Қазіргі жаhандану заманында әлеуметтік желінің алар орны ерекше екені бәрімізге мәлім. Тіпті әлеуметтік желіге еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін тәуелді екені барша жұртқа аян. Жақын адамдар, көрші-қолаңдар, дос-жарандар, тіпті бір үйдің отбасылары бір-бірімен ғаламторда тығыз қарым-қатынас орнатуына жол ашты. Бұл дегеніміз адамдар арасындағы көзбе-көз жылы қарым-қатынастың азаюына және отбасылар арасындағы мәміленің азайып бара жатқанын білдіреді. Әлеуметтік желіге тәуелді болған отбасылар арасында шынайы өмірге деген жауапкершіліктің азаюы салдарынан жас отбасылар арасында жанжал, бірін-бірі түсінбеуі, тіпті ажырасу деректері көбейіп бара жатыр. Кейбір отбасыларда бала тәрбиесі шет қалып барады. Ал бұл адамдардың шынайы өмірден алыстап бара жатқанын аңғартады. Қазіргі таңда баланың жан дүниесіне үңіліп, онымен сырласатын, балаға бағыт-бағдар беретін ата-аналар да азайып кеткендіктен жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық, ерте жастан жыныстық қатынасқа түсу және де кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың ана атануы белең алып барады. Бұл дегеніміз қазіргі мектеп жасындағы балаларды үйдегі ата-ана емес телефонның ар жағындағы интернет тәрбиелеп жатқандығының белгісі. Тіпті кейбір ата-ана өз баласының тәрбиесін мектептегі ұстаздарға артып қойғаны адамды қынжылтады.
Мектеп оқушылары ұялы телефонсыз жүре алмайды, яғни тәуелді болып бара жатыр. Ол балалардың шынайы өмірде тұйықталып, адамдармен араласа алмай қалуына әкеліп соғады. Баланың жүйкесінің бұзылуына да ұялы телефонның әсері жоқ емес. Күндіз-түні телефонның алдына отырып, интернет желісіне қараудан жалықпайтын адам айналасындағы тіршіліктен бейхабар болып, жақындарымен, достарымен қарым-қатынасын үзіп, денсаулығы нашарлайды. Мектеп оқушыларының ынтасы төмендеп, өздігінен талпынбай, сабақтан қашуға әдеттенеді. Берілген тапсырманы интернеттен ала салатын баланың өзі ізденбегендіктен есте сақтау қабілеті бұзылады. Міне осы жоғарыда айтылған жағдайларды ескере отырып Керімағаш-Арасан ауылындағы орта мектебінде интернеттің пайдасы мен зиянын түсіндіру және жас жеткіншектердің тәрбиесіне көңіл бөлу мақсатында жалпы ата-аналар жиналысы өткізілді.
Мектеп директоры Б.Н.Маямерова келеңсіз жағдайлардың алдын алу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мектеп басшысы өз сөзінде ауданымыздағы болып жатқан келеңсіз жағдайлардың салдары жасөспірімдердің әлеуметтік желіге тәуелді әрі балалардың ата-анасының қадағалауынсыз қалып жатқандығынан екенін тілге тиек етті. Яғни, баланың қандай сайтқа кіріп жатқанын, кіммен сөйлесетінін, әлеуметтік желіде қандай адамдармен дос екенін, тіпті қандай ойын ойнап жатқандары ата-аналарға беймәлім екенін баса айтса, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұ.Т. Жанұзақ әлеуметтік желінің пайдасы мен зиянына ерекше тоқтала келе, ата-аналардың назарына осы тақырыпта бейнеролик ұсынды. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарына және олардың аумақтарына әкелуге тыйым салу туралы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі 2021 жылғы 25 мамырдағы №235 бұйрығымен таныстырып өтті. Осы бұйрықтың негізінде Керімағаш-Арасан ауылындағы орта мектебінің қабырғасына және олардың аумақтарына, оқу сабақтары кезінде ақпаратты тасымалдау функциялары бар мобильді байланыс құрылғылары (пейджер, планшеттер, смартфондар, iPad (Айпад), iPod (Айпод), плейерлер, модемдер (мобильді роутерлер) әкелуге тыйым салынғаны туралы ескертті. Ата-аналар да бұл талапқа бағынатынын айта келе, балаларының мектеп қабырғасына телефон алып келмеуі туралы қол қойып берді.
Ата-аналар жиналысының үшінші мәселесі бойынша мектебіміздің информатика пәнінің мұғалімі Сайранұлы Еламан «Ата-ана баласының телефонын қалай бақылай алады?» тақырыбында слайд арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ата-аналарға өз балаларының қандай сайтқа және не көріп, кіммен сөйлесіп жүргенін бақылау мақсатында «Родительский контроль» бағдарламасын жүктеп алу тиімды екенін түсіндіріп өтті.
Мектеп психологы Г.С.Рахымберлина ата-аналарға қазір балалар интернеттегі қысқаша мәліметтерді алып, сонымен шектеліп қалып жүргендігін ескерте келе балалардың интернеттен талғамай бәрін көретінін, көргенін бойына сіңіретінін, сол үшін отбасында ұлттық салт-дәстүрлерімізді, әдеби мұраларымызды дәріптеп, баланың санасына сіңіре білгенде ғана жастар арасында жағымсыз қылықтарды, құқық бұзушылықпен қатар өз-өзіне қол жұмсауды алдын алуға болатынын баса айтты.
Расында, қазіргі оқушылар өз уақыттарын Тик-токта «лайк» жинаумен, фейсбукта жаңалықтар лентасын парақтаумен, пікір айтушылардың жазғанын оқумен, инстаграмдағы әншілер мен атақты адамдардың жаңа суреттерін көрумен, пайдасыз ойындармен күн өткізеді.
Иә, әлеуметтік желінің зияны туралы қанша айтсақ та, оның қолдану аясын шектей алмайтындығымыз белгілі. Оның үстіне, желілердің қолданушылары күн санап артып келеді. Осылайша виртуалды өмірге тәуелділер саны көбеймесе, азаяр емес. Ең бастысы желіні сауатты пайдаланып, қолдану барысында тек пайдалы жақтарын қарап, шектен шықпауды ескерсек екен. Өйткені, бала – біздің болашағымыз. Сондықтан бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қараған жөн. Балаға әлеуметтік желіні өз орнымен, өз уақытымен қолдануды үйрету ата-ананың басты міндеті. Әлеуметтік желінің пайдасы бар, алайда зияны одан кем емес. Сондықтан пайдасын алып, зиянынан алыс болғанымыз жөн болар.
Ұлан ЖАНҰЗАҚ