Айтыс – қазақ өнерінің ішіндегі ежелден қалыптасқан, өлең түрлерінің ішіндегі шоқтығы биік, ерекше орын алатын поэзиялық жанр. Айтыс ақындары өз ойларын қолма-қол суырып салып айту тапқырлығымен, тақырыпқа сай сөз саптауларымен, қарсыласына жарасымды әзіл-қалжыңымен, жағымды мақамымен мазмұндайды. Жуырда жерлесіміз, айтыскер ақын, саңлақ сазгер Жандарбек Бегімбетовтың 60 жылдығына арналған халықаралық айтысқа ел-елден, жер-жерден айтыскер ақындар қатысты. Олардың арасында көршілес қырғыз бен қытай еліндегі қазақтар да болды. «Жар салып шақырған соң күн ілгері, Тойына Жандарбектің бұл күндегі, Алыс-жақын жердегі сөз ұстаған, Жиналды не ақынның дүлдүлдері» деп айтуымыздың өзі де осының дәлелі. Оқырмандарға берген уәдемізде тұрып айтысты бастаған алғашқы жұп – республикалық айтыстардың жүлдегері, Алматы облысының ақыны Шынарбек Тұрсын мен республикалық, халықаралық айтыстардың жеңімпазы, Шығыс Қазақстан облысының ақыны Серік Қуанғанның айтысын беріп отырмыз.
Редакция
Шынарбек:
Осындан он жыл бұрын Жаркентім,
Кейін ұрпақ жүрсін деп үлгі қылып.
Жандарбек ағамыздың тойын жасап,
Еске алды күлте жанды күлігіңді.
Сол кезде мен кішкентай бала болдым,
Бәйгеге мен түспеген құлынмын-ды.
Айтысына қатысу арманым боп,
Алыстан аңсап жаттым дүбіріңді.
Бұйырса алпысыңа барамын деп,
Шыңдадым білімім мен білігімді.
Алланың қалауымен сәті түсіп,
Көзіммен көріп тұрмын бұл күніңді.
Жетісудың жүйрік Құлагері мен едім деп,
Ер Жәкең айтыста алға суырылды.
Атамдай домбырамды қолыма алып,
Жасымнан жырға арнадым ғұмырымды.
Ассалаумағалейкум, жақсыларым,
Қарсы алғын Шынарбектей бір ұлыңды.
Құлагерді өсіргендей қолдағайсың,
Құлдыраңдап кеп тұрған құлыныңды.
Ау, Жаркентім жазиралы қалам еді,
Маңдайымнан сипайтын самал лебі,
Жеті өзен, жеті арасан, жеті таумен,
Жеті көк қоршап жатқан қалаң еді.
Қара өлеңмен алдына қара салмас,
Жамбыл атам өлеңнің қарагері.
Әбілхан Қастеевтей суретшіңіз,
Қазақтан тұңғыш шыққан маман еді.
Бұлбұл көмей жезтаңдай Дәнеш әншім,
Сен үшін асылдан да бағалы еді.
Азаттықтың жолында жанын берген
Ербол мен Ләззәт сынды балаң еді.
Бұл күнде жекпе-жекте дес бермеген,
Айдостайын айбарлы балаң еді.
Осындай құтты жерге қош кеп жатсың
Ендеше, Серік аға, қара бері.
«Қош келдің» деп айтуымның себебі бар,
Тыңдаса Жаркенттің тамам елі.
Кеше ғана жүр едің Моңғолияда
Үлгере ме деп едім, алаң едім,
Ал, бүгін Жетісудың жеріндесің
Бұл өзі желден жүйрік ағам еді.
Желаяқ та емес-ау сізден жылдам,
Қарсылас, қарқыныңыз жаман еді.
Жер тарпыған деп тұрсың, тарландаймын.
Айға атылған деп тұрсың, арландаймын.
Халық қолдап отырса қуанамын,
Қолдарын соқпаса да шамданбаймын.
Екі күнде екі елге кеп үлгеретін
Бұл бірі емес шығар аңғал байдың
Құдай-ау, айтыста бұл ақынмен шабар болсам,
Құдай-ау, мен шаң жұтып қалғандаймын.
Жоспарсыз жүрмейтіні көрініп тұр,
Бір істің байыбына барғандаймын.
Айтыстан соң жүрмейін таппай қалып,
Серік дейтін қысық көз, тар майдайлым.
Ертеңіңе жоспар боп тұрған шығар,
Бүгініңде Жаркенттен алар бәйгең.
Қос қолыңа қос пакет көтеріп ап,
Қорғас жақта жүрсең де таңғалмаймын.
Ішінде көзіңді ашып қара қостың,
Өлгейдің аспанына қарап өстің.
Моңғолдың даласында атқа қонып,
Ел жаққа ержеткен соң ғана кепсің.
Көп болды Өскеменге қоныстандың,
Шығыс жақтың дедің бе самалы өпсін?!
Әкімінен үш бөлмелі пәтер алып,
Әйел бала-шағаңа пана бопсың.
Бірақ та ата-анаңыз әлі Өлгейде
Келеді солар жайлы жанап өткім.
Араға айлар салып жиі ұшасың,
Қанатына оранып самолеттың.
Азаптанбай әкеліп алмайсың ба?
Келеді сізден соны талап еткім.
Өзіңді бағып-қағып өсірді ғой,
Арқасында майдай тер табан еттің.
Жеңгеміздің есімі Ёлка екен,
Келеді соны жұртқа талап еткім.
Ата-анасын неге әкелмейді деп ойласам,
Махаббатқа тым адал бала бопсың.
Серік аға, сен неткен бауырмалсың,
Серік аға, сен неткен молодецсің,
Қуанған әкеңізге серік болмай,
Сағыныш пен қайғыға сала кепсің.
Қос бәйтерек қап қойып арғы бетте,
Бергі бетке Ёлканы ала кепсің.
Серік:
Ал, атадан алған мен дара тәлім,
Аталы сөз келіп тұр, қаратамын.
Кеше ғана Моңғолда жүр едің деп,
Бауырым бұл ағаңды дәл атадың.
Атаңа, ағайынға барған едім,
Сағыныштың желдіріп сары атанын.
Алтайдың ар жағына асығамын,
Анамның аңсағанда алақанын.
Шегара тұр Алтайды екі бөліп,
Меншіктеді екі ел дала тауын.
Қазақтың қақ жарылған қасіреті,
Қандай үйдің арнасынан таратамын?
Сен қайдан бұның бәрін түсінесің,
Басыңа келмеген соң балапаным.
Мұндай да тұра алам ба, аласұрмай,
Барлық ақын бір үйдің баласындай.
Еріккеннен жүргем жоқ екі жақта.
Жүрегімнің жаза алмай жарасын-ай,
Арғы бетте ардақты ата-анам бар,
Мен үшін баға жетпес дарасындай.
Бергі бетте қалың ел қазағым бар,
Дархандығы ұланғайыр даласындай.
Екі жүрек екі жаққа елеңдейтін,
Сен менің бола көрме табашымдай.
Алтайдың екі беті қымбат маған,
Көзімнің ағы менен қарасындай.
Ал бауырым бірі десе мақтаулының,
Ағаға құрып отыр қақпан бүгін.
Жеті жұрттың ұрпағы емес пе едім,
Қазылыққа ұмтылған тақтан бұрын.
Алла жазса келеді жақын күнде,
Баласы мен арқалап мақпал жүгін.
Алты қанат ақ орда еңсе тіктеп,
Алты алашқа төксін деп ақ таң нұрын.
Қазақтың келгенінен кеткені көп,
Сақтансаң сен солардан сақтан бүгін.
Қиын қыстау кездерде білесің бе?
Кей қазақ қашып кетіп жатқандығын.
Жай қашпай қазағымның қазынасын,
Қалтаға басын кетіп жатқандығын.
Қандасқа жауып тұрған шекараны,
Қиналмай ашып кетіп жатқандығын.
Айтысың аламанның сәнін берсін.
Бабадан бізге жеткен жәдігерсің,
Әп-әдемі есімін әйелімнің,
Өзіңше әңгіме қып әбігерсің.
Заңғарлардың біразы шетке кетті,
Замананың болғандай заңы кемшін,
Елінен ел безіп жатса, бейбіт күнде,
Онда қалай өмірдің мәні болсын.
Қазаққа Отанындай жұмақ қайда
Мейлі ол қай қиырға барып өссін?
Бұл күнде менің жалғыз тілейтінім.
Оныма қосылады қалың елім.
Отаныңның отына жылынуға,
Сыртта жүрген жас пенен кәрі келсін.
Шекарадан бір қазақ қашып шықпай,
Шетте жүрген қандастың бәрі келсін.
Ал тілім сөйлер болса, тіл көсемі,
Кенеттен ой айтпадың тым көшелі.
Бұл кінәнің тоғызы тілден дейді,
Артық сөздің болады бір кеселі.
Пакет ұстап Қорғаста жүрме дейсің.
Ол сөзің осы жұртпен үндеседі.
Сүт пісірім уақыт, барып келем
Қорғас деген Жаркенттің іргесі еді.
Ол жаққа ешкім бармайды еріккеннен,
Бір-біріне бір кемпірдей ілеседі.
Есектің артын жуып пұл тап деген,
Абайды танымайды бұл кешегі.
Тер төгіп еңбек еткен осы халық
Алғаны өміріңнің жүлдесі еді.
Жер шеті, жау өтінде тұрғаннан соң,
Шекараның шебінде күн кешеді.
Өкіметің өзегін талдырмаса,
Өзгенің өңіріне кірмес еді.
Ағайын ала дорба арқаламас,
Алаштың түгел болса күллі есебі.
Қазақстан шынымен жаңарса егер,
Қазақтар қап арқалап жүрмес еді.
Ал жұртым, асқақтатсам Алаш таңын,
Қолға түскен тұлпардай аласұрам.
Алтайдың алқабынан атқа қондым,
Қалыс қалмай таланттар таласынан.
Жазиралы Жаркентім бармысыңдар,
Баласы аумай туған бабасынан.
Орбұлақтың орнына келіп жеттім,
Өнерлі Өскеменнің қаласынан.
Үсек пенен Ілеге келіп қондым,
Еркелеген Ертістің сағасынан.
Ассалаумағалейкум, текті қазақ,
Тарлан бозды танитын тағасынан.
Сатай, Суан еліне басымды идім,
Салмақты Қабанбайдың даласынан.
Алқалы ағайынға дұғай сәлем,
Алтайдағы алаштың баласынан.
Ал шабыттың желкеніне жел үрледім,
Келген соң жыр тұлпарын керім етіп,
Сенімін ақтай алмай сендейлердің,
Сенделісіп жүрмесін сенім кетіп.
Аман болса, алпысқа келер еді,
Кешегі ер Жандарбек Бегімбетов.
Алланың жазғанына шара бар ма?
Өкім айта алмаймыз өлімге өтіп.
Қарсы алдымнан Шынарбек інім шықты.
Көңілді жіберердей көңілді етіп.
Рахмет сені жұптап бергендерге,
Бүгінгі жұмысымды жеңілдетіп.
Бұл сенің жұлдыздай боп жанар күнің,
Шабыттана жырласын жанар бүгін.
Суға тиген түріндей таралғының
Сұлу сөзге жоқ шығар сараңдығың?
Өткен жылы «Асыл домбыра» айтысында
Байқалса да беу сенің шабандығың.
Шұғайып жеңіп тұрып жолын берген
Айтыста бірі бол деп табандының.
Ақсуат финалына жолыңды ашып,
Алашқа әйгілеген бағаңды кім?
Бүгінде осы айтысқа еріп келдім.
Өзгеше іні тартып саған бүгін.
Ал енді барыңды сал, нарыңды сал,
Ағаңның сезіне алсаң адалдығын.
Шегелеп топқа қосқан тазы құсап,
Жұртыңа көрінбесін жамандығың.
Елге қарап шалқайып отырғанда,
Жерге қарап қайтпасын атаң бүгін.
Шынарбек:
Ал, Серік қой бізді осында санағандар,
Ақыл қонбас сондай деп шамалаңдар.
Ағамыз жерге қарап кетпесін деп,
Шамаларың жеткенше табалаңдар,
Ол рас жеңіп тұрып жолын берген,
Аз болса да осындай дара адамдар.
Сен секілді кемсітіп сөз айтады.
Інінің сүрінгенін қалағандар.
Ал енді жолын ашып жібереді,
Көңілі мақтадан да ақ адамдар.
Дегенменен ерлік қой шығам деді.
Қолдан келсе осылай бағалаңдар.
Әйтпесе сіз секілді жеңілсе де,
Мойындамай кететін ағалар бар.
Ал аға бас-көз демей төпеді ғой,
Өз шумағым өзіме өтеді ғой.
Сеніменен айтысым жеңіл ғой деп,
Менсінбей қабақ шытып нетеді ғой.
Аға қандай болатынын мен айтайын,
Бегімбетов жайында менде бір ой.
Студент боп жүргенде бала Жандар,
Жаркенттен Жамбылға жетеді ғой.
Өмір менен өнерге баулимын деп,
Іні мен қарындасын ап кетеді ғой.
Содан жаман болған жоқ бауырлары,
Міне, бұл жақсылықтың өтеуі ғой.
Осындай ел жақсысын құрметтеген,
Жаркенттің елі де жетелі ғой.
Бұл күнде аға қандай болатынын,
Сенің де пенделігің жетеді ғой.
Ізіңнен ертіп жүрген бір інің жоқ,
Осы айтыстың кезекті себебі ғой.
Серікке Жандарбектей болған қайда,
Шұғайыптай болса да жетеді ғой.
Жетісу жерлерінің жұмағы екен.
Жаркент сол жұмақта тұрады екен.
Ағайым қарсыласты көрсе егер,
Кезек алса тоқтамай ұрады екен.
Тоқтамай ұрғандығы ештеңе емес,
Тақырыпты басқаға бұрады екен.
Ата-анаң неге келмейді деген едім,
Жемқорларды сынауға құмар екен.
Өзінің құзырында тұрған іске,
Басқаларды айыпты қылады екен.
Шетелден ата-анасы келмеуіне,
Шекара ашқан қашқындар кінәлі екен.
Шаппаса Шынарбектей ерің есім,
Қолдамаса ерлерін еліме сын.
Қазақ дейтін тәуелсіз Отан болды,
Дұшпаннан ел іргесі кеңейгесін.
Біртұтас мемлекет болу үшін,
Әр өңір қосу керек өз үлесін.
Алматы азаттықтың отанындай,
Жайнаған шамшырақтай көзім дейсің.
Шымкент қазақтықтың отанындай,
Бара қалсаң жайлылық сезінесің.
Ал, Астана отаны жаңалықтың,
Жаңалық ақпаратта көп үлесің.
Шығысым жазушылар одағы ғой,
Рухымызға қосқандай кең үлесін.
Батысым қара алтынның отаны еді,
Еш адам айта қоймас жеріне сын.
Қызылорда күрішке отан болса,
Қостанайды бидайға телігесің.
Ал енді Жаркентім мына маған,
Ерліктің отанындай көрінесің.
Себебі ертүлекте сен де туған.
Жырыма арқау болып өрілесің.
Сыпатаев Ерболды ел біледі,
Барша қазақ азаттық деп
Жанын берген ері десін.
Бар жоғы жиырма екіде қыршын кеткен,
Алаштың айтпай қалман перзентін.
Он алты жасқа жетіп құрбан болған,
Ләззатың еске түссе егілесің,
Жаркент өткендерге есе бермей
Ерлерің жасап кетті ерлікті өзі.
Жандарбек атамыз да суық қолдан
Жиырма сегіз жасында ерте кетті.
Сол әділдіктің жолында жанын беріп,
Аңсады азаттықпен теңдіктерді.
Жаркент міне осындай ұл-қыздарың,
Атымды тарихтан мөр қып берді.
Жамбыл құсап жүз жасқа жетпесе де,
Жаратқан намыс берді, өр қып берді.
Жиырма, отызға жетпей-ақ жасап кетті-ау,
Жүз жылда бір жасайтын ерліктерді.
«Аманат» боп өзгерген «Нұр Отаны»,
Қазақстан қазақтың ұлы Отаны.
Өнер менен спортта алыптар көп,
Ел түгіл шет ел асқан дүр атағы.
Соларды көре алмастар оданда көп,
Қанды қолмен қалмады ұры атағы.
Мұстафа Өзтүрікті мерт қылмап па еді?
Болса да қайта тиер ұлы атағы.
Саттарханов Бекзат та ажал құшты,
Қазасы қалың жұртты жылатады.
Көліктің айнасы үшін Денис Тенді,
Қылмыскердің басылмай қуаты әлі.
Айбалта тигендей қып алыптарды,
Қымсынбай бірінен соң бірі отады.
Ер Жәкең де құрбаны зұлымдықтың,
Десек те күллі қазақ ұнатады.
Құрықтатпай кеткенімен жазалылар,
Көпшіліктің көз жасы түбі атады.
Қанжығаны майлаған қай жақсың бар,
Тағдыр деген тар жерде сынатады.
Жарыққа шыққан жарық жұлдыздарды,
Тасадан тас лақтырып сұлатады.
Көр тышқандар үңгітіп қазған індер,
Жер тарпыған тұлпарды құлатады.
Сөз басында сүйем деп мен елімді,
Өскеменнен бастадым өлеңімді.
Енді сол шығысыма бұрылайын,
Сынға сап беделім мен берерімді.
Өскеменнің іргесінде орналасқан,
Алтай деген ауданды көбі білді.
Сол ауданның орталық алаңында,
Қазаққа бөлек тілді бөлек үнде.
Лениннің ескерткіші тұр дегенде,
Білмедім сенбесімді, сенерімді.
Алтайды атақты еткен Ленин емес,
Білемін Оралхандай мен ерімді.
Оралханды қойсаңыз жараспас па еді,
Сөзден сурет салатын шеберіңді.
Жаркентте қасқайып Қастеев тұр,
Адамдарға болсын деп өнер үлгі.
Осыған не деп жауап бермекшісің?
Азаматтық сынға сап беделіңді.
Аштық пенен қастықта ел қырылған,
Есіңнен шығардың ба көне күнді.
Жер тегінде жер таппай жатқан шалды,
Төр бетінен түсірмей не көрінді?
Серік:
Өнердің енді бастап гүл көктемін,
Азғантай абыройды тірнектедім.
Алтайдың бауырынан Ленинге,
Айрықша жасалды құрмет тегін.
Айтудай-ақ айтқанбыз жоғарыға,
Ақындықтың атқарып міндеттерін.
Шығыста Оралханға орын ұсынған,
Бұл жайында ештеңе білмеп пе едің?
Қасқаның қасқабас күн көсемі емес
Алып Абай еді ғой үлгі еткені.
Кімнің қайда тұратынын шешетіндей,
Шығысты мен басқарып жүр деп пе едің?
Қара өлеңді бұйыртқан несібіме,
Қарсы келме тәңірдің шешіміне,
Қарапайым қазақта кінә бар ма?
Тар қоғамның кез болған кесіріне.
Қолдан келіп қопарып тастар едім,
Саған берер жауабым осы міне.
Төрелерше билігін маған берсе,
Төрім түгіл қоймас ем есігіме.
Өзімше өлең өріп өбектеп бір,
Бауырым ел алдында дедектеп тұр.
Ақыры мүсін жайлы айтып қалдың,
Алтай жақтан келтіріп деректі дүр.
Жақсы бір бастаманы бастап кеттің,
Бір сөзіңе бір сөзің себеп боп тұр.
Қыран елдің бапкері бола білген,
Мынау елдің мақсаты бөлек боп тұр.
Жыр жампозы атанған Жандарбекке,
Жаркенттен бір мүсін керек боп тұр.
Ал қане, көсілейік саған қарап,
Шынарбек елге жырын арнап-арнап,
Шұғайыптай болмайсың дейді біздерге,
Жолын алып жоғары барған адам.
Сүйгісі келе берер сүйген ерін,
Алғысы келе берер алған адам.
Өмірдің алды қызық, арты жалған,
Өзінше ғұмыр кешер әркім алуан,
Ізіңнен еріп жүрген інің жоқ деп,
Бауырымда танбай отыр арқыраудан.
Айтысты айқас дейтін бұл қазақтың,
Санасына сіңірсе екен салтын алған.
Қосылып ағаңменен көсіле бер,
Қос тізең аман тұрса қалтыраудан.
Ал енді аянбасаң айқас ізде,
Арылып ой-күдіктен, жанды малған.
Бәс тігейік бас бәйгені шамаң келсе,
Дұрыс қой сұрап алмай, тартып алған.
Солайын болмасам да тұлғалы адам,
Бір бақыт шығады деген мың қарадан.
Өзіңдей Жаркенттің көзі дейін,
Жеріңде өтпейді ғой күнде аламан.
Қазақтың кәдесіне жараса екен,
Қаншама текті шыққан бұл арадан.
Кешегі Ербол менен Ләззаттар,
Желтоқсанда алаңда ту қадаған.
Алаңда өскен Әбілхан Қастеевтей,
Дараланып шығыпты кіл дарадан.
Әйгілі дарын дабыл Дәнешіңнің,
Әсем әнін қазақ жоқ тыңдамаған.
Адуынды Жандарбекке кім тең келер?
Аузын ашса, ақ түтек жыр бораған.
Айтақын Бұлғақовты кім білмейді?
Көмейінен көрікті жыр сырғанаған.
Есіктен көп кетпеген қасиетті,
Бесіктен үн үзілмей іңгәләған.
Ұға бер тектілердің тектілігін,
Шыға бер айдан есен, жылдан аман.
Құрметті Жаркенттіктер, бас иеміз,
Құрсағың құдіреттен құр қалмаған.
Халықтың тарқасын деп көңіл шері,
Жиналды не бір мықты, небір сері.
Қапталына жайғасқан шынарының,
Шынар інім ақын қылды-ау бүгін сені.
Ағайын мен мұны алғаш көрген кезде,
Айтысқа көрермен болып келуші еді.
Салғанда кітап бетін ашпайтұғын,
Ақынның өзі еді еріншегі.
Қай бір жылы Шымкенттің қызын алып,
Бекіді бұғанасы, шеміршегі.
Үйленіп үй болғаннан бері қарай,
Өлеңінің өрбіді өміршеңі.
Оңды сөз айтып жүр-ау ағайынға,
Оңтүстік болғасын ба келіншегі.
Шымкенттің қызына жолыққалы,
Ақын деп мойындады-ау елің сені.
Бауырым шыныңды айтшы айтыстарға,
Дайындап жүрген жоқ па келін сені.
Ал ер болып асқақтатып ел беделін,
Алтайда бесігіңді тербетейін.
Арғымақ арманыңа қанат байлап,
Азамат боп Отанға келген едім,
Қорғаным қалың елім қазағым деп.
Қорғас жақтан қорғана енген едім.
Юань ұстап шекара аттағанда,
Суан болды ең алғаш көрген елім.
Мұндай бақыт бұйырмас әр адамға,
Тұлғаңыз ұқсаса да абағанға,
Тұлпардай бауырымнан жарағанда,
Бауырым түстің бүгін аламанға.
Әйтеуір даңғырлатып шауып жүрсің,
Домбыраңды ұқсатып барабанға.
Алдыңнан кезіктірді-ау інім сенің,
Армандап алғаш көрген дана адамға.
Жандарбектің еліне келіп тұрсың,
Қазағым қонақ еткен қара нарға.
Ал бүгін Жаркент қандай боп көрініп тұр,
Басшидің ар жағынан қарағанда.
Шынарбек:
Оу, Серік аға ғой менің серім,
Сөзіңе сын айтпады-ау, елің сенің.
Ол рас, үйленгенім майдай жақты,
Қазір шабам, бұрындары желуші едім.
Үйленген негізінде жақсы екен ғой,
Қатайды қабырғам мен шеміршегім.
Үйленіп-ап үндемей жүре бермей,
Үйлен деп неге айтпадың ба көңілшегім.
Сен мені көрермен боп көрген кезде,
Мен де сені айтыстан көруші едім.
Тезге салған ағаштай түзу қылып,
Айтыстың жалқау менен еріншегін.
Алдыңа келгендерді тістеуші едің,
Артыңа келгендерді тебуші едің.
Ал қазір сол екпінің байқалмайды
Өнеріңді өшірді-ау өмір сенің.
Айтатының салмақсыз ой, сапасыз сөз
Мойындамай отырсаң да, көнуші едім.
Сұрақты мен өзіңе қояйыншы,
Ініңе ақтарғыншы көңіл шерін.
Түндерде кітап оқуға отырғанда,
Кедергі жасап жүр ме келіншегің?
Ал, Серік сеніп айтсаң сенеді ғой,
Сөздерін түрлі-түрлі береді ғой.
Жер жаннаты Жетісуға желе жортып,
Шыға келіп көздің нұрын төгеді ғой.
Қандастардың Отанға кіруінің
Жаркенттің тікелей себебі ғой.
Өздерің жақсы көрер сөзбен айтсам,
Жел өтінде отырған ел еді ғой.
Қонағына бетегедей кішірейіп,
Жауына Алатаудай төнеді ғой.
Очкименен қарауың маңызды емес
Бұл елдің әр адамы өрелі ғой.
Жаркенттей жақсы жұрттың қасиетін,
Көзі соқыр адам да көреді ғой.
Ал, Жаркент қазақ үшін негізгі есім,
Өздері бүтіндеген өз іргесін.
Білеміз көне қала екенінде
Тарихын тереңірек енгізетін.
Сауда-саттық мекені болғандығын
Шоқан жазған күнделік негіздесін.
Сен өзгеріп кеткенмен, жер өзгермес
Қазірде шекараның шебіндесің.
Қасыңда алып шаһар Қорғас жатыр,
Көресің небір таңын, небір кешін.
Неше түрлі ғимарат сап тастады,
Білеміз еңбектенсе ерінбесін.
Шекаралық базар да солар жақта,
Қазақ тілі темірдей төзімдісің.
Мен біздің билік жаққа қайран қалам,
Ата-аналар сол жайлы лебіз қылсын.
Жаркенттің өзін неғып жаңартпайды,
Біздің жұрт өзін төмен сезінбесін.
Онсызда көп құрылысың ескіріп тұр
Тұрғындар ол жайлы айт өзің кесім.
Дамыған ел едік деп айта бермей,
Одан да дамытатын жол іздесін.
Көне қала дегенге біздің билік
Көнеріп кеткен қала дегізбесін.
Жанарған Қазақстан боламыз деп,
Басшылар құрып жатыр жоспар бөлек.
Берілген уәделермен айтылған сөз,
Серіктің басындағы шаштан көп ед.
Жаркентке салатын кесек-кесек
Жобаларын тезірек бастау керек.
Онымызды басқалар көріп отыр,
Айтылған сөздерден қашпау керек.
Себебі тоғыз жолдың торабысың
Ұлы Жібек жолына қосқан көмек.
Еттің дәмі білінер тамшысынан
Ел іргесі ойсырап жатпау керек.
Жаңа Қазақстанның белгісі қып
Жаркентті жаңартып тастау керек.
Жаркентім қойнауы толған жер ғой,
Бақ- береке, ырысы қонған жер ғой.
Жер астынан шығатын арасанның,
Жердің шаттығына шомған жер ғой.
Жеміс-жидек әртүрлі астығынан
Тұрғындары мол өнім орған жер ғой.
Шығысыма қақпа боп қай кездерде,
Қашаннан қазағыма қорған жер ғой.
Қалтаңнан түсіп қалған бір штук дән
Жайқалған бір егістік болған жер ғой.
Төртеу түгел – тәрбие өнеге ғой,
Мұнда келсем демалар жанкүйер ғой.
Тоқсан сөзге тобықтай түйін айтсам,
Бұл өлке сондай терең мәнге ие ғой.
Адамдарын айтпағанда Жаркенттің
Ағашының өзі де әулие ғой.
Серік ағам сенерім,
Серік ағам сенетін
Биік қылып сөйлесе,
Қазақтың Алатауындай
Нөсерлетіп сөйлесең
Нөсерлеп тұрған жауындай.
Тәтті қылып сөйлесе
Жаңа піскен қауындай,
Тереңнен түскен балдыр шөп
Балықшының ауындай.
Сылаңдатып сөйлесе,
Жалғыз үйдің қызындай.
Таза қылып сөйлесе,
Бұлақтын мөлдір суындай.
Өзімнен асып ендеше,
Сырға да түстім мен неше?
Айымбеттей інімді артып келдім
Адаммен белдескенге кел десе.
Қоштасар кезде бауырды,
Бауырыңа бас ендеше,
Қадіріңді білмес мен емес,
Қадірді білмес сен емес
Ініңнің көңілі жер болар,
Жеңгелердің таласы.
Ашуынан егес белдесе,
Адамның көңілі жер болар.
Бас басына кетіп базары,
Артынан іні ермесе.
Серік:
Ал, бауырым, кезегінді ала сала,
Халықты қарық қылып тамашаға.
Келіншегі кедергі келтіре ме
Деп мынау ағасымен таласа ма?
Енді мен ел алдында айтпаймын ғой,
Әйелім не істейтінін оңашада.
Сүйіктісі бола білген өз ерінің
Биікті баламаймын аласаға.
Айтысқа шыға салып ақыл айтар,
Осындай көп боп кетті бала-шаға.
Ақын Абай айтқан бір сөз бар еді,
Буыны тереңінен бағы асады.
Керегіне қараса ма?
Ағасы інісіне ұрысса болды ғой
Інісі ағасына ұрысса, жараса ма?
Ар намысы жаралған аппақ қардан,
Өзге неден аясын аппақтардан.
Жаркенттім киелі топырақ-су,
Аламанға қосатын баптап қардан
Түгін тартсаң май шығып жатқан жерін
Көрген жан шартарапқа мақтап барған.
Кешегі ашаршылық дәуірде де,
Сырыңды ел емес ең, жатқа ақтарған
Жаркентке жетсем аман қалам дейді,
Келтірейін тарихи нақты ақпардан.
Тар жол, тайғақ кешуде арпалыстық,
Өткен елміз қарлы жол, қатқақтардан.
Сонда сенің орының бөлек бопты,
Алаштың ар намысын ақтап қалған.
Жүрегінің соғуын қаншама елдің,
Жүгерінің дәні ғой сақтап қалған.
Ал ағайын шақырғанға арда келдім,
Алқынбайтын сөздерін алған едім.
Киелі топырағы Жаркенттің,
Талай текті ерлерден қалған өңір.
Осыменен азырақ іркілейік,
Алақанмен дем берсе, зал қане бір,
Біздерге тұрақ болмас мәңгілікке,
Талайлардың өзегі талған өмір.
Жиырма сегіз жасында Жандарбектен,
Жарқ етіп өте шыққан жалған өмір.
Жүрегінде ақынның,
Таусылмайтын жыр кені.
Бахадүр баба барында,
Басқан ізі бірге еді.
Түп тамыры көк түрік
Тоныкөк пен Білгені.
Дүниені сілкінткен,
Түркі тілдің дүрмегі.
Жазиралы Жаркенттің
Жандарбекке жыр арнап,
Аламандап ат қосқаны
Қуантарлық бұл мені.
Баянды ғұмыр кешіңдер
Байырғы баба қорыған,
Аулақ салмай іргені.
Көркейе берсін өмірің,
Көшіңде жүріп ілгері
Шаттық, шадыман халықтың,
Шаттықпен өтсін күндері.
Тату-тәтті болса екен,
Ұйғыр, кәріс, дүнгені.
Бәрін айтта бірін айт,
Берік тұрсын мәңгілік,
Береке-бірлік діңгегі.