Ұлтымыздың ұлы ұстазы, алаштың аты алтын әріппен жазылатын кемеңгер, рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп жазуы тегін емес. Біз мыңдаған оқырмандарымызды аудандық «Жаркент айнасы» жарияланымы арқылы республика, облыс, аудан көлеміндегі маңызды оқиғалармен үнемі таныстырып отырамыз. Сол сияқты аудан әкімі Марат Рахымбердіұлынан бастап өңірдегі ауыл округтерінің әкімдеріне жұртты толғандыратын әртүрлі сауалдар қойып, сұхбат жүргізіп келеміз. Мақсатымыз газетіміз арқылы оқырмандарымызды ауыл әкімдерінің әр елді мекенде атқарып жатқан жұмыстарынан, ондағы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінен хабардар ету. Ниетіміз Жаңа Қазақстанды құру жолында ел үшін аянбай жұмыс жүргізіп жатқан ауыл азаматтарының ауыз толтырып айтарлық толымды істерін өзге қызметкерлерге үлгі ету. Бүгін біз кезекті сұхбатымызды Пенжім ауылдық округінің әкімі Ерлан Өмірғалиұлы Оспанбаевпен өткізіп отырмыз.
– Ерлан Өмірғалиұлы, сіз округ әкімі қызметіне өз еркіңізбен келдіңіз бе?
– Жалпы кез келген деңгейдегі әкім лауазымы таңдап алатын белгілі бір мамандық иесі емес екенін көзі қарақты адамдар біледі деп ойлаймын. Өзіме келер болсам округ әкімінің қызметін атқаруға жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң қолданысқа еніп, ауыл әкімдерін аудандық мәслихат депутаттары сайлайтын кезде, яғни 2013 жылы сайландым. Демек округ әкімі қызметіне өз қалауыммен келдім.
– Пенжім ауылдық округіне қарасты аралары алшақ төрт елді мекен бар. Басқару қиындығы қандай?
– Пенжім ауылдық округі Алматы облысы, Панфилов ауданының шығысында ҚХР-мен шекаралас орналасқан, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан округ.
Рас айтасыз, округ құрамы жағынан төрт елді мекеннен тұрады, халық тығыз орналасқан. Сәйкесінше елді мекендер бір-бірінен дегендей қашық орналасқан деп айтуға келмес. Орталықтан қашық орналасқан Қорғас ауылы 14 шақырым, дегендей қиындық туғыза қоймайды. Округте жалпы территориясы 3401 га аумақты алып жатқан 4 елді мекен орналасқан. Олар Пенжім, Ават, Ынтымақ, Қорғас және ресми атауы берілмеген Пенжім шығыс тұрғын үй алабы, Нұркент аталып кеткен заманауи қалашық бой көтеруде.
– Округ тұрғындарының әлеуметтік жағдайына тоқталсаңыз?
– Округ экономикасының дамуы негізгі бес салаға бағытталған. Әлеуметтік саланы дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту бойынша округке қарасты барлық елді мекендер орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып, таза ауыз сумен қамтылған.
Елді мекендердің негізгі көшелері жарықтандырылып, асфальтталған. Қалған көшелерді жарықтандырып, жолдарды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарлануда.
Денсаулық сақтау саласында екі ауылдық дәрігерлік амбулатория, үш фельдшерлік акушерлік пункт қызмет көрсетеді. Округ орталығы Пенжім ауылында өткен жылда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 50 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория бой көтерді. Олардың барлығы дерлік бүгінгі заман талабына сай жабдықталып, жағдай жасалынған.
Сондай-ақ округте 3 мәдениет үйі, 2 кітапхана, 5 ашық стадион, 5 спорт зал мәдени және спорттық шараларды өткізуде қызмет көрсетеді. Діни бірлестіктер мен дін мәселесі де округ әкімі аппаратының тұрақты назарында. Елді мекендерде 4 мұсылмандар мешіті жұмыс атқарады.
Округтің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші ауыл шаруашылық саласы. Ауыл шаруашылығына жарамды жер көлемі 23 543 га, оның ішінде 15 608 га жайылым, 7 761 га суармалы егістік. Оның 6620 га жеріне жүгері, 502 га жерге көп жылдық шөп, 639 га жерге бау-бақша егілді. 662 га жердегі жүгері алқабынан 42 мың тоннадан артық жүгері өнімі жиналады. Оларда 836 шаруа қожалығы жұмыс атқарады. Ауыл шаруашылығы саласында өткен жылда тартылған инвестиция көлемі 80 млн теңгені құрады.
– Округте шешімін таппай жүрген түйінді мәселелер бар ма? Олай болған күнде оны жоғары органдар алдына жеткізе алдыңыз ба?
– Біздің ауданда суармалы судың жетіспеушілігі негізгі мәселелердің бірі. Бұл экологиялық ахуалға тікелей байланысты. Өйткені таудағы мұздықтардың азаюы, судың аз келуіне себеп болып жатыр. Соңғы үш жылда аталған су торабында судың аз келуі диханшылар үшін өзекті мәселеге айналды. Жергілікті мамандар мен шаруақожалық иелері Қорғас өзені бойына су қоймасын салу арқылы аталған мәселені түпкілікті шешуге тырысуда. Екі ел бұл өзен суын теңдей бөліседі. Алайда, беріліп жатқан су өзен арнасымен өтіп кететін болғандықтан, су қоймасын салып мәселені түбегейлі шешуге болады.
– Тұрғындар арасындағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарға көрсетілген жәрдем жөнінде не айтасыз?
– Мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға, аз қамтылған отбасыларға округ әкімі аппараты мен мешіт қауымының ұйымдастыруымен 231 отбасына демеушілер есебінен 9 млн 417 мың теңгеге (азық-түлік, көмір-отын, тұрмыстық техника, киім-кешек, ақшалай) қайырымдылық көмек көрсетілді.
Ават ауылында тұрмысы төмен отбасына тұрғын үй салуға жер телімі мәселесі шешіліп, ауыл тұрғындарының демеушілігімен тұрғын үй салынып берілді. Пенжім ауылында өртенген 2 үйге ауыл тұрғындары, кәсіпкерлер болып қаржылай көмек көрсетіліп, тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді және әлеуметтік жағдайы төмен бір отбасына тұрғын үй салып беру жұмыстары жүргізілуде. Осы сәтті пайдалана отырып, осындай игі істің басы-қасында жүретін барша азаматтарға алғысымды білдіргім келеді.
2021 жылы округте 410 адамнан тұратын 88 отбасына 24 млн 124 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
– Ел Президенті өз Жолдауында жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру мәселесін көтерді. Бұл тұрғыда қандай шаралар атқарылуда?
– Округте шағын және орта кәсіпкерлік нысандар саны 77-ге жетіп отыр. Оның 36-сы дүкендер болса, қалғандары кафе, ресторан, тойхана, асханалар мен шағын цехтар тұрғындарға қызмет көрсетуде. Етті бағыттағы ірі қара малдарының әлеуетін арттыруда 600 басқа арналған мал бордақылау алаңы жұмыс атқарады. Онда 7 отбасынан 16 адам тұрақты жұмыс жасайды.
– Округтегі әлеуметтік нысандардың жағдайы және қызмет көрсетуі қандай дәрежеде?
– Жастар, мәдениет және спорт саласы бойынша округте 2 мәдениет үйі, 1 клуб, 2 кітапхана бар. Биылғы жылы Пенжім ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу үшін жоба сметалық құжатамасын әзірлеуге 5 млн тг қаржы бөлінді. Сонымен қатар 100 орынға арналған спорт кешенінің құрылысына 600 млн тг қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталынатын болды.
Округте кейінгі жылдарда қарқынды дамып отырған сала – көлік және тауар тасымалдау, логистика саласы. Солардың бірі «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы, Нұрлы Жол бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған жоба. Бүгінгі күнде жоба аясында жүгері жинайтын, құрама жем шығаратын екі бірдей зауыт жұмыс жасауда. «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ның маңызды бөлігі Құрғақ Порт болып саналады. Бұл Орталық Азиядағы ең ірі жердегі порт, логистикалық орталық.
Округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына қарқын қосып отырған тағы бір сала – құрылыс саласы. Оның дәлелі Нұрлы жер бағдарламасы аясында 2020 жылы екі 60 пәтерлі тұрғын үй салынса, биылғы жылда тағы сондай екі 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Осылайша ауылымыздың ажары айшықтала түспек.
– Сіз басқарып отырған округ аудандағы ірі елді мекендердің бірі саналады. Шағын және орта бизнес қалай өріс алуда?
– Шағын және орта бизнестегі субъектілер саны 84-ке жетіп, оларда 208 адам жұмыс істеуде. Кәсіпкерлердің бюджетке төлеген салық төлемдері толығымен орындалды. Есепті жылы Пенжім ауылынан тұрғындарға қызмет көрстеуге «Invivo» зертханасы ашылып, 2 млн 500 мың теңгеге зертханалық жабдықтар сатып алынды. Бүгінгі күнде 2 адам тұрақты негізде жұмысқа алынды.
– Мемлекет басшысы білім саласын дамыту жөнінде айта келе «Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады» деді. Мектептердегі білім сапасы қандай әрі оны көтеру жөніндегі атқарылып жатқан шараларға тоқталсаңыз?
– Округте 5 мемлекеттік және 4 жекеменшік балабақша, 5 орта мектеп бар. Оларда 3238 бала білім алып тәрбиеленуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қорғас ауылында «Қорғас орта мектебіне» күрделі жөндеу жұмыстарына 331 млн 524 мың теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Пенжім ауылынан өз қаражаты есебінен 50 орынды «Асыл ұя» балабақшасы ашылды.
– «Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын» деді Президент. Осы маңызды әрі жаңа саяси науқанға тоқталып өтсеңіз.
– Кезектен тыс Президент сайлауы ағымдағы жылдың 20-қараша күні өтетіндігі белгілі болды. Президент өз үндеуінде биылғы жыл жан-жақты реформалар мен нақты өзгерістер жылына айналғандығын атап өтті. Сондай-ақ сайлауға байланысты бірқатар маңызды мәселелерге тоқталып өтті. Атап айтсақ Мемлекет басшысы көп ұзамай қоғамға сайлау алдындағы тұғырнамасын ұсынатындығын айтып, Мемлекет басшысы ретінде сайлау науқанының қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беретінін жеткізді. Сайлауды өткізу Мемлекет басшысының саяси бағытын нығайтуға көмектеседі және бүкіл мемлекеттік жүйені толығымен қалпына келтіруге, сондай-ақ қоғамымызды топтастыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Әрдайым еліміздің іргесі мықты, тұғыры биік болсын!
– Ерлан Өмірғалиұлы, болымды сұрақтарға толымды жауап бергеніңізге көп рахмет. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін.
Сұхбатты жүргізген Молот СОЛТАНАЕВ
БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА: Газетіміздің нөмірі баспаханада басылып жатқанда Пенжім ауылдық округінің әкімі Ерлан Өмірғалиұлы Оспанбаевтың AMANAT партиясы Панфилов аудандық филиалының атқарушы хатшысы қызметіне тағайындалғаны туралы сүйіншілі хабар келіп жетті. «Жаркент айнасы» газетінің редакция ұжымы Ерлан Өмірғалиұлының жаңа қызметіне табыс тілей отырып, жауапты жұмысын адалдықпен атқарады деп сенім білдіреді.