Референдум дегеніміз – ел тағдырына қатысты маңызды мәселені халықтың тікелей дауыс беру арқылы шешуі. Яғни, бұл – әр азаматтың өз таңдауын жасап, жауапкершілік алу сәті. Мұндай қадам кез келген жағдайда өткізіле бермейді. Әдетте референдум мемлекет өміріндегі аса ірі, бүкіл халыққа ортақ шешімдер қабылданар кезде ұйымдастырылады.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері республикалық деңгейде үш рет референдум өткізді.
Біріншісі – 1995 жылдың 29 сәуірінде өтті. Онда сол кездегі Президенттің өкілеттік мерзімін ұзарту мәселесі дауысқа салынды.
Екіншісі – 1995 жылдың 30 тамызында өтті. Бұл жолы жаңа Конституция жобасы халық талқысына ұсынылды. Дәл осы референдум нәтижесінде қазіргі Негізгі заң қабылданды.
Үшіншісі – 2022 жылдың 5 маусымында өтті. Онда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралды. Бұл өзгерістер елдегі саяси және құқықтық жүйені жаңғыртуға бағытталды.
Осы мысалдардың өзі референдумның жай мәселе үшін емес, мемлекеттің даму бағытын айқындайтын сәттерде өткізілетінін көрсетеді.
Референдумда қандай мәселелер қаралады? Әдетте олар – Конституцияны қабылдау немесе өзгерту, мемлекеттің басқару жүйесіне қатысты ірі шешімдер, кей жағдайда аумақтық мәселелер. Яғни, бұл – бүкіл халықтың ортақ мүддесіне қатысты тақырыптар.
Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, референдум демократиялық елдерде жиі қолданылады. Мысалы, Швейцария референдум өткізу тәжірибесімен танымал. Бұл елде азаматтар жыл сайын түрлі әлеуметтік, экономикалық, тіпті экологиялық мәселелер бойынша дауыс береді. Халықтың пікірі мемлекеттік шешім қабылдауда шешуші рөл атқарады.
Ал Франция елінде референдум арқылы Конституцияға өзгерістер енгізу немесе Еуропалық одаққа қатысты келісімдер секілді маңызды саяси мәселелер қаралған. Кейбір мемлекеттерде аумақтық тәуелсіздік, басқару үлгісі, ірі реформалар да халық талқысына салынады.
Бұл тәжірибе бір нәрсені көрсетеді: референдум – билік пен халықтың арасын жақындататын құрал. Ол тек дауыс беру емес, ол – сенім білдіру.
Бабаларымыз «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген. Бұл сөздің мәні бүгін де өзгерген жоқ. Ел тағдырына қатысты шешімді жалғыз бір топ емес, бүкіл халық болып қабылдау – әділ жол. Ортақ іске ортақ жауапкершілік қажет.
Референдум – әр азаматтың таңдауы. Дауыс беру – жай белгі қою емес. Ол – «Мен осы елдің болашағына бейжай қарамаймын» деген ұстаным. Қоғамдағы әр адам өз таңдауымен ел дамуына үлес қосады.
Сондықтан референдумға қатысу – құқық қана емес, жауапкершілік. Болашақты біреу келіп жасап бермейді. Оны халықтың өзі айқындайды. Ал халықтың үні естілген жерде сенім бар. Сенім бар жерде тұрақтылық пен даму бар.
Төлебай ЕЛЕУСІЗОВ,
«Ардагердер ұйымы» республикалық
қоғамдық бірлестігі Жетісу облысы
Панфилов аудандық филиалы
төрағасының орынбасары










