Қастеевке дейiн де қазақ сурет салған. Даламыздағы қаптап жатқан балбал тас пен таңбалы тас сол сурет өнерiнiң сан қырының бiр қыры емес пе? Текемет, ши, алаша, түскиiз, сырмақ, белдiк, құрларға салған ою-өрнектер де ежелден өнерсiз халық еместiгiмiзге айғақ қой. Зергерсiз ел болмағанымызды бәрiмiз де бiлемiз. Оның бер жағында Қазыбек бек Тауасарұлы Ұран-Майқының тұқымында Көркембек атты тас шеберi болғанын, оның үш жерде салған тас сарайы ешкi ойнаққа айналып жатқанын өкiне жазған-ды. Сол үш тас сарайдың бiрi Тараз қаласының маңында, Тұрар Рысқұлов ауданының жерiнде Ақыртас аталатынын әркiм-әркiм айтады, бiрақ әлi ғылыми тұрғыда зерттелген жоқ. Ол жайында өткен ғасырдың 60–70-жылдарында «Бiлiм және еңбек» жұрналы бiраз жазып, ғалымдар тарапынан қажеттi қызығушылық болмаған соң, ақырында олар да тынышталған. Әйгiлi Мүйiздi Өтеген батыр да сурет өнерiн тәп-тәуiр меңгерiп, досы Қазыбек бектiң суретiн қағаз бетiнде қалдырыпты. Одан берiректе, ХIХ-ғасырда, Шоқан да артына сан алуан сурет қалдырған болатын.
«Жасыратыны жоқ, – дейдi Ғабит Мүсiрепов, – Ұлы октябрь революциясына дейiн бiзде адам бейнесiн суретке түсiрген бiр-ақ қазақ болды. Оның аты – Шоқан» (С.Мұқтарұлы «Шоқан және өмiр». 1985). Шоқанның iнiсi Мақы да қолөнерi бар кiсi болған.
Қысқасы, қазақ ежелден-ақ ою мен сурет салушылардан ада болмаған. Ою мен зергерлiктi кәсiп еткендер кездескенмен, сурет салумен айналысқандар, яғни кәсiптiк маманданған суретшiлер болмаған. Оған белгiлi дәрежеде дiннiң де әсер еткенiн бәрiмiз бiлемiз. Әбiлхан ағамыздың қазақ өнерiндегi орны да осы орайда айқындалады: ол – қазақтың тұңғыш кәсiби суретшiсi. Бұл – өте үлкен абырой. Өйткенi одан әлдеқайда әдемi салатын, ебi де, таланты да аса жоғары суретшiлер бола бередi және болуға да тиiс, бiрақ солардың бәрiне де бастамашы болған Әбiлхан ағаның орны мәңгi өзгермейдi. Бұл бақытты Әбекеңнiң басына қондырған – талантымен қоса уақыттың сәттiлiгi. Қазақ Әбiлхан аға тектес атағы шыққандарды бақ қонған адам деп сыйлайды. Ондай адамдардың күндеушiсi де көп болады. Себебi: «Бiз де одан кем салмаймыз. Керек десең, артық саламыз. Бiрақ сонда да бәрi Әбiлхан, Әбiлхан дейдi де жатады», – деушiлер шығады. Ондайлар Қастеевтiң көзi тiрiсiнде де болған, әлi де бар.
Мен бұл пiкiрдi 1983-жылдың аяғы мен 1984-жылдың басында өткен жағдайларды еске ала қозғап отырмын.
1984-жылы 1-ақпанда Әбiлхан ағаның туғанына 80 жыл толатын едi. Сол мерекенiң қарсаңында бұған дейiн Т.Г.Шевченко атындағы көркемсурет галереясы атанып, одан кейiн жаңа мекенге ауысқалы жай ғана көркемөнер мұражайы делiнiп тұрған өнер ордасына қазақтың тұңғыш халық суретшiсi Әбiлхан Қастеевтiң атын беру туралы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiне ұсыныс түстi. Мәселе Д.Қонаевтың алдына дейiн барып, оң шешiлуге ыңғайланды. Бiрақ күбiр-сыбырлар Орталық Комитеттiң iшiн де кеулеп жатты. Әбiлхан ағаның туған күнiне аз қалғанда, мәселе кенет терiс айнала бастады. Сондағы көре алмастардың ең басты көлденең тартқаны – Әбiлхан ағаның маманданған жоғары бiлiмiнiң жоқтығы. Сол кезде Орталық Комитетте iстейтiн Қуаныш Сұлтанов: «Беке, кiм екенiн бiлмеймiн, бiреулер үлкен кiсiнi бүлдiрiп қойыпты, қол қоймады», – дегенде жүрегiм өкiнiштен жылап қоя бердi. «Қонаев Әбiлхан ағаны жақсы бiлетiн едi ғой», – дедiм суретшiнiң өз сөзiн есiме алып. Ағаның отбасы да, ол кезде Сақыш шешемiз әлi тың едi, достары мен Қуаныш та қарап жатпады. Қазақ сәулет өнерiнiң қарт тарландарының бiрi Нұрғазы Оразымбетов ағамыз Димекеңе кiрiп мән-жайды қайта түсiндiргеннен кейiн ғана, туған күнiне бiр-екi күн қалғанда Д.А.Қонаев шешiмге қол қойып, қазақтың өнер мұражайына Әбiлхан Қастеевтiң аты берiлдi.
Ол кiсiнiң кәсiби жоғары бiлiмiнiң жоқтығын желеу етiп, салған суреттерiн сатып алғанда, төменгi бағамен алу жағдайлары үнемi орын алып келген мәселе. «Карл Маркстiң «Өмiр – күрес» дегенi – осы», – дейдi мұндай жағдайды iштарлыққа жатқызғысы келмегендер. Бiр қызығы, Әбiлхан аға ондай өзiне жасалған кедергiлердiң бәрiн болуға тиiс нәрселердей қабылдаған: күйiп-пiспеген, кектенбеген, есе қайтармаған, түк көрмегендей, түк бiлмегендей, жайдары қалпын сақтап жүре берген.
Кiм бiледi, сырты солай көрiнгенмен, iшi бiр сәт те болса әлем-жәлем болатын кезi болған да шығар. Оны бiр бiлсе, зайыбы Сақыш апай бiлер едi, бiрақ ол кiсi де ондай мiнезi бар едi демейдi. Соған қарағанда, ағаның мiнезi айрықша, айрықша болғанда да тым айрықша болған-ау!
Мен Әбiлхан ағаны бар-жоғы үш-ақ дүркiн көрдiм. Бiрiншi рет Жаркентте. 1969-жыл болатын. Аудандық комсомол кәмитетiнiң бiрiншi хатшысы кезiм. Қай кез, қай күн екенi қазiр есiмде жоқ, әйтеуiр, күз айларының бiрi, өйткенi жүгерi зауыты жұмыс iстеп тұрған болатын. Аудандық партия кәмитетiнiң бiрiншi хатшысы, Социалистiк Еңбек Ерi Шаймұханбет Сапиев аға өзi телефон соқты. Ол кезде Сапиевтiң өзi телефон соғуы мәселенiң аса маңызды екенiн айтпай-ақ түсiндiретiн.
– Сен Қастеевтi бiлесiң бе? – дедi Сапиев.
– Бiлем, – дедiм ойланбастан.
– Бiлгенде қалай бiлесiң? Танысып, сөйлесiп пе едiң?
– Жоқ. Бiздiң Шежiнде туғанын, Қазақстанның халық суретшiсi екенiн, – деген болуым керек.
– Оны бiзден басқалар да бiледi, – дедi Сапиев салқын, абыржыңқы дауыспен. – Бұл кiсi өз бетiмен келедi екен, осында мұғалiм қарындасына қонақ болып, сол үйден қайтады екен. Келгенiн, кеткенiн не бiз бiлмеймiз, не сендер бiлмейсiңдер, ұят нәрсе ғой бұл. Оператор баласы екеуi қазiр де сол Алтынсарин мектебiнде iстейтiн қарындасыныкiнде көрiнедi. Қазiр сол мектептiң деректiрiмен сөйлес, ертең Әбекеңдi құрметтi пионерге қабылдаңдар, жақсылап кездесу өткiзiңдер. Мен де барармын. Соны ұйымдастыр. Өзiң бар, сонан соң хабарлас.
Ол кезде Жаркент қаласындағы жалғыз қазақ орта мектебiнiң деректiрi Жақсыбай Исаев ағаймен дереу хабарласып, ертесi Әбiлхан ағаны сол мектепте құрметпен қарсы алу қамына кiрiстiк. Мен ауылда тракторшының немесе шопырдың өзгелерге мұрнын шүйiрiп, шөбiн түсiрiп бергенше бес жалындырып, отынын тасып бергенше алты рет алдына келтiрiп зықын шығарғанын талай көзiммен көргенмiн, өзiм де сан рет сондай жағдайды басымнан кешкенмiн. Әбiлхан аға да болар-болмас бiрдемеге ренжiп қала ма, ренжiп қалса, Сапиев те қоса ренжидi-ау деген ойлар, әрине, менi зыр жүгiрттi. Мен өйткен соң, аукомолдың, аудандық пионерлер үйiнiң қызметкерлерi тiптi алашапқын болды.
Ертесi Әбекең мен баласы Әбiлтайды Алтынсарин мектебiнiң ауласында кернейлетiп, сырнайлатып қарсы алдық. Құдай-ау, не түрiнде, не жүрiсiнде, не киiм киiсiнде титiмдей болса да паңдық болсашы, қайта бiзден бетер қысылып, бiзден кешiрiм өтiнгендей кiшiрейiп, жалпы қазаққа мәшһүр Қастеев күлiмсiреп қана балаларға қайта-қайта басын изедi. Кәдiмгi әр ауылда бар ақпейiл ақсақалдың кейпi.
Мектептегi кездесуден кейiн Жаркент жүгерi зауытына бардық. Соның бәрiн баласы Әбiлтай камераға түсiрiп жүрдi. Әбекеңнiң есiмнен кетпейтiн бiр ерекшелiгi – Сапиевке көрсеткен iлтипаты. Ол кезде Шаймұханбет Сапиев – атақты басшы, обылыстағы беделдi бiрiншi хатшы, Социалистiк Еңбек Ерi, республика бойынша да ауызға iлiнiп жүргендердiң бiрi. Ондай адамға бiр-екi ауыз болса да қолпаш сөз айту, көпшiк қоя сөйлеу кiмге де болса мiндет сияқтанатын. Ал Әбекең өйтпедi, кәдiмгi өз баласының үйiне қыдырып келген адамша емiн-еркiн сөйлесiп қана жүрдi. Әркiм-әркiмге елпектей бермейтiн Шаймұхан аға да ағытылып сөйлеп, жақын ағасына жөн-жосық жасап жүргендей, бiз күтпеген кiшiлiк көрсеттi. Екi ағамның сол сыйластығы, жеке мүдеден жоғары халықтық мүдеде түсiнiп, ел қадiрлеген адамды қадiрлей бiлу қасиеттерi менi айрықша сүйсiнттi. Кiсiмсiнген, бәлсiнген бiреулерге Шәкеңнiң әдейi iстейтiн бiраз мiнезiн бiлетiн едiм, Әбiлхан ағаның қасында оның бiрiн де байқатпай, арқа-жарқа, шын пейiлмен жүрдi.
Екiншi рет Әбiлхан ағаны Алматыда ақын ағамыз Рахметолда Нұрпейiсовтiкiнде көрдiм. «Ауылдан шыққан бала. Қызметi өсiп, Алматыға ауысып келiптi, жазушылығы бар», – деп таныстырды Рахаң. Дәрiгер ғалым Қожақан Шәкенов бәрi ежелгi таныстардың әңгiмесiн айтып отырды, мен тұңғыш танысып отырған ортада тып-тыныш әңгiме тыңдадым. Атақ, абырой дегендердiң Әбiлхан ағаның мiнезiне, қылығына қылаудай да кiнәрәт түсiре алмағанына қатты қайран қалдым.
Үшiншiсiнде «Октябрь революциясы» орденiмен сыйапатталуына орай құттықтай барған бiр топ ағалармен бiрге 1971-жылы Әбiлхан ағаны өз үйiнде көрдiм. Бiз барғанда үйiнде жоқ едi, қайдан келгенi кәзiр есiмде жоқ, әйтеуiр, бiр жақтан бiзден соң келдi. Шамасы, ауруханада жатқан жерiнен уақытша шығып келдi-ау деймiн. Баяғы бұлжымайтын мiнезiмен, көсiлiп сөйлемейтiн қалпымен ортамызда отырды. Бiз жиырма шақты едiк, сондықтан ол кiсiнiң есiнде көбiмiз қалмаған да шығармыз. Алайда қарияның бет құбылысын, айтып жатқан мадақтауларға елпiлдемей, қайта қысылыңқырап отырғанын байқау маған аса бiр айрықша жаңалық болды. Сол отырыста Әбекең бiзге Қонаев жайында бiр қысқа ғана әңгiме айтты. Димекеңнiң Ғылым академиясында президент кезi болса керек. Кәзiргi Шоқан ескерткiшi тұрған арада жалғыз дамылдап отырған Әбiлхан ағаға академиядан шыққан Димекең арнайы бұрылып кеп амандасады: «Сiз Әбiлхан аға емессiз бе?» – дептi. «Иә», – дейдi бұл кiсi. «Сiздер бақыттысыздар ғой, – дептi Димекең. – Iстеген қызметтерiңiз де, өздерiңiз де – бәрi халықтың көз алдында. Бiз бүгiн мұндамыз, ертең андамыз; бүгiн мақталсақ, ертең датталамыз; қызметiмiзге де, өзiмiзге де қарамайды, қайда жұмсаса, сонда барамыз. Бiзге бiрдеме деп халық та ара түсе алмайды, бiз де халыққа бәлен дей алмаймыз».
Осы сөздi Әбiлхан аға аса бiр түсiнiстiкпен, сүйсiнiспен еске алды. Бодан елдiң қайраткерi көмейiнде тұрған тәуелдiлiктi, сiрә, солай жеткiзген-ау деп ойлаймын. Ол кезде емес, қазiр ойлаймын. Халқына өз қалағанынша қызмет жасай алмайтынын, жасатқызбайтынын бiлiп тұрған адам өз қынжылысын ол кезде одан артық қалай бiлдiрсiн-ау!
Әбiлхан ағаның жуастығы мен кiшiпейiлдiгiн бiз кейде бiржақтылау түсiнемiз. Шындығында, ол кiсi «жуастан жуан шығатынның» дәп өзi. Қайсарлығы, бекiнген iсiнен бетi қайтпайтыны, ерiну дегендi бiлмейтiн еңбекқорлығы – оның бойындағы бiлiмдiлерге есе жiбермейтiн қасиеттерi. Әбекеңнiң өмiрдегi тұрқын мына бiр жағдай жақсы бейнелейдi. Бұл әңгiменi ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Ернiс Шәкенов ағамыздан естiп ем.
Оның жiгiт кезi екен. Әлдебiр жұмыспен Жаркенттегi бiр мекемеге таңертең барады. Күзетшi әлi ұйқыда, қабаған итi бос жүрiптi. Ойында еш күдiгi жоқ Әбекең қақпаны жұлқып ашады да, аулаға кiрiп барады. Қабаған ит ес таптырмай арс етiп төсiне шапшиды. Иттiң екi аяғы мен аузы кеудесiнде. Басқа амалы қалмаған Әбекең ойланбастан иттi қапсыра құшақтай алады. Қоя берсе, ит, сөз жоқ, бiр жерiн жарақаттайды. Көмекке келе қоятын ешкiм көрiнбейдi. Ал кейпi мен тұрқын байқаса, ит анау-мынауға бой бере қоймас пәлекеттiң өзi. Мiне, ендеше деп, Әбекең иттi кеудесiне қатты қысқан күйi тұра бередi. Былқ еткiзбей тұншықтыра қысады. Бiр кезде ит ақыры сылқ етiп құлайды. Сөйтiп, Әбекең иттi құшағына қысып тұрып-ақ құлатады. Айқайламайды да, қорқып бажылдамайды да, иттiң де үнiн шығармайды, өзi де үндемейдi. Өйтiп өзiне қарсы шапқан қарсыласын құшағында тұншықтыру әркiмнiң қолынан келе бермейтiн қасиет екенiн бәрiмiз де бiлемiз. Бұл оқиға Әбекеңнiң қандай да болмасын әрi қиын, әрi тұтқиыл жағдайларда да асып-саспайтынын, жуастықпен өзiн жүндете бермейтiнiн байқатады. Бүкiл мiнезi мен болмысының негiзi осы бiр күтпеген жағдайда итпен кездескен сәтiнен айқын аңғарылады.
Әбiлхан ағаның атақ-даңқын әсiресе қатты шығарған оқиға – Амангелдiнiң суретiн салуы. Көп жұрт оған баға бергенде, айнытпай салғанын бiрiншi айтады. Әрине, көрмеген адамды өзi көргендей салу, оны көзi көргендердiң бiрден танып таң қалуы – ол да асқан шеберлiктiң белгiсi. Бiрақ Әбекеңнiң ең басты шеберлiгi – Амангелдiнiң айрықша адам екенiн айрықша көрсете бiлуiнде. Амангелдiнiң батыр екенiн бiлмейтiн бейхабар адам да оған бiрден ынта қойып, оның тегiн адам емесiн тани қарайды.
Тоны, тұмағы, қылышы, дәптерi – бәрi де оны айрықша қазақ етiп тұр. Қабағы, алысқа қадалған көзi, басылған мұрты, күтiмдi сақалы, ықшам киiнiсi мен ұқыпты жарасымы – олар да оның ойлы, қыран қазақ екенiн бiрден байқатады.
Менi ағаның қатты баурайтын тағы бiр суретi – «Талас алқабы». Бұл – қазақ даласының ғажап әуенiн бояумен бейнелеген құдiрет. Ең әуелi шексiз, шетсiз дала түседi көзiңiзге. Сонан соң сол даланың қан тамырындай иiрiлген өзендi, оның түбiн су шайған жарлары мен жағалауын, жайылып жатқан өткелiн, өткел аузында қайнаған өмiрдi, ел-жұрттың тыныс-тiршiлiгiн көресiз. Алыстан, жақыннан өзендi сағалаған ел тiршiлiгiн бiрде айқындап, бiрде сағымдатып әр қырлы бейнелейдi. Тiршiлiктiң симфониясын ауада қалқыған шат күлкiсiмен, жарасымымен полотноға дәлме-дәл әкеп түсiре қойғандай.
Ол салған табиғат суреттерi де шетiнен ғажап: дәл сол арада, қасында тұрғандай сезiнесiз. Ағаның сүйсiнiп отырып, жан-тәнiмен құлай отырып салғанын әр бояудың дәлдiгiнен, соншалықты нанымдылығынан да аңғарасыз.
Әбiлхан ағаның ең үлкен ұстазы – өмiр. Оның iшiне туған жерi, ауыл-аймағы, әке-шешесi, ата-бабасы, жалпы қазақтың жалпақ даласы – бәрi кiредi. Көрген-бiлгенiнен, естiгенiнен, азды-көптi оқығанынан ой түйген, өнер үйренген адам. Ол Хлудовтан үйренген. Бiр ғажабы: ол өзi Хлудовқа да көп нәрсе үйреткен, яғни ұстазының өзiне ұстаздық жасаған. Мен мұны жайдан-жай айтып отырғам жоқ, шынында да солай. Оған дәлел: 1935-жылдың мамыр айында Байтұрсыновтың «Суретшi Хлудовтың картиналары бойынша қорытынды пiкiрiне» Хлудовтың жазған жауабы (ҚР Орталық мемлекеттiк мұражайы, 1308-қор, 1-тiзбе, 154-iс). Хлудовтың жазуына қарағанда, Байтұрсынов ол кезде мұражай кеңесшiсi екен. Өз пiкiрiнде Байтұрсынов суретшiнiң қазақ тұрмысында не мүлде кездеспейтiн, не кездессе де сирек кездесетiн жағдайларды салғанын баса айтады. Байтұрсыновтың пiкiрi мәшiңкеге басылған, ал Хлудов өз жауабын сол мәшiңкеге басылған пiкiрдiң ара-арасына сыямен жазған. Пiкiрдiң бас-аяғы он беттен тұрады. Байтұрсыновтың кей пiкiрi жауапсыз қалған. Сiрә, оған суретшiнiң айтары жоқ болса керек. Былайша айтқанда, кемшiлiгiн мойындаған ғой.
Тұжырымдап айтқанда, Байтұрсыновтың басты сындары мыналар:
- Қазақтың ерi мен әйелiн жартылай жалаңаш көрсетуi. Оған Хлудов жауап жазбапты.
- Қазақ қыздарын бас киiмсiз, ылғи да дударбас немесе жалбырбас етiп көрсетуi. Хлудов оған да жауап жазбайды.
- Қазақ әйелдерiн жалаңаяқ көрсету. Оған да жауап жоқ.
- Жапанда тұрған жалғыз киiз үйдi салуы. Оған да Хлудов жауап бермептi.
- Адамдар мен заттарды салуы жеке-жеке алғанда дұрыс-ақ, ал жалпы тұрмыс жағдайында дұрыс емес. Оған Хлудов: «Мен не көрсем, соны салдым. Бәлкiм, қазақша нашар бiлгендiктен, композициялық қате жiберуiм мүмкiн», – дептi.
Байтұрсыновтың: «Орындалуы мен бейнелеп мазмұндауы жағынан Хлудовтың картиналары әдемi-ақ, бiрақ қазақ тұрмысын бiлетiн адам олардың ойдан шығарылған, жат әрi жалған екенiн аңғарады», – деген тұсына Хлудов: «Ол картиналарды түзету үшiн, Қазақстанның ежелгi халқынан шыққан Ходжиковке, Қастеевке жөндеуге беру керек», – деп жазыпты.
Одан әрi Хлудовтың 18 картинасына жеке-жеке нақты пiкiр айтылады. Суретшi де оның әрбiрiне әртүрлi жауап жазады. Негiзiнен қателiгiн мойындайды. Мәселен, «Бие сауу» деген картинасына айтқан сынға: «Мен мұндай нәзiк жағына жете алғам жоқ, өйткенi қазақ тiлiн нашар бiлдiм», – дептi. Содан кейiн: «Бұлар өзi орыс суретшiсiнiң мiндетiне кiрген жоқ. Мұны да суретшi Ходжиковке не Қастеевке беру қажет», – десе, тағы одан төменiректе: «Бәлкiм, бұл менiң қатем шығар, оны жоғарыда мен айтқан суретшiлер жөндей алады», – деп сенiммен айтыпты. Одан кейiн: «Мұны да қатесiн түзеу үшiн сол суретшiлерге берген жөн», – дептi.
«Азалы көш» картинасына қатысты әдет-ғұрып жөнiнен айтқан пiкiрлерiне де Хлудов: «Мұны Ходжиковке не Қастеевке жөндеу үшiн ұсынған жөн», – дейдi.
Хлудовтың бұл жазбаларына қарағанда, Қастеевтi ол қазақ ауылының тұрмыс жағдайын, күнделiктi тiршiлiгiн өзiнен тәуiр бiледi деп мойындағаны, яғни оны тыңдағаны аңғарылады. Ұстаз бен шәкiрт бiр-бiрiмен өстiп ұстаздық алмасқан екен.
Табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында бiлiмпаз замандастарынан ешбiр кем түспеген, табиғи iзеттiлiгi және туа бiткен мәдениеттiлiгiмен сыртынан жылтырап жүретiндерден оқ бойы озып өткен ағамен аз ғана сөйлесiп, сәл ғана қасында болғаныма мен өзiмдi бақытты сезiнем. Қазақтың кәсiби суретшiлiгiне тұңғыш түрен салған аға әрдайым қазақтың есiнде.
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ