Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы Жолдауында еңбек адамдарының мәртебесін көтеру, қатардағы қарапайым еңбеккерлерді құрметтеу, ынталандыру туралы ой-пікірлері өте құптарлық. 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы тіптен тәнті етті. Ақиқатында да, бар игілікті жасайтын, осы жолда аянбай тер төгіп, адал қаракет ететін абзал жандар мұндай марапатқа әбден лайық. Президент сонымен қатар әкімдерді тікелей сайлау үрдісі алдағы жылы да жалғасатыны жайлы жария етті. Аталмыш жүйеге енді барлық аудандық және облыстық маңызы бар шаһарлардың әкімдерін сайлау жүйесі де қосылатын болды. «Біз сайлау нәтижесін және сайланған әкімдердің жұмысын жан-жақты зерделедік. Соның қорытындысы бойынша түбегейлі шешім қабылдадық. Келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз» деді Мемлекет басшысы. Саяси жүйені реформалаудағы бұл да бір жауапты қадам екені даусыз.
Президент банктер туралы жаңа Заңның керектігін де дөп басып айтты. Онда банк пен қаржы алушының арасындағы қарым-қатынас әділетті түрде нақты көрсетілуі тиіс. Салық жүйесі де қазіргі заман үрдісіне сай жетілдірілуі қажет. Жаңа Салық Кодексін дайындау барысында өте көп құнды ұсыныстар түскен екен. Оларды елеп-екшеп, ескеру үшін Кодексті қабылдау келесі жылға қалдырылуы осындай маңыздылығын аңғартады.
Жолдаудағы «Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды» деп аталатын 2-басымдығында ауыл шаруашылығы туралы айтқандары көкейіміздегіні айнытпай табуымен риза қылды. «Жер — ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі… Ал, жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау қажет. Сондай-ақ, оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн. Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, Ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ. Үкімет пен Бас прокуратура оларға қатысты мәселені мықтап қолға алуы тиіс» деп қадап айтты. Сонымен қатар, Жолдаудың «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек» деген 6-басымдығында әлеуметтік көмекті тек нағыз қажет ететін мұқтаж жандарға беру керектігі, жағдайы жақсы, ауқатты болса да, ебін тауып екі асап жүргендерге тосқауыл қоюды тиісті органдарға тапсырғаны әділетті шешім деп есептейміз. .
Негізі, бала тәрбиесі отбасынан және мектепке дейінгі тәлім беретін мекемелерден басталатыны белгілі. Дегенмен, мектептің жөні бір бөлек,. Осыған орай Жолдауда «Біртұтас тәрбие жүйесін жасақтау» туралы айтылғаны аса орынды болды. Енді тек осы жүйемен жұмыс жасалатыны — өте құптарлық ұйғарым. Еліміздің ертеңгі тірегі – білімді ұрпақ екенін ескерсек, осы тұрғыдағы өзекті ойлар да Жолдаудан жарқын көрініс тапқаны қуантты.
Тоқтарбай КЕРІМҚҰЛОВ,
Панфилов аудандық ардагерлер
ұйымының төрағасы