ЖАРКЕНТ – АЛТЫН МЕКЕНІМ
Айбатты Арқас таудың бөктерінде.
Мың сапар тарйық жазған өткеніне.
Сан белесті шежіре етіп жатыр міне,
Жаркент – ұлы құрлық өткелінде.
Жібек жол бабалардың салған ізі.
Тоқтамай керуенді көш жазы-күзі.
Ұлы дала төсінде бұл өңірді,
Мойындаған сауда мен дүние жүзі.
Басын сүйеп ақ бас шың Арқасына.
Елік, Марал, Тау ешкі жартасында.
Аяғын Іле өзені бөліп жатыр,
Гүлденген қаланы алып ортасына.
Төрт түлік мал төскейі тұнған бақыт.
Жеміс-жидек, бау-бақша иісі аңқып.
Киелі ағаш, Арасан, Орбұлағы,
Келген жанды алады баурап тартып.
Жүгері – алтын астық, жасыл алқап.
Крахмалын шетелдік алар мақтап.
Əр ұлт халқы бір ананың баласындай,
Келеді береке мен бірлік сақтап.
Осындай Жаркенттің қойнауы құт.
Нұркент бой көтерді жасыл жақұт.
Темір жол күні-түні дамыл таппай,
Боздайды боз атандай жүгін артып.
Дүниеге есік ашып Алтын Көлі.
Жайнады құмды алқап, қуаң жері.
Еуропа құрлығына кетіп жатқан,
Вагоннан қайысады жердің белі.
Өркендеп қаласы да, даласы да.
Ұрпақтың білім құйып санасына.
Күрестен дүниені мойындатқан,
Ел риза Нұрбақыттай баласына.
***
ОРБҰЛАҚ
Қар басқан Арқас таудың қатпарында,
Əйгілі Белжайлаудың шатқалында.
Үш жүз жетпіс бес жыл бұдан бұрын,
Татитын шайқас болған мақтануға.
Жоңғардың аласұрып тұрған кезі,
Қазақтың ата жауы нағыз өзі.
Бейбіт жатқан берекелі қалың елді,
Таптауға өскен екен арам безі.
Елу мың қолын жинап аттаныпты,
«Қазақты жоямыз» деп мақтаныпты.
Сол кезде бабаларым айла асырып,
Ор қазып жолын кесіп сақтаныпты.
Салқам Жəңгір қазаққа ұран тастап,
Алты жүз əскерменен жауды жасқап.
Қалмақты қан қақсатып қойша қырды,
Жай түскендей төбеден жатты таптап.
Кең даламнан жиналған өңкей батыр,
Жау жүрек ерек екен мыңға татыр.
Тау жаңғыртып аттандап қамауға алып,
Орнатыпты бастарына заман ақыр.
Осындай бақ пен сордың арасында,
Айналыпты қан майдан борасынға.
Жалаңтөс Баһадүрдей батыр бабам
Көмекке келген екен сол арада.
Дұшпанның үні өшіп, десі қайтып,
Даламыздан безіпті кеші батып.
Шешуші шайқас болған осы ұрысты,
Халқымыз «Орбұлақ» деп кеткен айтып.
Тағдыр-ай, кім салмаған қазақты отқа,
«Мың өліп, мың тірілген» машақатқа.
«Орбұлақ» деп аталса ауданымыз,
Ие боп тұрар еді нағыз атқа.
***
НАУРЫЗ КЕЛДІ
Науырыз келді, ағайын, ырыс келді.
Бусандырып ақ желек күміс жерді.
Қыраттарда қасат қар тершіп жатса,
Күнгейлерде бəйшешек бүршіктеді.
Наурыз келді, береке, бірлік келді.
Он сегіз мың ғаламға тірлік келді.
Ұзын сары құдаға сақтап қойған,
Алып шықты əз əже жіліктерді.
Наурыз келді, құт келді, қуат келді.
Маужырап күн, манаурап шуақ келді.
Қыдыр ата қыдырып əр ауылды,
Берекеге шақырды мұратты елді.
Науырыз келді, əр үйде қазан қайнап.
Қыстан аман шыққанын жатыр тойлап.
Күнменен түн теңеліп наурыз да,
Мəре-сəре халқым жүр күліп-ойнап.
***
ҰҒЫП АЛ
Жүйріктің де сыны бар.
Жақсының да міні бар.
Қылшылдаған қылыштың,
Қылауын жапқан қыны бар.
Əлемге түскен жарықтың,
Тас қараңғы түні бар.
Азулы арлан қасқырдың,
Жер астында іні бар.
Бір тал қисық шегенің,
Өз алдына құны бар.
Ел басқарған ханның да,
Біз білмейтін мұңы бар.
Түпсіз терең шыңыраудың,
Қол жететін түбі бар.
Жаратушы Алланың,
Адамзат деген құлы бар.
Халқым деген басшының,
Көптен басқа кімі бар?!
Тексіз дінсіз басшының,
Жемқор деген жыны бар.
Отаным деп, елім деп,
Олар қашан ұғынар.
Арын сатып ақшаға,
Барған сайын құнығар.
Тау биікпін дегенмен,
Оның да асқар шыңы бар.
Су тұнықпын дегенмен,
Түбінде жатқан құмы бар.
Жалғыздың да үні бар.
Құмырсқаның да күні бар.
Ойланыңдар жігіттер,
Əр нəрсенің сыры бар.
Əр заманның қыры бар.
Шексіз, шетсіз дүниенің,
Заңдылығын ұғып ал.
***
АЛАШ РУХЫ СӨНБЕЙДІ
Өмірдің мəні,
Көңілдің сəні,
Адалдық – ардың қуаты.
Жақсының жаны,
Ізгілік дəмі,
Береке – бірлік суаты.
Алланың берген ғұмыры,
Адамзаттың тұғыры.
Береке, бірлік,
Тыныштық, тірлік –
Ұлы дала талғамы.
Ел үшін ерлік,
Азаттық дерлік –
Алаш орда арманы.
Көтеруге көк туды.
Қазақ халқы бел буды.
Желтоқсан желі,
Азаттық лебі,
Алаштың ізбасарлары.
Таптатпай арын,
Төккен ғой арын,
Ұлтымның жанашырлары.
Рухы биік алашым,
Көтерді қазақ санасын.
Ұраным – Алаш!
Болмасын талас.
Ұлы жолын жалғайық.
Бөлінбей жүзге,
Қалдырған бізге,
Арманынан таймайық.
Қыран құстай самғайық.
Алауыз əсте болмайық.
Күн нұрындай жайнайық.
Ұрпақтың қамын ойлайық.
***
ОТАНЫМ СЕН ДЕП
Отаным сенің мерейің деп келдім.
Бойдағы барды берейін деп келдім.
Елім деп туған, еңіреп туған,
Отаншыл ерге ерейін деп келдім.
Бабалар рухы қолдаған елге,
Тыныстап өсіп-өнейін деп келдім.
Тыныштық тірлік бірлікті бұзған,
Сұмдармен алысып, өлейін деп келдім.
Шаттықпен туған ұрпақтар үшін,
Шаттанып бірге күлейін деп келдім.
Кең-байтақ осы өлкеміз үшін,
Маңдайдан терді төгейін деп келдім.
Шет асып бір кез қапыда кеткен,
Бабалар ісін төлейін деп келдім.
Бір тамшы термен, бір тамшы қанмен,
Арманның гүлін егейін деп келдім.
Отаным сенің арайың деп келдім.
Шүлен шуағыңа қанайын деп келдім.
Сұлтан болып жүргенше шетте,
Ұлтаның болып қалайын деп келдім.
Отаным сенің нуың деп келдім.
Қазақи кəусар суың деп келдім.
Жер шарының желкенін ұстап,
Беліңді бекем буын деп келдім.
Ғасырлар бойы жоғалып кеткен,
Көк жасыл көркем туың деп келдім.
***
ТАУҒА БАРЫП ҚАЙТАЙЫҚ
Тауға барып қайтайық, тауға барып.
Көк шалғынға жатайық аунап алып.
Қарғалдағы мұз жарған жартастармен,
Қызғалдағы гүл ашқан маңға барып.
Бабам бізге қалдырған бұл даланы.
Аралайық көк жасыл гүл даланы.
Тауда өскен қара шал, қара кемпір,
Біз бармасақ ағайын мұңданады.
Барайық анау белең қыраттарға.
Шөлді басып қайтайық бұлақтарға.
Ұлы тауда ұлан-асыр өмір жатыр,
Амандасып қайтайық жұраттарға.
Тауға барып қайтайық кең тыныстап.
Бал бұлағын ішейік қос уыстап.
Қарағаймен қайыңды аралайық,
Бұғауланбай еркін өскен елге ұқсап.
Тауда жатыр ұлылық ұлағатта.
Кеңдікте сан ғасырғы мұрағатта.
Тауда жатқан қазақтың қан мен терін,
Көрсетейік кейінгі жұрағатқа.
***
ӨМІР ДЕГЕН
Өмір деген – өгей ана жетім қыз.
Өмір деген – жауын-шашын қатқан мұз.
Өмір деген – белең, белес, асқар шың.
Өмір деген – ойлы-шұңқыр, шыңырау құз.
Өмір деген – алыс-беріс, арпалыс.
Өмір деген – барыс-келіс қалтарыс.
Өмір деген – ақ пен қара, күн мен түн.
Өмір деген – жалбарыну, жалтарыс.
Өмір деген – өзін-өзі тауысу.
Өмір деген – құшақ жаю, қауышу.
Өмір деген – əке, бала, немере,
Өмір деген – ғасыр, ғайып, ауысу.
Өмір деген – өкініш пен өтірік.
Өмір деген – тау тағысы, бөлтірік.
Өмір деген – топырақ татыр тойғанда,
Өмір деген – тізгіні жоқ есірік.
Өмір деген – азаптану, арлану.
Өмір деген – қасіретте қарману.
Өмір деген – биіктерге қол жетпей,
Өмір деген – өтірікке жалдану.
Өмір деген – зарықтыру, зарлану.
Өмір деген – арпалыста алдану.
Өмір деген – қисық сөзге қыртиып,
Өмір деген – шамырқану, шамдану.
Өмір деген – қайыры жоқ қаймана.
Өмір деген – құм санайды пайдаға.
Өмір деген – қайыршы мен байға да,
Өмір деген – өтер, кетер жəй ғана.
Өмір деген – байлығыңа мастану.
Өмір деген – топырақты жастану.
Өмір деген – өркеші көп өзенде,
Кірпік қақпай қайығыңды басқару.
Өмір деген – патшаға да тақ беру.
Өмір деген – кедейге де бақ беру.
Алаяқтар аңдып тұрып тасада,
Өмір деген – жауыздықпен тап беру.
***
АРЛЫ БОЛ БАЛАМ
Арлы бол балам, арыңды сатпа атаққа,
Атаққа құмар жүреді ылғи қосақта.
Қомағай болма, ашкөздік – ардың ажалы,
Түсірер бір күн жетелеп барып тозаққа.
Біреулер жүрер атақты қуып шаң қылып.
Біреулер жүрер көрсетіп елге паң қылық.
Адалдықпенен биіктерге жеткенің,
Адамдыққа да, азаматқа да тəн қылық.
Мəнсапта емес, байлықта емес мəңгілік.
Ханнан да қалған, байлар да қалған қаңғырып.
Арлы бол балам, еліңді сатпа, жеріңді,
Отанды сүю – ерліктің ісі, заңдылық.
Көрге де кірер алтыннан қамал үй еткен,
Жерге де түсер самғаған қыран биіктен.
Адамбыз балам, адам боп мəңгі жүрейік,
Жаратты Алла адамды ет пен сүйектен.
Алмалы ауылы.