Таяуда ғана ауданымызда алғаш ұйымдастырылған қазақы құмай тазыларының аудандық жарысы сәтті өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жанашырлық танытып, тәжірибелерімен бөлісіп, тілеулес болған барша қазақы құмай тазы жанашырларына алғыс білдіремін. Аздаған техникалық ақауларға қарамастан, жарысты қызықтап, қошеметтеп, алғаш ұйымдастырылғанын ескеріп келген көрермендер мен қатысушырарға үлкен рахмет айтамын.
Талайға қонақжайлылығымен танылған Талды ауылының таудай жігіттері бұл жолы да қарап қалмай, барша жиналған жұрты қошеметпен қарсы алып, жақсы құрметпен шығарып салды.
Жарыстың басты мақсаты – қазақ тазысының тұқымын сақтап қалу, санын арттыру және Халықаралық кинология қауымдастығының (FCI) алдында осындай тұқымның бар екенін дәлелдеп, мойындатуға — ауданымызда саятшылықты жанына серік еткен серілер атынан сәл болса да үлес қосу. Бұл мәселе бір жеке тұлғаның немесе ауданның, облыстың шешетін мәселесі емес. Өйткені бұл – ұлттық мәселе. Осыған дейін дейін түрлі себептермен ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқан ұлттық құндылықтарымыз қаншама. Ұлттық ерекшелігіміз бен құндылықтарымызға енжар қарауымыздан көкпарды – қырғыз, қазыны – өзбек, қымызды – немістер патенттеп алды. Бұл – біз мойындасақ та, мойындамасақ та, ащы шындық! Ендігі қалған осы қазақы құмай тазымыз. Кейде осындай жағдайлар еске түскенде, сонша мәпелеп отырған тазымыз әне-міне дегенше жаттың жетенінде кетіп қалардай болып тұрады.
Енді біз осыған жеткізбеу үшін не істеуіміз керек? Қандай амал бар? Сұрақ көп, жауап аз! Ол үшін барша қазақ жігіттерінің бірлігі ауадай қажет. «Жіп біріксе — арқан болар, ер біріксе — қалқан болар» деген атам қазақ. Бірлікті ең алдымен өзімізден бастауымыз керек. Сондай мақсатпен таяуда ең алғаш тазы жарысын ұйымдастырдық. Ауданымыздың 12 ауылынан 50-ге жуық тазы қатысып, жарыс жоғары деңгейде өтті. Желдей жүйіткіген, қоянға адым аштырмайтын, түлкіні қырдан асырмайтын, қаша алмай елік алқынған, қасқырды алған алқымнан қазақы құмай тазысының жиынын тамашалаған халықтың қарасы да көп болды.
Жоғарыда айтылған Халықаралық ұйымның талабы бойынша — тіркеуге ұсынылған ит түрінің саны 1000 басқа жетуі тиіс. Тазының тек аты ғана емес, заты да бекітілген стандарттарға сай келуі тиіс. Дәл қазір Қазақстан кинологтар одағында тіркеуде тұрған 300-ге жуық қана тазы бар. Бұл Қазақстанда тазы санының аз екендігін білдірмейді. Тіркелмей жүрген тазылар жетерлік. Мәлеленің бәрі осы тіркеуге келіп тіреліп тұр. Өйткені Жаркентте тазы көрмесі өтпеген. Республиканың басқа өңірлерінде өтетін көрмелерден жер шалғайлығынан ауыл тұрғындары қалыс қалып жатады. Алдағы уақытта сондай үлкен көлемдегі тазы көрмесін өз ауданымызда ұйымдастаратын боламыз. Көрмеге аудандағы барша тазы асыраушыларды шақырып, Қазақстан кинологтар одағының өкілдеріне тазыларды бекітілген стандарт шарттары бойынша тексертеміз. Стандартқа сай келген тазыларды тіркеуге алғызып, тазының тазалығын растайтын құжат жасатамыз. Осылайша еліміз бойынша жиналу керек болған таза қанды қазақы құмай тазының 1000 басқа жетуіне өз өңірімізден үлес қосқан боламыз.
Осындай қиындықтарға қарамастан, 15 жылдан астам уақыт тазы тұқымын асылдандырумен айналысып, дәстүрлі саятшылық өнерді жанына серік еткен сері жігіттер жетерлік. Солардың бірі әрі бірегейі жерлесіміз, Талды ауылының тұрғыны Жігер Жаңабердіұлы ағамыз. Жігер ағамыздың талай жыл тазы жүгіртіп, тазы тұқымын асылдандырып, жоғары жетістіктерге жетіп жүргендігін көпшілік біле бермейді. Себебі, ертеден бері жеті қазынаға кіргізіп, үй ішінен орын берген құмай тазыға бүгінде жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейді. Айта кетсек, Жігер ағамыздың ондаған жылдар бойы сапалы селекция жүргізуінің нәтжесінен шыққан «Тұйғын» есімді тазысы бүгінде сол ерен еңбегінің жемісі болып отыр. Ол тазысы Қарағанды қаласында «Қансонар» аңшылар бірлестіктері мен аңшылар шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығының» ұйымдастыруымен өткен республикалық «Тазы-2018» ұшқыр иттер курсингісінде жүйріктігі жағынан жүлделі екінші орынды иеленді. Дәл сол көрмеде стандарт бойынша дене бітімі, қанының тазалығы жағынан бас жүлдені иеленіп, нағыз қазақы құмай тазы атанды. Сол жылдың көктемінде Алматы қаласында «Асыл тазы» ұйымының жетекшісі, тазы асылдандыру саласында аянбай еңбек етіп жүрген Нұрғали Нұрышов бауырымыз өткізген тазы көрмесінде Қазақстан кинологтар қауымдастығың ұйғарымы бойынша бас жүлде иеленді. Жаркенттің шағын ауылынан шығып, бүкіл Қазақстанға танылған бұл тазы бүгінде біздің мақтанышымыз.
Соңғы жарты жылда Жаркент өңірінде тазы ұстап, аңға салып, сауық құрып, ұлттық саятшылық өнерімізді ұстанып жүрген сері жігіттер арасында тығыз байланыс орнатып, ортақ мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында жұмыс жасап келеміз. Бұл да болса өте қуантарлық жағдай. Бүгінде Алмалы, Талды, Еңбекші, Тұрпан, Сұптай, Надек, Алтыүй, Пенжім, Үлкен шыған ауылдарының жігіттерімен whatsapp желісі арқылы үнемі байланысып, сұхбаттасып тұрамыз. Кезі келгенде бірге саятшылық құрып, алдыңғы буын ағаларымыздан ақыл сұрап, тәжірибе алмасамыз. Аталмай кеткен ауылдардан тазы баптаған жігіттер болса, бізге қосылып, ортақ мақсатқа жетуге күш жұмылдыруға шақырамын.
Сонау ғасырлар бойы сақталып келе жатқан ұлттық саятшылық өнерімізді сақтап, дамытып, атадан балаға мирас ету – біздің міндетіміз. Ерте заманнан сұлулығы таңдай қақтырып, мүсіні тасқа қашалып, қажет кезде бір ауылды асыраған қазақы құмай тазының тұқымын сақтап қалу бабалар аманаты.
Еркебұлан ДӘУЛЕТКЕЛДІҰЛЫ,
Жаскент ауылы.