Жетісудағы ортағасырлық Иланбалық қаласынан табылған зергерлік қойма
Іле өзені алқабындағы қазіргі Жаркент қаласынан батысқа қарай сегіз шақырым жерден Иланбалық (Ілебалық – ред) қаласының орнының табылуы археологиялық ашылудың жарқын көрінісінің бірі болды. Бұл қалаға Кіші Арменияның патшасы I Гетум монғол империясының астанасы Қарақорымға кетіп бара жатқанда соға кеткен.
Ғалымдар Иланбалық қаласының орналасқан жерін ұзақ уақыт анықтай алмай жүрді. Орналасқан жері туралы бірнеше нұсқа ұсынылды. Орыс шығыстанушы В.В. Бартольд Іле өзенінің өткелінен өткеннен соң шығысқа қарай 40 шақырым жердегі Шеңгелді қалашығы десе, А.Н.Бернштам Талдықорғаннан шығысқа қарай 20 шақырымдай жердегі Көксу өзенінің алқабында жатқан Дөңгене қалашығының орнын көрсетеді. Тек Жаркент қаласынан батысқа қарай түргенде 8 шақырым жердегі Үшарал қалашығын зерттеген кезде ғана оның Иланбалық қаласының орны екендігі белгілі болды. Бұл ашылу жөнінде «Промышленность Казахстана» журналында хабарланды.
Үшарал – Иланбалық қаласының орнына қазба жұмыстары 2016 жылдан бастап жүргізілді. Оның жер жағдайы зерттелініп аумағы анықталды цитадель (қаланың орталық бөлігі) шахристан (қаланың ішкі бөлігі), және рабат (қаланың маңы мен зират орналасқан жері) айқындалды.
2018 жылы қаланың қабырғаларына зерттеу жүргізілу барысында сырты қоңыр былғарымен қапталып қызыл сырмен өрнектеліп боялған, ағаш қобдишаға салынған зергерлік бұйымдардан тұратын қойма табылды. Қазба жұмыстары «Еуропа-Азия» зерттеу қоғамының (Швейцария) қаржылық көмегінің қолдауымен жүргізілді. Осы мүмкіншілікті пайдалана отырып Қазақстанның мәдени мұрасының зерттелуімен сақталуына үлкен үлес қосып отырған қоғамның президенті Кристоф Баумерге ризашылығымызды білдіреміз.
Көмбенің құрамында үш күміс білезік, екі мыс сырға, күміс моншақты іші қуыс үш алқа, қызғылт маржаннан жасалған алқа, көпқырлы сердолик моншақ және тікбұрышты тілімшесі бар екі алқа, көгілдір ақықтан жасалған моншақты алқа, асыл тасты таспиқ, өзеннің ұсақ інжуі, лазурит (көк тас) пен тау сутасынан (хрусталь) істелінген жеке-жеке моншақтар бірнеше нефрит (көкшіл түсті минерал) тұмарлар бар.
Бұрама білезіктер
Бұрама білезіктер көркемдік тұрғыдан алып қарағанда сәнділігі жағынан олардың барлық әшекейлерден басымдылығы айқын көрінеді. Күмістің жұмсақ нәзіктігі мен оның мөлдір ойнақы жарқылы тереңде тұнғандай етіп берілген. Табылған мұндай білезіктер көп жағдайда Орта Азияның біраз аудандарына (Шаш, қазіргі Ташкент облысы, Чиназ, Сиджақ, Сайран, Отрар, Талхир мен Жетісуға) тән. Білезіктердің үлкен екі басы біріктірілмеген, ортасына қарай қалыңдай келе үштары тарыла түседі. Олар ширатылған дөңгелек іші қуыс майда және әшекейлі сымтемір жіптен өріліп жасалған Тарыла келе біткен жағының көпшілік бөлігі жыланның басы түрінде безендірілген Орта Азияның солтүстік, солтүстік шығыс аудандарымен Қазақстаннан табылған күміс білезіктер Волга бойынан табылған күміс білезіктермен тым ұқсас келеді.
Білезіктердің алғашқы түрі айқастыра өрілген қос жыланның басы түрінде жасалған. Қосарланған жыландардың және тағы басқа жәндіктердің бейнелеуі өз кезегінде өнерде сәндік симметрияның негізі ғана болып қоймай оның белгілі бір мағынасы да болған. Біздің байқауымызша қос жыланның бейнеленуінен өз кезегінде өмірді және құнарлылықтың мәні ер мен әйелден бастау алатындығы жайлы мағлұмат берілуінде. Жыланға табыну Орта Азияда ежелгі дәуірден белгілі тотемдік наным. Бейнеленген жыланның кейпі екі түрлі ұғымды: ізгіліктің және зұлымдықтыңда бар екендігін білдіріп тұр. XI ғасырда Махмуд Қашқаридің жазғанындай жылан күнімен, жылан жылыда қолданылған. Көптеген халықтарда жылан денсаулықтың, ақылдылықтың білімділіктің, данышпандықтың нышаны деп саналған.
Күміс алқалар
Бірінші алқаның көлемі 18×30 мм болып келетін дөңестеу сопақшалау моншақтардан жасалған. Екі жағының тесіктерінің аузында 3 мм шығыңқы жері бар. Қалыңдығы 3-4 мм шығыңқы келген толқынды сызықтар алқаның үстіңгі жағын көлденені 8-9 мм болып келетін ұзынша қиықтарға бөліп тұр. Бұл алқада көлемі 27×20 мм 115 моншақ бар. Олардың қарама-қарсы жақтарында диаметрі 2 мм шығыңқы тесіктері бар. Қарама – қарсы жақтарындағы тесіктерінің аузында шығыңқы келген бүртігі бар көпқырлы (12 қырлы) алты, төрт қырлы моншақтарда кездесті.
Екінші томпақ алқа, сопақша етіп жасалған, көлемі 13×1, 1×8, 8×3 мм, іші қуыс 115 моншақтан тұрады. Қарама-қарсы жақтағы тесіктері 1-2 мм. Моншақтардың бір бөлігі жақсы сақталған ал кейбіреулері жаншылған, тот басқан.
Үшінші алқа диаметрі 5 мм болып келетін 536 шар тәріздес іші қуыс моншақтан тұрады. Қарама-қарсы жағындағы тесіктерінің көлемі 1 мм. Моншақтардың бір бөлігі жақсы сақталған ал біразы жаншылған, кейбіреулерін тот басқан. Моншақтардың тесігінде мақтадан иірілген жіп сақталып қалған. Күмістен жасалған зергерлік бұйымдар көптеген халықтардын арасында кеңінен таралған және қолданыста болған қазірде сәннен шығып қалған жоқ. Күмістен соғылған әшекейлер зұлымдық күштерден қорғайды, ұзақ өмір сүруге жағдай жасап жақсылыққа жетуге септігін тигізіп денсаулыққа демеу береді деп саналған. Күміс әшекейлер көп кездеспейді деп саналғандықтан ұрпақтан- ұрпаққа мұраға қалдырылып отыратын болған. «Кім күмісті жақсы көрсе сол күміске тоймайды». Күміс көктегі айдың жердегі нышаны болып табылады. Күміс қазақтардың түсінігінде тұла бойды емдеуші, тазартушы құдіретке ие деп саналған. Қазақтардын күміске этникалық тұрғыдан артықшылық беруі ислам дінінің этикасымен тура келеді, сол сияқты мыс та сиқырлық қасиетке ие деп саналған. Әбу Райхан Бируни күміс туралы былай деп жазған: «Алла күмістің ізгілікті құндылығы үшін оны жартастың ортасына орналастырған» — деп Әбу-л-Фадыл Әл Аруди ас-Саффар айтыпты дейді.
Мыс сырғалар
Көмбедегі тағы бір көз тартарлық нәрсе әйелдердің інжумен безендірілген әшекейі мыс сырғаларды атауға тұрады. Олардың дөңгелектеу келіп, бүгілген қалыңдығы 3 мм мыс сымдардан жасалынып екі жағыныңда інжу жіптермен сәндендірілгенін айтуға болады.
Маржан алқа
Маржаннан жасалған сәндік бұйымдар ежелгі заманнан бері кеңінен қолданылып келеді. Маржандардың түрлі-түске қаныққан қызыл, қызғылт ақ түске дейін құбылысы көпке белгілі. Маржаннан сақиналар, білезіктер моншақтар, сырғанын ілмегін және зергерлік бұйымдар, т.б қымбат заттардың беткі қабатын дайындаған. Қазынада маржанның бұтағы мен бұтақшаларының кесінділерінен өңделіп және тесіп ортасынан жіп өткізілетін саңылау салынған, әдемілігі жағынан таңқалдыратын алқа бар. Кесінділер әр түрлі ең ірісінің ұзындығы 5-6 см болса ал қысқасының ұзындығы бар жоғы 1,5×2 см. Маржаннан жасалған бұйымдар жоғары бағалана отырып, оларға әр түрлі қасиеттер таңылып адам тағдырына ықпал ететін сапалық қасиеттерімен мүмкіндіктері бар деп есептелінген. X ғасырдағы араб мақалы «Ең жақсы сауда бәтеспен жасалынған сауда, ең жақсы қолөнер — маржанды өңдеу» делінеді.
Ақық алқалар
Қазынада шие түсті ақықтан жасалған екі алқа бар. Моншақтарды көбінесе қарапайым ұзындау етіп алты немесе сегіз қырлы призма түрінде жасаған. Олар бір-бірлеп алқаға кезектестіріліп тізілген. Моншақтар нәзік тілімшелердің көлеміне қарай ерекшеленеді. Ақықтың бұлайша айрықша әйгіленуіне оның табиғатта көптеп кездесуі әсер еткен. XI ғасырда ақ Әбу Райхан Бируни ақық кеніштері Индияда да, Иеменде де бар деп көрсеткен. Аңыз бойынша Мұхамед былай депті: «Кім жүзігіне ақық қондырған болса ол ылғи игілікке батады» және «Ақықтан жүзік тағыңдар, ол шын мәнінде кедейлікті қуады». Көгілдір ақықты моншақтар екі көк алқадан бес жасыл — көк алқадан тұрады. Егерде көгілдір ақықты тағып жүретін болсаңыз, жүректі күшейтіп, қорқынышты басып, жеңіске жеткізеді, найзағай түскеннен сақтайды деп саналған. Күнделікті таңертен көгілдір ақыққа қарау көздің көруін жақсартатын болған. Бируни көгілдір ақық жеңіс тасы және көз тиюден сақтайды дегенді айтады.
Ақықтан жасалған таспиқтар
Бұл тас барлық жерге таралған және оңай өңделеді. Бируни «егер көз тиген адам өзімен бірге ұсақталған ақық алып жүрсе ол қауіптен құтылады» деп пайымдайды. Сондықтан да одан балаларға арналған алқалар жасайды. Ақықты үгітіп, ұнтақтап таза суға араластыратын болған. Осылай жараны емдейтін емдік тұнба алатын. Тастың ауруларға қарсы өте жақсы әсері болған және оны суық тигенде, жараланған, күйік шалған жерді емдеуге қолданған. Ақықтан жасалған моншақтар мен тұмарлар тамақ, өкпе, қолқа, тіс ауруларынан құтылуға көмектескен, сол қолдың атсыз саусағына тағылған жүзікжүрек ауруын қойдырған, ал оң қолдың ортаңғы саусағына ұйқысы қашқан, себепсіз қорқыныш мазалайтын, ашуланшақ, ұстамасы бар адамдар сақина салып жүруі қажет екен.
Інжулердің жиынтығы
Қоймадан көлемі 3 мм-ден 6 мм-ге дейін інжулер шықты. Олардың жалпы саны 439 дана. Барлығының ортасында тесігі бар, шамасы алқа үшін, не болмаса бұрымдарға қосып өруге не болмаса тіккен киімге қадауға арналған сияқты.
Інжу ең бір сүйікті әшекей болған. Бүкіл Орта ғасырлық әдебиеттегі өлең- жырлардың өң бойында інжуді бейнелемей өтпейтін болған. Адамды інжуге теңеу – оның ақылдылығына, ойлылығына, сөзіне, сұлулығына берілген ең жоғарғы мадақ болып табылған. Бұл балама кемелділіктің ең биік шыңы. Інжудің емдік қасиеті бар деп саналып, одан жүректі күшейтетін қоспа жасаған. Дерек көздері тек інжудің өзінен ғана алқа жасау туралы сөз болғандығын нақтылайды. Махмуд Қашқарида «тизиг — інжу алқа, тизим інжудің жібі» дегенді ескерте кетеді (Мұнда тизит-тизим-қазақтың тізілген тізбелер). Інжуді басқа түрлі-түсті тастармен, металмен үйлестіре пайдалану да қоса жүрген. «Ол інжумен көгілдір ақықты араластыра тізді. Сол сияқты алқадағы інжулерді бөліп тұрған ұсақ моншақтар ақықтан көгілдір ақықтан, лазуриттен (көк тас) көптеген жағдайда алтыннан болады, сол кезде алтынның сәулесі інжуге төгіліп ол сарғыш реңк береді», — деп жазады Бируни.
Қорыта келгенде тек бір ғана інжуден емес сол сияқты олардан өзге нәзік, көзге ұрып тұратын таңдаулы ашық түсті тастармен әрі алтынмен үйлестіре отырып әр алуан реңк тудыратын әдемілігімен көркемдігі қабысқан алқалар дайындау қабылданды.
Карл БАЙПАҚОВ,
академик, «Промышленность Казахстана»
журналы, 2018 жыл №2.
(Орыс тілінен аударған Молот СОЛТАНАЕВ)