«Қилы-қилы заман болады, қарағай басын шортан шалады» деген-ді алдыңғы уақытта келетін бүлінгір заманды тап басатын ежелгі дәуірдің болжамшылары. Солай болды да. Қазақ секілді қойын құрттап, айранын ұрттап жатқан бейбіт елге бүйірден бүйідей тиген бүлікті қазақ атамыз қалмақ дейтін айналасын жалмай жұтқан жоңғарлар бастады. Аумалы-төкпелі заманды басынан өткізген, біздің тарихымызды толғайтын, ерлігімізге баға беретін өзге ағайындарымыз бізді «елдің шетінде, жаудың өтінде жүрген Суан тайпасы» дейді.
Шыққан тегі бір болғанымен бірікпей, өзара жауласқан ойрат, хойот, оймауыт, торғауыт, шорос тайпаларының басын 17 ғасырдың 30-шы жылдары Батур қонтайшы күшпен қосқан тұсында, бұлар өзге жұрттың жерлерін соғыс арқылы жаулауға кірісті. Батур өлгеннен кейін таққа отырған Жоңғар тайшылары қазақ жеріне үнемі жорық жасап, елді бүліншілікке ұшыратты. Жоңғар әскерлерінің қазақ жеріне жеті тараптан шабуылдап кірген 1723-ші жылғы шабуылы тарихымызда «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атымен қара дақ болып сақталып қалды. Ал, кейбір деректерде қалмақтар бұдан бұрын Жаркент жерін 1670 жылы жаулап алды деген мәліметтер кездеседі. Соған қарағанда ең алғашқы жоңғар хандығының селдей ағынды соққысын Іле өзенінің бойын жайлаған Суан тайпалары қабылдаған сияқты. Осымен қатар басқа да тарихи мәліметтерді салыстыра келсек, Жаркент аймағындағы жергілікті халыққа көп қысым түсіп, қарсылық көрсетуге шамалары келмей қотарыла Қаратау, Түркістан, Тәшкен маңайына ауып барғанына көзіміз жетеді. Оның айғағы сол жерлердегі Суан атауымен сақталып қалған жер-су атаулары.
Жоғарыда ел аузындағы тұрақты айтыла беріп, сақталып қалған «жаудың өтінде» тіркесінің бекер еместігіне осы арада еріксіз мойынсұнасыз. Шығыстан басталған қанқұйлы шабуыл аяусыз жүргізіліп, халықты қанды қырғынға ұшыратып, тірі қалған елдің тоз-тозын шығарды. Екі елдің шебінде тұтасып отырған Албан, Суан, Найман елінің ерлері қаруланып бас қосып, қарсылық көрсеткенімен, күні бұрын жау-жарағын қамдап, жасағын сайлап қойған арамза жауға тоқтау салуға арадағы күш тең емес еді. Жаулар қазақ даласына дендеп енгеннен кейін ғана әр жүздің батырлары қимылдап, бас қосып ақылдасып, кейіннен хан-сұлтандар қол жинады. Топтасқан әскери күштеріне сеніп, қазақ даласын емін-еркін иемденіп, өз қоныстарына санап дандайсый бастаған қалмақтардың қалың қолына бірнеше рет қатты соққы берілді. Үш жүздің батырлары бастаған қазақ сарбаздары 1726 жылы Бұланты өзенінің бойында алғашқы рет ойраттардың әскерінің тас-талқанын шығарып, қазақ жерін жаулап аламыз деген меселінен қайырды. Осы шайқастан кейін әскері жеңіліп, жаулардың арасына сына түсіп, саны селдіреп, ойсырап қалды. Қалмақ қолын жеңген ұрыстан кейін қазақ елінің рухы көтеріліп, бас қосып, күш біріктірсе жат жерліктерді біржолата талқандайтындарына көздері жетті. Әйгілі 1729-1730 жылдардағы үш жүздің сарбаздары бас қосып, бірлесе қимылдаған шабуылынан мыңдаған қалмақ әскерлері опат болды. Қанды қырғынды Аңырақай шайқасынан соң қолдаса қимылдаса қазақ сарбаздарының түпкілікті жеңіске жететініне сенімі арта түсті. Ұлы жүздің сарбаздары қалмақтар бұрын ұрыс барысында жаулап алған жерлерін тастап жылыстай бастаған шақта Жетісудың солтүстік шығысын азат етуге жаппай ат салысады. 1740-1750 жылдарда Лепсі, Ластай-Шорға және Үржар-Емел бойындағы өткен ұрыстар, қалмақтарды тұйықсыздан жорық жасап талқандау олардың ес жиып әскер топтауына шамаларын келтірмеген. Осы шақта қазақ жеріне көз алартып жүрген Жоңғар тайшыларының өз ішінде Лама Доржы мен оны бақталастарының арасында іріткі туады. Мұны сол кездегі қазақ ханы Абылай тиімді пайдаланады. 1754-1756 жылдары тайшылар таққа бола таласып, өзара қырқысып жатқанда, осы аймақтардан айырылғысы келмей жүргендерін Қабанбай батыр бастаған үш жүздің сарбаздары Іле, Балқаш, Қаратал, Лепсі өзендері бойында қантөгіс ұрыстарда зор шығынға ұшыратады. Сол ұрыстарда қалмақтарды күштеп Үржар, Қатынсу аймағынан түре қуып шыққан.
Алакөл аймағындағы 1740-1750 жылдардың аралығындағы және одан кейіңгі болған қантөгіс ұрыстарға Іле өзенінің оң қапталында отырған Жаркентті мекендеген Суан тайпасының сарбаздары да қатысып, ерлік көрсеткен. Олар жортуылдап Лепсі, Ақсу өзендері арасындағы қазақ сарбаздарының тобына қосылған. Дәл қанша адамдық қол барса да басып алған жерінен тасбақадай жабысып айырылғысы келмеген қалмаққа соңғы құқайды көрсету үшін қазақ жерін жаудан тазартуға көмекке бір түмен болмаса да бес мыңдық қолдың қатысқаны анық. Соның бірі Ақша батырдың баласы жаужүрек Есдәулет батырдың өзі сақадай сайланған бес жүз қолмен күн-түні жосылтып, айшылық жерге аз күнде жетіп шайқасқа қатысқан. Өздерінен бұрынғы 1723-ші жылдары қазақ жеріне басып кірген жоңғардай азулы жауларымен күн-түн демей жолбарысша шайқасқа түсіп, елі мен жерін қорғау жолында ерлік көрсетіп қаза тапқан Аралбай, Бағай батырлардың кегін қуған баһадүрлер ерге қонған. Шайқас өте қантөгісті болған. Есдәулет қана емес, атағы айбындап алысқа кеткен Сатай, Бөлек, Барлық, біздің зерттеушілер әлі де лайықты бағасын бере алмай жүрген Туматай, Қоңыр, Қонақай, Бердіқожа батырлар да көк найзасын білемдеп тізе қосып шайқасқан. Батырлардың Алакөл өңіріне тегін бармағандығын олардың ата жаумен айқасып, шейіт болып сол жақта жерленгендігі дәлел. Әсілінде, қазақ ата-бабасының сүйегі жатқан жерді іздейді емес пе. Сондай бауырмал азаматтар жер-жерді аралап, деректер жинастырып, көне құлақ қариялардан сұрастырып, аңыз-әңгімелелердің төркінін індету арқылы батыр бабаларының сүйегі жерленген жерін тапқан-ды. Солардың қатарында Аққабақұлы Сатай мен Шақаманұлы Барлық батыр да бар. Есімдері бір-бір рулы елге ұран болған Сатай мен Бөлек батырдың есімдері бұл күндері күллі жұртқа белгілі. Сол секілді ерлігі елінің есінде қалған Барлық батырдың да жатқан жерін халқы ұмыта қоймаған. Жерленген маңайынан суы шипалы бұлақ шығып жатқан жерді Барлық батырдың атымен атауының өзі ол кісіге жасалынған лайықты құрмет. Аталған батырлардың біразы Алакөл аймағының шығысын жаудан тазарту ұрысында шайқас кезінде ерлікпен қаза болғандар. Жаппай шабуылдаған ұрыс өткендіктен екі жақтан да көп әскер шейіт болған. Қазіргі кездегі сол аймақтағы өзен алқаптары мен жазыққа, қыстаулардың жанына жерленген мүрделердің бастарына тұрғызылған белгі тастарға сол сұрапыл шайқастарда ерлікпен қаза тапқан Албан, Суан батырларының есімдері жазылғандығы мәлім болып жатыр.
Тарбағатай аймағы жат жерлік басқыншылардан тазартылғаннан кейін елдің оңтүстігінде – Түркістан маңына бас қосқан үш жүздің сарбаздарының соңынан ілескен жұрт, сол төңіректегі босап қалған жерлерге қоныстана бастаған. Ал, халықтың негізгі бөлігі шапқыншылық кезінде ауып барған жерлерінде мал-жанын өсіріп, әрі көбейіп тұрып жатқан еді. Олай дейтін себебіміз, Жетісудың оңтүстік шығысы – Іле Алатауының айналасы, Шонжы, Жаркент, Кеген, Нарынқол аймағын әлі де болса қалмақтар мекендеп отырған болатын. Тарбағатай маңайынан қалмақтарды қазақ сарбаздары ығыстырып шығарғаннан кейін хан Абылай Іле Алатауының өңірін басып алған қалмақтарға қарсы жорық ұйымдастырғаны тарихтан белгілі. Әрі қалмақ қолдарынан босаған жерлерге қырғыз манаптарының да қызығушылығын тоқтату еді. Іленің оң және сол жағалауындағы жерлерді қалмақтардан босатуға албан Хангелді батырдың қолбасылық жасаумен Райымбек қосыны жіберілді. Оның қарамағындағы Сатай батыр бастаған жүрек жұтқан сарбаздар жанқиярлықпен қазаққа тиісті жерлерді түгел босатуға қатысқаны анық.
Қазақ жерлері жоңғар басқыншыларынан босағаннан кейінгі Түркістан жақтан елге бет бұрған көшті сөздеріне жұрт құлақ қоятын батырлар, бетке ұстар билер, ауызы дуалы абыздар бастап келіп, бұрынғы қоныстарына елді бөліп орнықтырғаны туралы біршама деректер бар. Жалайыр көшін бастап әкеліп өзара келістіре отырып қоныс бөлген Ескелді би, Балпық би жайлы мақала, деректі әңгімелер көптеп жазылды. Тәшкен, Түркістан, Қаратау, Сыр өзенінің маңына барып паналаған Ұлы жүз руларының ішіндегі Суан жұртын Іле бойындағы жаудан босаған ежелгі қонысына бастап келген Қараекенің баласы Дәулет батыр туралы деректерді Ә. Диваев жазып қалдырған екен. Бұл жөніндегі деректі Т.Әлібеков 2018 жылғы 4 қаңтардағы «Жетісу» газетінде жариялаған мақаласында келтіреді.
Заманында қалмақ жаулаушыларынан босаған Тарбағатай өлкесіндегі Үржар, Мақаншы жағына дейін Суандардың да біршама рулары қоныс аударып, соңынан оларды естіген ауылдар шөбі шүйгінді, суы мол шұрайлы жайылымды жерлерге малдарын отарлатып барған да екен. Суандардың Үржар, Мақаншы өңірін жайлағандығынан 19-шы ғасырдағы орыс елшілігінде аудармашы болып істеген, бірнеше елдің тілін білген Құрбанғали Халид өзінің «Тауарих хамса» кітабында бізге мынадай дерек береді. Кітабында «кейбіреулердің айтуынша… Суан елінің ері өлген Бақтыбала деген әйел осы тауды күзеу, қыстау етіп, малды болып аты шығып, сонан тау «Бақты» атанды» деген аңызды (Алматы. «Қазақстан». 1992 ж. 131-бет.) келтіреді. Содан есімі сақталып қалыпты деп жазады. Бақты сол кездерде екі елдің аралығындағы тау. Құрбанғали Халид аңыз деп келтірсе де шынайы үңіліп қарасаңыз оның түбінде шындықтың табы жатыр. Өзі суан елінің қызы болса, тау арасындағы шұрайлы жерді әрі күзеу, әрі қыстау етіп жеке иелік жасап отырса онда оның күйеуі атақты Суан елінің биі немесе батыры, әйтеуір айтулы азаматының бірі болғандығы аян.
Тағы бір жете көңіл аударатын мәлімет «Шәуешек салынған соң батыстан қазақтар да келіп, ұлы жүз Іле жағалауына қоныстанды, ал орта жүз Тарбағатайға келді» деп жазып, басқа қазақ руларымен бірге Суан көшінің де Іле өзені бойына табаны тигендігінен мағлұмат тастайды (Алматы, «Қазақстан». 1992 ж. 132– бет). Бұл келтірілген мәліметтен өзімізге алып-білеріміз жорық жолына шыққан сарбаздармен бірге ілесе барған ұлы жүздің біраз жұртының жатсынбай, байырғы қазақ жері саналатын Тарбағатай тауының айналасынан қоныс табуы. Екіншіден, Жоңғар хандығын түп-тұқиянымен жойып, олардың мекендеген жерін түгелдей өз меншігі деп санаған Қытай билігінің қазақ жерімен шектесіп жатқан ескі шағын бекеттің орнына Шәуешек қамал мекенін тұрғызуы. Яғни бұл жоңғарларды қытайлардың 1757-1758-ші жылдардағы түбегейлі талқандалу уақытына әрі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіреті кезінде босқыншылыққа ұшырап, батысқа ауған қазақ жұртының шығыстағы туған жерлеріне оралу мезгілімен тұспа-тұс келеді.
Тағы бір дерек көздері 1787 жылы Ұлы жүз тайпаларының кейбір руларын Шүрегей сұлтан бастап Аягөз маңайынан асып, Ертіс өзеніне дейін баруы. Сол кездегі Ресейді билеген қатын патшаға өтініш жазып, өзінің табандылығының арқасында Ертіс өзенінің бір жағын жайлап, екінші жағын қыстап отыруға көндіруі (Қараңыз. С.З.Зиманов. Политический строй Казахстана конца 18 и первой половины 19 веков. 86-бет. Атлас Туран. Алматы-Москва. 2008 г). Қазақ көшінің кейде діттеген жерге бәрі бірдей жете бермеуі де мүмкін, жолда әртүрлі жағдайлар болады, содан ұнаған жеріне қоныстарын қимай мекендеп қалуы да мүмкін. Сол көшке еріп сулы да, нулы жерге жолығып, қалып қойған Суан жұрты ма деп те ойлайсыз. 18 ғасырдың соңында қазақ жерінің шеті саналатын аймақты аралап, жазбаға түсірген капитан шенді И.Г.Андреев 1795-1796 жылдары басып шығарған «Описание Средней орды киргиз-кайсаков» атты кітабында былай дерек береді. Жұртқа түсінікті болуы үшін өз жазбасымен берейін.
«О Волостях, лежащих за камнем Тарбагатаем»
«Волости сии расположены возле китайской границы, которые имеют в летнее время кочевья свои около сего камня, а в зимнее-при урочище Тактатау, известно, что они лошадей своих отгоняют к китайцам с обыкновенным выше сего объявленным платежей. Все сии волости-отшельцы из Болшой орды от рода арғын-усюмского. (Үйсін дегені болар)
- Волость Байсуан, в которой прежде был старшина Дана-би, (Жаңа би) но ныне более почтении Кубай-Калбай. Подвластных у оного кибиток до 3500; весьма богаты скотом и лошадьми».
Жоғарыдағы келтірілген деректерге жүгінсек Суан жұртының Іледен тартып шығыстағы Өскемен жеріне дейін таралып орналасуы жаугершілік кезіндегі ел қорғауға байланысты болып шығады.
Шежірені де тарих жасайды. Ел ішінде әлі де болса өткендегі аталарының ел қорғаудағы ерлік істерін естерінен шығармай, аталы сөз айтып, ұрпағына баба тарихынан шежіре тартып жүрген қариялар кездеседі.
Бірде Қоңырөлең аймағындағы тарихи дүниелерді, адамдар жайында көп нәрсе біледі деп естіп Молдамырза ағамызбен хабарласа қалдым. Жарылғапұлы Молдамырза ағамыз жасы 87-ні алқымдаса да өз заманында республика көлемінде қызмет еткен, туған жері Жаркент өңіріне еңбегі сіңген көкірегі ояу, өзі салиқалы, сөзі салмақты ағаларымыздың бірі. Көңілдегі қылаң еткен көрікті ой адамды кездесуге итермелейтіні ақиқат нәрсе. Әдейі болмаса да тәнімізге ем іздеп, кезек күтіп жүріп жолығып қалып, тарихтың тереңіне сүңгідік. Есдәулет батыр туралы аңызға бергісіз жағдаяттарға қанықтым.
Молдамырза қарияның айтуынша, сол аласапыран заманда ұлан-байтақ еліміздің ұлтарақтай бір бұрышы Жаркент жерін жау қолынан азат ету үшін күрескен, жау өтінде жүрген Есдәулет батыр Суан ішінде Тоқарыстаннан тарайтын Мұраттың тұқымынан. Мұраттың бес ұлының үлкені Егізектің немересі Ақшаның екінші ұлы.
«Біздің жас кезіміздегі қариялардың айтуы бойынша Есдәулет осы Қоңырөлең аймағында туылыпты. Батырдың дүниеге келген кезі 17 ғасырдың 90-шы жылдары болса керек. Батыр өз өмірін үнемі таңды таңға ұрып ат үстінде жорықпен жортуылда өткізген. Оған себепте жоқ емес. Арасын Еренқабырға сияқты иір-қиыр тау жоталары бөліп жатқан шығыста құрылған жоңғар тайшылары жиі-жиі тонаумен талауға шығатын. Бей-жай отырған қазақ жұртына тиісіп, малдарын барымталап, кейде жалғыз жарым отырған ауылдың адамдарын құлдыққа алып кететін. Жасанғанда жау келмейді демекші, қашанғы жау-жарағыңды асынып отырасың. Бұл ниеті бұзық жаулардың үлкен шабуыл жасар алдындағы қазақ жерінің хал-ахуалын байқастап, жағдайын шолып, алдын-ала барлау жүргізуі мақсаты болатын. Жеті-сегіз жасар кезімізде асық атып ойнап жүргенімізде төбе басына шыққан Аймақ, Халық, Жарылғап сияқты қарияларды көрсек ойынды тастай салып, әңгіме тыңдауға қастарына шауып келетінбіз. Солардан естігеніміз еді. Бір жылдары Есдәулет батыр кертөбел атына мініп, қасына Қоңыр батыр мен жасағын ертіп, қытайларды арқа тұтып қорғаннан шығып қайта-қайта елдің малын талап жүрген қалмақтардың меселін жығуға Түрген қорғанға аттаныпты. Інісі Байтілеу жауға аттанған ағасынан жалғыз қалғысы келмей «мені де, ала кет» деп жылап қалмағасын артына мінгестіріп алыпты. Қорғанға жақындағанда тоғай ішінде қалың жыныстың арасына түсіріп, «Қатты ұрыс болады, оқ тиіп кетпесін. Қозғалмай осында отыр. Қайтып келем» деп қалдырып кетеді. Есдәулет батыр астындағы есік пен төрдей кертөбел атын секіртіп Түрген қорғанның үстіне шығып, ат ойнатып, дабыл қағып қытайларды ұрысқа шақырады. Сол күні қатты шайқас болып талай адам жазым болады. Масқара болып жеңілетінін білген қорғандағы қытайлар бітім сұрайды. Қулығына құрық бойламайтын қытайлар қалмақтар айдап алған қазақтардың мал-жанын еселеп қайтаратын болып ұрыс тоқтапты. Ал інісін қараңғы түсіп, мұны іздеп келген адам болмағасын қатты қорқып, «баба қайдасың, баба қайдасың» деп айғайлап жүрген жерінен ұрыстан қайтқан сарбаздар естіп тауып алған екен. Содан кейін Есдәулет «баба» атанып кетіпті. Кейін артындағы жұрты көкпар тартқанда, бәйгеге шапқанда батырдың аруағын асқақтатып «Бабамның аруағы қолдасын» деп шабатын. Ауылдың қариялары мені көрсе аруақты атаның баласы деп бертінге дейін алыстан келіп амандасатын. Еркінбай соңғы ұлы болуы керек. Үлкендікті, жөн-жосықты білетін, аруақ сыйлайтын алыстан келген адамдар біздің үйге кіріп, амандасып, дәм татып аттанатын.
Алакөл алқабындағы қожырай бастаған жоңғарларға қарсы соңғы ұрыстар жүргізіле бастапты. Қолбасы болған Қабанбай батыр 2-3 мыңнан топ-топ болып, сиырдың бүйрегіндей бытырап әрекет жасап жүрген қалмақтарға қарсы шайқасқа үш жүздің әскерін 3-4 мыңнан бөліп, жан-жағынан қыспаққа түсіріп соғыс жүргізеді. Осы шайқасқа Есдәулет ұлы жүздің әскерлерінің құрамында өзінің 500 сарбазымен шайқасқа кіреді. Алапат қырғынның алдында екі жақтың қолбасылары бір-бірінің әуелі аңдысын аңдып, жекпе-жекке жол береді екен. Сонда иін тіресіп, ұрысқа сайланып тұрған қалың әскердің арасынан қалмақтың бір батыры майдан даласының шаңын бората шауып шығып, найзасын бұлғап жекпе-жекке шақырыпты. Қалмақ батырының ортаға шыққан жері Суан қолының қарсы тұрған тұсы болса керек. Қарама-қарсы келіп, ұрысқа өзін шақырып тұрғандай болған Есдәулет батыр елден бұрын кертөбел атын ойнатып, қалмақтың қарсы алдынан ақ сауыты жарқылдап шыға беріп былай деп айғайлапты.
Бұған дейін көргенмін,
Талай-талай зорыңды.
Найзаға шаншып өлтіргем,
Батыр деген Қорынды.
Қылышпен алып басыңды
Көрсетейін көріңді.
Бойдағы бес қаруын түгелдей еркін жұмсауды игерген, өзі адуынды күш иесі Есдәулет батыр бірме-бірге келгенде айбыны асып, жауын найзамен шаншып түсіріпті. Дүйім топ алдында арқырап-күркіреп жауға айтқан сөзіне қарағанда, Есдәулет батыр бұрында жеке де, топтық ұрыста да талай жауын жер жастандырған сияқты.
Үнемі жаудың өтінде, шапқыншылықта жүретін Есдәулет барған жеріндегі жеңген жұртынан қатын алып келіп жүреді. Мұндай әдет қазақ батырларының бәрінде болған. Жеңілген жаудан түскен олжаны, әсіресе қалмақ қыздарын қазақ батырлары таңдап құшқан. Өзінде бұрын барып жеңген жұртынан олжалап әкелген төрт қатыны болған. Ішінде қырғыз, қалмақ, ұйғыр тағы басқалары бар болса керек. Енді бір жорыққа барғанда олжаға түсіріп, тағы бір жат жұрттан тоқал әкеліпті. Басқа қалың ел келіп жеңісімен және нақсүйерімен құттықтап жатқанда інісі Бекболат құтты болсынға келмепті. Жақсы көретін інісі үн қатпай жатқасын мұнысы несі деп өзі барыпты. «Ей, Бекболат! Албан, Суанның бар жақсылары келіп құтты болсын айтып жатқанда, сенің бір ауыз сөз айтуға жарамағаның ба? Бұның қалай, әлде менің қатын алғанымды көре алмағаның ба, жоқ қызғанғаның ба?» депті. Сонда Бекболат інісі: «Ой, аға, сізге жарайтын қазақтың қызы тумады ма? Біресе шүлдірлетіп ананы, ыңырсытып мынаны әкелесіз» деген сөзді айтыпты. Інісінің өңменінен өтердей етіп айтқан сөзі намысына қатты тиіпті. «Інім бұлай айтып жүрсе, елім де менің бұл қылығымды жақтырмайды екен» деген ойға кетіп, Наймандарға барып Қабанбай батырдың әпкесі Қожағұлдың қызы Баршабикеге үйленіпті деседі. Есдәулет батырдың Баршабикеден туған балалары Жұрым, Жантөре, Еркінбай, Жарқынбай.
Қазақ ішінде ерекше қасиет қонған кісілерді әулие, көріпкел санайды. Есдәулетке де жасынан батырлықпен қоса осы көріпкелдік болжағыштық қасиет қонған екен. Үржар төңірегін жайлап жүрген жылдары бірде Есдәулет әкесі Ақшаға келіп: «Аба, алдымызда мал мен жанға қатты тиетін жұт болады. Мына арадан басқа жерге қоныс аударайық» дегенде әкесі: «Бауырларыңа айттың ба?» депті. Әке алдын кесіп өтпейтін Есдәулет «Жоқ, алдымен өзіңізге айтып отырмын. Содан кейін болмаса…» деген екен. Аз-кем ойлағаннан кейін Ақша бір ойға кетіп, өрістен мал әкелдіріп, бата жасап сойғызып, ағайындарын түгел хабар салып шақырыпты. Ас үстінде басы қосылған туыс-туғанына не себеппен жинағанының мән-жайын түсіндіріпті. Әрекідік сөйлеп отырып:
– Әй, бауыр-туыстарым, балаларым, бүгін неге аяқ асты хабаршы жіберіп шақыртты демеңдер. Оның да себебі болып тұр. Іленің бойынан осы араға келіп өстік, өркендедік, ешкім жатсынған жоқ. Қайта бәрі қонақ келгендей құшақ жая қарсы алды. Өзіміз де ешкіммен шәй деспей, бауырдай жарасып сіңісіп кеттік. Мына менің баламның жасынан біткен сөйлесе шешендігі, көш бастайтын көсемдігі, алдағы болатын істі болжағыштығы барын білемін. Осы айналамыздағы жұрттың жай-күйін ойлап бір түйінді сөз айтты. Көшелік дейді. Өйткені алдымызда алапат жұт тұр дейді. Бұл айтса бекер емес. Мен осының сөзіне жығылып отырмын, – деп жұртқа сөз тастайды.
Жиналған жүрт ары-бері ақылға салып дабырласып отырғанда Ақшаның өзі ел күтіп отырған сөзді бастайды.
– Егер бұл баламның айтқанындай жұт шын келсе оңдырмас. Бұл жасымызға келгенше тігерге тұяқ қалдырмай ақ сүйек қылған жұттың шет жағасын көрдік қой. Жылқы теуіп жайыла алмайтындай қар қалың түссе, аяз қатты болса, қасаттанып бақайын қырқады, жылқы қозғалмай қалады. Ол да тағы ештеңе емес, ал көктем созылса құрөзекте жілік майы таусылған мал титықтап ұзаққа бармайды, тұралап қалады. Сондықтан айтқаным, әзірден малды бұрлықтырмай жая айдап жер аударып жайылымға әкетпесек кеш болып қалар. Қазірден қамданалық, – депті.
Жұрт осы сөзге тоқтап, қайда көшеміз деген сұрақ туғанда Есдәулет жиылған жұртқа «Шығысқа апаралық» деп көшті солай бастапты. Көшкен ел бірнеше күннен кейін бел ортасын өзен бөліп ағып жатқан шатқалға кіреді. Есдәулет батыр тау арасындағы өзеннің бойын желе-жортып шолып шығып, көшті көзден қалқалау сайға бұрып апарып дереу жүкті түсіртеді. Алдын-ала бәрін бақылап жүрген көріпкел;
– Ал енді менің айтқанымды істеңдер, құдай айдап оңай олжа келе жатыр екен, содан алып қалайық. Анау беткейдегі бейітті көрдіңдер ме, соған барып жасырынып тұрыңдар. Аз уақыттан соң жылқы қуып келе жатқандарды естисіңдер, жақын келгенде бас-аяғынан шығып қолдағы бар темір-терсек пен қазан-ошақты салдырлатып, адамдардың зәре-құтын алатындай жасаңдар. Ар жағын бізге қалдырыңдар, – депті.
Өзі қасына төрт Ақшаның 50-60 жігітін екіге бөліп алып, жол тосып, тосқауылда тұрыпты. Кешкілік шығыс жақтан алдарына қара нөпірдей 2 мың жылқыны жан-жағынан қамалап топырлатып айдап келе жатқан барымташылар көрінеді. Сол уақытта бағанағы тығылып тұрған адамдар қолдарындағы темір-терсекті ұрғылап, салдыр-гүлдірге басады. Барымташылар бейуақта бейіт жақтан шыққан оқыс дыбысқа алаңдап, сасып-салдырап қалғанда оларға ұмтылған Есдәулеттің жасағы барымташыларды сойылдап, аттан аударып тастап, қол-аяқтарын байлап алады. «Кімсіңдер, қайдан шықтыңдар, кімнің жылқысы?» дегенге жортуылшылар тіс жармайды, жауап бермейді. Айдаушыдан айырып алған жылқыны үйренген жағына тартып кетпесін деп Есдәулет біраз жігітін қайырмалатып баққызып қояды. Қызайлардың жылқысы екенін сезген Есдәулет әлгі барымташы 20 жігітті босатып, 10 ат беріп міңгестіріп жолына жібереді. Ертесіне қуғыншы келе жатқанын байқаған Есдәулет олардың алдынан шығып жөн сұрайды. Қызай елінің жігіттері келген бойы тиісе сөйлейді. Соңынан істің мән-жайына қанығып, малдың иесі екі мың бас жылқысын барымташылардан аман алып қалғанына ризашылық білдіріп, құрмет көрсетеді. Көштің иесі Ақша батырды ел-жұртымен қадірлеп қарсы алып, мал сойып, қонақ жасап күтіпті. Шығарып саларда Ақшаның өзіне бір айғыр үйір, 4 баласына бір-бір үйір жылқы беріпті. Суандар сол көшкеннен бұлардың жайлап отырған жерінен асып, қара тасты, ақ жуалы күнгей бетке барып тұрақтапты.
Есдәулеттің болжауы расымен тура келіпті. Сол жылы суық ерте күзде басталып, қар қалың түсіп, үсік қатты жүріпті. Айтқандай көктем де ішектей созылып, адам мен малды жүйкелетіп, талай үйдің аузын ақтан қағып барып шығыпты. Сол шақта таудың теріскей бетін қыстап шыққан Қызайлар: «Әй, біздің мал мына қыстың қаһарынан қысылып әрең шықты, ана келген Суандардың жағдайы не болып жатыр екен, білейік. Әгәрәки малынан айырылып жұтап қалса онда әкеліп қой бақтырайық» деп жиналып көруге келіпті. Ойлары теріс кетіп келсе бұлардың түгі де қисаймапты. Суандар ақтылы қойды қоздатып, інгенге ботаны көргізіп, төрт түлігін түгел өргізіп қара күнгейде ауыздарынан ақ майы ағып жырғап отырғанын көріпті. «Қой, біздікі ағаттау болды. Егер алдағы жылдың қалай боларын арасындағы батырының өзі күні бұрын болжап отырса, мынау Суандар бекер ел емес екен» десіпті. Сөйтіп, Ақшаның өзі бастаған, Есдәулет қостаған үлкендерін қайтатадан ауылдарына шақырып, бұлардан мал-жанға бата алып, құдандалы болып сыйласып тұрып кетіпті дейді.
Ақшалар сол жақта қалып қалғандай ма еді, егер Тайлақ батыр, Қожбанбет билер барып көштің басын бері бұрғызбағанда. Үржардың шығысындағы таудың шығыс беткейінде әлі күнге дейін «Ақшаның қара күнгейі» деп аталатын шөбі шүйгінді, қар жатпайтын қара тасты жер бар екен.
Осындай Ақшалардың сол жақты мекендегені туралы әңгімені намаз оқып жүрген Сүйіндіков Байшығали деген үлкен молда қария да айтушы еді. Қытай жерінде «Ақшаның қара күнгейі» деген жердегі қара жартаста үлкен үңгір бар. Сол үңгірдің ішінен таңертеңгісін ақ сақалды, ақ киімді бір қария шығып дәрет алып қайта кіріп кетеді деп. Кім білсін табиғаттың тылсымы көп. Мүмкін соңында қалған ұрпағының тілеуін тілеп, көріп-кетіп жаратқанға құлшылық айтып жүрген Есдәулет батырдың аруағы шығар деп ой түюге де болады. Бұл аңызға бергісіз жайтты Станбек деген жүзге келіп қайтыс болған ақсақал да айтып жүретін. Моншен деген кемпірі бар еді. Келібай байдың бәйбішесі жоғарыдан келген қонақтардың бәрі солардың үйіне түсетін. Асын адалынан жасап үй-жайын таза бәрін бипаздап ұстайтын. Мұндай ұсынақты адамдар көп нәрсені есінде сақтайды емес пе.
Сондай-ақ, Есдәулет бабамыздың батырлығы ұрпағына да берілген. Арада жүз жыл өтсе де қытай жеріндегі қырылған қалмақтардың қалдығы қазақтардан кек алу мақсатында жиі-жиі шабуылдап, жылқыларын барымталап отырған. Осындай бір кезекті барымтада Ақша руының жылқысын айдап кеткен қалмақтардың артынан түскен қуғыншылар ұрыс салып, малдарын айырып алып қалады. Қайтар жолда жылқыларын айдап келе жатқанда күш жинап үлгерген қалмақтар қуып жетеді. Жасақтың біраз бөлігіне жылқыны айдатып жіберген Солтанбек Мұратбекұлы бастаған аз ғана топ қуғыншы қалмақтармен айқасқа түседі. Ұрыс барысында қатты жараланған Солтанбекті астындағы аты тау шатқалына қарай бұрылып алып кетеді. Солтанбек батыр тау арасындағы бір үңгірге жасырынып, сол жерде жан тапсырады. Кейіннен сол жер «Шейіт сай» деп аталып кеткен екен. Солтанбек батырдың денесі жүз қырық жыл бойы сол үңгірде бұзылмай, шірімей жатыпты. Осы Солтанбек Есдәулет батырдың тікелей ұрпағы екен.
Әртүрлі қасиет қонған батырдың қарғысы да қатты кететіні бар. Бойындағы өзгеше қасиетінен сескеніп, айналасынан адамдар бейберекет жүре де бермейтін болған. Үлкен баласының есімін өзі ырымдап Құл қойыпты. Баласы басқаларына қарағанда жастайынан өжет, самдағай әрі өте қарулы болып өсіпті. Қолының қаттылығы сонша, ойнап жүргенде маңдайынан шерткен баланың шекесі жарылып кетеді екен. Әкесінің қос-қос жылқысының қасынан күндіз-түні шықпай, ұры-қарыны жолатпай сол ие болып жүріпті. Қазақтың маңдайына біткен ұлттық ойындардың бәріне араласыпты, бәйгеге де шапқан, аударыспаққа да түскен, теңге ілуден, жамбы атудан да талай жерде мерейі үстем болады. Сол уақыттарда Есдәулеттің қырғыздан алған тоқалының көзінің құрты Құлға түсіп, көңілі кетеді. Бірде үлкен бір тойға баруға жиналып, Құл тойға киер киімін алмаққа үйге кірсе, жалғыз отырып еріккен тоқал қылмыңдап оны икемдемек болады. Бұған ашуланған Құл «мен әкем түкірген жерге түкірмеймін, әкем су ішкен құдықтан су ішпеймін» деп ашуланып, киімдері қаттаулы жатқан теңді қамшысымен бір тартып жібереді. Қамшы сілтесімен ат үстіндегі жауын жұлындай түсіретін Құлдың бұл сілтеуінен буылған тең тілініп, ішіндегі заттары ақтарылып қалады. Құл ашуланып үйден шығып кетеді. Құлды дегеніне көндіре алмаған әлгі тоқал айлакерлікке көшіп, бұл әрекеттің өңін айналдырып жібереді. Есдәулетке басқаша жеткен сөз өзі әулие шалыс батырдың құлағына жеткенде, ренжіп тұрып, абайламай: «Әй, ол шіркін мандымас» деп айтып салыпты. Жанындағы жағдайдың бәрін білетін үлкенді-кішілер шошып кетіп: «Әй, баба сөзіңізді қайтып алыңыз» дегенде «Айтылған сөз, атылған оқ» дейді. Қасындағылардың дабырласып, ұлының кінасыздығын айтқасын, өзінің оқиғаның байыбына бармай ағат кеткенін біліпті. Қазақта бұрыннан қата кеткен қарғысты, назаны сол адамның тақымына қыл бұрау салып қайтаратын ырым бар екен. Батыр енді соны қолданып, назаны аластау үшін «Қыл бұрау салып көріңдерші» депті. Құлды аман алып қалу үшін білек күші бұлтылдаған атпал азаматтар қара тақымына қыл бұрау салып қинаған. Бірақ қыл арқанды бұрап жабылып қысса да ұлды шыңғыртатындай ауырта алмапты. Аяқ-қолы балғадай, денесі буылтық-буылтық нағыз батыр туған ұл «қыңқ» еткен дыбыс шығармапты. Өкініш өзегін сыздатып бәрін көріп отырған Есдәулет «Қарғыс қайтып алынбайды екен, босатыңдар» депті. Буындырған жігіттердің істер шарасы қалмағасын Құлды бұраудан босатыпты. Аз уақыттан кейін Құл ауырмай-сырқамай о дүниеге жүріп кетіпті.
Байтілеу інісі ағасына еркелеу өсіпті. Бірде өзінде мінер ат жеткілікті болса да Есдәулет ағасының жауға мінетін кертөбел атын сұратыпты. «Мені көтеретін, аяғымды жерге тигізбей алып жүретін ат, осы кертөбел ғана. Бере алмаймын» деп сәлем айтыпты Есдәулет. Жауға жарайтын кертөбел ат қана екен. Есдәулеттің өзі ірі денелі, қол-аяғы сом-сом болып біткен тұлғалы адам екен. Ұрысқа кірерде арнайы соққызған шар айнасы жарқылдаған ақ сауытын киген. Кейде ұрыс аяқталып үйге келіп ақ сауытын шешкенде сынған жебенің қадалған ұштары саусылдап түсіп жатады екен. Жауға мінер атын қалай берсін. Арада біраз уақыт өтіп, бауырлардың арасына суық кіретіндей барыс-келіс азая бастапты. Күйеуінің ағасын ренжітіп алғанын сезген әйелі:
– Ағаны ренжітпе, барып алдынан өтіп кешірім сұра, – депті. Оған артық кетіп ұялып жүрген інісі тартынып.
– Сен баршы, мен барғаныммен бәрібір кешірім бермейді. Бірақ таңғы намазын оқығанда бұзбай арт жағынан барып отыр да, намазын аяқтаған соң сұра, – деп келінді жұмсайды.
Айтқандай келесі күні Есдәулеттің келіні кешірім бата алуға атасының ауылына жалғыз барады. Атасының көзіне түспей, басына шапанын бүркеп, таңғы намаз кезінде сырт жағында жүрелеп отырады. Есдәулет «Ассалаумағалейкум рахматулла» деп мойнын бұрғанда алақанын жайған келіні «Әумин. Жәке» депті. Есдәулет аялдап барып намазын бітіріп «Әуелі мен болсам, соңында сен бол» деп бата айтып бет сипапты. Әулиелігі сонда, айтқаны келгендей соңынан дүниеге келген ұрпағы Қожбанбеттің ұлы жүзге айтулы би болуы сол кісінің батасының шапағаты болуы керек. Байтілеудің баласы Ебей, одан туған Қожбанбет 19 ғасырдағы қазақ даласындағы аузы дуалы, айтқаны екі етілмейтін, артына ұлағатты сөз қалдырған, елдің қамын жеген қазақ билерінің бірі де бірегейі.
Көшпелі ел болғасын әр азамат өзіне тиесілі шаруасын атқарып жүреді. Тағы бір бауыры Бекболат ағайындарына өкпелеп сөз айтып жүреді екен. «Малдың бәріне мен қараймын. Сендер болсаңдар малға жоламайсыңдар, қашанғы бұлай жүрем. Төрт Ақшаның бар жылқысына ие болып, күндіз-түні қарап, бағып мен жүрмін» дегенді естіп Есдәулет Бекболатты үйіне шақыртыпты. Имене басып алдына келген Бекболатқа қарап отырып «Өкпелеп жүрсің бе?» дегенде үлкен ағаны ренжітіп алдым ба деп ойлаған Бекболат та жалма-жан «Кешірім өтінем. Батаңызды беріңіз, сізді ренжітіп қойдым» депті. Ақ ниетімен бата сұрағасын қол жайған көптің көзінше «Басында мен болсам, кейіннен сен бол» деп бата қайырыпты. Сонда Бекболаттың 15 баласы болатынын, әулетінің өсетінін күні бұрын болжап, тілектестік бата білдіріпті. Ал «басында мен болсам» дегені өзінің де бауырынан 13 бала өсіп, көптеген ұрпақ тарапты.
Әңгіме-дүкен құратын қариялар Есдәулет батырдың көзінің сұғын қадағанда серті бар екен деп айтып отыратын. Қартайған шағы болса керек. Бірде үй алдына шығып, таза ауада сергіп отырса немересі айғайлап «Ата ананы қарашы, қарашы» деп көзін жауып тұрған кірпікті қабағын көтеріп әлгі көздің жауын алатын алтайы қызыл түлкіні көрсетіпті. Тіке қадалып түлкіге бір қараған атасы:
– Қызықсан барып алып келе ғой, – депті.
– Ой ата, ол түлкі қырдан асып кетіп қалды, маған жеткізе ме.
– Артынан барсаң аласың, – депті.
Сенер-сенбесін білмей тұрған немересі не де болса көрейін деп, соңынан ізіне түсіп барса айтқандай әлгі түлкінің мұрнынан қара қан кетіп өліп жатыпты. Қазақтың көздің сұғы тиді, көзінің сұғы өтті деген осы болса керек», – деп аяқтады әңгімесін Молдамырза Жарылғапұлы ағамыз.
Тарихтың жасаушысы – халық. Біздің қағазға түсіріп, баяндап отырғанымыз іргелес отырып ашкөздікке салынып, жерімізді жаулап алуға ұмтылған Жоңғар мен Қазақ хандығының арасындағы 150 жылдан астам жүрген үлкенді-кішілі соғыстағы қазақ батырларының, оның ішінде суаннан шыққан ерлердің есімін елге таныту. Сол мақсатпен ел арасынан тірнектеп дерек жинап, қолда бар жазылған материалдармен салыстырып, анығына жету.
Молдамырза қарияның Есдәулет батырдың ел қорғағандағы ерлігі, болашақты болжай алатын көріпкелдігі жайлы көнеден әңгіме таратқан, сол дүниелерді кейінгі ұрпаққа керек-ау деп көкірегіне түйіп, жадына жаттап алғандығына риза боласың. Есдәулет батыр Ақшаның ұлы ма, әлде немере, шөбересі ме, ол жағын анықтау алдағы уақыттың еншісінде. «Атасын ұмытқан атаусыз қалады» деген ежелден келе жатқан тәлімді нақыл бар. Әр отбасы өзінің шыққан тегіндегі жақсыларын ұмытпаса қазақ тарихы, оның ішінде Суандардың тарихы тоғыз атан тарта алмас жүк болар еді. Амал жоқ. «Аузың қайсы десең мұрнын көрсететіндер» көбейіп тұр. Ата тарихы туралы тоқтаусыз толғаған Молдамырза ағамызға ризашылығымды білдіріп қайттым.
Молот СОЛТАНАЕВ