Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы дәстүрлі Жолдауында айтылған партиялық тізіммен бір палаталы Парламент құру мәселесіне қатысты 2027 жылы жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастамасын халқымыз бірауыздан қолдайды деп сенемін.
«Егер бір палаталы Парламент құру керек деген ортақ шешімге келсек, онда бір партиялы тізім бойынша ғана жасау керек деп санаймын. Бұл әлемде кең тараған тәсіл. Осылайша, Мәжілістің барлық құрамы өз ісімен айналысады. Сенат жаңа сайлау өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді.
Мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет. Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сенат өз кезегінде еліміздегі тұрақтылықты қамтамасыз ету миссиясын орындады. Бұл мәселе осыған дейін де қоғам тарапынан орынды көтеріліп келген болатын. Бұл бастама биліктің қайнар көзі халық екені туралы Конституциялық қағидаға толық сәйкес келеді.
Азат ЖАПАРҰЛЫ,
Панфилов аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы










