Сатай Аққабақұлы еліміздің бұрынғы тарихында ұмытылмас із қалдырған, үздік-создықпен 100 жылдан астам уақытқа созылған қазақ-жоңғар соғысының орта кезінен бастап, қантөгіс ұрыстардың талайына қатысып, өмірінің соңына дейін соғысқан ерлік тарихы мол белгілі батырлардың бірі. Ел ішінде Сатай батырдың әкесі Аққабақтың белгілі батыр әрі би (А.Сатаев. Сатай батыр. Алматы, 2009 ж.) болғаны жайлы көп естеліктер айтылады. Аққабақ батыр 18 ғасырдың басындағы қазақ халқының басына қасірет күнін келтірген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада» қалмақтармен жан алып, жан беріскен қырғын шайқастар кезінде ерлігімен көзге түскен батыр екендігі белгілі. Деректерде 1680-1715 жылдары қазақ халқының тұтастығы үшін күрескен Тәукенің ұлдары Болат, Қайып сұлтандармен тұстас болғандығы айтылады. Аққабақ батыр Суан тайпасы мекендеп отырған жерлерді ғана емес, жат жерлік басқыншылардан Алтайдағы Қалба тауы мен Тарбағатай аймағын да тазартуға белсене араласқан.
«Әкеге тартып ұл туар» деген сөз тегіннен-тегін айтылмаса керек.Сатай батырдың туылған жері туралы сөз қозғағанда салыстырмалы түрде алсақ, қазіргі Суан ішіндегі Сатай руы мекендеп отырған Жаркент өңіріндегі Тоқсанбай жотасының бөктеріндегі Сарыбел аймағында дүниеге келген болуы керек. Тумысынан жігерлі, жау қарасы көрінсе жасанып қарсы шауып үйренген, тынышсыз көршілері – жоңғарлармен жағаласып, қаймықпай қарсы тұрып қарсыласып шайқасып өскен ердің бірі – Сатай батыр. Батыр етек-жеңін жинап, ел-жұртының ерлерімен иықтаса отырып, тұйықсыздан жерімізге ашалап лап қойып, басып кірген қалмаққа қарсы сан мәрте ұрыстарға түсіп, албан-суан мыңдығындағы Бөлек, Бағай, Райымбек батырлармен тізе қосып қазақ жерін басқыншылардан тазартуға көп күш салған. Ел аузында Сатай батырдың көрсеткен ерлігі жайлы әңгіме аңыздар көп.
Сатай батырдың жүргізген билігі мен батырлығы туралы шежіреші Иса Дәуітұлы біраз құнды мәліметтер келтірген. Соның бірінде Албан Хангелді батыр басқарған сарбаздардың ойраттармен қатты ұрыс барысында қазақ жасақтарына жау тарапынан қатты қысым түскені айтылады. Сарбаздар күші басым жаудың қоршауына түсіп, қырылып кетпеуді ойлап шегінуге айналғанда, астына есік пен төрдей қызыл ат мінген зор денелі бір батырдың аттандап келіп жауға бүйірден тиіп, найзасымен қалмақтың қалың тобының қабырғасын қақырата жарып кіргенін келтірген. Мұны көріп жігерленген Хангелдінің сарбаздары сол батырдың сесінен абдырап қалған жауға қайтара дүрсе қойып кейін серпіген екен. Жаудың беті қайтып ұрыс аяқталған соң Хангелді қолбасы бағанағы қалмақтын қатарын селдіретіп, топты бұзып, жасағына жігер берген батырды тапқызып, алдына әкелгенде оның Сатай батыр екендігін білген соң жалпы жұртқа жария етіпті. Ал енді нақты деректерге сүйенсек Жетісудың оңтүстік-шығыс бөлігін қалмақ қосындарынан тазартатын қолды Албан руынан шыққан Хангелді батырдың басшылығымен оның немересі Райымбек батыр бастап ұрыс жүргізгені тарихтан мәлім. Қазіргі Алматы облысының аймағын Іле өзенінің бойымен қоса, кешегі дәуірлеген ойрат қонтайшысының жұрнағы болып қолған кішігірім хандары уысынан шығарғысы келмей, билік құрып, ақтабан шұбырынды кезіндегі көшке ілеспей қалған жергілікті қазақтарды қан қақсата қанап алым-салық салып, тұралатып отырған еді. Іле Алатауының тау сағасына орналасқан Түргенді (қазіргі Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Түрген өзенінің сағасындағы елді мекен ) қамал салып Қорын хан, Көкпекті (Алматы-Нарынқол тас жолы бойындағы бекет) Секер хан, Жалаңаш аймағын тұтастай Ағанас, Тоғанас хандардың әскер күші, ал Темірлік пен Көмірші жерлерін әлі де Арыс хан уысынан шығармай ұстап отырған болатын. Жаркенттің малға да, елге де жайлы шұрайлы аймағы – Көктал маңы қоныс еткен Төрехан ханның құзырында еді. Қалмақтар алынбайтын берік қамал деп санайтын Түргенге бекінген Қорын ханды өлтіріп, жау күшінің тас-талқанын шығарған Райымбек батыр шабуылдаушы сарбаздарын топ-топқа бөліп, жүз басыларын белгілеп, бағыттарын анықтап береді. Негізгі күштері жойылып кетсе де әлі де басып алған жерлерінен айырылғысы келмей қоныстарында сайланып, күш жинап, қазақ әскерін күтіп отырған қалмақтарға қалай, қай жағынан шабуылдауды түсіндіріп, бағыттарын анықтап беріп, соларға қарай жүргізеді. Мәкен Болысұлының «Райымбек батыр» дастанында айтылғандай алысты ойлай білетін Райымбек батыр қол астындағы Сатай, Ырыскелді, Бөлек, Қабай батырларға жеке-жеке тапсырма беріп, міндет жүктеуінің өзінен-ақ әр батырдың алдына қойған жауапкершілік жүгінің жоғары екенін ұғынамыз. Осы дастанда суан Аралбай батырдың да аты аталады.
Райымбек батырдан нұсқау алған Сатай батырдың сақадай сайланған қолы Шарын өзенінің бойындағы шағын қақтығыста жеңілген, жанын қоярға жер таппай бытырай қашқан жауды түре қуады. Ойрантөбенің маңынан Бұғытының бөктерімен жортуылдап келіп, Шонжы аймағына, Кетпен тауының сай-саласына орнығып алған қалмақтарды қуып шығып, Қырғызсай мен Көктасты жаудан босатады. Қазақ сарбаздарының тұйықсыздан шабуылдағаны соншалықты, қалмақтар тегеурінді қарсылық көрсететін қауқары қалмай, тігулі тұрған үйлерін жыға алмай, мал-мүлкін, қойшы-қолаңын жұртқа қалдырып тастай қашады. Ежелден жауға кеткен кегі бойын буған Сатай батырдың қолы өршелене шабуылдап, қалмақтарды Қулық тауының тұмсығындағы Қалжатты айналдыра қуады. Қашқан қалмақтар әр-әр жерден тоқтап, тосқауыл құрып қарсы соғыспақ болса да қанына қарайған қазақтар торуылдарын бұзып, талқандап өтіп кетіп отырады. Сатай батырдың қолынан қашып тоз-тозы шыққан қалмақ әскерінің біразы ағыны қатты Іле өзенінің суына қарық болып, біразы әзерлеп оң жағалауына өтіп, қазіргі Қытай жеріндегі өздерінің бұрынғы ордасы тігілген жаққа кетеді.
Ұран шықса арқасы ұстап атқа қонатын небір саңлақтар қаһарын жауға төгерде аттанға басқан. Сатай батыр да жау шақырып атқа қонғанда аруақтанып «Бақтиярлап» ұрандап топқа кірсе тоз-тоз қылмай тоқтамайды екен. Заманның кемел ақыны, өткен уақыттардағы елі мен жерін жаудан қорғаған батырлардың ерлік ісін кеңінен толғап, қалың қазаққа мәшһүр еткен Кенен Әзірбаев:
«Хангелдіден қаһарлы Райымбек,
Ұран болған жұртына бір бәйтерек.
Ерлерін аңыз қылған өрдегі Албан,
Дәу Қараш, Малай батыр, қатпа Төлек.
Суаннан Сатай, Бөлек, Аралбайлар,
Қабандай күркіреген талайлар бар.
Тұс-тұстан хас саңлақтар атой салса,
Жау жаны кеудесінде қалай қалар» – деп қазаққа қасірет шектірген ортақ жауға қатар отырған ағайынды екі елдің батырлары тізе қосып соғысып, күйрете жеңіп азаттыққа жеткенін масаттана жырға қосады.
Қазақ жеріне көз алартып шабуылдаған Жоңғарлармен қатар Ресей патшалығының әскери экспедицияларының жорығының жиілеп ентелей ене бастауы, тонаушылық сипаттағы башқұрт шапқыншылығы, шығыста ояна бастаған айдаһардың ысылы – осы қатердің барлығы ел басындағы билермен батырларды қатты толғатты. Кіші жүз қазақтарының Ресей бодандығына өткендігін білген соң қалың қазақтан тысқары қалмайық деген ниетпен Ұлы жүздің билері Қодар би, Төле би, Сатай, Бөлек, Хангелді батырлар «Біз Россияға …адал қызмет етеміз. Ташкент, Самарқан, Бұқара, Хиуа, Түркістан қалаларында Россиямен сауда-саттық жасауды тілейміз» деген мазмұнда хат жазады. 1730-1740 жылдары Ресейді билеген императрица Анна Иоановна Ұлы жүздің елшілері Аралбай мен Ырыскелдіні де қабылдайды. Әбілхайырдың екінші ұлы Ералы сұлтанның елшілігімен бірігіп барған Аралбай мен Ырыскелді батырлар 1733 жылдың қаңтар айының аяғында Санкт-Петербургте болып хатты патшайымға табыстайды. Кейбір деректерде Сатай батырдың осы елшіліктің құрамында Ресейге барғандығы айтылады. Сатай батыр шамамен 1768 жылдарда 60-қа қараған шағында қайтыс болса керек. Бұл деректі мен 2014 жылы қаңтар айының 3-күні Сарыбел ауылындағы Ұлықпанұлы Баймырза қарияның үйінде болғанымда Сатай, Әтіке батырлар жайлы деректерді қағазға түсірген кезде естіп едім. Ұлы даланың үзігіндей Жаркент жерінен шыққан атақты Сатай батырдың ұрпақтары еріміздің ерлік рухын әрдайым асқақтатып отырады.
«Сатайлаймын,
Қалмақтан сатырлатып ат айдаймын.
Алыстан «Сатайлаған» ұран шықса,
Мамықта тас батқандай жата алмаймын», – деп батыр атымен аталатын ұрпақтары әлі күнге дейін бәйгеге ат қосқанда, көкпар тартқанда, т.б. жерлерде «Сатайлап» ұрандатып аруағын аспандатып өрлетіп жүреді. Ата аруағы мықты, асқақ болмаса артындағы ұрандататын бір рулы ел Сатай аталмас еді.
Өз өмірінің көпшілігін Суанның басқа батырлары сияқты елін жаудан қорғап ат үстінде өткізген Сатай батырдың кейінгі ұрпақтары да ел қорғаны бола білген. Солардың арасында Әтіке мен Кезеңқара батырды да айта кетсек артық емес. Өткен заманның үздік ақындарының бірі Әбіләкім молданың «Әтіке-Нұржеке» атты дастан шығаруына себеп болған атақты көзсіз батыр әрі мерген Әтіке 19-ғасырдың аяғында ауып келіп елдің шұрайлы, сулы-нулы жерін өз меншігіндей иеленген орыстың қарашекпенділеріне бүйідей тиіп, патша өкіметінің қарулы әскеріне қарсылық көрсеткен халық кегін қуушы болды. Қуғын көріп Қытай жеріне асқанда да сол жақты қоныстанған қазақтардың арасына келіп, зорлық-зомбылық жасап жүрген қалмақтардың да танауын жіпше тартқан. Олай болмаса;
«Қазақбай – әкең аты, анаң – Қойке,
Жаның жайлау, ел десе көңілің ерке.
Жиылған қара қалмақ, қалың шерік,
Кіретін ерегессе қара жерге», – дей келе
«Әтіке – сенің атың, атаң – Сатай,
Қалдайдың алдың малын жіпке матай», – деп барып жалғасатын дастандағы жолдар батыр адамға болмаса бекерге арналмас еді. Дауылпаз ақын айтпақшы «ежелгі дұшпан ел болмас, етектен кесіп жең болмас». Жау қашанда бер жақта да, ар жақта да жау екені белгілі.
Сатай батырдың атағы ел арасында қалған ендігі ұрпағының бірі – Кезеңқара батыр. Жастайынан жау көздеген Кезеңқара ержүректілігімен ел көзіне түскен. Оның ну қамысты паналаған жолбарыспен айқасып, басын кесіп әкелуі аңыз болып тарайды. Бірде тыныш жатқан елге келіп жұрттың өрістеп жатқан бар жылқысын түре қуып бара жатқан барымташы қалмақтардың ізіне түсіп тоқтатады. Кезінде қарсы шыққан талай қазақтың батырларын өлтіріп, басын алып, отбасыларын қан қақсатқан қалмақтың батыры Кезеңқараны жекпе-жекке шақырып, өзі батырдың қолынан ажал табады. Қалғандары сенген батырлары опат болған соң жандарына сауға сұрап, жаяу-жалпылап, ендігі әрі бұл жаққа аяқ баспастай болып еліне жөнеледі.
Сатай батырдан тараған кейінгі ұрпақтарының арасынан би де, батыр да, ақын да, әнші де, ел басқарған болыс та шыққан. 19-ғасырдың аяғына таман Албандармен қоса Суандарға да билік жүргізген Тезек төренің он екі биінің бірі болды делінетін, ел арасындағы талай даудың әділ шешімін тауып, елдің ұйытқысы атанып, жақсы істердің үйлестірушісі бола білген Жәментік бидің де аты жиі ардақталады. «Арғы атам жау түсірген батыр болса, мен неге сол жақсыдан кем қалайын» деп айтысқа түссе топ ішінде екпінімен ешкімге дес бермейтін Одаман Әуелбекұлы да жаманды тілімен тіліп, елінің намысын көкке көтеріп өткен айтыскер ақын. Архивтік құжаттарда Одаман Әуелбекұлының қызбен айтысы, Қызай елінің атақты ақынымен айтыстары сақталған. Бұл да Сатай батырдың жаратылысының сан қырлы екендігін көрсетеді әрі өнерлі ұрпақтарының халық ауыз әдебиетіне қосқан үлкен қазынасы деп ұғынуға болады.
Арғы аталары мен Сатай батырдың ұрпақтары туралы кәрі құлақ көнелерден естігенін еске түсіріп, талай естелік жазбалар қалдырған шежіреші Иса Дәуітовтің де елеулі еңбегіне алғыс айта отырып бағалауға болады. Аталары Сатай батыр ойрат-қалмақпен алысып өткен болса, 20-шы ғасырдың басында оның ержүрек ұрпағы Мұқа болыстың қазақ жерін жаулаған патша өкіметінің әділетсіздігіне қарсы күрескен ерлігі артында қалған еліне аңыз болып қалды.
1914 жылы басталған бірінші дүниежүзілік соғыстың кесірі көптеген қарапайым тұрмыстағы адамдарға залалын тигізді. 1916 жылғы Ресей патшасының қазақтан әскер алу туралы Жарлығына қарсы Жаркент жерін мекендеген Суандардан алғаш болып Сатай болыстығы бас көтерді. Сол кездерде беделі де, билігі де жүріп тұрған сауатты, әр нәрседен хабары бар Мұқа болыс соғысқа алынатын жігіттердің текке оққа ұшарын біліп, әскерге адам бермеуге бел буып қарсылық көрсетеді. Он жетінші жылдарда патша өкіметі құлап, аласапыран кезде құрылған Алаш өкіметін өз өкіметім деп қуаттайды. Осы аймаққа келген арнайы өкілін құрметпен қарсы алады. Олардың жұмысына барынша жәрдем көрсетеді. Осындай ұлтшыл мінезі үшін кейін Кеңес өкіметі тарапынан қуғынға түсіп, Қытай жеріне ауады, ізіне түскен қызылдар тынышын кетіріп, ақыры халқы үшін құрбанға айналады.
Сатай аталарының атын алашқа жайған айтулы азаматтар еліміздің барлық жерінде ғылым-білім, мәдениет саласында халыққа қызмет көрсетіп, жұрттың ыстық ықыласына бөленіп жүр. Солардың бірі де бірегейі әдебиет зерттеушісі, белгілі ғалым, көптеген монографиялардың авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбі Дәуітов. Елге танымал заң ғылымдарының кандидаты, мемлекет және қоғам қайраткері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алған Рамазан Құмарбекұлы әлі де мемлекеттік салада еңбек етуде. Қазақстанға танымал дәулескер күйші әрі әншілігімен жұртты тамсандырып жүрген, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілген, «Алматы облысының құрметті азаматы» Бақберген Асқарбеков сияқты ел құрметіне бөленген азаматтар Сатай батырдың ұрпақтары. Атадан атаға таралған батырдың ұрпақтары Жаркент аймағының табиғаты көркем де келісті тау бөктеріндегі Сарыбел ауылында, тағы басқа да өңірлерде берекелі өмір сүріп жатыр. Көк қарағай көмкерген таудың майсалы бөктеріне орналасқан Сарыбел ауылының кіреберісіне батырдың тұқымдары аталарының аруағын әспеттеп тұрғызған, жаратылысынан жаумен жағаласып өткен Сатай батырдың еңселі ескерткіші менмұндалап алыстан көз тартады. Ентелеп келген жауға кеуде тосып, елге енген жауға қарсы шауып қан құстырған ердің сойы Сатай батыр. Артындағы қолдайтын еліне сеніп сескенбей жерін қорғаған батырға халықтың сұрауымен, қуаттаушылардың қолдауымен ұрпақтары ұлықтап 2001 жылы шілде айында Қоңырқойнау ауылындағы орта мектепке атын беріп, есімін жаңғыртып, халқымыздың жадында мәңгіге қалдырды.
Молот СОЛТАНАЕВ,
«Жаркент айнасы»
газетінің Бас редакторы.