Бүгінде тәуелсіз елімізде Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің дамуына мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалған. Атап айтқанда, еліміздегі этномәдени бірлестіктердің саны 800-ден асады, оның ішінде 28-і республикалық, 15 тілде әртүрлі газет-журнал, 8 тілде радиобағдарламалар, 7 тілде телебағдарламалар шығады. Білім беру саласында 88 мектепте өзге этностардың балалары өз ана тілінде білім алады, 5 ұлттық театр жұмыс істейді. Қазақстан этностарының ана тілдерінде жыл сайын ондаған кітаптар жарыққа шығып келеді. Сонымен бірге ел аумағында халықтық мерекелер де бірге тойлануы игі дәстүрге айналған.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылы 29 сәуір Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХХІ сессиясында берген этносаралық қатынастар саласында этномедиация және кәсіби келіссөз жүргізушілер курстарын ұйымдастыру туралы тапсырмасына (№ 22-35-2.2 (2-4 тармақ) сәйкес 2024 жылғы 25 ақпан – 1 наурыз аралығында Жетісу облысы, Панфилов ауданы (Жаркент қаласы, Атамекен, Шолақай ауылдары) этномедиация курсын өткізу жоспарлануына байланысты ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері жұмыс кестесі бойынша аудандық мәдениет үйінде «Панфилов ауданының қоғамдық бірлестіктері мен тұрғындарына этносаралық қатынастардың өзекті мәселелері бойынша алдын-алу және түсіндірме жұмыстарын жүргізу» атты тақырыпта аудандық мәдениет үйінде маңызды іс-шара өткізді.
Еліміздегі этносаралық бірлік пен татулықты нығайтуға бағытталған іс-шараға аудандағы мемлекеттік, квазимемлекеттік, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың, білім беру, медицина мекемелерінің басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының, діни, жастар ресурстық орталығы ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қала мен ауылдық округтердің әкімдері, аралас мектептердегі 9-11 сынып оқушылары, медиаторлар мен этномедиаторлар қатысты.
Айтулы шараны аудан әкімі Марат Рахымбердіұлы Сағымбек ашып, Жаңа Әділетті Қазақстанның экономикалық тұрақты дамуын қамтамасыз ету жағдайында басты міндет – этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісім негізінде қоғамды ұйыстыру мен стратегиялық басымдық ретінде қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген Ұлт Бірлігіне жету болып табылатынын және жазиралы Жаркент өңірінде бірлігі мен тірлігі өзара үйлесім тапқан 30-дан астам ұлттар мен ұлыс диаспорасының өкілдері татулық пен бірлікте тұрып жатқанын баяндады.
Ақпараттық-түсіндірме тобы жұмысымен ауданға келген Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Баймульдинов өзі киелі һәм ынтымағы жарасқан Жаркент жерінде Жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолында аянбай татулық пен бірлікте еңбек етіп жатқан аудан тұрғындарына өз ризашылығын білдіріп, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа экономикалық саясатқа көшу, азаматтарымыздың сана-сезімін жаңғырту және этносаралық қарым-қатынастарда да ел аумағында жаңа форматта кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын қысқаша баяндады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама Кеңесінің төрайымы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Садуақасов қазақ халқының тектілігі, бауырмашылдығы, кең пейілділігі мен қонақжайлылығы арқасында Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс диаспорасының өкілдерінің өздеріне мекен тауып, өсіп-өркендеп, елімізді дамытуға өз үлестерін қосып жатқанының өзі мемлекетіміздегі этносаралық қарым-қатынастың ерекше үлгісінің нәтижесі екенін атап өтті. «Халық үнін еститін Үкімет» қалыптасып келе жатқаны билік пен халықтың арасында өзара диалогтың басталуынан көруге болатынын да атап көрсетті. Халқымыздың санының 20 миллионға жетуінің және оның басым бөлігін жасы енді 30-ға келген жастар құрайтынын және этносаралық қатынастарда болашақта мемлекет тұтқасын ұстайтын жастар арасында әртүрлі келеңсіз жағдайлардың орын алмауы үшін алдын ала ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын қоғам институттары мен көпшілік болып жүргізу керектігін атап айтты.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі этносаралық жұмыстар жөніндегі аймақтық Комитетінің Бас сарапшысы Бекжан Сәрсембаев этносаралық қатынастарда бүгінгі күні өзекті мәселелерді талдау және оңды шешімін табу бойынша жергілікті жерлерде билік, құқық қорғау және өзге де ұйымдар тарапынан жүргізілетін қажетті жұмыстар туралы түсіндіріп, қатысушыларға өз тарапынан кез келген әдістемелік көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы медиаторлар Кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов Асссамблеядағы медиаторлар Кеңесінің бірнеше бағытта қызметтер атқаратынын айта келе Ассамблея шеңберінде этномәдени медиаторларды дайындау, жинақтаған тәжірибе бойынша қажетті іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында іссапармен көпэтносты Түркістан, Жамбыл облыстарына барып, жағдайлармен танысып, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізгенін баяндады.
Кез келген көпэносты аймақтарда кішігірім тұрмыстық дау-жанжалдан туындайтын ұлтаралық келіспеушіліктерді болдырмау мақсатында профилактикалық жұмыстарды сауатты жүргізу керектігін және Ассамблея аясында дінаралық және этносаралық татулықты нығайту мақсатында қабылданған бағдарламалар туралы айтты. «Ауруын жасырған өледі» деген аталы сөзді аузына алып, бар мәселені басынан ушықтырмай, әділетті шешу керектігіне тоқталды.
Аудан тұрғындары атынан сөз сөйлеген аузы дуалы, дана қарияларымыз – Жаркент қаласының тұрғыны Рехимжан Тохтахунов, Көктал ауылдық округі ақсақалдар ұйымының төрағасы Сайлау Солтанқұлов, аудандық ақсақалдар ұйымының төрағасы Тоқтарбай Керімқұлов, славян мәдени орталығының өкілі Алена Коляда, Жаркент қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Нұрләби Рақымжанов, Үшарал ауылдық мешінің имамы Дәурен Сағымбек өз сөздерінде этносаралық татулық пен бірлікті сақтаудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының әлемге үлгі боларлық жұмыстар атқарып жатқанына өз ризашылықтарын білдіріп, қазақтың дүние пайымындағы ұлттық құндылықтарды мемлекеттік деңгейде насихаттау, ауызбіршілікті сақтау, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, жас ұрпақты пайдалы еңбекке, білімге, инновацияға баулу, патриоттық рухта тәрбиелеу, қандай этностың өкілі болмасын Отанымызды қорғауға дайындау және жат діни ағымдардың ықпалынан сақтау жөніндегі келелі ойларын қазақтың ұлы тұлғаларының даналық сөздерімен өрнектеп, өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Айтулы іс-шараны қорытындылаған аймақ халқының мәселесін шешуде инновациялық көзқарас танытумен һәм креативті ойлаумен ерекшеленетін өңір басшысы Марат Рахымбердіұлы Сағымбек халықтың жағдайын жақсарту мақсатында іске асып жатқан ауданға инвестиция тарту, ірі халықаралық жобалар, инфрақұрылымдық жүйелерді, өндіріс орындарын іске қосу, мәдениет, білім беру, спорт кешендерін салу бойынша билік пен іскер азаматтар тарапынан атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайлы айта келіп, этносаралық және дінаралық қатынастарда келеңсіз жағдайлардың орын алмауы үшін олардың алдын алудың тиімділігін айрықша атап көрсетті.
Ынтымағы зор елдің ырысы мол болатынын, байлық байлық емес, бірлік байлық екенін ұлылардың даналық сөздерімен шебер түйіндеді. Асссамблеяның халқымыздың тұтастығын, бірлігін нығайтуға, азаматтарымызды қоғамдық-саяси өмірге жұмылдыруға, ілгерілетуге зор үлес қосатынына сенім білдірді.
Сонымен бірге өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілімізді өз ана тіліндей меңгеріп, республика деңгейінде өткен шараларда жеңістің ең жоғары тұғырынан көрінгенін де ерекше тебіреніспен атап өтіп, мемлекет деңгейіндегі аса өзекті мәселені аудан аумағында талдап, оның нақты шешу жолдарын көрсетіп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелеріне аудан тұрғындары атынан өз жүрекжарды алғысын айтып, игі тілегін білдірді.
Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ,
заңгер-журналист