ҚР Президенттігіне Кандидат Мейрам Қажыкен сайлаушылармен кездесу үшін Жаңаөзен қаласына барды. Үміткер үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін арнайы Жаңаөзен «Білім-Инновация» лицей-интернатына табан тіреді. Онда алғашында өзінің саяси бағдарламасын таныстырды. Сондай-ақ сөз барысында педагогтардың маңыздылығын және олардың алдында тұрған міндеттерді атап өтті.
«Әлемнің кез келген еліндегі мұғалім әрқашан құрметті және мәртебесі биік мамандық. Өйткені ол балаларға, яғни болашаққа білім беретін адам. Мен өзім мұғалім, профессормын. Сондықтан бұл жұмыстың қаншалықты қиын да қызықты болатынын білемін», – деді М.Қажыкен.
Мұғалімдер үміткермен білім берудегі жалақыны көтермей жүктемені ұлғайту, сыбайлас жемқорлық, тұрғын үй алу сияқты өзекті мәселелерді талқылады.
Мейрам Қажыкен өз бағдарламасының әлеуметтік бөлімінде мұқтаж жас мамандарға, тұрғын үй сатып алуға қаражаты жеткіліксіз отбасыларға және халықтың басқа да топтарына тұрғын үй беру жоспары жазылғанын айтты.
«Менің ұстанымым мынада: Жергілікті органдар көппәтерлі үй салу үшін мердігер компанияға жер учаскесін береді. Сондықтан құрылыс салушы тұрғын үйдің 15%-на дейін мемлекетке бөлуі керек. Яғни, әкімдіктер тұрғын-үйден пәтерлер алады. Оны кезекте тұрғандарға береді», – деді ол.