«Қымбатты Отандастар! Қадірменді Жерлестер! Атамыз Қазақта «Ел тағдыры, ел билеген көсемдер мен дуалы ауыз шешендердің, қол бастаған батырлардың тағдырынан тұрады» деген ұлағатты сөз бар. Олай болса тақ осындай кезеңде өз көсемімізді таңдау әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Біз мекен етіп жатқан елдің келешегі кемел, болашағы баянды болу үшін өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың, түрлі діндер мен конфессия мүшелерінің алдындағы жауапты науқан екенін жете түсінсеңіздер екен. Отанды сүю – иманнан. Пайғамбарымыз «Барлығың жауаптысыңдар: елдің басшысы — еліне, отағасы — жанұяға, әйелі — жанұядағы дүниеге, малшы — малына жауапты» деген екен. Олай болса кемелді елдің келешек басшысын сайлауға бәріміз жауаптымыз ағайын. Сіздерден сұрарым осы науқаннан шет қалмаңыздар. Ошақтың бұты үшеу болғанымен, еліміз – біреу. Сол себепті 20-қараша күні бәріңіз бір қолдың саласындай, бір кісінің баласындай ұйымшылдықпен сайлауға келіңіздер деп шақырамын және сіздердің келетіндеріңізге мен
сенемін», – дейді ауданымызға сыйлы ақсақал, жастарды имандылық пен тәрбиеге баулып жүрген Сайлау Солтанқұлов қария.