Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын өнімдер мен эпидемиялық мәні бар объектілердің тізбесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-220/2020 бұйрығына сәйкес:
— барлық түрдегі мектепке дейінгі тәрбилеу және оқыту объектілері;
— балалар мен жасөспірімдер тұратын барлық түрдегі және типтегі білім беру және тәрбиелеу объектілері;
— ұйымдастырылған ұжымдардағы (мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту ұйымдарындағы, интернат ұйымдарындағы, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарындағы, вахталық кенттердегі, құрылыс алаңдарындағы, өнеркәсіптік объектілердегі) қоғамдық тамақтану және сауда объектілері;
— балалар мен жасөспірімдер тұрмайтын білім беру объектілері, білім беру объектілерінің жатақханалары;
— тәрбиелеу мен білім берудің арнайы, түзету кабинеттері (орталықтары), балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталықтары эпидемиялық мәні жоғары объектілерге жатады;
— техникалық, кәсіптік, ортадан кейінгі және жоғары білім беру объектілері;
— балалар мен жасөспірімдердің демалыс, дене тәрбиесі және шығармашылық қасиеттерін дамыту объектілері (қосымша білім беру мекемелері), балалар мен жастардың шығармашылық орталықтары, музыка, спорт және көркемөнер мектептері, балалар-жасөспірімдер орталықтары, аулалық клубтар, жас натуралистер станциялары, оқу-өндіріс комбинаттары және мектептен тыс ұйымдар эпидемиялық мәні болмашы объектілерге жатады.
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсетудің кейбір мәселелері туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-336/2020 бұйрығына сәйкес (әрі қарай — №ҚР ДСМ-336/2020 бұйрығы), эпидемиялық мәні жоғары объектілер қатарына жататын білім беру объектілері, қызметін бастамас бұрын міндетті түрде санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу қажет, ал эпидемиялық мәні болмашы объектілер хабарлама жіберу қажет.
Санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды – мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мен қадағалау объектілерінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігін растайтын құжат.
Санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар аудандық, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларымен «электрондық үкімет» www.egov.kz, www.elicense.kz веб-порталы арқылы 13 (он үш) жұмыс күні аралығында тегін көрсетіледі.
Мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін құжаттардың тізбесі:
- көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы өтініш;
- №ҚР ДСМ-336/2020 бұйрығының 8-қосымшасында көрсетілген қажетті зертханалық-аспаптық зерттеулерге (сынақтарға) сәйкес аккредиттелген зертханалар жүргізген зерттеулер (сынақтар) хаттамаларының электрондық көшірмесі.
Самат Ахметов,
Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары.










