(әңгіме)
Күндегі әдетімен Нақыпбек Ертістің жағасымен итін жетелеп, бір шай қайнатымдай қыдырған. Әрі өткен, бері өткен кешкі салқынмен серуен құратындардың мұның тазысына қызықпай өтетіндері жоқ. Ұшарды бұрыннан көріп жүргендер оған сүйсіне көз тігіп, иесіне өте бір сыпайы сәлемдесіп өтсе, бұларды алғаш көргендер иті туралы білуге құмар. «Қай туған боласыз?», «Осы қаланың тұрғыны боласыз ба?» сынды сауалдарын қойып әуре болмай-ақ таныстықты Ұшардың жөн-жосығын сұраудан немесе бұрын-соңды тазы итті көрмегендей оны мақтаудан бастайды: «Туысқан, мынау нағыз құмай тазы болар, ә?», «Аңға салып тұрасыз ба?», «Мұны қайдан алып жүрсіз?» десе, қайсыбірі «Шіркін, мынауыңыз нағыз қасқырға түсетін құмай тазы екен де?», «Паһ, шіркіннің бітімі бөлек жаралған екен!», «Апыр-ай, мұндай иттің сырттанын бұрын-соңды көрмеппін!» деп, үйірлісе кететін. Әсіресе, балалар тазыны қызықтауға құмар. Ұшардың оларда жұмысы шамалы. «Бұрын-соңды ит көрмегендей неге менің төңірегіме келіп, үймелей бересіңдер?» дегендей аса бір сабырлықпен бей-жай тұра беруден танған емес. Бұл мақтау-мадаққа Ұшар соншалықты енжарлық танытқанмен, оның иесі Нақаңның мұндай әңгімелер жанына жаға түсер еді. Қанша дегенмен «Атың жақсы екен», «Итің жақсы екен» десе төбесі көкке жеткендей марқайып қалатын қазақтың баласы емес пе, итінің өнерін тәптіштеп айтудан немесе мақтаушылардың лебізіне лепіріп кетпесе де «Ие, солай» дегендей басын шұлғып, болмаса «Дұрыс айтасыз, қазір алғыр құмайлардың тұқымы құрып барады ғой» деп өзі де қоштап қояр еді. Шынында денесінде бір кесек артық еті жоқ, сүйекті біткен тұрқына тықыр түкті теріні қаптап қойғандай көрінер еді. Санап алардай қабырғалары анық көрініп тұрғандықтан, олардың жұмырлана жуан жаратылысы бірден байқалады. Маңдайы үлкен адамның қарысындай, сәл қызараңқы қос жанары шоқтай жайнап, өзінің табиғатына тәңірі жаратқан жүгіру, қуғанына жету дейтін өнеріне сұранғандай үш өрім қайыс жетек жібін кере тартып қояды. Сіңірлі алдыңғы аяқтары ұзын, ал садақтай иілген артқы аяқтарының ұзындығы алдыңғы аяқтарынан ұзын болмаса кем емес. Білеуленіп, сыртынан көрініп тұрған бұлшық еттері серпіле жүгіру үшін әбден жетілгендей. Күлдіреуіш бел, арқа сүйектері түзу, кеудесі жүйрік аттың кеудесі сияқты алшақ.
Тазыны көріп, жанынан ұзай алмай жүрген жас жігіт:
– Шіркін-ай, осындай да ит болады екен, нағыз көрмеге қойып, жұртқа көрсететіндей-ақ хайуан екен, – деген.
– Шырағым, бұл көрмеде тұратын асыл тұқымды мал емес. Бұл қашса құтылатын, қуса жететін, тек жүгіру үшін жаралған ит. – Тазының иесі жігіттің сөзі мақтау, мадақтау тұрғысынан айтылғаны ұнап тұрса да ренжіген сыңай танытқан.
– Кешіріңіз ағасы, тазыңыз ерен сұлу көрінген соң айтып едім. Желпілдеген жібектей қос құлағындағы шашақтары да әдемі екен.
– Иә, шырағым, бұл нағыз қазақы тазының «қырып сал» дейтін, қазір жоғалуға айналған тұқымы ғой.
– Тазыңызды аңға шығарып, қызығын көріп жүрген боларсыз?
Нақаң жігіттің осы сауалынан кейін біраз ойланып барып:
– Қызметтен қол тимейді ғой. Былтырғы және өткен қыста ғана саятшылыққа шыққанымыз болмаса, сол аңшылықтың сәті келе бермейді, – деді де өз жолына қарай бұрыла берген. Оның үстіне иті де біздиген тұмсығымен иесінің тілерсегін түртіп, «тұра береміз бе?» дегендей мазасыздана бастаған. Итінің мойнындағы арнайы тапсырыспен осы қаладағы бір зергерге жасатқан жылтырауық, текті тас орнатылған күміс қаптырмалары бар қарғыбауы мен иленген ақ қайысты итінің жирен түсіне ұқсас күрең бояумен боятып, шығырықтатып, қолға ұстайтын шашақты бүлдіргіге ұқсас жалпақ қайысы – бәрі-бәрі әдемі тазының одан әрмен көркін арттыра түсер еді. Ерте көктем мен қара суықты күзде, сонан кейін қыс айларында осындай серуенге шыққан кезде тағы да шебер тігіншілерге оқаның алтын түстес жіптерінен дөдегелеріне шашақ төктіріп, оюлатып жасаттырған қызыл жабуымен итін осылай кешкілік серуендетіп жүрген кезде бұлардың жанынан бірде-бір жүргінші тоқтамай өте алмас еді. Ол аздай Семейдің қызыл шұнақ аязы түскен кезде итінің төрт аяғына киізбен астарлап жұмсақ былғарыдан мәсі сияқты ғып тіктірген қоныштары сирағына байланатын шолақ етіктері ит тұқымына жасалатын керемет күтімнің, ерекше салтанаттың үлгісіндей көрінер еді. Тазысымен саят құрып, алғырлығын тамашалағаннан гөрі осылайша жұрттың мадағын естіп, таңданыстарына көңілін марқайтып жүрген Нақаң үшін ерекше ләззатты көрінетін. Жұрттың біразы тұқым-тұрқы бөлек тазыдан да оның Батыстың байлықтан бастары айналған кербез сұлулардың сәнге ұстайтын түрлі-түсті иттерін жасандырып, жетелеп жүретін иттері сияқты ерекше салтанатты әбзелдері мен «киімдеріне» таңырқай қарайтын. Таңырқай қарайтындардың көбінің іштерінде:
«Е, бір облыстың жаза басқандарының ақ-қарасына төрелік айтып, жазасын белгілеп отыратын сот төрағасының итін ерке баласын күткендей жұртта бола бермейтін қылығына қызғаныштан гөрі соған ұқсас осынша асып-тасуға бола ма екен?» дейтін бір сезім оянатын. Айтты-айтпады, кешегі жарты әлемді жайпаған фашистермен соғыстың салған жарасын жұртшылық жалап жаза алмай жатқан заман, иттерін бұлайша сәндендіргенді қойып, тойып тамақ іше алмай, жамаусыз киім кие алмай жүрген уақытта бұл көзге күйік сияқты көрінетін.
Алайда, ол туралы ой Нақаңның басына келе қоймаған болатын. Ол кешкі серуенін аяқтап, үйіне қайтып келе жатқанда, жаңа жолыққан жас жігіттің: «Тазыңызды аңға шығарып, қызығын көріп жүрген боларсыз?» деген сауалы ойына орала берген. Күні кешегі соғыстың соңғы жылдарында иесі майданнан жараланып оралған соң бір үйлі жанды ғана емес, бүкіл ауылдың біраз адамдарын қызылсыратпай елік пен қоянның етімен асыраған, оның сыртында бір қыста 85 түлкі алған атағы бар Керім досының Ұшары қазір ойласа, сол жігіт айтқандай, көрмеге қойылған қуыршақ итке айналыпты. Алдына қойылған итаяқ-астауына піскен ет пен арнайы дайындалған асын құйып, күндіз-түні арнайы төсеніші бар бөлмесінен шығармай, тек жұмыстан қолы қалт еткен кездерінде жетек жібінен босатпай серуендеткеннен басқа, бір-екі дүркін саятқа шығарып, облыс басшыларын риза қылғанынан басқа бауырын жаздырып, жүгіртіп көрмепті. Күтімде тұрған «тұтқын» сияқты екен. Адамдай есті ит арнаулы өз әжетханасында қажетін уақтылы өтеуден де жаңылмайды.
* * *
Бұдан екі жылдан астам уақыт бұрын Нақаң жазғы демалысында соноу шығыста, Тарбағатайдың бір қойнауындағы терең сайдың аңғарын сағалап жатқан Қызылсайдағы ағайындарының есен-саулығын білуге арнайы келген. Одан басқа оның елге келудегі тағы бір ішкі есебі бар болатын. Бала досы Керімге арнайы жолығып, соңғы екі-үш жылдың беделінде атағы жалпақ жұтқа аңыз болып жайылып кеткен Ұшар атты тазысын қалайда қолға түсіруді ойлаған. Өзі де бүкіл бір аймақты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған облыс басшыларының жоғарғы санатында болғандықтан, солардың басын қосып, әсіресе бірінші хатшы, облатком төрағасы бастаған өңшең жайсаң мен қасқалардың бес-алтауын қосып, алғашқы қарда саят құрдырып, қызыққа бір батыру көптен қиялында жүретін.
Әрине, облыс жерінде бүркіт ұшырып, ит жүгіртіп жүрген дәмелі аңшыларды жинап, қазанын қамдап, қосын оңдап дегендей екі-үш күндік салбурын ұйымдастыруға болар еді, ондай ұзақ уақытты өңшең іргелі кеңселердің иесі болып отырған қаратаяқ-басшыларға кім беріпті? Бар ойы түлкісі жиі ұшырасар жақын аудандардың біріне барып бірер күндік қана саятшылық құрып қайтса, аудан басшылары мінер ат, ішіп-жем дегендерді қуана-қуана әзірлер еді. Ол үшін «Өзімдікі деген басын ұстайды» дегендей, алайда Қызылсайдағы атақты Ұшар тазыны қолға түсіру қажет. «Мынау өзімнің итім еді» деп өнерін басшыларына бір көрсетсе, әрине, беделіне беделі үстемелері сөзсіз. Көкейге ұя салған қиял орындалса ғана игілік.
Сөйтіп, Нақаң екі-үш жылдан бері жолы түспей жүрген туған ауылына зайыбы Зейнепті және бірі балабақшада, бірі мектепте жүрген қызы мен ұлын алып, артынып-тартынып дегендей, ауылына жеткен.
Әрине, алақандай сай аңғарындағы ауылдан шыққан облсоттың төрағасы болып отырған жерлестерін ауылы қолдарына қызыл ұстап шықпады демесек, жайылып төсек, жатып жастық болып дегендей жік-жапар болысып қарсы алсын. Әрине, қайсыбірі туыстық, қайбірі жерлестік алғаусыз сезіммен қарсы алса, кейбір пысықай ауыл басшыларының күні ертең бастарына іс түсе қалса, бүкіл облыстың төбе биі сияқты болып отырған жерлестерінің шапағатынан үміт күтетіндері де жоқ емес.
Нақаң, қанша дегенмен көргенді отбасынан шыққан, оның үстіне, соноу астанадан соғысқа дейін-ақ білім алып келген оқығаны, тоқығаны бар азамат емес пе, қарашаңырақты ұстап отырған інісі Сақыпбектің үйіне түсіп, бір шай ішкен соң жотаның төбесіндегі қорымға барып, әке-шешелерінің басына барып бет сипап, «сәлемдесіп» қайтқан. Сырт көзден жасқанып, құран оқыта алмаған. Жұртқа сеніп болар ма?! Біреуі болмаса біреуі «коммунист әрі облсоттың төрағасы феодалдық көзқарастан арыла алмай жүрген діншіл екен» десе, ертеңгі күні не болмақ. Сондықтан құранды қирағаттай алатын қайсыбір ағайындары зират басына бірге ілесіп барса да, оларға өтініш айта алмаған.
Ол елден бұрын бақандай жеті жыл бойы бірге оқыған сыныптас досы Керімнің үйіне бала-шағасын ертіп, кіріп шыққан. Ауыл балаларын қызықтырып, сәйгүліктей жұтынып тұрған «Қарлығаш» дейтін балаларға арналған көгала велосипедті сыныптасының ұлына арнап алып келген. Ол заманда балаларға арналған мұндай көлік басқаларды қойғанда колхоз бастығының баласы да тақым артып көрмеген дүниесі. Демек, бұл Қызылсайдың топырағына алғаш рет із түсірген дүние болатын.
– Есебім бойынша, мына Арыстан батыр да төртінші-бесінші сыныптарда оқитын болар. Әкемнің досы әкелген сыйлығы деп мініп жүрсін деген оймен әдейі әкеліп отырмын, – деп Нақаң да майдалаған. Әрине, мұндай кесек тартуды ұлына әдейі арнап, сыныптас досы әрі бүкіл облыс аумағына төбе билік жүргізіп отырған адамның басын айналдырардай биіктегі лауазым иесінің колхоздың қатардағы есепшісі болып жүрген Керімді дос санап, алдымен осылардың босағасынан аттауы, ол аздай әлі бұл төңіректе ешкімнің қолы жетпей жүрген шайтан арбаны мұның ұлы Арыстанға сыйлауы оның төбесін көкке екі-ақ елі жетпей тұрғандай күйге бөлеген.
– Бір-екі күн қонағым болмай жібермеймін, – деп бұл да ағынан жарылсын. – Қазір мал сойып, кешкілік колхоз басшыларын шақырамын. Бәрі де өзіңізбен дастарқандас болуды армандап жүрген жандар ғой…
– Өй, Керімжан-ау, «өзіңізбен» деп неге сызылып отырсың? Бала кезден қысқа күнде қырық рет ренжісіп, қырық рет татуласқан, ол аз болса, жеті жыл бірге оқыған жылдарды обалсынсаңшы. Бұдан былай «сіз» деп сызылсаң көрмей кетуге де бармын, – деп Нақаң досының бетіне қарағанда оқ пен отты көріп келген Керімнің көңілі бос екен, еңкілдеп келіп, досын құшағына алған.
– Қайран досым-ай, жаратылысың бөлек-ау. Тек аман жүрші, – деп толғана бастаған сөзін Нақаң бөлді:
– Сені соншама сентимальный деп ойламаппын. Сыныбымыздағы ең беделді, ең озат оқушы сен едің ғой. Мына бәйбішең Бәтіш сұлудан бастап, барша қыздардың қиялдарындағы үлгілі азаматы сен емес пе едің. Әттең, қартайған әке-шешенің жалғызымын деп оқуға бара алмадың. Одан келіп, қу соғыс жолыңды кесті… Е, қойшы, мен де қай-қайдағыны айтып кеттім-ау. Айтайын дегенім, бүгін мал соймай-ақ та қой, колхоз басшыларын шақырмай-ақ та қой. Өзіміз мына Зейнеш екеуіміз бір кешкілік келіп, қонақ болып аттанамыз. Қазір рұқсат бер, – деп орнынан тұруға ыңғайлана бастаған.
– Онда құрдас-ау, қай күні келе алатыныңды айтып кет. Дайындалып дегендей… – Керімнің зайыбы Бәтіш те әңгіменің төтесіне көшкен.
– Үш-төрт күннен соң қайтамыз. Бастан асып жатқан шаруалар бар. Қайтар күні өздеріңе келіп қонамыз. Мал сойып, қосымша қонақ шақырудың қажеті жоқ.
Нақыпбектің бұл өтінішін досы орындай алған жоқ. Сот төрағасының қайтар күнін біліп алды да, колхоз бастығын, ауыл белсенділерін қоса шақырған. Өздері кезекке тұрып, біреуі түстік, біреуі кештік деп, облыстан келген аса құрметті қонақтарын құрақ ұшып, қонақ еткен болатын. Нақаңның қатардағы есепші сыныптасына деген ықыласын байқаған олар Керім мен Бәтішті де қатардан қалдырмай бірге шақырған. Сыныптас облсоттың төрағасына ілесіп жүрген Керімнің де шләпісін шекелете кидіргені де рас еді. Бұл шіркін қалай мақтанбасын, тіпті мұның сыныптасының осы ауылға келіп жатқанын естіген аудан басшылары да арнайы келіп, Нақаңа сәлем беріп кетіпті. Әрине, колхоз басшылары Керімнің үйіне келіп, Нақаңмен тағы бір күн дәмдес болуға қуана-қуана келіскен.
Кішігірім тойға бергісіз отырыс ойдағыдай көңілді өткен. Колхоздың сорпа бетіне шығар тәмам белсендісі дәрежелеріне қарай – бастық, қос орынбасары, бас есепші, бас зоотехник, бас мал дәрігері, мектеп директоры дегендей дүркін-дүркін қайталап-қайталап, тост көтеріскен. Нақаңның, біздің Нақыпбектің туған інісі Сақыпбек келіншегімен келіп, қонақтарды аяқтарынан тік тұрып, бар ынталарымен күтіскен. Колхоз басшылары жалғыз Нақаңның көңілінен шығуға тырысса, осы «Екпінді» колхозының көп жылдар сиыршысы болған, соңғы екі жылдан бері сиыр фермаларының меңгерушісі деген лауазымға ойда-жоқта ие болған Сақыпбек болса, әсіресе өз басшыларының көңілінен шығу үшін барын салып жүргенін тіпті сырт көздің өзі бірден байқар еді.
Қонақтар түннің бір уақытына дейін осы үйге қонғалы отырған Нақаңмен қимай қоштасып, әрең тарасқан. Нақаң төсек салар кезде Бәтішке бір қызық өтініш айтқан:
– Досыммен дұрыстап әңгімелесуге де уақыт болмады. Бүгін түнде бір өткен-кеткенді армансыз еске түсірейік. Екеуімізге төсекті бір бөлмеге саларсың. Ал бала-шағаларыңмен қайда жататындарыңды өздерің шешерсіңдер, – деген. Оның соншалықты биік қызметте жүрсе де бала кездегі достыққа сонша адалдығын дәлелдеп тұрған соңғы ұсынысы Керім мен Бәтішті де толқытпай қалған жоқ. Сезімтал Бәтіш толқи жүріп, тіпті, облсоттың төрағасы жан-тәнімен сыйлайтын Керімнің зайыбы болғаны үшін өзін соншалықты бақытта сезінгені де рас. Бәтекең өздері жатып жүрген төргі бөлмеге екі жігітке төсекті бірге салып, қажет болып қалса деп, бар мәзірін тасып, шағын дастарқан жасап қойған.
Нақаң мәңгі көнермейтін достық үшін деп, Қызылсайдың адал да ақжүрек әрі еңбекқор халқы үшін деп және Керімнің достыққа адал, үлкен жүректі жанашыры Нақаң үшін ащы судан екі-үш дүркін көтерген соң екеуі де төсекке әрең жетіп құлаған.
Ертең ертелетіп жүреміз деген соң Сақыпбектің үйінде қонған Нақаңның бала-шағасы мен көлігін айдаушы жігіті бұлар қонған үйге ертелетіп-ақ келгенмен, қонақтар түс ауғанша үйден шыға алмаған. Аға-жеңгесіне сау болыңдар айтуға келіншегімен келген Сақыпбектер екінші рет шайға отырған кезде ғана өңі-түсі айдаһар қуғандай түрге енген сот төрағасы әрең оянған. Қырынып-жуынып дегендей, өзін-өзі жөнге келтіріп болғанша тағы да ет асым уақыт өткен. Қонақтарға деген қоржын-қолаңдарын бұл ауылдың адамдары әрі көрмеген кер маралдай керілген жарқылдап тұрған «Победа» машинасына салып болған соң, олар көлікке мінерде Керім досынан бұйымтай сұраған.
– Өзім де осы сөзіңді тосып тұр едім, – деген Нақыпбек бала досының бетіне сынай қарап.
– Иә, бұйымтайсыз қазақ жүре ме? Сұрарымды қимауың, қиналуың мүмкін, алайда бұйымтайым екеуіміздің адал досығымызың дәнекері болсын… Қорықпа, Бәтішіңді сұрамаймын. Өзімде де бір сұлу бар… – Ол өз сөзіне өзі риза болғандай қарқылдап күліп алған. – Досым, ұлымыз Арыстанды бетке қалқан ғып қалап келгенімді берсең – алдым, бергің келмесе, ол патша көңіліңнің шешімі деп өкпелемей аттанармын. Майданға барғанша бірер жыл, одан оралған соң екі жылдай қызығын көрген Ұшарыңның қалған қызығын маған қый. Менің басшы, қосшыларым бар, соларға мұның өнерін көрсетіп, «Досым сыйлап еді» деп жүрейін…
Керім үшкір сүйек жұтып қойғандай бірден ештеңе дей алмай тұрып қалған. Баласындай мәпелеп, жанына жақын көрген қымбаттысына, қоян-түлкіге салып жүрген, тіпті екі дүркін көкжал арланды да алған Ұшарына сөз салар деп ойлап та көрмепті.
– Арыстанымның атын айтып, қалауыңды қапысыз көздеп-ақ келген екенсің, досым. Қиналсам да сөзіңнің садағасы, «жеті қазынамның бірі» ғана емес, бірегейі еді, қидым, – деп отыра кеткен.
* * *
Бекер обалы қане, Нақыпбек қалаға келген күні-ақ Ұшардың бар жағдайын жасауға тырысқан. Қадірі аз, қарасы көп әрі тұқымдағы иттер сияқты ауладағы үйшікке жатқызбай, үйіндегі шағындау бір бөлмені соған арнап, жұмсақ жатар орын әзірлеткен. Үйдің ішінде емін-еркін бос жүргенмен көшеге кешкілік серуендетуге шығарғанда қарғыбауына қайыс бауын жалғап, жетекке алар еді. Өзі де есті жануар текті тұқымнан екенін көрсетіп, бөтен кісі көрсе ырылдау, үру сияқты иттік мінез танытуды немесе дастарқан үстіндегі тамаққа көз салып, сұғанақтық көрсетуді мүлде білмейтін. Келген күні бұрышқа қойған әжетхана есебіндегі арнаулы ыдыстың не үшін қойылғанын бір көрсеткен соң тәртіптен танған емес. Құм салынған ыдысын тазалау, аптасына бір рет сабынды сумен жуындыру, еркелетіп, «күшім-күшім» деп басынан сипау сияқты шаруаларды алғашқы кезде Нақаңның өзі орындап жүргенмен, кейіндері бұл міндеттерді алтыншы сыныпта оқып жүрген ұлы Алмас басы бүтін өз мойнына алған. Сабақтан келе салып, итін атшаптырым аула ішінде біраз жүгіртіп бой жаздыратын.
* * *
Нақаңның бедел салып, қалап-сұрап әкелген Ұшары мұның үмітін артығымен ақтаған. Ең алдымен тәрбиелі ақылдылығы еді. Отыр, тұр, жүр деген бұйрығыңды бұлжытпайтын. Ауылда машинаға мініп дәндемесе де «келе ғой» деген сөзді естісімен-ақ секіріп келіп, машинадағы көрсеткен орынға шоқайып отыра кетеді. Алғаш рет Абыралы қырқаларына бірнеше атпен саятқа шыққанда да Нақаңның «келе ғой» деуі мұң екен, бұрыннан үйренген әдеті болса керек, ердің алдына секіріп отыра кеткен. Қайта мұндайды көрмеген Нақаң мінген ат үркіп, ала жөнелмек болып еді, иттің қайда кеткенін түсіне алмаған жануар біраз шауып барып тынышталған. Бұл кезде Керімнің ақылымен тұлыбының шалғайымен орап, қымтап алған да болатын.
– Ұшарым бұрыннан атқа мінгесіп үйренген ит қой, – деп тазының мына қылығына таңырқап тұрған саятшыларға маңыздана қараған.
Жолдары болғанда сол күні аппақ қардың үстімен көшпелі жалын сияқты қып-қызыл болып қашқан төрт түлкінің бірде-біреуін жібермей, бір-екі бел асырмай қуып жетіп, басып қалған. Өзі де айналаға көз салып, сақ отырған тазы «Әне кетті!» деген сөзді ести сала лып етіп, ат үстінен секіріп түсіп, зулай жөнелетін. Бұлтара қашқан қызыл жалынның соңына түскен қызғылт жирен дене серпіле секіргенде алты-жеті құлаш жерді бір-ақ аттап, әне-міне дегенше қуып жетіп, таңынан көтере төңкеріп тастап, бірден түлкінің алқымына ауыз салады екен. Бұрын-соңды алғыр құмай мен түз тағысының – бірінің адамдардың қызығы үшін немесе қызыл тұмағы үшін, енді бірі қу жаны үшін арпалысын алғаш көрген облыстың басшылары қиқуласып, далбаңдай шауып келген кезде талай түз тағысының сорын қайнатып үйренген тазы шыбын жанын ұшырып үлгіргеніне әбден сенімді сияқты жырта қарыс аранын түлкінің алқымынан босатып, иесіне масаттана қарап тұрар еді. Ұшар әр түлкіні алған сайын Нақаң басшыларының дәрежесіне қарай атап: «Мынаны сізге байладым. Мына ауылға оралған соң жігіттерге терісін сыпырттырып, мамандарға илетіп, шеберлерге тіктіріп, сізге тымақ күйінде бір-ақ сыйлаймын», – дер еді.
– Апыр-ай, Нақыпбек Егізбекович, тазыңызды қалай жақсы тәрбиелегенсіз?! – деген облысқа басшы болып келгеніне екі-үш ай ғана болған бірінші хатшы ризалығын жасыра алмай. Нақаң «Бұл итті тәрбиелеп, үйреткен ауылдағы бір досым еді» дей алмады. Сипай қамшылап, Керімнен естіген «ит тәрбиесі» жөніндегі әңгімесін айтқан. Бір азаматтығы «мен сүйттім-бүйттім» немесе «ол бүйтті-сүйтті» демей сөйлеген.
– «Бүркіт тамағы үшін, ит иесі үшін алады» дегенді атам қазақ бекер айтпаған ғой. Бүркіттің алған аңынан иелері қолма-қол жылы-жұмсағынан құсына сыбаға қақшытады. Ал тазыға алған түлкісінен сыбаға беріп дәндетсең, ол түлкінің терісін бүлдіріп, аузын кез-келген жеріне салып жіберуі де мүмкін. Сондықтан да тазы итке шикі ет беруге де болмайды.
Әрине, бірінші хатшының «иттің тілін білетін» азаматқа қатты риза болғаны рас еді.
* * *
Нақаң алғашқы саятшылықтан кейін екінші дүркін барып, басқа басшыларға деп тағы үш түлкіні сыбағаға бір-бір түлкіден үлестіріп келген күні еліндегі аудандық соттан жайсыз хабар жеткен. Дәл туған ауылы «Екпінді» колхозындағы бір жанашырдың домалақ арызы бойынша ауданнан арнайы жасақталған комиссия тексерген кезде анау-мынау емес, тұп-тура жиырмаға жуық өгізше қағазда болғанмен, табында із-түзсіз жоқ болып шығыпты.
Аудандық соттың төрағасы істің мән-жайы анықталған соң, дызақ қағып, бастығы Нақаңның үйіндегі телефонын түн ортасында безілдеткен. Сиыршысынан бастап, колхоз бастығына дейінгі кемі төрт-бес кісіні қамтитын ұйымдасқан қылмыстың төбесі көрініп тұр екен. Әрине, «Қолдарыңмен істеген қылмыстарыңды мойындарыңмен көтеріңдер» деп, әрқайсысын істеген әрекеттеріне қарай жазаларын кесіп-кесіп беру соншалықты қиын да шаруа емес екен. Құдай ұрғанда, қара тізімге іліккендердің ішінде аса құрметті Нақаңның туған бауыры, колхоздағы сиыр фермасының меңгерушісі Сақыпбек, қатардағы есепті болса да сыныптас досы, барыс-келістері үзілмеген Керімнің болуы аудандық соттың төрағасын тығырыққа тіреп тұр екен.
– Өгізшелерін сонда ит-құсқа алдырған ба, әлде ұрлатқан ба? Қылмыстың мәнін айтыңызшы, – деп облсот үнін қатайтқан.
– Ойбай-ау, Нақа-ау, қасқырға жегізіп, ұрыға алдырса әңгіме сиыршымен ғана тынар еді ғой. Бастықтары бастап, басқалары қостап дегендей жекешелердің малын сатып алып жүргендерге тиетіп жіберген ғой. Орнын жаңа туған бұзаулардың есебінен толтырмақ болған екен. Іс дәлелденіп болды, тек үкім шығару ғана қалып тұр.
– Туысқан, менің де Қызылсайлық екенімді білесіз, – деген Нақаң сөзіндегі қатқылдау әуенін өзгертпеген күйі. – Сондықтан істі бізге шағымданбайтындай ғып тындырарсыз. Ал інім мен сыныптас досым үшін жаным қанша ауырса да заң – бәрімізге ортақ. Шешімін өзіңіз қабылдаңыз.
Қоңырау соғушы да бастығының «заң – ортақ» дегенін ешқандай ағаттық көрмей, оның әділет үшін күрескер азамат екенін аңдаса, «інім мен сыныптас досым үшін жаным қанша ауырса да» дегенінен ол «екеуіне сотаңды байқап сілте» дегенді де ұққан және Керімді жай ғана «сыныптасым» демей «сыныптас досым» деп ерекше екпін түсіре айтуы да тегін еместігін түсіне қойған.
Аудандық соттың соңғы отырысында төраға қылмысты әрекетті бас пайдалары үшін ұйымдастырғандары үшін колхоз басқармасының төрағасы мен оның мал шаруашылығы жөніндегі орынбасарына, бас зоотехникке және осы істі көре тұра келісімпаздық көрсеткені үшін сиыршы жігітті әртүрлі қомақты жылдарға соттаса, фермадағы мал санағын уақтылы жүргізбеген және малдың есеп-қисабына мән бермеген салғырттықтары үшін Сақыпбек пен Керімге екі жылдан түрме деп үкім кескен.
Бір жақсысы колхозға жаңа басшылар келіп дегендей әңгіменің ұшқыны облсотқа жетпей-ақ ұмытыла бастаған екі жылдың ішінде оның інісі мен сыныптас досының елге оралғанын да естіген.
* * *
Бүтін бір аймақтың бұрынғыша айтқанда, төбе биі, қазіргіше айтқанда облыстық соттың төрағасы болып отырған Нақаңның жаратылысынан біреуге, тіпті тірі жан иесіне қиянат жасау дейтін жаман қасиеті болмайтын, өзі де ондай мінезді болдырмауға үнемі ден қойып жүрер еді. Содан да болар, Ертіс жағалап, Ұшары екеуі біраз серуен құрып, үйіне қайтып келе жатқанда бір оқыс ой кимелесін. Үлкендігі мысықтай ғана ақбұйра-көкбұйра қанден сияқты тұқымы азған қуыршақ-иттерін қызылды-жасылды киіндіріп алып, ауыздарын жалап, болмаса ауыздарын жалатып жүретін сәнқой-сергелдеңдерді кинодан жиі көретін еді. Ол бір сәт өзін солардың бір түрі болып жүргенін алғаш рет мойындаған. Кең даланың апшысын қуырып, жүгіруге арналған тазыны бұл да «қуыршақ-итке» айналдырған екен. Жылы үй, жайлы жатар орны, арнайы даярланатын мол асы, тіпті сәнді қарғыбау, шашақты өрме жетегі, қысты күндері пайдаланатын оюлы жабуы болғанмен, бұл да екі жыл бас бостандығынан айырылып, «отырып» келген Керім сияқты Ұшар байғұсты да та ешқандай үкім кеспей-ақ сол екі жылдай уақыт ішінде бас бостандығынан айырыпты-ау.
Ол қалайда бір шешімге келмек болды. Әрине, «Итті иесімен қинасын» деп оны соноу жер түбінде жатқан Керімге апарып беру дейтін ойдан ол аулақ еді. Оның үстіне, колхоз малының есеп-қисабын немқұрайлылықпен қабылдап, қырағылық көрсетпегені үшін ғана екі жылды «арқалап» кете барған досын арашалап алып қалуға өзі де немқұрайлылық танытқаны үшін, ол ғана емес, туған інісіне де тым болмағанда «Жазаңды екі жылға мен түсіртім едім, аман-сау барып-қайт» деген сияқты бірер ауыз жылы сөз айта алмағаны үшін, тіпті өзен арнасын жағалап, бұғып жатқан Қызылсайды да көргісі жоқ.
Ол «Екі жылдай мәпелеп, баладай баққан Ұшарымды бос жіберіп көрейін, қайда барар дейсің?» дейтін шешімге келіп, иттің қарғыбауына жалғанған жетекқайысының ілгегін ағытқан. Мұндай жақсылықты күтпеген ит дөңгеленген қоңырқай көздерінен адам баласына түсініксіз бір ұшқын ойнатып, сәл қарап тұрды да, тұрған орнынан бір-ақ секіріп, тас лақтырым жерге шауып барып, қайта оралып, орындықта отырған Нақаңның екі тізесіне басын қойып, бұған тағы да бір түсініксіз көзбен қараған.
– Е, Ұшарым, жүгіруді сағынған екенсің-ау. Енді сені осылай бостандыққа шығарып тұрамын. Тек көшедегі қыз-қырқын мен бала-шағаны қорқытпай жүр, жарай ма, – деп ол итінің құлағының жібектей үлпілдеген шашағынан, төбесінен сипаған. Ұшары тура түлкі қуып бар жатқандай көшені бойлай салынған жаяу жолға түсіп алып, сағым болып, зырлап бара жатты.
Нақыпбектің итім біраз тақымын жазып, жүгіріп-жүгіріп оралар деген ойы уақыт өткен сайын «адасып кетіп жүрмесін» деген күдікке айналған. Иті күн батқанша оралмаған соң кісі жатырқауды білмейтін шіркінді біреу-міреу ауласына кіргізіп алып жүрмесін деген қауіп басымдау шыға берген. Ол ертеңіне-ақ қолындағы бар мүмкіндікті пайдаланып іздеу, сұрау салдырған. Тіпті ұлының атынан газет-радио арқылы қомақты сүйінші белгілеп, хабарландыру да бергізген.
Тек бір апта өткен соң ғана Керім досының келіншегі телефон шалып, Ұшардың о бастағы иесіне аман-сау жеткенін айтқан еді.
– Ойпыр-ай, Қызылсайға келді дейсің бе? Қашан жетті, сонда? Төрт күн болды дейсің бе? Сенейін бе, сенбейін бе, сонда екі жүз жетпіс шақырымдық жолды екі-үш-ақ күнде жүріп өткен бе? Өздеріңнің бала-шағаларыңның… – Байланыс үзіліп кетті.
* * *
Бәтіш сиырын саууға тысқа шыққанда дәл босағаның түбінде ұзынынан түсіп сұлап жатқан Ұшарды көріп, «Керім!» деп жан дауысы шыға айғайлап жіберген.
– Не болып қалды?! – деп жалаң аяқ, жалаң бас Керім, оған ілесе Арыстан да жүгіріп шыққан.
Керім жүгіріп барып итінің басын құшып, жерге отыра кеткен. Ұшар басын көтеріп, иесіне қараған. Дөңгеленген қоңырқай көзінің қиығында екі тамшы жас іркіліп тұр еді. «Ұшарым-ау!» деп Арыстан да дауыстап жылап жіберіп еді. Бәтіш те теріс айналып көзін сүрткен. Керім итін көтеріп, үйге алып бара жатқанда төрт аяғының табаны қызылшақа болып қанап қалғанын көрген.
Осы сәтте әкесінің сыныптас досы Ұшарды алып кеткен күні «Велосипедінің қажеті жоқ. Ұшарымды әкеліп берсін!» деп неше күн бойы жылаған Арыстан бақытты еді және кезінде еркін жүрген, көсіле зымырайтын адырлы мекеніне жеткен тазы ұзақ жол қанша қажытса да итке ғана тән өзінше рақат күй кешіп жатқан.