Еңбек — адам өмірінің мәні. Ешкім де онсыз мұратқа жетіп биікке шықпайды. Адал термен тапқан нанның да дәмі тәттілеу.
«Еңбек ер атандырады» дейді халқымыз. Сондықтан да тіршілікте бағы жанып, абыройы асқандардың барлығы да қажырлы еңбекпен биікке жеткен адамдар деп айтуға болады.
Еңбектің адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру, еңбек жасай білу дағдыларын дамыту, еңбекке қызығушылықтарын арттыру, еңбектенуге, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында 28 қыркүйекте Жаркент қалалық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Еңбек» күніне орай «Еңбекпен өскен мерейі» атты кездесу кеші өткізілді.
Аталмыш шара, ұзақ жылдар кітапхана саласында қызмет атқарып, еңбектері бағаланған Панфилов ауданы, балалар кітапханасының меңгерушісі Ибраимова Гүлбақыт Рыскелдіқызы және балалар кітапханасының аға кітапханашысы Құдайқұлова Шекер Құрманғазықыздарының қатысуымен өтті.
Шараны кітапханашы С. Кайракова жүргізіп, қатысып отырған қонақтармен таныстырып өтті.
Жаркент қалалық «Аналар» кеңесінің мүшесі Зинат Рахымжанқызы, «Жауынгерлік Даңқ» музейінің меңгерушісі Қали Тұрдығазыұлы, «Жаркент өңірі» газетінің тілшісі Сымбат Сатыбалдықызы, аудандық кітапхана қызметкерлері және Жаркент жоғары «Диана» медициналық колледж студенттері қатысты.
Халқымызды білім мен парасаттылыққа, адамгершілікке, елдікке тәрбиелеп жүрген қос кітапханашы қыздарымыз өз сөздерінде еңбектерінің бағаланғаны оқырмандардың, халықтың қолдауының арқасында екенін айтып, жастарды білімді болуға, ерінбей еңбек етуге шақырды.
Аудандық мәдениет үйінің әншісі Қыдырмаев Қайраттың орындауындағы «Туған жер», «Басты өлең» әндерін зор ықыласпен тыңдады.
«Еңбек түбі — береке» атты ұйымдастырылған кітап көрмемен, кітапханашы А. Джетписпаева таныстырды.