Биыл Қазақстанның денсаулық сақтау саласында маңызды өзгерістер орын алды. 2025 жылдың шілде айында Мемлекет басшысы қол қойған МӘМС туралы Заңға енгізілген түзетулер денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік кепілдіктерді кеңейтуге, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және аурулардың алдын алуды күшейтуге бағытталған. Жаңартылған жүйе сақтандырылмаған азаматтарға да тегін қызметтердің кеңейтілген тізімін ұсынады, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалау мен емдеуге жаңа тәсілдерді қарастырады. Жетісу облысы тұрғындарына бұл өзгерістер қалай әсер ететінін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Жетісу облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Арыстанбек Утегулов түсіндірді.
2025 жылдың шілде айында МӘМС туралы Заңға өзгерістер енгізілді. Бұл түзетулердің мақсаты қандай?
– Мемлекет басшысы енгізген өзгерістердің басты мақсаты – денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік кепілдіктерді кеңейту, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту. Түзетулер негізгі мемлекеттік кепілдіктерді іске асыруға, жүйе қатысушыларының әділ ортақ жауапкершілігін қамтамасыз етуге және біртіндеп толыққанды сақтандыру моделіне көшуге бағытталған.
Халық ең алдымен қандай өзгерістерді сезінеді?
– Ең алдымен профилактикалық және диагностикалық қызметтердің айтарлықтай кеңеюін. Бірыңғай медициналық көмек пакеті аясында онкологиялық ауруларды, артериялық гипертензияны, жүректің ишемиялық ауруын, глаукоманы және қант диабетін ерте анықтау үшін скринингтер барлық азаматтарға қолжетімді болады. Бұл – өте маңызды қадам, себебі ерте диагностика емнің тиімділігіне және пациенттердің өмір сапасына тікелей әсер етеді.
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында онкоскринингтердің жалпыға қолжетімділігі нені білдіреді?
– Бұл әрбір азамат сақтандыру мәртебесіне қарамастан онкоскринингтен тегін өте алады деген сөз. Мұндай шара қатерлі ісіктерді ерте кезеңде анықтауға және дер кезінде емдеуді бастауға мүмкіндік береді. Дәл осындай тәсіл жүрек-қан тамыр ауруларына, глаукомаға және қант диабетіне де қолданылады.
2026 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында әлеуметтік маңызы бар аурулардың тізімі кеңейді. Бұрынғы жүйеден айырмашылығы неде?
– Биылғы қаңтардан бастап тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында 11 әлеуметтік маңызы бар ауруға күдік болған жағдайда диагностика қолжетімді. Олардың ішінде: туберкулез, созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, қатерлі ісіктер, миокард инфарктісі, орфандық аурулар, эпилепсия, инсульт және басқа да ауыр жағдайлар бар. 2025 жылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында тек туберкулез және АИТВ-жұқпасы бойынша диагностика жүргізілсе, қалғандары тек МӘМС жүйесінде қолжетімді болатын.
Одан бөлек сақтандырылмаған азаматтарға қандай медициналық қызметтер қолжетімді болады?
– Олар базалық медициналық көмек пакетіне қол жеткізеді. Бұл пакетке: емханаларға алғашқы жүгіну, вакцинация, жүрек-қан тамыр ауруларын, глаукоманы, қант диабетін және онкологиялық ауруларды ерте анықтау үшін скринингтер, 11 әлеуметтік маңызы бар ауруға күдік болған жағдайда диагностика, жедел және шұғыл көмек кіреді. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, алдын алу және тегін дәрілік қамтамасыз ету, инфекциялық аурулар кезінде көмек, қан препараттарымен қамтамасыз ету, паллиативтік көмек және ауыр науқастарға ұзақ мерзімді күтім қарастырылған.
Белгілі бір аурулар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінен МӘМС жүйесіне ауыстырылатыны айтылды. Қай аурулар туралы сөз болып отыр?
– 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 13 әлеуметтік маңызы бар аурудың төртеуі МӘМС жүйесіне ауыстырылады. Олар: қант диабеті, балалар церебралдық сал ауруы, дәнекер тінінің жүйелік зақымданулары және ревматизм. Бұл аурулар динамикалық бақылауға жататын жағдайлар тізіміне енгізіліп, медициналық көмек толық көлемде МӘМС аясында көрсетіледі.










