Еліміздің мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген «Отандық патриотизмнің формуласы анық: ел тарихын білу, мемлекетке үлесін қосу, ылғи да өзін дамытып отыру, адалдық, еңбекқорлық, жұмысқа қабілеттілік. Бос сандалған (тойшыл), екіжүзді адам ешқашанда патриот емес» деген келелі сөзі бәріміз үшін де үлгі болып, күнделікті күн тәртібінде болуы қажет.
Демек, қоғамды ірітуші масылдық мінез-құлықтан ада, ұлтжанды, мемлекетшіл болу үшін замандастарымыздың санасында жаңа патриотизмді қалыптастыру – уақыт талабы. Ол үшін кез-келген қазақстандық ұлттық тарихқа жете көңіл аударып, күнделікті ұрпақ тәрбиесінде де бірінші орында тұруы керек. Ұлттық тарих – ұлттық рухты күшейтуші ұлы күш.
Дегенмен де көп дінді, көп тілді демократиялық зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқанымызбен жер мен елдіктің темірқазығы болып отырған байырғы тұрғылықты жұрттың барлық салада басымдық қасиеті сақталатындығы баршаға мәлім. Бұл орайда жаңа бір белеске қадам басқан дербес еліміздің тарихындағы қазақ халқының мемлекет, ел тұрғысындағы ұғымдары мен қасиетті дәстүрлері аясы өз қалпын сақтап, сол бағытта ұдайы дамытылып отырғаны абзал. Себебі, біздің қоғамдағы жаңа бетбұрыс кезеңінде төл тарихымызға деген қызығушылықты арттырып, санамызды оята білу, сол арқылы өзімізді-өзімізді тануымыз біз үшін де, келешек ұрпақ үшін де маңызы зор болмақ. Шығар қортынды – тарихи санасы оянған кез-келген азамат өзінің ісімен мемлекеттің толысып дамуына бар күш-жігерін жұмсап, аянбай еңбек етері сөзсіз. Ол осы еңбек пен ізденістің арқасында өзін де рухани, біліми тұрғыда тоқтаусыз дамытады. Адал еңбек пен зердесіне тоқыған біліми тәжірибесін ұштастыру арқылы тапқан нанның қадірін біліп, айналасына да өнеге, үлгі болады. Жалпы, біздер енді Жаңа Қазақстанға қадам басқан соң тарихи, саналық және тұтастай рухани тұрғыда болсын жақсылыққа бейімделіп, жамандық пен масылдық атаулыдан іргемізді аулақ салғанымыз жөн.
Яғни, Кеңес дәуірінде қалыптасып қалған «өкімет өлтірмейді, өкімет өзі бағады» немесе «жәрдемақыны көбейтіп, тауарды арзандатсын» деген қарабайыр түсініктен мүлдем арылуымыз керек. Ол заманда барлық дүние-мүлік: зауыт, фабрика, мал шаруашылығы, егіншілік, құрылыс пен бүткіл техника т.б. үкімет меншігінде болып, әлеуметтік мәселелер жоғарғы жақта қаралып, шешілетін.
Енді Тәуелсіздіктен кейін қоғам мүлдем өзгерді. Бұрынғы социалистік құрылыс келмеске кетіп, капиталистік қоғамға аяқ басқанымызға да отыз жылдан асты. Үлкен қалалар мен аудан орталықтарынан шалғайдағы ауыл-аймақтардағы халықтың әлеуметтік мәселелерінің негізгі өзегі болған «колхоз», «совхоздар» тарады. Иә, экономикалық небір қиындықтарды да бастан өткердік. Салыстырмалы көзқараспен қарағанда Кеңес одағы құрамында болған барлық республикаар да осы этаптан өтті емес пе. Сөйтіп, замана өзгерді, демек біздің де «ескі түсініктен арылып» жаңа қоғамға бейімделетін уақытымыз келді. Өйтпеске лаж жоқ, себебі, мемлекет қоғамында үлкен бетбұрыс болып, дамудың мүлдем басқа, қарсы бағыттағы жолына түсті. Ендігіде нарықтық экономика өз заңдылығымен жүретінін түсінуіміз керек.
Мемлекетіміздің де ішкі-сыртқы саясаттағы бағыты өзгеріп, әлемнің дамыған елдерімен тең дәрежеде келіссөздер жасалып, халықаралық қарым-қатынаста да өзіндік дербес ұстанымы қалыптасты.
Жоғарыда аталғанның бәрі жеке меншікке өтіп, енді әрбір тұлға өзі үшін еңбек етіп, жеке кәсіппен айналысуына мүмкіндік алды. Айы оңынан туып кәсібін дөңгелеткендер қыруар қаржы тауып, шылқыған байлыққа ие болды. Қымбат үйлер салып, маусым-шілде айларында шетел асып, жер шарының әйгілі кереметтеріне саяхаттап, әлемнің ең қымбат қонақүйлерінде демалып келетін дәрежеге жетті. Социализм кезеңінде өң түгілі түске кірмейтін қымбат көліктерді тізгіндеп, бірінен кейін бірін ауыстырып мінетін болды.
Иә, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда кездесіп жататын келеңсіз жағдаяттардан хабардар екендігін аңдатып, «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды…» дегенді де ескертіп өтті.
Масылдық – қарапайым тілмен айтқанда жатып ішер, ештеңеге икемі жоқ, тіршілікке бейімсіз, еңбекке құлқы жоқ адам. Осынау аталып отырған масылдық түсінік жанұя түгілі, барша адамзат қоғамына ғасырлар бойы өзіндік залалын тиігізіп келе жатқан қауіпті дерт. Оның астарына үңіліп зер салып байқасақ, бұл дегеніңіз қоғам мен өмірлік жағдайлардың әсерінен пайда болған жат қылықтың бірі. Рухани сананың төмендігі мен жеңіл күнкөріске деген әрекеттердің кесірінен туындайтын хал-ахуал. Яғни, біреудің есебінен ғұмыр кешіп, тіршілікте кездесіп жататын қиыншылықтарға төзімсіздік танытып, басқа біреудің есебінен күн көру. Мәселен, аяқ-қолы балғадай жастардың кәрі әке-шешесінің мардымсыз зейнетақысына таласып-тармасып күн кешуін айтпасқа болмас.
Сондай-ақ, «масылдық пен мұқтаждықты» да ажырата білгеніміз жөн. Мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектер тек шынайы мұқтаж жандарға ғана арналған. Біздің қоғамда ондай жандардың бар екендігі де рас. Ал ақыл-есі дұрыс, аяқ-қолы сау адам адал еңбегімен өмір сүруі керек. Адал еңбек қай уақытта болса да кез-келген адамның көңіл-күйін көтеріп, өзін бақытты сезінуге ықпал етеді. Олар үшін біздің елде бар мүмкіндік қарастырылған. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «…Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес Мұндай адамдар кез-келген өркениетті елдегі сияқты заң мен қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар мемлекеттен ала берсем деген көзқарас қалыптастырады. Ал мұқтаж жандар, өкінішке орай әлеуметтік шаралардан тыс қалып жатыр» дегенді де тайға таңба басқандай өз кезегінде атап өтті.
Оның себебі де жоқ емес, мысалы, жағдайы төмен отбасыларға бөлінген жәрдемақыны орта жолдан пайдаланғысы келген жандарды да «масыл» демеске шара жоқ. Айтса айтқандай-ақ, ондай жағдайлардың орын алғанындығы көңілге кірбің ұялатады. Мәселен, әл-ауқаты жоғары қызметтегі адамдардың жақын туыстары, алыс-жақын жамағайындары аталмыш әлеуметтік көмектерді алып, шын көмекке зәру мұқтаж жандардың сол мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама арқылы берілетін көмектер мен жәрдемақыларға қол жеткізе алмай жүретінін ел арасынан естіп те жүрміз.
Енді алдағы уақытта мұндай заңбұзушылыққа жол беруге болмайды. Қай жерде, қандай мекемеде болмасын осындай заңсыз әрекеттерді көрсеңіздер, байқсаңыздар бірден құзырлы органдарға хабар беріңіздер. Үкімет есебінен бөлінген мұқтаж жандардың несібесіне қол сұққан ондай арсыздар заң алдында жауап беруі тиіс.
Бұл ешқандай да сатқындық емес, керісінше қоғамдағы әділеттіліктің салтанат құруына адамдық, азаматтық үлес қосу. Және бұл дегеніңіз мемлекет қаржысының талан-таражға түсуіне жол бермей, әділетті қоғамды орнатуға күш салу. Түптеп келгенде ол қаржының бәрі де сіз бен біздің төлеген салығымыздың, яғни, халықтың ақшасы. Демек, Президент бастамасын қолдап, біздің еліміздегі жаңа ұстаным «жауапты мемлекет, жауапты қоғам, жауапты адам жүйесінің берік орнығуының» іс жүзінде жүзеге асуына үлес қосу. Және де осындай келеңсіз жағдайлар мен заңсыздықтардың алдын алу бәріміздің де мемлекет алдындығы азаматтық парызымыз.
Бар мүмкіндікті пайдаланып білім алып, кәсіп иесі болып адал еңбекпен өмір сүруге ұмтылу үлкен адамгершілік қасиеттің белгісі. Сондықтан масылдыққа қарсы жұмылған жұдырықтай ауызбіршілікпен, ұйымшылдықпен бір кісідей қарсы тұрайық.
Өзі адал, өзі білімді, өзі еңбекқор жаннан бар жаман атаулы іргесін аулақ салары сөзсіз. Ондай азаматтың елімізге де, жаңа қоғамымызға тигізер пайдасы орасан. Осыдан барып біздің әрқайсымыздың бойымызда қалыптасқан мемлекетшілдік сана, міндетті түрде Отанға, туған елге деген адал қызметті туындатады.
Демек, бұндағы басты мәселе «масылдықтан арылуды» мақсат етіп, өмірлік ұстанымды нақтылап алып тек қана алға қарай әрекет жасау. «Еңбек – бәрін жеңбек» қағидасын жадыңызда ұстап, шаршамай, талмай еңбек ету…
Қ. ТҰРДЫҒАЗЫҰЛЫ