Сәлден соң әлгі жігіт, бұл бала кім еді деп маған зерттей қарады. Дәнеш аға мені таныстырып:
– Бұл жігіт бізге жиен болып келеді, құдайберді Ахметжанның баласы. Ахметжанның інісі Сұлтанды өзің танисың. Ал, менің Ақманар тәтемнің құдайберді руынан екенін білесің. Сондықтан мен бұларға, ал, мына Ұзақ маған жиен, – деді (Дәнеш аға мені ылғи Ұзақ деп атайтын). – Ал, мына ағаң, – деді әлгі жігітке қарап, – ақын Тоқбай Исабеков, мұғалім болып істейді, – деді. Сонда Тоқаң:
Е, екі жиен бір ақын,
Жақын екен мұратың.
Таныстықты бүгінгі,
Жөні кеп тұр жуатын, – деп өлеңдете жөнелді. Содан бері Тоқаң мені «жиен» деп кетті, өйткені Дәнеш аға да, Тоқаң да мырзагелді руынан еді.
1959 жылдан Дәнеш аға арқылы менің сол таныстығым ол кісінің өмірінің соңына дейін үзілген жоқ, сыйластығымыз жыл өткен сайын арта түсті.
1960 жылдары менің «Ана», «Өмір» атты екі өлеңім Тоқаңның редакциялауымен аудандық «Жаңалық жаршысы» газетінде жарық көрді.
1963 – 1968 жылдары Алматыда Абай атындағы педагогикалық институттың күндізгі бөлімінде оқып жүргенімде Тоқаң досы Әуелхан Жақыбаев екеуі сол оқу орнының филология факультетінде сырттай оқыды. Сессия кезінде кездесіп, ел-жұрттың амандығын, жаңалықтарын айтып қауқылдасып қалатынбыз. Кейде мейрамханаға да барушы едік.
Сол кезде филология факультетінің студенттерінің арасында Ә.Дәуренбеков, М.Алдамжаров, Т.Медетбековтердің өлеңдері газеттерде жарық көріп тұратын. Солармен кездесіп жүрдім, бірге «Әуезов оқуларына» баратынмын. Ол кезде ақын-жазушылар С.Мұқанов, Х.Ерғалиев, С.Мәуленов, Т.Ахтанов, Ш.Айтматовтармен, Қазақстан Жазушылар одағында талантты жас ақындар Қ.Мырзалиев, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, С.Жиенбаевтермен кездесулер жиі болып тұратын. Әуелхан, Тоқаң үшеуміз осындай үлкенді-кішілі кездесулер жөнінде қызу әңгіме өрбітетінбіз. Тоқаң Т.Молдағалиев, Н.Оразалиндермен күйеу бала ретінде әзіл-қалжыңдары жарасып, әдебиет жөніндегі ұзақ-ұзақ әңгімелерінің куәсі болып едім.
Тоқбай аға елең еткізер, есте қалар ерте заманның тарихын, қанатты сөздерін, аңыз әңгімелерін, мақал-мәтелдерін жинақтап, реті келгенде оларды айтып, насихаттап жүретін. Ол кісі аудан көлеміндегі елдімекендердегі көше аттарын атағы аңызға айналған батырлар мен билердің, ел ағаларының атына қойып, ел жадын қайта жаңғыртып, көп игі істер атқарған адам.
Ол өз қаражатымен Бәйдібек баба, Домалақ Ана, Айша бибі, т.б. кесенелеріне тағзым етіп, киелі тарихи орындарды көзімен көрген, шежіресін зерделеген зиялылардың бірі.
1996 – 2000 жылдары аудандық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен қолға алынған «Суан шежіресін» жинақтап, кітап етіп шығаруға белсене араласқаны есімізде…
Жанұзақ АҚТАНОВ