Байтұрсын Есжанұлы Өмірбеков 1946 жылы 14 қыркүйекте Жетісу облысының Жаркент өңіріндегі Талды (Лесновка) ауылында дүниеге келген. Жетінші сыныптан кейін училищеге, одан соң Абай атындағы Қазақ педагогика институтының Көркемсурет-графика факультетіне оқуға түскен. Оны бітіргеннен кейін сол жерде жұмысқа орналасып, оқытушы, факультет деканы болып қызмет атқарды.
1978 жылы жаңа құрылған Алматы мемлекеттік театр және көркем сурет институтының проректоры қызметіне тағайындалған. 1986 жылы КСРО Суретшілер одағына мүшелікке қабылданды. 1987 жылы «Желтоқсан көтерілісіне» байланысты проректорлық қызметінен босатылып, Кеңес Одағы Коммунистік партия қатарынан шығарылды. 1990 жылы бұрынғы қызметіне қайта қабылданып, доцент ғылыми атағын иемденді. 1994-2007 жылдары аралығында Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының директоры болып қызмет атқарды.
1999 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрмет атағы берілді. 2002 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жоғары аттестациялық комиссиясы берген (ҚР БҒМ ЖАК) «өнертану» мамандығы бойынша профессорлық ғылыми лауазымын алды. 2007 жылы Т.Жүргенев атындағы Қазақ Ұлттық өнер Академиясына мұғалімдік жұмысына ауысуына байланысты мұражай директоры қызметінен өз еркіммен босатылды. 2008 жылғы 23 сәуірінде Қазақстан Суретшілер одағының XVI съезінде Суретшілер одағы Басқармасының төрағасы болып сайланды.
Мақаламызға арқау болайын деп отырған педагог-ғалым, өнертанушы-суретші, қоғам қайраткері Байтұрсын Есжанұлы Өмірбеков жасы жетпіске таяған кезде Қазақстан Суретшілер Одағының төрағалығынан өз еркімен босатуды сұрап басқарма мәжілісіне өтініш білдіреді. Мұны естіген атақты суретші Зейнеп Түсіпова «Бастық болудан бас тартқан адамды бірінші рет көріп тұрмын» деп күлген екен. Ия, кеңестік дәуірде шығармашылық одақтың төрағасы болу – партияның орталық комитетінің мүшелігіне, не болмаса Жоғарғы Кеңестің депутатына сайланатын, тіпті министрден де ықпалды лауазым болатын. Суретшілер Одағының ол кезде барлық облыстарда филиалдары, комбинат, шеберханалары мен қорлары және үлкен қаржылық мүмкіндігі бар ұйым еді ғой. Олай болудың себебі, коммунистік идеологияның халық санасына жылдам жетіп, жаппай бас шұлғуға сол өнердің көркемдік мүмкіндігін пайдалану еді. Орта ғасырлық Европада жаппай сауатсыздық кезінде христиандық дінді халыққа уағыздаудың ең тиімді жолы шіркеулерге библиялық сюжеттердің негізінде суреттер салу арқылы дамытқанын білеміз. Өнер ретінде сурет те өсіп-өрбіді, суретшілердің кәсіби шеберлігі де сол кезде жоғарылады. Кеңестік идеологтар да да осы тәсілді пайдаланды. Шеберлерге ауқымды қаламақы төлеп, сый-құрмет көрсетті. Сондықтан да ешкім өз еркімен төрағалық қызметін тастап, кетемін деп айтпайтын. Керісінше, төрағалық лауазымға сайлау өтетін съездерде дау-дамай өршіп, талас-тартысқа төрелік айтуға Партия Орталық комитетінің хатшылары келіп отыратын.
2008 жылы Б.Өмірбеков төрағалыққа сайланатын съезде де қызыл шеке болған талай суретшіні көрдік, абыйыр болғанда соңына таман сабасына түскен өнерпаздар ақылға жеңдіріп, Байтұрсынды басым дауыспен сайлап алды. Келер күні су жаңа төрағамен кездесіп қалған Мұрат Әуезов «Ия, Байтұрсын, құтты болсын, сайланыпсың! Бірақ, білесің ғой Одаққа бастық болу жанартаудың отты аузына жалаңаш отырумен бірдей екенін, сақ бол» деген екен. Ия, сақтықта қорлық жоқ, дегенмен суретшілердің мұң-мұқтажына құлақ сала жүріп, ұлттық өнердің беталысын заманауи қағидаттардан қағыс қалмай, дұрыс бағыттау, дамыту үрдісін қалыптастыру оңай шаруа емес еді. Бірақ суретшілер сенім артып отыр ғой, соған сай қызмет жасады. XXI ғасырда Тәуелсіз Қазақстанда Суретшілер Одағы кеңестік дәуірден басқаша қалыптасты. Шығармашылық одақтар көп қоғамдық бірлестіктердің бірі боп қалды. Өнерді материалдық құндылыққа айналдыра біл де сатып күніңді көр дегенге тірелді. Бұл тезис «далада қалдықпен» бірдей еді. Тіпті заң жүзінде суретшілер азамат ретіндегі өз құқын қорғай алатынына сенбейтін халге жетті. Зейнетақысын толық ала алмай, ең төменгі базалық мөлшермен өмірден өткендер де болды. Тұрақты тапсырыс алып, қаламақысына қысылып-қымтымбай өмір сүріп үйренген суретшілер «осының бәрі қайда кетті» деген сұрақпен Одақтың табалдырығын тоздыратын. Осы сұрақтардың бәрі бірте-бірте өз жауабын тауып, жаңа қоғамдық қатынастардың заңдылықтарын меңгеру арқылы бейнелеу өнері өз орнын анықтай бастады. Баяғыдан қалыптасқан табиғат пен өмірдің құбылыстарын пайдалану үрдісі (пленер) жанданып, жаңа формаларын тапты. Ол Алматыдан басталып, бүкіл республика аумағына таралып, нәтижелі бола бастады. Қазақстан Суретшілерінің форумы ұйымдастырылып, онда құқықтық мәселелер заңгерлер арқылы қаралып, мәдениет туралы заңға ұсыныстар енгізілді. Халықаралық байланыстар қалпына келтіріліп, Мәскеудегі ортақ мүліктер негізінде бірнеше құнды басылымдар жарық көрді. Отандық бизнес арқылы «Қазақ өнері» атты бес томдық жинақ шығарды. Дегенмен Мұрат Әуезов айтқан жанартау оты пайдаға асып, шығармашылықты қыздырды десек әділетті болар. Осы бір кезеңде қазақ суретшілерінің шығармалары отандық және шетел көрмелерінен оңды бағасын алып, заманауи талаптардың таңдауынан шығып жатты. Байтұрсын Өмірбеков өзінің жинаған мол тәжірибесін, өнертанудағы білім-біліктілігін қазақ бейнелеу өнерінің қара шаңырағы, биылғы жылы құрылғанына 90 жыл толатын Қазақстан Суретшілер Одағы ісінің алға басуына аянбай сарп етті. Оның нәтижесі де аз болған жоқ. Ұлағатты бастамалар өз жалғасын қазір де тауып жатыр.
Жаңа айтылған тәжірибе жинақтау мәселесінде Байтұрсын Есжанұлының Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде он үш жыл директорлық қызметінің орны ерекше болды. Олай дегеніміз, өз аузынан естіген музей жайлы, оның рухани-материалдық құндылығы мен ондағы қызмет еткен адамдардың ерекше ой-пайымдары мен қарым-қатынасы оған өзгеше адамгершілік пікір қалыптастырған. Орыстың XX ғасырдағы ұлы ғалымдарының бірі Д.Лихачев «Музей қызметкерлері мейлінше ұзақ жұмыс істеуі керек, өмір бойы істесе тіпті жақсы» деген екен. Шынында Ә.Қастеев музейіндегі көп қызметкерлер осы мекемеде институт бітіре салып келгеннен зейнеткерлікке дейін қызмет істеген, кейбірі одан кейін де жұмысын жалғастырып жүр екен. Бұл нені білдіреді? Біріншіден, музей құндылықтары деген қазақша айтсақ ескінің көзі, алтынның сынығы, жақсының ісі демекші қадір-қасиетті тани білуге үйретеді; екіншіден, сол құндылықтарды жоғалтып алмай, бүлдірмей келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру ниеті қалыптасады. Ол жауапкершілік, жанашырлық, адамгершілік және ұлтжандылық. Мұндай жақсы қасиеті бар адамды кім жұмысынан босатады, керісінше ұзақ ұстауға тырысады. Мәскеудегі А.Пушкин атындағы бейнелеу өнер музейінде И.Антонова деген кісі 1956 жылдан 2016 жылға дейін директорлық қызмет атқарған екен. Жасы 90-нан асқан соң «Құрметті директор» деген лауазым беріп, ары қарай ақыл-кеңесін тыңдап, пайдаға асырып отырған. Мұның бәрі жаңағы айтқан музей деген киелі мекеменің адам өміріне әсері болуы керек. Б.Өмірбеков те осы бір керемет ортада ауасының өзі өнері асқан аруақтардың рухына толы, қолтаңбалары көз алдында, тек жақсылыққа бағышталған дүниені бейнелейтін шығармалар тұрған жерде еңбек ету мәртебесіне ие болады. Өзі де музейдегі өткен уақыт өмірінің ең бір мәнді де бақытты шағы деп айтқанын естідік.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шетелдік елшілер Алматыда еді ғой. Солардың қызметкерлері қолдары босаса болды музейге келеді екен. Жәй келмей қолдарынан келгенше жәрдем беріп, компьютер, телевизор, т.с.с музейге керекті оргтехника береді екен. Б.Өмірбековті де музей ісі бойынша білім жетілдіру мақсатымен Германия мен АҚШ елшіліктері өз қаражаттарына оқуға жібереді. Әр елде бір-бір айдай жүріп, олардағы музей ісінің теориялық және практикалық бағыт-бағдарымен танысу директор үшін үлкен өріс болғаны байқалады. Оның дәлелі ретінде АҚШ-тың Питсбург қаласындағы попарт ағымының негізін қалаушы суретші Энди Уорхолдың жеке көрмесін 2000 жылы Алматыға әкелуді айтуға болады. Бұл суретшінің көрмесі ол кезде мухиттан бері асып көрмеген екен. Тек Алматыдан кейін ғана Еуропаны аралайды. Осы сияқты халықаралық мәдени байланыстарды үйлестіре білген директордың арқасында Ә.Қастеев музейі алғаш рет ЮНЕСКО жанындағы халықаралық музейлер кеңесінің мүшесі және әлемдік музейлер тізіміне алынады. Өнер сүйер қауым біледі ғой, сол кезде музей көптеген басылымдар шығарғанын, альбом, кітаптар қазақ суретшілерінің шығармаларын насихаттауға үлкен үрдіс әкелді. Өнер туындыларын бағалау, сату нарқы пайда болды. Музейде өтетін көрмелер мен жобалар қала халқы мен қонақтарының мерекелі жиындарына айналады. Ә.Қастеевтің 2004 жылы өткен 100 жылдық мерейтойы әлемдік сипат алды. Ол ЮНЕСКО-ның әлемдік ұлы даталар күнтізбегіне еніп, Париж қаласындағы штаб-пәтерінде жеке көрмесі өтеді. Ә.Қастеев шығармалары көрмесі Өзбекстанда, Қырғыз Республикасында, Ресейде және Қазақстанның қалаларында өткенін көреміз. Осылай тұңғыш қазақ кәсіби суретшісінің үлкен тойы оның атындағы музей алдында еңселі ескерткіш қоюмен аяқталды.
Б.Өмірбеков басқарған кезде музей өз қорын толықтыру ісімен де нәтижелі айналысты. Кеңес дәуірінде өткен көрмеде Киев қаласында қалып қойған оннан асатын картиналарды Б.Өмірбеков өзі барып алып қайтады. Талантты деген суретшілердің жеке көрмелерін өткізу арқылы олардың шығармаларын музейге алуды жолға қояды. Осы тұрғыда болған бір жәйді Байтұрсын Өмірбеков былай баяндайды: «Бір күні сол кездегі «төтенше жағдайлар» министрі Заманбек Нұрқаділов телефон шалып, Байтұрсын келіп кетші дейді. Барсам үлкен бір картинаны алдына жайып, «Мына картинада Ә.Қастеев деген жазуы бар екен, бір қираған ауыл клубының бұрышынан тауып алдым. Шынымен Әбілхан Қастеевтің суреті болса музейлеріңе алыңдар» дейді. Егін ору науқанын бейнелейтін көлемді шығарма шынында Ә.Қастеевтің қолы екені көрініп тұрған. Бірақ қатты бүлінген. Оны музей рестовраторлары тез арада қалпына келтірді. Сосын Зәкеңді әдейілеп шақырып, алғыс хат ұсындық. З.Нұрқаділов өз атынан Германияда фарфордан жасалған Мақпал Жүнісованың мүсінін музейге сыйға тартты. Осы бір жәй Зәкеңнің тұлғалық биік болмысы мен өнерге деген ерекше ықыласын көрсетсе керек.
Ал, біздің кейіпкеріміз Байтұрсын Өмірбековтің өмір бойы қол үзбей айналысып келген бір ұлағатты ісі ол – ұстаздық. Еңбек жолын қазіргі Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының Көркемсурет-графика факультетін 1969 жылы бітірген соң осы білім ордасында ассистент болып бастайды. Бұл сол кездегі суреттен жоғары білім беретін жалғыз орыс тілді оқу орны екен. Қазақ кадрлары тапшы болғандықтан Б.Өмірбековке ректорат сенім артып, басшылық жұмыстарға тарта бастайды. Сөйтіп 27 жасында факультет деканы етіп сайланады. Сол кезде қазақ бөлімі ашылып, ауыл мектептерін бітірген талапты балалар сурет өнерін меңгеруге келе бастайды. Олардың мамандық алудағы негізгі қиыншылықтары тіл мәселесі болады. Суреттің тілін қалайда қазақшалау керектігін Байтұрсын Есжанұлы негізгі мақсат етіп қояды да, соның жолдарын қарастырады. Әрине, оның негізгісі кадр даярлау. Сол үшін жоғарғы курстағы бірнеше баланың алдына осы мақсатты айтып түсіндіріп, бітірген соң мұғалімдік жұмысқа қалдырады. Солардың ішінен үздік шыққан, кейін докторлық диссертация қорғап, үлкен ғалымдық дәрежеге жеткен Байжігітов Болат деген азамат болды. Бірақ марқұмның өмірі қысқа болып, өнертанушылар өкініште қалды. Дегенмен қазақ бейнелеу өнерінің теориялық негіздерінен көп еңбектер жазып, шәкірт тәрбиелеп, қазақ тіліндегі өнертануға өз жолын салып кетті.
Көркемсурет-графика факультетінде Б.Өмірбеков 1978 жылға дейін декандық қызметте болды. Осы жылдарда факультеттегі суретшілікке оқыту мен шығармашылыққа бейімдеу деңгейі едәуір жоғарылап, бітірген түлектердің ішінен шыққан белгілі суретшілер, конкурс жеңімпаздары мен лауреаттар, ғылым докторлары, кандидаттар мен қоғам қайраткерлері шықты. Солардың алғашқылары – атақты суретшілер Ерболат Төлепбай, Алпысбай Қазығұлов, Ахметжан Ахат, ғылым докторы, профессор Берік Әлмұхамбаев, т.б. осы күнге дейін Б.Өмірбековті ұстазымыз деп құрметтейді.
Ия, ұстаздық пен ұйымдастыру ісін қатар алып жүру және ғылыми-педагогикалық шығармашылық жұмысты да ақсатпау ол үшін оңай болған жоқ. Оның ащысы мен тұщысының дәмін әбден татқан сайын ширата берген сияқты. Кандидаттық дисертация қорғайын деп жүрген шағында 1978 жылы Қазақ ССР жоғары және орта білім министрі шақырып, жаңа бір істі бастауға қолқа салады. Жаңадан ашылайын деп жатқан институтқа проректорлық қызмет ұсынады. Бүгінгі жастарға театр кино, хореография, режиссура және сурет пен дизайн өнерінен білім беретін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясы 1978 жылы 30 мамырдағы қаулысыға сәйкес Алматы мемлекеттік театр және көркем сурет институты болып ашылуы қазақ мәдениетінің тарихындағы елеулі кезең болды. Себебі ол кезде кеңестік идеологияның ең мықты құралы өнер болғандықтан, өнерді оқыту мен оның теориялық мәселелерін тек орталық – Мәскеу өзі қадағалайтын еді. Сондықтан оның ашылуын сол кездегі мемлекет партия қайраткерлері, әсіресе жоғарғы және орта арнаулы білім министрі Көпжасар Нәрібаев мырза табанды талап қоя білгендіктен ғана ашылады. Министрліктің жарлығымен театртанушы Г.Жанысбаева ректор, Б.Өмірбеков оқу және ғылыми жұмыстар проректоры болып тағайындалды.
Міне сол күннен бастап Б.Өмірбеков 13 жыл осы жұмысты атқарды және ұстаздық пен ғылыми-шығармашылық жұмысын да қатар жүргізе береді. Ашылғаннан кейін 5 жыл өткенде Мәскеуден арнайы мемлекеттік инспекция тексеріп, оқу орнының дұрыс бағытта дамып келе жатқанын анықтап оң баға береді. Проректор Б.Өмірбековті СССР министрлігі «Құрмет» грамотасымен марапаттайды. Шынында да ол кісінің еңбегін елдің бәрі бағалайтын. Театр факультетінің ардагері Рабиға Қаныбаева «біздің оқытушымыз» деп құрметтейді екен. Өзі де суретші болғандықтан ол суретші мамандықтарын ашу, оқу-методикалық жұмыстарын жолға қою, кадр мәселесін шешудегі еңбегі зор болған ССР халық суретшілері Қ.Тельжанов, Қазақ ССР халық суретшісі М.Кенбаев, Е.Мергенов, К.Шаяхметов, т.б. шеберлер ұстаздық жұмысқа алынды. Кеңес Одағының көптеген сурет өнері институттарында оқып жүрген жастар тізімге алынып, бітіргендерін мұғалім ретінде жұмысқа қабылдады. Қазіргі профессорлар Ж.Қайрамбаев, Ә.Бапанов, Қ.Мұратаев т.б сол кезде қабылданған. Осы кезде Б.Өмірбеков өзі де жемісті ғылыми-педагогикалық еңбек атқарады. Түр-түс тану пәнін енгізіп, лекцияны өзі оқып, сабақ жүргізеді. Осы тақырыпта біраз ғылыми еңбектер жазып, баспадан шығарады. «Ана тілі» баспасынан «Түр-түс әлемінде», 1976 жылы «Қазақстан» баспасынан «Қазақ тіліндегі түр-түс атаулары» кітаптары және «Цветоведение» оқу құралы басылады. Сонымен қатар танымдық, тағылымдық мәні бар суретшілердің шығармалары мен өнердің өзекті мәселелеріне қалам тартқан өнертанушылық мақалалары суретшілер мен өнертанушылар және көпшілік қауым үшін аса маңызды еді. Алғашқы мақаласы 1976 жылы «Білім және еңбек» журналының бес нөмерінде «Бейнелеу өнері сабақтары» деген атпен басылған. Бейнелеу өнеріндегі қазақ тіліндегі әдістемелік басылым тапшы кезінде бұл мақала көптеген суретші-педагогтарға көмегі тиген екен. Суретшілердің кітап-альбомдарына жазған мақалаларының саны елуден асады екен. Газет-журналдарға шыққан мақалалары мен сұхбаттарында бүгінгі бейнелеу өнерінің өзекті мәселерін қозғайды. Телевидение мен радиодан да өнерді насихаттау мен оқыту проблемаларына ұдайы көңіл бөліп келеді. Суретшілердің өмірі мен шығармашылығы тұрасында айтылған ойлары мен пікірлерінен Б.Өмірбековті «суретшілердің шежірешісі» деп айтсақ қателеспейміз.
1986 жылы тәуелсіздікке ұмтылған қазақ тарихында «КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары» деп тарихи баға берілген желтоқсан көтерілісі қаралы да қасиетті оқиға ретінде жадымызда қалды. Қазақ зиялылары мен жастарының басына түскен саяси қуғын Байтұрсын Есжанұлын да айналып өтпеді. Плакаттар жазып, желтоқсан уақиғасында белсенділік танытқан театр және сурет өнері институтының студенттеріне «тәрбие жұмысын дұрыс жүргізбеген» деген желеумен оны партия қатарынан шығарып, жұмысынан босатады. Тергеу кезінде оған көрсетілген айла-тәсілдердің бәрін Байтұрсын Есжанұлы айта бермейді, тек бірге жүрген басқа ұлт өкілдері мен кейбір бауырлар Колбиннің атына жамандап жазған хаттарға басын шайқайды. Кейін компартия таратылып, елімізде демократиялық өзгерістер басталған кезде институт басшылары оны қайтадан жұмысқа шақырып, кафедра меңгерушісі, кейін қайтадан проректор қызметіне тағайындайды. Бұл Есмұхан Обаев ректор боп келген кез болатын.
Өзі ашылғаннан бастап басы-қасында жүріп, өсіп-өркендеуіне тікелей атсалысқан оқу орнында зейнетке шыққаннан кейін де қол үзбей шәкірт тәрбиеледі. 2005 жылы жаңа мамандық – өнер туындыларын қайта жаңғырту «реставрация» мамандығы ашылып, оған жетекшілік ету профессор Байтұрсын Есжанұлына тапсырылады. Алғашқы түлектер жоғары деңгейде кәсіби маман екендігін өздерінің дипломдық жұмыстарымен дәлелдеп, мемлекеттік аттестация комиссиясының жоғарғы бағасын алады.
Әңгімеміздің басында айтқандай Байтұрсын Есжанұлы жетпіске жетіп ақсақалдыққа бет алғанда Суретшілер одағының төрағалығынан да, Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясындағы профессорлық қызметінен де өз еркімен бас тартып, еркін шығармашылық пен зейнеткерлік демалыстың тәтті дәмін татпаққа бел буады. Академия мен Суретшілер одағы бірігіп мерейтойлық салтанатты кеш ұйымдастырып, тарту-таралғы жасап қошемет көрсетеді. Академияның үлкен залында жиналған мәдениет пен өнер саласындағы әлеумет, бірге қызмет істеген әріптестері мен шәкірттері салмақты да салауатты құттықтау айтып, шын пейілдерін білдіріп жатты. Ия, осы салтанатты кеште Байтұрсын Есжанұлының азаматтық тұлғасымен қатар мәдениет пен көркемөнерге сіңген еселі еңбегін халық жеткізіп-ақ айтты. Біздің осы арада қоса кеткіміз келгені оның ұстаздық, қоғамдық және ұйымдастыру менеджерлігінің арасында жан-жақты шығармашылық әрекеттерінің ерекшелігі еді.
Біреу білсе, біреу білмейді, Байтұрсын Есжанұлы қаһарман Қайрат Рысқұлбековке туған ауылында Мұхтар Шахановтың өтінішімен қойылған ескерткіштің авторының бірі. Мойынқұм ауданында Социалистік Еңбек Ері атағын алған алты шопанға қойылған бюстерде қолтаңбасы бар. Көптеген дизайнерлік жобалардың авторы. Соның бірі – кезінде Талдықорғанда ашылған педагогикалық институттың интерьері мен жиһаз жобаларын жасап, іске асырған және оң бағасын алған. Кітап дизайны мен көркемдеуде де еңбектері бар. Қысқасы өмір жолында бейнелеу өнерінің әртүрлі саласында өз мүмкіншілігін іске асыра отырып, өнердің қыр-сырын да біліп, оны сарапшы-сыншылық дәрежеде айтып, жазуға жеткен білгір маман. Сондықтан да болар көп суретшілер, жастар болса да Б.Өмірбековтің айтқан кеңестеріне ұдайы құлақ түре жүреді, жөні келсе жаздырып алады.
Байтұрсын Есжанұлының бейнелеу өнеріндегі тағы бір тындырып жүрген келелі шаруасы – өнертанудағы ғылыми аударма. «Өнер» баспасынан шыққан бірталай сурет өнері бойынша кітаптардың, атап айтсақ Ә.Қастеев, О.Таңсықбаев, С.Калмыков, т.б. қазақша аудармасы, археолог ғалым С.Әжіғалидың «Маңғыстау ескерткіштері» кітабын аударып оң бағасын алады. Соңғы кездегі көлемді жұмысының бірі – өнертанушылар мен суретшілерге ғылыми-теориялық азық болған, әлемдік деңгейдегі ғалым Эрнст Гомбрихтың «Өнер тарихы» кітабын қазақ тіліне аударуы және ғылыми редакторлығы. Бұл кітап әлемнің 30 тілінде 16 рет басылып, 8 миллион данамен таралған. Қазақшасы 2019 жылы 10 000 дана боп басылды.
Зейнеткерлік уақытының тиімділігі деп әсіресе 2021 жылы 15 қазанда Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде өткен жеке шығармашылық көрмесін айтуға болады. Кезінде басшылық, мұғалімдік сияқты сан-салалы шаруалардан жеке көрме ұйымдастыруға мүмкіндік болмаған ғой. Енді міне «ештен кеш жақсы» деп «Ақшамда» деген ат қойып, жеке шығармашылық көрмесін Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізген. Көрмені бір айдан аса уақыт қала тұрғындары мен қонақтары көріп тамашалады, жылы лебіз білдіріп, мақтап та жатты. Енді сол төмендегі шығармаларға тоқталып, алған әсерімізбен бөлісейік.
Байтұрсын Есжанұлының шығармашылығындағы ең басты ерекшелігі нәзік, таза, мөлдір түстерімен жазылған, өзіндік шынайылық бағыттағы, терең ой мен әртүрлі пайымдарға негізделген, кескіндемелік қолтаңбасы айшықты картиналар мен оригиналдық графикалар. Б.Өмірбековтың шығармашылығында тау көріністері бар тұмса табиғатты бейнелеу маңызды. Қар басқан асқар Алатаудың шыңдары кімді тамсандырмайды десеңізші. Сан ғасырлар бойы мүлгумен тұрған тау бөктері сырын ішіне бүккен құпияға толы. Оның тәкәппар мінезі, сұлу бейнесі ақындар мен жазушыларды, суретшілерді алыстан мұнарланып өзіне тарта түсері анық. Туған жердің тау-тасы, биік шыңдары, сарқырап аққан сулары жылдың төрт мезгілінде түрлене құбылған көрінісінің сұлулығымен суретшінің сезімтал жан дүниесін тебірентіп, оған күш-жігер беріп, рухтандырады. Табиғат көрінісін бейнелеуде аспанмен астасқан тау – суретші Байтұрсын Есжанұлының шығармашылығының мойын омыртқасы десек болады. Күннің жылы шуағын шашқан күздің жаймашуақ күні, сылдырай аққан өзендерін бойлай қуалай жүріп кішірек қырларды ассаңыз тауға тірелесіз. Жұмсақ қоңырқай, сарғыш түстер таудың аспанмен астасқан көкшіл, суық түсіне жұмсақ рең берген. Суретшінің кескіндемесіндегі бейне көрерменін алыстан бақылай қараған тау бөктеріне етектен жоғары қарай біртіндеп суретші қиялымен бірге алып кетеді. Суретші тау бейнесін бірде асқақты, енді бірде жұмсақ мінез күйінде бейнелейді. Сондай ерекше бейнеленген картинасының бірінде аспан мен жердің көкжиегімен ұштасқан тау көрінісін «Қу өзені» деп атады. Ондағы тізбектеле орналасқан таулар құдды бір моншақтай тізілген, оның біркелкілігі адам жанына тыныштық орнатады.
Ал енді мына бір таудың көрінісі бейнеленген картинаның атауы «Қу өзені алқабы» деп аталады. Тау – алып бір күш атасындай жайғасқан, түйілген үлкен жұдырықтай, жатқан тілдей. Оның алдынғы жағындағы сарғайған дала мен таудың ортасын жара сол жақ бұрыштан оңға қарай иіле, бұрыла аққан тау өзенінің сарыны мүлгіген табиғаттың тыныштығын бұзғандай. Таудың күнгейі мен теріскейі анықталып, жарық пен көлеңкенің күресі күшейе түскен. Картинаның оң жақ алдынғы бөлігіндей дәу тас, картинаның аясында орналасқан алып тау артқа қарай ауып кетпесін дегендей тепе-теңдікті сақтап тұр. Жылы сарғыш түстер біртіндеп суық таудың қою көкшіл түсімен ұласып, күздің келе жатқан суық ызғарынн хабар береді. Суретші осылай табиғатпен іштей тілдеседі. Суретшінің сезімтал жаны осы бір табиғаттың құбылысын сезініп, өзінің туындылары арқылы көрерменге жеткізеді.
Мына бір картинаның туылуының өз тарихы бар. Пандемия кезіндегі карантинде Алматының көшелеріндегі толассыз ағып жататын көліктер азайып, ауа тазарып, Алатаудың сұлбасы айқын көрініп, табиғат та, адам да бір таза ауамен тыныстап қалғаны рас. Суретші осы бір табиғаттың мөлдір тазалығын, тұнық көрінісінен әсер алып, кенеп бетіне түсірген. Адам адам болып жаралғалы табиғатпен етене бірлікте келеді.
Туған жер аясында бейнелеу үрдісі қазақ суретшілері туындыларында да айқын көрініс тапқан. Сондай шығарманың бірі «Туған жер әуендері». Бір топырақта туып өскен үш тұлғаны биік қыр басында, табиғат аясында дастарханды қоршай жайғастырған. Бұл ауқымды туындыда картинаның сол жағында суретші Әбілхан Қастеев, ортасында ән шырқап отырған Дәнеш Рақышев, сол жағында жазушы інілері Бексұлтан Нұржекеұлы. Картинада аса бір жағымды көңіл-күйдегі сәтті дөп басып бейнелеген. Қазақи ән, құрақ көрпе, ақ дастархан үстіндегі қасиетті нан мен қымыз – біздің сан ғасырғы ұлттық құндылықтарымыз. Сол баға жетпес жауһарларымызды жаңғыртып, өнер тілімен өркендетіп жүрген осы бір үш адам да қазақтың маңдайына біткен бақыты емес пе! Суретші осыны меңзейді де, сенімді етіп суреттейді.
Жер-жаһан жаралғалы бері көп өзгеріс бола қойған жоқ. Сол баяғы Күн ұясынан шығып, қайта батады. Мәңгілік пен бір сәттік заңдылықты күнделікті өмірде көріп жүрміз. Оны тарихтан да жақсы білеміз. Осындай терең философиялық тақырыпты «37 жыл. Соңғы фотография» деп атаған туындысы арқылы көрсеткен. Бұл суретте шебердің әкесі мен оның інісі бейнеленген. Алдыңғы планда қара-ақ, монохромды фотосурет, артқы аяда Жаркент мешіті мен мәуелі өскен терек өркен жайып бүгінгі күнді көрсеткендей. Ал фотодағы адамдар болса бұл күнде жоқ. Тарих сахнасы алмасып, өзгеріп жатқанмен, дүние сол қалпында. Осы бір уақыт аралығында қазақ тарихында нелер болмады. Соның куәсі ретінде шығармада архитектура да, табиғат та сыр шертеді. Композициялық шешім тосын, адам тағдыры тек фотосурет пен табиғи орта арқылы байланыс тауып зұлмат заманнан салқын леп естіреді. Көркемдік тіл ретінде кескіндемеде монохром мен полихромның үйлесімділігі пайдаға асып, ой тиянақтауға сеп болады. Фотодағы уақыт пен осы заманғы жағдай екі теректің өсіп жетілуі арқылы байланысады. Бұл картинада осындай ерекше көркемдік тапқырлықтар орын алып, авторлық шеберлік деңгейінің өрісін көрсетеді.
Б.Өмірбеков шығармашылығында портрет жанры ерекше орын алады екен. Бұл өзі күрделі де құдіреті мол сала екені белгілі. Өйткені жаратушының шеберлігінің шыңы адам табиғаты болса, соны тани білу әдебиет пен өнер саласының сан ғасырлық тақырыбы болып келеді. Бірақ бұл сарқылмас бұлақ, таусылмайтын кеніш, бітпес сарын болғалы қашан? Б.Өмірбеков те бұл тақырыпты айналып өте алмаған сияқты. Бәлкім оның айналасында жаны жайсаң жақсы жандар көп болды ма? Ия, солай, көп. Гульфайрус Исмаилова, Шәмші Қалдаяқов, Мұхтар Әуезов, Кәукен Кенжетаев, Асқар Тоқпанов, тағы басқалар оның пір тұтқан адамдары. Сондықтан да портреттері жасалды, өз санасында рухани күш беретін генераторлар орнатты. Олар Байтұрсын Есжанұлының шығармашылығына үңілген көрерменге де көркем ойды маздатар ошағы болары сөзсіз.
Байтұрсын Есжанұлы бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, «Құрмет» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Ресей Көркемсурет академиясының құрметті мүшесі, Украина суретшілер Одағының құрметті мүшесі, ЮНЕСКО жылындағы өнертанушылар мен сыншылар ассоциясының мүшесі, Панфилов ауданының Құрметті азаматы. Өзінің сүйікті ісі – суретпен сұхбаттасып, түйген ой-пайымдарымен суреткерлік ортада жүздесіп, болашаққа бойлағысы келеді. Ел-жұртының жаңа Қазақстанда бейіл-берекелі, әдеп пен әділет құрған ұлы ел болғанын армандайды. Соған жетейік бәріміз.
Қ.ОРАЗҚҰЛОВА,
философия ғ.к., өнертанушы.