бейнесін «Сарыбел ауылдық округінің» сессиясының отырысына алып бардық. Халық көп жиналды. Жиналысты сол кездегі округ әкімі Ерол Майкотов ашты. Халық өз бағасын берді. Ауыл ақсақалдары батасын берді. Ақжаулықты әжелер шашу шашты, көрімдіктер ұсынды риза болған дархан Сарыбел халқы. Сол кездегі «Сарыбел колхозының» төрағасы Бақытжан Асанбеков сөз сөйлеп, колхоз атынан да көрімдік ұсынды. Келесі ат басын тіреген жеріміз «Қызылеспе» ауылы еді. Біздерді сол кездегі «Ленин совхозының» директоры, қазіргі Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Әбілмәжінұлы Келемсейітов ауылдастарымен қарсы алды. Мектепте жиналыс өтті. Біз Аралбай батыр бейнесінің жобасын талқыға салып, бекітіп алдық.
Алғаш рет Қоңырөлең, сонан соң «Жастар қалашығында» өткен «Би, батыр бабалар рухына бас иеміз» атты ғылыми – практикалық конференцияда халық өзі тағы да талқыға салып, түп нұсқа ретінде қабылдап алды.
1993 жылы Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп тұқияннан өзіме шейін» атты тарихи кітабы жарыққа шықты. Кітаппен бірге Суан елінің бұрын белгісіз болып келген қос батырының аттары да жарыққа шықты. Ел шексіз қуанды. «Өлгенім тірілді, өшкенім жанды» деген осы шығар. Олар Елтінді батыр мен Елшібектің бел баласы Бағай батырлар еді.
Атақты «Орбұлақ шайқасының» 350 жылдық тойы қарсаңында марқұм Тоқбай аға досы Тұрғанғазы Жапарқұловты, той ұйымдастырушылардың бірі Мәлік Балғабаевты ертіп менің шеберханама тағы келді.
– Айналайын, Хамитжан, саған тағы да қолқа сала келдік. Жоқ деме. Мына тойға Елбасының өзі де келетін көрінеді. Тарихтан ойып, өз орнын алатын ұлы шайқас біздің жерде өткен екен. Оның үстіне екі бірдей батырымыз тіріліп отыр, Елтінді батыр шайқас болар жерді өзі көрсетіп, қанмайданда шайқасқан бабамыз. Бұл тойда Елтінді батыр мен Бағай батырдың бейнелері болмаса – тойдың сәні келер ме?! Алдыңғы жазылған батырлар бейнесіне халық дән риза, «батырлар сериясын» жалғастырсаң дей келдік, – деді.
– Аға, менен де басқа суретшілер бар ғой, соларға табыстаңыз, әйтпегенде ол бауырларым маған ренжіп жүрер, – дедім.
– Әй, сен «Ата баласысың» ғой («Қожаны» меңзеп тұрғаны). Ешкім саған ренжи қоймас, оның үстіне бір-екеуіне жолығып едік көнбеді, – деді.
Өз басым үлкендердің бетін қайтарып көрмеп едім, келісуіме тура келді. Сонымен тағы да шығармашылық жұмыс басталды. 1993 жылдың көктемінде «Орбұлақ шайқасы» болған «Белжайлау» төрінде бірнеше «этюдтер» жазылды. Соның ішінде «Үшсудың құйғанын» Елтінді батыр портретінің фонына пайдаландым. Елтінді батыр образын жазу кезінде ойлай бергендіктен бе, түсімде де батыр образын көрдім.
Бағай батыр образы да жиналмалы болды. Қалмақтың Мұқыры батырын жекпе-жекте жеңгеннен соңғы бейнесі жасалды. Дене бітімін және кейбір бет әлпетін мен нағашым Төленді-Қанат Ахметұлы Сүлейменовтен алдым.
Мен сомдаған жергілікті бес батырдың портреттері Белжайлауда өткен «Ұлы тойда» көрмеге қойылып, өз бағасын да, сыйлығын да алды. 1994 жылы Әбілхан Қастеевтің 90 жылдық мерейтойында Талдықорған облыстық көрмесінде, Панфилов аудандық суретшілер көрмесінде көрсетіліп, тойға келген Қазақстан суретшілер одағының басқарма мүшелерінің оң бағасына ие болды. 2000 жылы шыққан «Суан шежіресі» кітабында түгелдей жарық көрді.
Тоқбай Исабекұлы «Шыған шырақтары» атты әдеби бірлестіктің ұйымдастырушысы әрі жетекшісі болды. Бірлестікке шығармашылықпен айналысатын суретшілерді, жергілікті композиторларды тарта білді. Аудан көлеміндегі ауылдық «гастрольдерде» сиясы кеппеген өлеңдер оқылып, жаңа әндер шырқалып, суретшілердің «көшпелі көрмесі» бірге жүретін.
«Рулар тарихы – қазақ тарихы» деп енді ғана ашық айтыла бастаған мәселені Тоқаң сол кезде-ақ айта бастаған еді.
1992 жылы Тоқбай Исабеков «Октябрьдің 40 жылдығы колхоз-агрофирмасының» «Қазақ тілі қоғамының» төрағасы болып сайланды. Колхоз төрағасы Николай Никитич Головацкий контордағы ең үлкен кабинетті Тоқаңа берді. Тоқбай аға екеуіміз кабинетті безендіруге кірістік.
Ең алдымен тіл туралы цитаталар жазылып төрге ілінді. Төле, Қазбек, Әйтеке билердің суреттері ілініп, ұлағатты сөздері жазылды. Қазақ елінің хандары Абылай, Әбілхайыр, даңқты батырлары Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбайлармен қатар Елтінді, Бағай, Сатай, Бөлек, Аралбай батырлардың және Әбілхан Қастеевтің, Дәнеш Рақышевтің портреттерін кенепке салып ілдік.
Мақсатымыз – тіл мәселесімен қатар өз тарихымызды түгендеп, елге насихаттау еді. Осы кабинетті келіп көрушілер көбейді. Бірнеше ұжымшар тапсырыс беріп те үлгерді.
1995 жылы аудан әкімі Әділшайық Ыбыраймолдаев «Қожбамбет бидің 180 жылдық мерейтойы жақындап келеді, сен Бидің портретін жазсаң, Ислам-Ғали өлең жазып та қойды. Қожбамбет бидің ұрпағы Қаби ақсақал «Сәттіжол» ауылында тұрады, сен сол кісіге жолығарсың. Алдымен «Қоңырөлеңдегі» Несіпбай Мұхамедбеков деген азаматты тауып ал, оның білгені көп, саған көмектеседі», – деді. Мен келістім. «Ендеше, жол болсын!» деп шығарып салды.
Мен Несіпбай ағаны тез тауып алдым. Сол күні ағаның үйінде қонып, ұзақ әңгімелестік.
Қожбамбет бидің өмірінен басқа «Арқабай палуан» туралы деректер мен әңгімелер, «Кісі қырылған сай» туралы қасіретті оқиғаны естіп, жүрек толқыды. Ертеңіне аға екеуіміз Сәттіжол ауылындағы Қожбамбет бидің ұрпағы Қаби ақсақалдың үйіне келдік. Қабекеңнің жалт етіп бір қараған көз қарасы сұсты екен, бірден есте сақталып қалды. Мен бірден этюдтік портрет жаздым. «Қас-қабағым бабамнан болғанымен, мұрыным нағашымнан» деп әзілдей күлді. Қабекең 80-нен асса да әлі тың, сұңғақ бойлы, шымыр денелі кісі екен.
Қожбамбет бидің портретін жазып, ұрпақтарына көрсеттік. Бұл жолы менімен бірге Тоқбай аға, Ислам-Ғали, Тұрдақын аға бірге барды. Портреттің жобасы бекітілді. Аяқталған нұсқасы тойда сахнаға ілінді. Той соңында суретшіге арналған сый-сияпатты басқа біреу иемденді.
Бұл әділетсіздікке шыдамаған Тоқбай аға аудан басшылығына ыза болып, шу шығарды…
Мен Тоқбай ағаны есіме алған кезде, өзім сомдаған «Байсуанның батырлары мен билерінің» келбеті көз алдыма тізіле қалады. Өйткені ол образдардың дүниеге келуі Тоқаңмен тығыз байланысты ғой.
Хамит ФАЙЗУЛЛИН,
Қазақстан Суретшілер
Одағының мүшесі.