Облыста қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің рухына тағзым етілді. «Бейбіт күннің батырлары» акциясы аясында Жетісу облыстық полиция департаментінің аумағында ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшыларының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Рәсім бір минут үнсіздікпен басталды. Полиция департаментінің басшылығы, басқарма мен бөлім бастықтары, офицерлер ескерткіш алдына сап түзеп, бейбіт өмір мен ел тыныштығы жолында жанын қиған әріптестерінің рухына құрмет көрсетті.
Жетісу облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мадияр Омаров өз сөзінде қаза тапқан полицейлердің ерлігі мен жанқиярлығы әріптестері мен келешек ұрпақтың жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.
— Олар әрқайсысы өз борышын соңына дейін абыроймен атқарды. Олардың ерлігі – бәрімізге үлгі. Біз осы естелікті ұмытпай, олардың ерлігіне лайық болуға тиіспіз, — деді ол өз сөзінде.
Мұндай еске алу шаралары өңірдегі өзге де бөлімшелерде жалғасып, жеке құрам қаза тапқан әріптестерінің рухына тағзым етпек.