Қазақ елінің тарихы тым тереңде жатыр. Сонау сақтар өмір сүрген дәуірден бастап келе жатқан, тамырын тереңге жайған қазақ елі қарапайым да бауырмал, қонақжай қасиетімен көп ұлттарға ұқсай бермейді. Жеріміздің кеңдігі, ұлыларымыздың ұлағаты, би-шешендеріміздің аталы сөздері, қазақи тәлім-тәрбиеміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз болмыс-бітімімізді биіктетіп тұратыны белгілі. Еліміздің көне тарихының жерімізде сақталған, тайға таңба басқандай тарихи ескерткіштерімізден, ежелгі қолжазбалардан, ауыз әдебиетінен, мәдени мұраларымыздан осы күнге келіп жеткені айдан анық.
Ұлылар мен ғұламаларды, даналар мен батырларды, билер мен шешендерді, көсемдерді, ақындар мен жыршы-күйшілерді дүниеге әкелген қазақ халқының бодандықта өмір сүре беруі әділетсіздік болар еді. Бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік те келіп жетті. Тәуелсіздік алған күн еліміздің басына бақыт құсының қонған күні.
1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР (Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы) Жоғарғы Кеңесінің бас қосуы өтті. Кеңес нәтижесінде Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің Тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы болатын. Декларацияда Қазақ КСР-нің егемендігі жарияланды. Яғни жер және оның қойнауы, табиғи қазба байлықтар, халықтың мәдени әрі тарихи қазыналары Республиканың меншігінде болып саналады. Қабылданған декларацияда Қазақстанның Елтаңбасы, Туы мен Әнұраны бекітілді. Сондай-ақ еліміздің шекаралық тұтастығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да ұлттардың тіл, дәстүр және мәдени құндылықтарын нығайту жайлы айтылды.
2001 жылы еліміздің мерекелер туралы қабылданған Заңында 25 қазан Республика күні мемлекеттік мейрам бекітілді. Ал 2009 жылы бұл заңға өзгертулер енгізіліп, Республика күні мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталған еді.
Осы үстіміздегі жылы Ұлытауда өткен құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбегіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек» деген мәлімдеме жасады. Осылайша, Республика күні жыл сайын Ұлттық мереке ретінде атап өтілмек. Қазіргі таңда елімізде екі ұлттық мереке бар. Олар: Тәуелсіздік және Республика күндері.
Оқырман балалар арасында қайта жанданған ұлттық мереке – Республика күнін атап өту, балаларды өз елін, өз жерін жетік біліп, Отанын шексіз сүюге үйрету мақсатында Жаркент қаласындағы балалар кітапханасы қызметкерлері мен Б.Момышұлы атындағы орта мектеп-гимназиясы кітапхана қызметкерлері бірлесіп «Мен елімнің бақытты ұланымын» атты әдеби-сазды композиция дайындап өткізді. Шараға аталмыш мектептің 4 сынып оқушылары (сынып жетекшісі Болысхан Мүгүлсім) әдеби монтажбен, Ш.Уалиханов атындағы орта мектептің оқушылары Нұрлан Сырым мен Сүлейменов Алмаз, бүлдіршін оқырмандарымыз Исабек Айлин мен Талғатқызы Айша өздерінің ән шашуларымен келді. Сондай-ақ осы күні кітапханада ұйымдастырылған «Тарихы құнды, болашағы нұрлы Қазақстан» атты кең көлемдегі кітап көрмесі шараның мазмұндылығын арттырды.
Мерекелік кешті Аудандық кітапхананың директоры Сұлтанбекова Дәрия Бекжігітқызы қорытындылап, Балалар кітапханасында өткізіліп жүрген көпшілік іс-шараларға белсене атсалысып жүрген балаларға «Мадақтама» қағазын табыс етті.
Гүлбақыт ИБРАИМОВА,
Балалар кітапханасының меңгерушісі.