Облыстағы газдандыруға жататын 192 елді мекеннің қазіргі таңда 63-і газдандырылған, оның ішінде жыл басынан бері 30 елді мекен газға қосылған. Соның арқасында газдандыру деңгейі 56,5 пайызға жетіп, 394,9 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар орталығы алаңында өткен брифинг барысында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысының айтуынша, келесі жылы 21 нысанның құрылысы жалғасып, тағы 42 нысанның құрылысы басталады, осылайша, 2025 жылдың соңына дейін Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейінгі 126 елді мекеннің барлығы газдандырылады. Нәтижесінде 500 мыңнан астам тұрғын немесе жалпы халықтың 71,4 пайызы газға қол жеткізеді.
Атап өткендей, 19 тамызда Талдықорған-Үшарал газ құбырының құрылысы басталды. Жоба келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарындағы 66 елді мекенге газ тарату желісінің жобасын әзірлеу басталды.
– 2029 жылға қарай облыстағы барлық 192 елді мекенді газдандыру және 642 мыңнан астам тұрғынды немесе жалпы халықтың 91,9 пайызын газбен қамтамасыз ету жоспарлануда, – деп қорытындылады облыс әкімі Бейбіт Исабаев.