Қазақстан тұрғындары азаматтарының 80%-ы мемлекеттік тілді меңгерген
Жалпы ел президенті Қ.Тоқаев өз жолдауларында тіл мәселесін ешқашан назардан тыс қалтырған емес. Неге десеңіз еліміздегі ынтымақ бірліктің тіл саясатына тікелей қатысты екендігі бәріне де түсінікті жағдай. Мемлекеттік тіл — мемлекеттің саяси дамуындағы ең бір стратегиялық маңызды факт және мемлекеттік тілді меңгеру кез-келген этнос өкілінің, әрбір қазақстандықтың мәдени деңгейінің көрсеткіші болып табылады. Әрбір қазақстандық патриоттың азаматтық міндеті — мемлекеттік тілді саналы түрде меңгеріп құрметтеуінен көрінеді.
Мысалға алсақ: Алматы облысынан бөлінген біздің Жетісу облысындағы 8 аудан, 2 қаланың бәрінде тілге қатысты мекемелердің бәрінде штаттық бірлік пен материалдық-техникалық базаларының үкіметіміз бен облыс әкімінің қамқорлығы арқасында талапқа сай жасақталған. Сонымен қатар республиканың барлық өңірінде «Тілдерді дамыту басқармаларының» атқарып жатқан қызметтері туралы және еліміздегі жалғыз «Тіл сарайының» да біздің Жетісудың облыс орталығы Талдықорғанда екендігін мақтанышпен айтуымызға әбден болады.
Және де біздің қазіргі Қазақстан Республикасы аумағында тілге қатысты проблемалар баршылық. Ал, оларды шешудің бір тетігі ретінде қарастырылып, тілдерді оқытудағы белсенді әдістер мен технологияларды жиі қолданудың атқарар қызметі орасан. Ол үшін республика көлеміндегі үздік деп танылған тілші ғалымдардың озық әдістемелерімен мақсатты түрде танысып өзара іс-тәжірибе алмасу негізгіндегі шараларды бірізділікке салып жандандырғанымыз жөн болар деген ұсынысым да бар.
Тәлімі мен тағлымы мол аталмыш дәрістер мен көшпелі семинарлардан әр қатысушы мәні мен мағынасы терең рухани азық алып, бір марқайып қалары сөзсіз. Және осындай өткізіетін іс-шараларда – Қазақстан халықтары арасында тіл бірлігін қамтамасыз ету мен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын жан-жақты дамыту, сондай-ақ, мемлекеттің тіл саясаты мәселелерін жүзеге асыруға әр азаматтың міндетті түрде үлес қосудағы белсенділіктер барынша арттырылсын деген сыңайдағы іс-әрекеттер де кеңінен қамту қажет.
Ол үшін біршама тілдік ерекшеліктерге тоқталып өтелік. Мәселен, жоғарыда айтылған қаншама ұлттық құндылықтармыздың астарында жатқан мәдени-семантикалық ұғымдар мен «Тіл танымы» білімдерінің сабақтастығы және алшақтықтығы туралы. Мысалы, ондағы алшақтыққа- тіліміздегі ауызша және жазбаша түрдегі айтылуындағы ерекшеліктер жатады.
Себебі, қалай жазылса солай оқу дұрыс еместігінен, мысал келтірер болсақ: үлкен-деп жазылғанмен, оқылғанда «үлкөн»-деп айтылатындығы. Тағы сол сияқты – үтір, нүктелердің қойылуы, сөйлеу мәнеріндегі дикция, интонация туралы да көптеген тұщымды ойлар мен зерттеулер айтылып, тіл ғылымы саласынан біршама дәлелдер мен дәйектер келтіріліп, үлкен аудиторияларда тілге қатысты дәрістер де барынша көптеп оқылуы керек-ақ.
Мысалға, ертеде ауызша тіл кеңінен қоданылса, орта ғасырлардағы экономика саласындағы — сауда, дипломатия және салық түрлерінің дамуы жазба тілдің жаңа сатыда қарқын алуына өте күшті ықпал еткен еді. Тағы бір ерекшелік яғни, жазба тілді жоғарғы топтағы элита ғана түсініп білген. Демек, қазіргі таңда ауызша мен жазбаша тілдің шығу тегі мен қолданысы, қарым-қатынастағы пайдаланыуы ғылыми тұрғыда тереңдетіп зерттелуі күн тәртібінен түспеуі тиіс екендігін уақыт өзі көрсетіп отыр.
Ал, оның енгізілуі, оқытылуы ауызша тілдің айтылуы мен дыбысталуынан басталып, жас ұрпаққа балабақшадан, бастауыш сыныптардан бастап үйреткені абзал. Мәселен, жазылғанда – «ала қарға» десек, айтылғанда- «алағарға», «қысқы киім» -деп жазылса, айтылғанда – «қысқыгиім» деп өзгеріске ұшырайды. Міне, мұндағы ерекшеліктер әсіресе ұстаздар тарапынан шәкірттерге білім беру барысында қатаң әрі жиі түрде ескерілуі тиіс деп ойлаймын.
Тағы бір ерекше назар аудадарлық жағдай қазақ тіліндегі қолданылып жүрген көптеген термин сөздердің жіктелуі мен мән-мағынасының терең мазмұнды болатынына көз жеткізу. Мысалы: «контент» сөзі – атаудың немесе уақиғаның, әрекеттің мазмұнын білдеретіндігі, «Ахлақ» — мораль (осынау қоршаған орта мен тіршіліктегі жазылмаған заңдар жинағы), «діт» — көзқарастағы, қарым-қатынастағы емеурінді білдірсе, «лингвокогниттік» — өз ойыңды ыммен, қас-қабағыңмен білдіру екендігін көңіліңізге түйіп қойыңыз. Мінекей, ана тіліміздегі осындай тілдік ерекшеліктерді саралап қолданыс аясында ескергеніміз де білімімізге білім қосары анық.
Сонымен қатар, «14 ай» дегені айдың толысуы кезеңі болса, «сайыпқыран» сөзі – күн жүйесіндегі 9 ғаламшарлардың бір сызық бойына жиналған сәтінің бейнесі, ал, «Теке бұрқақ» дегеніміз, аталардың айтуы бойынша қараша айындағы текелердің күйекке түсу кезеңін айтады екен. Ал, «жомарттың» да – атымтай және қасым болып бөлінетіндігін, «жайлауымыз» малға жәйлі, шөбі шүйгін жайылымды білдірсе, «қыстауымыздың» қысқы күнгі боран мен суықтан қорғайтын пана, ықтасын жерде орналасқан қоныс екенін де біліп жүргеніміздің еш сөкеттігі жоқ. Діндегі жиі айтылатын «4 шадиярға» — Омар, Осман, Әли, Әбубәкір жататынын, «өнердің» кәсіп, іс екендігін, ертедегі киіз үй жасаушы ұстаны – «моршы», қыста қарды тебіндеп жайылатын жылқы малын «ақ мал» деп әспеттегенін, бүкіл қазақты бір дастархан басында тоғыстырған астың – «қымыз» болғандығын да көңілге түйіп, жадымызға сақтап алғанымыз абзал.
Әрмен қарай жалғастырар болсақ, даланың жабайы жануарларын – «қоңыр аң» атаса, құстарды – «қыранқұстар» (тапқан тамағын қанын ыстықтай ағызып жейтін) және «қарақұстар» (өлексе жейтіндер)» деп екіге жіктеген. Және де «қылқұйрық» — деп жаугершілік заманда атқа мінуге жарайтын еркек кіндіктілердің түгелдей жауға қарсы аттануын айтса, «Құлға да бір күн бостандық» деп, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз қасиетті мейрам Әз Наурызда құлдарды әсем киіндіріп, жақсы аспен жайылған дастарханға шақырып, төрге шығарып құрмет көрсету салтын айтқан екен.
Сондай-ақ, тіл саясаты бағытында жеткен жетістіктерімізбен қатар кешіліктер де жоқ емес. Мысалы, «А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының» директоры, белгілі ғалым ф.ғ.к. Анар Мұратқызы Фазылжан кезекті бір сұхбатында өзі басқарған мекеменің «Тіл проблемаларын» ғылыми тұрғыда зерттеумен айналысатындығын және қазақ тілінің әлемдік лингвистиканың бір тармағы болып табылатындығы туралы айтып өтті. Сондай-ақ, орны толмас олқылықтың бірі ретінде, мысалға — орыс, ағылшын, қытай тілдерін зерттейтін институттар тек сол Ресей, Англия, Қытайда ғана емес шет елдерде де бар екендігін, ал, қазақ тілін ғылыми зерттеу институты осы жалғыз «А. Байтұрсынұлы атындағы институт» ғана, одан басқа ондай мемлекеттік деңгейдегі мекемелердің жоқтығын да ескертіп өтті.
Әрине, бұл елдігімізге сын жағдаят. Әлемдегі сөздік қоры бай, тарихы да терең ана тілімізді шет елдерде де жан-жақты дамытуды мемлекеттік деңгейде арнайы бағдарламалар жасалып жедел түрде қолға алынса нұр үстіне нұр болар еді – деген пікіріміз де бар.
Және де «Ұлт» — деген адамдардың ғана емес олардың ой-сана мен ұғымдарының, түсініктерінің жиынтығынан тұратындығын бәріміз де білеміз.
Мәселен осы тұрғыдағы өткізілген мониторинг көрсеткіші бойынша, 2021 жылғы санақ қортыныдысында Қазақстан тұрғындарының 5 жастан және одан үлкен жастағылардың 17 млн. астам азаматтарының 80%-ы «Мен мемлекеттік тілді меңгергенмін» деп жауап берген. Бұл дегеніңіз еліміздегі ана тілі мен руханиятымыз үшін үлкен жетістік!
Ал, бұның 12 млн. жуығы ел мен жердің иесі қазақ ұлтының өкілдері екендігі көңілге үлкен қуаныш сыйлап мәртебемізді өсірді. Демек, алдағы жылдары қазақ тілі өз тұғырына қонып, біртұтас мемлекеттік тіл, қазақ тілінде сөйлейтін елге айналатынымызға деген сеніміміз мол.
Осындай бағытта білім алған балалардың тілдік қоры мол болатынын, «Тілге – құрметтің, елге – елге құрмет» екендігін, келешек ұрпақтың ана тіліне деген құрметінің артуы, кез-келген қазақ азаматының қасиетті парызы екендігін санамен түйсініп, іспен дәлелдеу бәріміз үшін үлкен абырой. Және де тіл-тағдыры, мемлекет тағдырымен үндес екендігін сезінген шынайы патриотқа туған халқы әрдайым зор ризашылық пен құрмет көрсетері баршамызға аян мәселе. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып ана тіліміздің абройы әрдайым асқақ болсын, ағайын!
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Жаркент қаласы.