Жаңа Конституция жобасында білім мен ғылым мәселесіне айрықша мән берілуі – ел болашағын стратегиялық тұрғыдан бағамдаудың айқын көрінісі. Қандай қоғам болмасын, оның дамуы ең алдымен сапалы білім мен іргелі ғылымға сүйенеді. Сондықтан конституциялық деңгейде бұл салалардың мәртебесін айқындау – мемлекеттің ұзақ мерзімді даму бағытын нақтылаумен тең.
Конституция – мемлекеттің негізгі заңы. Ол тек билік тармақтарының жұмыс тәртібін белгілеп қана қоймайды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, әлеуметтік кепілдіктерін де айқындайды. Осы тұрғыдан алғанда, білім алу құқығының нақты әрі түсінікті түрде бекітілуі – әрбір азамат үшін тең мүмкіндік қағидатын нығайтады.
Жаңа жобада білім беру ісі мемлекеттің басты міндеттерінің бірі ретінде қарастырылады. Бұл – балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейінгі жүйенің сапасына мемлекет тікелей жауапты деген сөз. Білімнің қолжетімділігі мен сапасы қатар жүруі тиіс. Себебі тек диплом емес, терең білім мен кәсіби құзыреттілік елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайды.
Ғылым мәселесі де жаңа конституциялық бастамада ерекше маңызға ие. Ғылыми ізденіс еркіндігі, зерттеулерді қолдау, инновациялық жобаларды дамыту – экономиканың жаңа моделіне көшу үшін шешуші фактор. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде білім мен ғылымды дамытпай, Жаңа Қазақстанды құру мүмкін еместігін бірнеше рет атап өтті. Бұл ұстаным конституциялық өзгерістерде де көрініс табуы – заңдылық.
Білім мен ғылымды қолдау тек қаржыландырумен шектелмеуі керек. Мұнда академиялық еркіндік, ғылыми адалдық, жас ғалымдарды ынталандыру, зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу секілді кешенді мәселелер қамтылуға тиіс. Конституция осы бағыттарға құқықтық негіз қалыптастырса, салалық заңдар арқылы нақты тетіктер іске асады.
Сонымен бірге, ұлттық құндылықтар мен заманауи талаптарды ұштастыру маңызды. Қазақ тілі ғылым мен технология тіліне айналмайынша, толыққанды рухани тәуелсіздік туралы айту қиын. Сондықтан білім беру саясаты мемлекеттік тілдің әлеуетін арттырумен сабақтас болуы қажет.
Жаңа Конституция жобасындағы білім мен ғылымға қатысты нормалар – тек салалық өзгеріс емес, елдің өркениеттік таңдауын білдіреді. Интеллектуалды ұлт қалыптастыру – жай ұран емес, құқықтық негізі бар мемлекеттік міндетке айналуы тиіс.
Халықтың таңдауымен қабылданатын Негізгі заңда білім мен ғылымның басымдыққа ие болуы – болашаққа салынған инвестиция. Себебі бүгінгі оқушы мен жас ғалым – ертеңгі ел тірегі. Конституциялық деңгейде берілген кепілдік олардың еркін дамуына, жаңа идея ұсынуына және ел игілігіне қызмет етуіне жол ашады.
Қайсар СЕИТҚОЖАЕВ,
Панфилов аудандық білім бөлімінің басшысы










