Әділ деп атым шыққан Дөнен едім
Нақылдың көрдің бе әсте көнергенін.
Арғы атам Майқы биден қалғаннан соң,
Талай сөздің түбіне тереңдедім.- деп артына сөз қалдырған Суан ішіндегі Елшібек руынан тарайтын Дөнен Бітегенұлы XIX ғасырдың соңғы ширегі мен XX ғасырдың басында өмір сүріп, билікке араласып өткен айтулы тұлға.
Данышпан Абай қазақ жерін айдаһарша отарлаушы патша өкіметінің негізгі бұзық мақсаты қазақтардың айрандай ұйып отырған ұлттық әлеуметтік құрылымын іркіттей іріту, шілдей тоздыру, ыдырату үшін ұлттық мінезден айыруға күш салу саясатын жүргізгені отыз тоғызыншы сөзінде ашық атап өтеді. Ол «…мінездер бірінші қазақ қоғамын өзін-өзі билеуден айыру. Басшылардан, яғни басқарушыдан айыру, билікті сайлау арқылы белгілеу, сол алашапқын арқылы жұртты жік-жікке бөліп, дай-дай дауға түсіру. Жанжалдасқан тартысқан екі жақтың басы бірікпеуін, осыны көздеп, күтіп отырған үшінші жаққа патша қойған орыс шенеуліктеріне жалған әділдік іздеп, оған ұрынуы. Осы мінездің ұсақтануы, намыс деген ардақты сөз жер болды» дейді. Біздің мақаламыздың негізгі кейіпкері Дөнен бидің ел ісіне араласуы Ресей империясының қазақ жерін түгелдей жаулап алғаннан кейін, біржолата тұқыртып бағындыру үшін жүргізілген әкімшілік-басқару жүйесіне тура келуі.
Ел арасындағы татулықты ту еткен араздасқанды бітістіріп ренжігендерлің арасын реттеп бірлікті, ағайындықты сақтауға ар мен намысты абыройлы ұстаудағы Дөнен бидің еңбегі қадірлеуге тұратын нәрсе. Мен 1996 жылдардан бастап осы мақаланы жазуға дейін алысты-жақынды ауылдарды аралап, Дөнен би айтыпты деген сөзерді там-тымдап жинақтап беріп отырмын. Бұрындары Басқұншы ауылында тұрған Әбдіманап ақсақалдан Алмалы ауылындағы Дөнен бидің немере қызы болып келетін Нұрбектің қызы Хауадан, Сарыбел ауылының ұлағатты қариясы Баймырза Ұлықпанұлынан, Пенжім ауылында тұратын 94 жасқа келіп отырған Нұрғали Нұрпейісұлынан жазып алынды. Көненің көзіндей, асылдың өзіндей етіп көңілдеріне қазына ретінде сақтап келген қарияларымызға рахмет деуден артық ештемеміз жоқ. Тағы бір ерекше құнды дүние мына суреті қоса беріліп отырған күміс жалатқан қола мөрі. Көздің қарашығындай етіп сақтап келген Дөнен бидің немере қызы Хауа Мұқа келінімен 2000 жылдардан кейін әңгіме барысында Дөнен би туралы айтылып, бұл мөр маған аманатқа беріліп, бүгін жарияға шығып отыр.
1867-1868 жылдары патша өкіметінің енгізген қазақ жерін билеп-төстеу жөніндегі өзгерістер туралы «Ережесі» кең байтақ өлкенің табиғи ресурстарын Ресей рыногіне тарту, халық есебін алу арқылы салық жинау ісін қайта құру. Осы арқылы орыс патшасының билігін мойындату саясаты тұрды. Төменнен жоғарыға дейін бақылау жүргізуді қадағалап отыру мақсатында 1708 жылы 1 Петр енгізген генерал-губернаторлық бес буынды басқару сатылы жүйесі қолданылды. Мұндағы айтпақ ойымыз XVII ғасырдан бері қалыптасып ел арасында билік құрып келе жатқан қазақ билерінің артықшылықтарына соққы беру мақсатында басқарудың ең төменгі билігіндегі болыстармен, билерге, ауыл старшындарына арнайы төс белгілер мен аттары жазылған қоладан құйылған мөр жасауға рұқсат етілуі. Билер де болыстар секілді үш жылға сайланатын болған. Азаматтық істерді шешуге әр болыстықтан төрттен сегізге дейін би сайланған. Жастайынан жан-жақты ділмарлығымен аты шыққан Дөнен Бітегенұлы суырыпсалма ақындығымен, атбегілігі мен әрі адалдығымен көзге түскеннен соң ел билігіне ерте араласқан. Шамамен XIX ғасырдың 50-жылдарының екінші жартысында дүниеге келіп, XX ғасырдың басында дүрбелең жылдары 1916 дүниеден өткен. Қазіргі Пенжім ауылында тұратын 94 жастан асқан Нұрғали ақсақалмен, Алтыүй ауылындағы ұрпақтарының бірі Сейітжанмен әңгіме барысында жәнеде өзге ағайындарымен сөйлескенде осы нақтылықты бәрі мақұлдайды. Кейбір үлкендерден естігендері Дөнен би қайтыс болғаннан соң, бір-екі жылдан кейін ас берген кезде, ақ пен қызылдың соғысы басталып кетті дегенге әкеледі. Бұл 1918 жыл Жаркент қаласында да ақтар бас көтеріп бүлік барысында қызыл жауынгерлермен олардың жақтастарын қанға бөктіргендері көзі ашық жандарға, оқығандарға аян. Дөнен бидің туған жері таулы өңірдегі Шежін өзенімен қатарласа жатқан Жаманбұлақ аталатын үлкен сайлың бойындағы тепсеңде екен. Қазіргі кезде Дөненнің қыстауы аталатын жерде сол арада Ұлы жүз жеріне орыс өкіметінің пәрмені жүрмей тұрған кезде Дөненнің ағасы болып келетін Тасыбайда билік иесі болған адамның бірі. Өзі де өзге бауырлары да ел ішінде көзге түсіп, аттары жұрт аузында жүргеннен соң, жер атаулары да солардың есімімен сақталып қалған. Мысалы Шақпақтының басындағы бір бастау Көккөздің бастауы деп, Дөненнің ағасының атымен аталады. Дөненнің көзі тірісінде қайтыс болған баласы Имансейіттің күмбезі әлі тұр деп айтылады. Сөз арасында айта кетейік Дөненнің атбегілігі көп жерге жайылған. Бәйгеге қосатын аттарды бөлектеп жайып, күтімін өзі келтіріп баппен қосатын кезін лайықтайтын да өзі екендігін тереңнен қозғайтын. Айтулы жұрт аузының суы құрып айтып жүретін жұлдызды жирен жүйрігіне ширақта , шымыр інісі Нұрсейіт мініп , шабатын болған. Жүйріктің бабын келістіріп ұстау үшін құнары мол, шөбі балаусалы жеке тепсенге жайған, шөбіне басқа малдың аузын тигізбей қорып, әлгі жерге арқандап інісі Жансейітті қарауылға қойған. Осы аймақта болатын бәйгенің сөресі ол кезде қазіргі Алматы- Құлжа тас жолының бойындағы Ақкент ауылының тұсы болып белгіленетін. Шапқан аттар жарыса отырып, Бозөстенді қақ жарып, тікке қайқая тартып Шақпақтының басынан күтіп алатын болып мәре қойылған. Естігендердің айтуынша Дөненнің жұлдыз жирені көсіле шапқанда артқы тұяғынан ұшқан топырақ кесегі жазылмай түйдектеле барып артындағы ілесіп келе жатқан атпен, үстіндегі шабандоздың бетіне сақпанның тасындай тиіп, бетқаратпайтындай ұратын болған. Артынан ілесіп келе жатқан көп ат тайсақтап бұрыла шабады екен, сөйтіп қалып қояды екен. Жұлдыз жирен көп жыл бәйге басын бермейтін. Сондай жылдардың бірінде ат бағып отырған баласы Имансейіт әлденеге ыза қысып , алдында тұрған жирен жүйріктің бауырынан қаттырақ теуіп қалады. Қазақ тектен-текке малды теппе, ырысың кетеді- демей ме. Сол баласының теріс қылығының кесірі ме, Имансейіт аяғын ауыртып алып ісікке ұласып, бірте-бірте асқынып сол аурудан қайтыс болса, ал жирен жүйріктің бауырына тегене шығып, жазылмай өлген екен. Мезгілсіз қайтыс болып кеткен баласының қазасына Дөнен өкініштен қатты күйзеліпті. Көзі тірісінде-ақ баласына ел көзіне алыстан шалынатын биік етіп күмбез тұрғыздырған.
1881 жылдардан кейін ел арасындағы тыныштықты, бірлікті сақтау, ағайын арасындағы алауыздықты тоқтату үшін, жер-жерді аралап, жұрт жыртығын бүтіндеп жүрген, айтулы да азулы билермен, даулескер шешендермен тартысқа түседі. Жастайынан ел арасында әр қырымен көзге түскен Дөнен жан-жақты болған. Осы жөнінде ел арасындағы мына өлең жолдары тегін айтылмаса керек.
Суанда жан озбаған Дөнен биден,
Қарсы айтар табылмаған дүйім елден
Суырылып сөйлесе, тауып айтып.
Дауды шешіп тастаған бір өлеңмен.
Патша өкіметінің жаңа шығарған «Ережесіне» сәйкес қазақ ауылдарының арасындағы 100 сомнан 300 (15 жылқы, 150 қой) сомға дейінгі құны бар дауды мөрлі билер шешіп отырған. Ал жоғарыдағы көрсетілген құннан асқан әртүрлі істерді, дау-жанжалдарды болыстық билер соты қарап, талқылаған. Дөнен бидің алқалы жиынға қатысқаны туралы мынадай сөз ел аузында әлі күнге дейін айтылып келеді. Қазақ пен қырғыз арасындағы таласты жерге байланысты шақырылған жиынға оңтүстіктің бар билері жиналса керек. Сол жиын өтетін төңіректің Қарға деген биі қоналқаға ертерек келіп шақырылған қонақтарға арнайы тігілген киіз үйлерді аралап жүріп көрнекілеу жерге тігілген жасау-жабдығы келісті, әлі ешкім түспеген үйді нұсқап, «Мынау кімге арнап тігілген үй» — деп сұрағанда, қонақтарды қарсы алып, жайғастырып жүрген ауыл ағасы «Суанның Дөнен биі түсетін үйі» — депті. Дөнен би ұзақ жол жүріп, кеш бата келсе де ауыл иелері қасындағы атқосшыларымен жылы шырайлы қарсы алып, орналастырып,алдыларына кешкі асын тартыпты. Қарға да келіп көрісіп, амандық- саулық сұрасқаннан кейін, оған көрсетілген құрметтің өзінен артықтығын біліп, тиісерге қара таппай отырып, сөзбен тұқыртпақ болып Дөненге қарап «Дөнен сені осымен екі – үш сиязда көрдім, сол кездерде дөнен едің, бесті ат шығар кезің бар ма» — депті. Қарғаның не дерін шамалап отырған Дөнен биде үйде толып отырған жұртқа қарап былай депті.
Мырза Ноғайдан шығады,
Шошқа тоғайдан шығады,
Біздің елдің қарғасы боқ жейді.
Мына Қарға не дейді — дегенде атарға оғы, сөйлерге сөзі таусылып, оңбай тосылған Қарға би орнынан үн-түнсіз тұра салып, етегін қағып жіберіп, жеңілгендігін білдіріп, үйден шыға жөнеліпті. Бұрыннан келе жатқан салт бойынша шекпеннің етегін не шалғайын бір қағу «әттеген-ай» деп жеңілгендігін мойындау болып табылады. Дөненнің сөзіндегі тағы бір үлкен көңіл аударатын нәрсе бидің тарихи дүниелерді де жетік білетіндігі. Қазақ билеушілерін хан, сұлтан деп атаса Ноғайлы хандығында билеушілерді мырза деп атаған. Қазір бұл мырза сөзі қолы ашық, жомарт ұғымында қолданылады. Айтар ойын дөп басып, табан астынан тауып әрі өрнекті өлең шумақтарымен жауап қайтару Дөненге жасынан дарыған қасиет. Еренқабырға тауының арғы шеті мен бергі шеті Қазақ- қытай арасындағы шекара белгіленгенге дейінгі жерлер Албан, Суаннан ертерек жоңғар қырылғаннан кейінгі кезеңде көшіп барған Наймандардың Қызай атасынан тарайтын рулармен қоян-қолтық араласып кеткен. Ерте келсем төр менікі дейтін қазақ сөзі бар емес пе, сол секілді Қызайлар да кейінірек қоныс аударып келген өзге руларға өктемірек келген кездері де болған. Құлжа өңірінде өткен бір той-томалаққа барғанда, Қызай елінің аты шығып жүрген бір ділмары Суанның атақты сөз қуары Дөнен би деп естіп келіп сөзбен қағытыпты. Көп ішінде жүрген Дөненнің де құлағы түрік жүрген жан емес пе, әлгінің әкесінің атының Торғай екенін білетін болған соң табан астынан бір ауыз өлең шығарып тоқтатыпты. Сондағы айтқаны мынау екен.
Әкең Торғай болғанда шешең шымшық,
Ар жақта шауқарға едің қызыл тұмсық.
Би,болысы біздің жақтың сөйлегенде,
Кетуші еді әкең Торғай артын қысып. — деп сен емес, сенің әкеңдейлердің өзі де бізбен сөз қағыстыруға жарамайды дегенді емеурінмен білдіреді.
Қазыбек бек Тауасарұлы жазғандай қазақ елі жаугершілікпен жүріп көп шайқас көрген ел. Ат үстінен түспей жауының аңысын аңдып, тыныш кезеңге ауысқанда аламандықпен, барымта, қарымта, сырымтаға одан бұл іс сиырқұймышақтана келе мал ұрлығына тірелген.
Жалайыр елі бір барымтада Суанның бір жігітін қапылыста жазым етіп құндыкер болып қалыпты. Суандар жағы жиылып қайырым дауға Дөнен биді лайықтапты. Жан-алыс, жан-беріс оңай емес. Жалайырлар қарсыласқа Қарашолақ деген биді атапты. Қарашолақ би ауыл шетінде жолығып, қарсы алып тұрып, амандасып Дөнен биге
Ассалаумағалейкум Дөнен,
Көпке мінген көбең.
Көзің шегірейіп,
Мұртың едірейіп,
Қайдан келген неме ең, – дегенде,
Дөненде қарап қалмай, жұлып алғандай,
Уағалейкумассалам Қарашолақ
Сөзге тілің шолақ,
Жылқының тұғырындай,
Сиырдың мұқылындай
Бойыңа ойың сай-ау доп-домалақ, – депті.
Қарашолақ би «Мен екі күн ойланып, осы сөзді тауып едім, бұл аяғын үзеңгіден шығармай тұрып, мына сөзді айтты. Мен дауда сөзден жеңіледі екенмін, құнын төлеп, малын алдына салып айдатыңдар» — деген екен. Қазақ елі адам жазым болған айтыс-тартыста көп дауласа бермей атадан қалған арды қадірлейтін болғандықтан да Қарашолақ биде әрі қарай қазымырланбаған секілді.
Бір жылдары Шежін тауының бөктерін жайлап отырған Дөнен бидің ауылының аталас туыстарының таңдамалы бәйгеге қосып жүрген үш-төрт атын ұры алады. Дөнен биге келіп хабарласқан ауылдастары кеу-кеулеп қуғыншы шығарып, артынан қуғын салайық деседе оларға сабыр салып, кезін күтейік депті. Араға төрт-бес күн салып, жанына жолсеріктерін, атқосшысын алып жолға шығады. Барымташылардың таудың арғы бетін жайлап отырған, Жалайыр тайпасының адамдарынан келгенін түсінген би екі араға түстене қона жүріп, екі-үш күнде, түс ауа жайлауда отырған бір ауылға келіп, сөз төркінін түсінетін адамның үйіне ат басын тірейді. Құдайы қонақпыз деп келген адамдарды үйге түсіріп, жөн сұрасқаннан соң, қонағының бекер адам емес екендігін білген үй иесі өрістен мал алдырып, «Шақырсам келтіре алмайтын адам екенсіз, мына малға бата беріңіз» деп Дөнен биге қарап қол жаяды. Сонда Дөнен би қолын жайып
«Менің жоқтай келгенім,
Екі баран, екі боз.
Менен бата сұрасаң,
Азамат болып топтан оз,!
Білгеніңді айтпасаң
Қырғи қуған шілдей тоз!» — деп батасын аяқтай бергенде, үй иесі орнынан ұшып тұрып жоғыңызды түгендеп, ертең алдыңызға салып береміз. Мынадан басқа малға бата жасаңыз. Мына қойға бата қата тиді деп-босатып жібертіп басқа мал алдыртып, қайыра бата сұрап, қадірлеп күткен екен. Таңертең жолға шығар кезінде қараса жоғалған жылқылары матастырылып байлаулы тұрыпты, әріректегі мамаағашқа бір атшапан айыбы деп тағы бір ат байлаулы тұрыпты. Дөнен би ризалығын білдіріп оң батасын беріп кетіпті.
Бір ауыз сөзбен ел бітімін келтіріп жүрген Дөнен секілді билер халқымыздың арасында біртуар тұлғалары көптеп саналған. Өткеніңді ұмытпай, өшкеніңді жандырып олардың істерін айтып, есімдерін жаңғырта жүру бүгінгі ұрпақтың асыл парызының бірі емеспе. Аудан орталығы Жаркент қаласының бір көшесіне Дөнен би Бітегенұлының есімі берілді. Қазақ бірлігінің қамын жеген бабаларымызды құрметпен еске алып, қадірлеуіміздің айқын айғағы.
Молот СОЛТАНАЕВ,
ақын, ҚР білім беру ісінің үздігі,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.