/әңгіме/
Тауларды аралап ағып жатқан өзеннің бойында жиырма бір, жиырма екі жастағы алпамсадай жігіт қатқан нанды суға малып жеп, өзек жалғап отырды. Өзеннің анда-санда гүрілдегенінен басқа дыбыс жоқ, өзінен басқа тірі жан көзге көрінбейтін айналаға қарап күрсінеді.
Бұл осы өңірге «Жұма басмашы» деген атпен танымал болған атақты қолбасшы еді. Ия, ол кезде даңқы талайға, атағы Алайға жайылып, елді біраз шулатқан. Оның атын естіген кезде үлкен кісілер үйге тығылып, жылаған балалар уанатын. Қараса, бәрі уақытша, өткінші нәрсе екен. Талай адамның басына әңгір таяқ ойнатып, бүкіл өңірді дүр сілкіндіріп, өзі би, өзі қожа болған күндері келмеске кетті.
* * *
Бұның бәрі осыдан үш жыл бұрын Кеңес үкіметі тағайындаған Қабағай деген ревком әкесін өлтіріп, шешесін тартып алып кеткен кезден басталды. Сол күні Жұма жайлауда болатын. Оқиғаны естіген бойда ауылға түсіп, болған іске қаны қайнап, Жапар бидің алдына барды. Жасы тоқсанға таяп, өмірінде жақсыны да, жаманды да көрген бұл қария осы рудың ақсақалы еді, туыс-туғандардың жақсы-жаман істері онсыз шешілмейтін.
– Қабағайдың қарнын жарам, – деді Жұма бұлқан-талқан болып.
– Бүгін сен оның қарнын жарасың, ертең оның туыс-туғандары сенің мойныңды үзеді, осылайша ол үзіліссіз жалғаса береді. Соны білгенің дұрыс, өлтіру шөліңді қандырмайды, кегіңді қайтармайды, жәбір көргендердің саны көбейеді. Сондықтан да, көнекөз қариялар «кек алатын болсаң бірі дұшпаңына, бірі өзіңе тиеді» деген. Білемін, түсінемін, әкең үшін ішің ашып, өзегің өртеніп тұр. Әкең Омошпен бірге туғандаймыз, біздің де қабырғамыз қайысады. Бірақ… Қазіргі заманда Қабағай сияқты адамдардың дәурені жүріп тұрған кез. Билік те, қамшы да солардың қолында. Азулылармен алысам деп, өзің майып боласың, туыс-туғандарыңа кесірің тиеді.
– Сонда мен не істеуім керек?
– Сен не істей аласың? Кек алуды доғарып, сабырға кел.
– Әкемді өлтіргенге шешеңді бер дегіңіз келіп отыр ма? Анамды онсыз да тартып алды емес пе?
Жұма пышағын қынынан суырып алып, жерге бір-ақ қадады.
– Қабағай тұрмақ, Құдаяр хан болып кетсе де, өлтірем мен ол малды!
Жапар би біраз үнсіз тұрды да, содан соң ашуланып, қолындағы шоқпарды лақтырып жіберді.
– Өзіңше бітім шығарып, өлтірем деп шешкен болсаң, онда маған неге келдің?
– Батаңызды беріңіз.
– Не деп беремін? Адам өлтір деп берейін бе? Батаны жақсы іске береді, балам. Өс, өркенде деп береді. Көріп тұрмын, еліріп, ашуланып отырсың, жүрегің қарайып, миың тұманданып тұрғанда ақыл – дұшпан, ашу – дос болып көрінеді кісіге. Ақылдың емес, ашудың айтқаның істейсің. Мына түріңмен сен бәрібір өз білгеніңді жасайтын сияқтысың ғой. Бірақ есіңде болсын, бір күні жының тарап, есек құртың мұрныңнан түскенде, ақсақалым дұрыс айтқан екен дейсің. Алайда, ол кезде кеш болады…
Шарадай басы шақшадай болған Жұма осы сөзден кейін ойланып қалды.
«Шынымен, ақсақал дұрыс айтқан екен. Бірақ менің басқа амалым жоқ. Бәрін Қабағай өзі бастады, ер жігітті өлтіріп, қарым-қатынасты бұзған да өзі…».
* * *
Жұма Қабағайды көп уақыт соңына түсіп аңдыды. Ол бір ай бойы үйінен шықпады. Жұма өзі айтқандай, оның қарнын пышақпен жарып өлтірді. Анасы байқұс, не әкесі үшін кек алған ұлын қолдарын білмей, не елді айқайлап көмекке шақырарын білмей, әрі-сәрі күйде қалды. Көкірегі күйікке толып, көзінің жасын көл қылды. Жасы қырыққа толып қалса да, әлі сыны кетпеген сұлу әйел бір айдан бері отбасындағы қырсық-бәлелердің, қайта-қайта болып жатқан өлім-жітімнің бәріне өзінің ажарының себепкер болғанын ойлап, бет-әлпеті өзіне бақ емес, сор әкелгеніне тағдырына қарғыс айтып, тоқтамай жылап отырды.
– Ештеңе болмағандай, телегей-теңіз, бақытты ғұмыр сүріп жатқандайсыз ғой.
Жұма шешесін кекете сөйледі.
– Енді қайтем, өліп қалуым керек пе? – деді анасы ыза болып.
– Өліп қалғаныңыз артық еді. Омош басмашының әйелі батыр екен, арыстан сияқты ажал құшты, – деп артыңыздан жақсы сөз қалатын еді. Әкемізден айырылып бір өліп, оның жауына тиіп бізді екі өлтірдіңіз. Түк көрмегендей, Қабағайдың қойнына кіріп алдыңыз.
– Мейлі балам, айтарыңды айтып қал. Сен не айтсаң да дұрыс, мен әйел болғаным үшін кінәлімін. Қолымнан жылағаннан басқа ешнәрсе келмейді, осы әлсіздігім үшін айыптымын. Мен бір ар-ұяты жоқ қаншықпын. Қабағаймен бірге өлтіріп, апарып мені көміп таста!
– Жо-оқ, – деді Жұма көзіне қан толып. – Мұны кім көмеді екен?! Топырақтан садаға кетсін, бұл – оңбаған!
Жұма Қабағайдың өлігін қанын сорғалата сыртқа сүйреп шықты да, атына өңгерді.
– Қайын-жұртыңызға айтып қойыңыз, – деді ол кетіп бара жатып. – Өлік қарға-құзғынға жем болмасын десе, маған келсін.
Жұма сол кеткеннен бірден жайлауға барды да, Қабағайдың денесін үлкен өзеннің бойына ит-құс тимейтіндей етіп, таспен бастырып тастады. Өлік он күндей сол жерде жатты. Осы кезде Қабағайдың туған-туыстары біресе кісі салып, біресе біреулерді жіберіп, атысып, ақыры өздерінің он төрт жастағы қарындастарын берген соң ғана сүйекті көмуге алып кетті.
* * *
Қабағайды өлтірген соң Жұма біраз уақыт Қалқожаның тобына қосылып жүрді де, кейін екі жүздей жігітпен өзі жеке бөлініп кетті. Саны жағынан Жәнібек қазының, Парпи қолбасшының, Қалқожа содырдың қолындай көп болмағанымен, Жұманың жігіттері кілең өзіне ұқсаған, оттан да, судан да қорықпайтын арыстандар еді. Бірде Оштағы горнизондарға тиіссе, бірде Еркештам жақтан келген жүктерге қол салып, осы аймақта тұратындардың зәре-құтын алды. Олар ойламаған жерден пайда болып, найзағай сияқты жылдам шабуыл жасайды да, тез арада жерге кіргендей жоқ болып кетеді. Екі жыл бойы оларға қарсылық көрсететін белгілі бір күш болмады.
Бірақ бірте-бірте Кеңес билігі аяғынан тұрып, күшейе түсті. Оштан келген көп әскер олардың соңына түсіп алды. Содырлардың бір бөлігі Қытайға, Ауғанстанға қашып кетті. Қалқожа содыр Алайда қар көшкінінің астында қалып өлді. Жұма да жиі-жиі жеңіліске ұшырап, ақыры қолы шілдей тозып, тарап кетті.
* * *
Міне, оның қашып-пысып жүргеніне тура алты ай болды. Бірде жартастың бүйіріндегі үңгірге, енді бірде арша түбіне түнесе, бірде қабандардың қорсылдағанын тыңдап, қамыстың арасында жатады. Бір кездегі сұр мерген жігіттерден қазір оның жанында ешкім де қалмады. Көбі қызылдардың қолынан қаза тапты. Оңтайлы сәтті пайдаланып, Жұмадан астыртын қашып кеткендер де болды. Бірді-екілі қалған адамдарын Жұма өзі таратып жіберді. «Мен далада қалған бір қасқырмын, қолым да, өзім де қан. Ажалым не оқтан, не оттан болады. Сендер де мен тартқан азапты тартып, менімен бірге ажал құшып жүрмеңдер, обалдарыңа қалғым келмейді», – деді.
Ол өзін жалғыз қалған қасқырдай сезінді. Қасқырдың күші үйірінде екен ғой. Үйірінің арасында жүргенде бәрі сенен қорқып, сескенеді. Қазір келбеті баяғы көкжал көрінгенімен, қашқан киіктей бірде аршаның, бірде шөптің түбіне тығылған кекіліктен не айырмашылығы бар?
* * *
Жұма «сыйға» келген қызды некелеп алып, бір ұлды болған еді. Бірақ Жұма тауға қашып кеткеннен кейін, келіншегі мен баласын Созақтағы туыстарына қашырып жіберген, оларды содан бері көрмеді. Бірлі-жарым айғақтар болып, оларды қызылдар тауып алмаса екен деп қорқып, уайымдай бастады.
– Менің ертеңгі күнім бұлыңғыр, келешегім күмәнді болып қалды, – деді ол өзінше күңіреніп. – Балаларымды Құдай сақтаса екен, солар аман болса болды…
* * *
Артынан қуғыншылар түсіп, оны аңду басталғалы бері Жұма қызылдармен бірнеше рет бетпе-бет келіп, атысты. Ол таудағы қоянның ініне дейін, қай жерде қандай солқылдақ өсетінін, қай жерде кекіліктер ұя салатынын жақсы білгендіктен, келген жасақты аңдып тұрып, көп әскерлердің ішінен командирін атып түсірді. Тұп-тура бас киіміндегі бес жұлдызын дәлдеп атты да, өзі аршаның арасына кіріп, жоқ болып кетті. Бұл «мені аңдығандарыңнан пайда жоқ, бәрібір ұстай алмайсыңдар, бірақ шынымды айтайын, мен де қашып-пысып жүргеннен, адам өлтіруден шаршадым», – деген ишарат еді.
Бір күні Бекқұл келді. Жасы он бір, он екілердегі еті тірі бұл бала аталас інісі болады. Алты айдай бойы ешкімге білдірмей Жұмаға тамақ тасыды. Оның бүгін қай жерде жасырынып жатқанын, ертең қай жерге орын ауыстыратынын да осы бала ғана біледі.
– Жапар ағам сізге дұғай сәлем айтты. «Қызылдар бізге күн көрсетпейтін болды. Жұманы табыңдар деп бәрімізді қинап жатыр. Өлтірмейміз, қаруын тапсырып, енді Кеңес үкіметіне қарсы шықпаймын деп сөз берсе болды, қайта босатып жібереміз деп уәделесті. Жұмаға айт, ауылға келсін. Қызылдар заңды сақтап, уәделерінде тұрса, сонымен құтылып кетер, жоқ, айтқандарында тұрамаса пешенесіне жазылғанын көрер. Қашанға дейін қашып-пысып жүреді?», – депті.
Жұма біраз тұнжырап отырды да:
- Мейлі, барамын, жаңағы кәпірлерге сенім жоқ, бірақ ақсақалымның сөзі үшін, туыс-туғандарым үшін барамын.
Ертесі күні қаптаған көп кісі ауылдың шетінде топталып тұрды. Олардан әрірек мылтықтарын атуға дайындалып тұрған жиырма шақты қызыл әскер көрінеді. Бір кезде жақын жердегі қамыс сатыр-сұтыр ете түсіп, ішінен Жұма шыға келді. Елдің бәрі оны тау жақтан келеді ғой деп күткен. Ол қамыс аралап, таудан келді ме, жоқ әлде, бұрыннан осы жерде жатқан ба, белгісіз, бәрі аң-таң.
– Тоқта! – деп айқалады қызыл әскерлердің басшысы Жұмаға жақындап келіп.
Жұма олардың барлық бұйрықтарына үнсіз келісіп, мылтығын, тапаншасын жерге тастады. Үстіндегі киімін түгел шешіндірді. Сол мезетте екі қызыл әскер жылдам жетіп келді де, қолын артқа байлап тастады. Бірден оның екі қолын ұстап, суретке түсірді. Содан соң, оны дамбалшаң күйінде арбаға отырғызып, асығыс Жалалабатты көздеп, сол жаққа бет бұрды.
- Анашым, мені кешірші! – деп айқайлады.
Жұма қалың жұртқа қарап:
- Ақ сүтіңе ризамын! – деді.
Қарсы жақтан ешқандай жауап болмады. Жиналғандардың ішінде оның бір де бір туысқаны жоқ екенін, олардың бәрін арбаға салып, алып кеткендерін Жұма қайдан білсін?!
* * *
Оның атылғанын жерлестері біраз күннен кейін білді. Жалалабатқа базарға барған осы ауылдың бір кісісі шайханаға шай ішкелі кірсе, екі қызыл әскер Жұма жөнінде әңгіме айтып отыр екен. «Жұма басмашы» дегенде елең етіп, тың тыңдай қалды. Екеуі болса оның тың тыңдап тұрғанында шаруалары жоқ, өздерінше әңгімелесіп отырды.
– Сот болып, оны бізге «ат» деп бұйрық берді. Атып едік, жерге құлап түсті. Шұңқырға көміп тастадық. Бірақ командиріміз жүрегі бір нәрсені сезді ме, Жұма басмашы көмілген жерді бір жігіт екеумізге күзеттіріп қойды. Түннің бір уағында жаңа көмілген топырақ былқ-былқ етіп қимылдап, ә дегенде қолы шықты, сонан соң басы көрінді. Қолыменен жер тырмалап, ыңырсып, сөйлеп шығып келеді. Серіктесім екеуміздің жүрегіміз тас төбемізге шығып, ата бастадық. Қайта-қайта атып, әрең өлтірдік. Жаны жаман сірі екен, қызталақтың…
Мамат САБЫРОВ
1961 жылы 21 желтоқсанда Ноқат ауданының Қасқалдақ ауылында туған. Түрлі мерзімді баспасөзде бөлім басшысы, редактордың орынбасары, бас редактор, Қырғызстан Президентінің баспасөз қызметінде сектор басшысы, Жоғарғы Кеңестің баспасөз қызметінде эксперт болып қызмет еткен. Оннан аса кітаптың авторы. Қырғызстан Ұлттық Жазушылар одағының мүшесі.
Қырғыз тілінен аударған – Роза Ыстай