/әңгіме/
Жылда жайлауға шыққан сайын биік таудың баурайындағы сарыкүйік шөбі піскенше отарды астырттағы шөбі белуардан келетін шалғынды, жықпыл-жықпылдағы балаусасы мен балдырғаны бойдан асатын еңіске қайырып тастайтынбыз. Бауырым екеуміз қапталдай жайылған қойдың жоғары жағымен бөктерлей отырып, жалдың үстіндегі мұрын құсап алдыға ұмсына шыққан жақпар тастың алаңқайына жайғасатынбыз. Бұл арадан айналаң түгел көрінеді. Қарсыдағы Торайғырдың тауы етектегі төбе секілді. Оң жағыңдағы Қулықтың тауы қоянның қыр арқасындай бүкірейіп көрінеді. Сол жағыңдағы Далашықты байқастап, одан әрі көз салсаң көгілдір тартып Асының жайлауы бұлдырайды. Жан-жаққа құлаш жая тараған жалаңаш қатпарлы кереге тастар. Жал-жалға қарай таласа-тармаса өскен қарағайлар арасында күнге ұмтылып, сымбаттана көтеріліп келе жатқан балашықтар айшықтанып тұратын. Күзге салым толысқан қыздай қып-қызыл алқа тағынып шыға келетін шетендердің өзі сәндікке өскендей. Тау бұлағының ағынымен қабаттасып, қысаңнан шыға келсеңіз тар шаттың аузында сүмбілдей болып өскен, қап-қара баданадай жемісімен ырғалған мойыл көзге түседі. Төменіректе сырт көзден тау еркесі елікті жасыра алатын қызыл бүрлі тобылғы, күзде жемісі кепкенде жел тербесе қоңыраудай сыңғырлап үн шығаратын шеңгел, талай қызықты жаңылтпашқа арқау болған жұмсақ жапырақты ұшқат, соған деңгейлес белдеуде жемесең де аңсарың ауып тұратын қой қарақат, таңқурай, бүлдіргеннің сансыз түрі өседі. Сай табанында, бөктер-бөктерден жылтырап шығып, басталғанда сылдырап аққан бұлақтар тас арасын қуалап бұралаңдап, жан-жағынан жанап келіп қосылған сулармен толыға, көбейе келе ағысы жылдамдап, кәдімгі шәугім ағызатындай сарқырап жатады.
Асты құлама құз алып жартастың тепсеңдеу келетін майсалы жері бауырымыз екеуміздің күнделікті мекеніміз. Жанымыздағы мыңжылдық тастардың өң бойын жапқан қызылды-жасылды қою қынаның ою өрнектерінен көз айырмай санап біраз отырамыз. Өзіміз отырған жерімізді айналамыз да көз ұшында не болып, не жатқанын көріп, бақылап отыратын тәңірдің тағы деп санаймыз. Шындығында да дәл солай-тын. Екеуміз басқаларға қарағанда аспанға жуық отырғандай сезінетінбіз. Жалама жалаңқайдың шетіне келіп жұдырықтай тасты тастап жіберіп құлақ түрсең, әлден уақыттан соң сай табанындағы тасқа тигендегі «шақ» еткен дыбысы шығады. Жоғары сыныпта оқитын ағам «Пизан башнясы ғой» деп күліп қояды.
Құлақ түбінен зу-зу еткен дыбыс құтыңды қашырады. Тұйықсыздан келген қорқынышты ысылдан басыңды сақтау үшін бұға қаласың. Көк зеңгір аспанды шарлап сонау заңғар таулардың қатпарынан жердің құртындай сені байқап зымырандай зулаған құс атаулының тәңірісі бүркіттің жел тараған қанатының сусылдаған дыбысын естудің өзі бір ғажап. Көктен тік шаншыла құйылып келіп әудем жерден шалт бұрылып қайқая көтеріліп айбат көрсету бақытын байқау кез-келген жанға бұйырмаған құбылыс. Саған айбат салып, екі-үш рет шаңқылдай шүйлігіп, артық қимыл көрсетпегендігіңді көрген соң сенен келер қауіп жоқтығына сенгендей, самғай көтеріліп ұядағы ақтүбіт балапандарына жем әкелуге қалықтай жөнеледі. Біз алтын тағымыз деп иемденіп жүрген жақпар құздың жиегінен отыз-отыз бес метр төмендегі кеуекте бүркіттің ұясы бар. Үстіңгі жағынан көре алмайсың. Ерінбесең жарты күніңді жұмсап екі-үш тау қырын асып, жота-жотаны айналып қарсы бетке келсең бәрі алақанға салғандай көрінеді. Тұспа-тұс келгенде дүрбісіз-ақ жай көзбен бүркіттің мойны қылқиған ақүрпектенген, шикіл сары балапандарын көре аласың. Жас баланың білегіндей, кейбірі одан да жуан бұтақтардан айқастыра салынған ұяда әрлі-берлі қозғалақтап ұшуға дайындалып балапандар жүреді. Ұяның төңірегінде ақсоңқа болып шашылып жатқан жануарлардың сүйектерін, жемтіктерін байқайсың. Көп жылғы ұя екендігін астына қарай шашыраған саңғырығынан білесің. Жер жаһан жаратылғалы бері жаламаның екі-үш адам айналатын кеуегіне тау бүркітінің неше атасы ұялап, қанша балапан түлетіп ұшырды – бәрі бір тәңірге аян. Ал біз жылда осы араны жайлап, балапанына тиіспей жүргеннен соң жақсы көршілердей бұл бүркіттер де бізге үйреніп қалған еді. Сонда да болса ұша алмайтын екі аяқтыларға сес көрсетіп қояйын дегендей әрі-бері зуылдап ұшып зәре-құтымызды алады. Айбатынан адам сескенетіні рас. Адамда ұшатын құдырет жоқ болғасын бүркіттердің зеңгір көкпен жер бетінің нағыз қожайыны екенін сол ұяның жанында отырын мойындайсың.
Атам заманнан бері бұл құламалы қорымды, тік біткен таулы-тасты жайлауға бойдақ қой бағатын бір-екі малшы ғана маусымның орта шенінде көшіп шығып, мал қонданғаннан кейін тамыз айының ортасы ауа төмендеп кететін. Тау бөктерінің құнарлы сарыкүйік шөбіне жайылған мал күніне бірнеше рет күйіс қайырып тез семіретін. Ұшар тауда күн ерте суып, кешкілік салқын ызғырық тұратын. Жаз айларының жылы күндері тау асып, тас басып бұғы-марал, тауешкі, елік атуға, арасында ұлар аңдыған аңшылар келетін. Қона-жастана екі-үш күн жатып, атарын атып, қанжығасы майланып, бөктерлері бұлтыйып, мұрттарынан күліп ауылға түсіп кететін. Бұғы мен маралдың, тауешкінің не текенің дәмі тіл үйіретін етінен артық не бар дейсің.
Тамыздың аяғында бұл жақта қар ұшқындай бастайтын. Қойшылар жылылау төменге түсіп, жайлау үсті босап қалғаннан соң жалаң жартаста жүрген тауешкілер ызғырық желден ығысып шұраттағы шүйгінді тепсеңдерге еңістеп келетін. Иесіз тау дегенмен де бұл жерді мекендейтін тіршілік иелері – аң атаулы үшін еркін жүріп-тұратын шақ туатын. Аңның да семірген кезін білетін кәнігі аңшылар осы шақты пәмдеп жүріп бірнеше күнге жылдағы мезгілінде аң аулауға жайлауға көтерілетін.
Сол жылдағы әдеттерінен танбаған аңшы ағаларымыз ауылдан бір қараңғы бір жарықта жиналып атқа қонып, иен тауды бетке алады. Межелі жерлеріне түс ауа жеткен аңшылар дереу қимылға кіріседі. Тауешкілердің қай жерге жайылып, қай жерге жусайтынын жақсы білетін бұлар екеуін қылтада тоспаға қалдырып, екеуі үркітіп беріп, үлкен жасамалы текенің бірін атып алады. Жайлауға келіп олжалы болғандар қуанып, «Әп, бәлем. Қанды басын, бері тарт!» деп мылтықтарының аузын қандайды. Кеш түспей, ертелеп келіп қоналқаға өздері жылда түнеп жүретін Ортақтың шатындағы бүркіт ұя салатын жартастың астындағы екі-үш киіз үй сиятындай үлкен үңгірге ат басын іркеді. Күздің күні келте емес пе, лезде ымырт қоюлана түседі. Аттардың тартпасын босатып үңгірдің бір жақ шетіне қалмақша матастырып қояды. Өздері үңгірдегі қураған қу бұтақтарды жинастырып, лаулата от жағып мосыны іліп, тауешкінің етін салып тамақ қамдайды. Ет піскенше жүрек жалғап алайық деп текенің бауырын тұздап істікке шаншып, отқа қақтап құйқалақ пісіріп жеп, арғы-бергі әңгімені қозғап еркін отырысқа көшеді. Жалыны лапылдаған оттың жарығы қарсыдағы үңгірден таяқ тастам жердегі сусыма қорымға лыпылдап түсіп тұрады. Әлден уақытта матастырылып тұрған аттар тыпыршып тынышсызданып, пысқырына бастайды. Оттың жарығы көзіне түскен бірінің көзі шадырайып, қайсы бірі осқырынып шыр айналады. Аңшылар да бұл келген не болды екен, қасқыр ма, жоқ аю ма деп қозғалақтап қараңғыға көз тігеді. Отқа ағашты да молырақ тастап, қузап лаулата жағады. Ағамыздың біреуі шошынып тұрған аттардың жанына барып тізгінінен, жалынан ұстап тыныштандырмақ болады. Жалына қолы тигенде шошынған аттың денесінің дір-дір етіп тұрғанын сезеді. Аяқ астынан неден үркектеп тұр екен деп, тізгінінен жетелеп үңгірдің түбіне қарай жақындатады. Сол мезетте бағаналы бері аттар көлегейлеген қарсы беттегі қорым үстіндегі мақұлыққа көздері түседі. Қорыққандары соншалықты төртеуінің аузына әншейінде қозғалған сайын айтатын «біссімілләсі» түспей, отырған, тұрған жерлерінде сілейіп қатып қалады. Лаулап жанған оттың жарығы қарсыдағы қорымда сорайып тұрған алып тіршілік иесіне түсіп, оны анық көрсетеді. Бұларға қарағанда бойы екі метрден астам, кескен қарағайдай жуан денесін түгел ұзын қылшықты жүн басқан, басы төңкерген шелектей, шашы иығынан төмен түскен, екі емшегі қарнына дейін салбыраған нағыз албастыны көреді. Жалпақ танауының тесігі үңірейіп, алау-далау болған бір пәле ыңыранған үн шығарып аңшыларға тесірейе қарап тұрады. Тұла бойын түгел түк басқан мақұлықтың салбыраған қолы тізесін соғады. Өзі жұмған саусақтарына бірдеңе ұстап алғандай. Оттың жарығы түскен екі көзі жылт-жылт етіп, зәрелерін одан әрі ұшырған. Тесірейе қарап жалпақ мұрнын көтеріп ауадан иіс алып, бұларды зерттегендей басын олай, бұлай бұрып, кеудесінен күрсінгендей дыбыс шығарған. Жүздесу әжептәуір уақытқа созылып, адам мен мақұлық көзбен атысып тұрған. Сәлден соң мақұлық бірнеше ыңыранған дыбыстар шығарып, жалпақ табанымен қорым тастарды сақырлата басып бір тоқтап, артына бір екі рет қарап, көлденеңдеп жүріп барып қараңғыға сүңгіп жоқ болған.
Күндіз жолықса аюың мен қасқырыңды допша домалататын, барыстың басын қолмен жұлатын мергендердің әуселесі осында көрінеді. Қорыққандарынан оқтау жұтқандай тұрған орындарында сіресіп қалады. Оқтаулы мылтық жайында тұр. Әлгі мақұлық кеткен соң естерін жиғанмен сөйлеуге дыбыстары шықпай қылғынып, жанымызды от алып қалды деп отынды үйеме етіп салып жаға беріпті. Ойлары ойран болып жүрген аңшылардың естерінен оқтаулы мылтық бар екені мүлдем шығып кетіпті. Сәлден соң өз-өздеріне келгесін қарсыдағы қорымға қаратып тарсылдатып мылтық атып, түңгі шатқалдың ішін даң қылыпты. Сөйтіп апыл-ғұпыл тамақтарын түсіріп, шала-пұла ішіп төртеуі мылтықтарын оқтап дайындап қараңғыға кезеп отырып, ала таңды кірпік ілмей қарсы алыпты. Үңгір алдына шығарып арқандаймыз деген аттары да қылайған қылтық тістемей, аш күйінде таң асыпты. Түн түнегі түрілгенше ұйқыны ұмытқан аңшылардың сілесі әбден қатқан. Кешегі текені атқаннан кейінгі аң аулаймыз деген уағда жайына қалып, ертеңгісін жылдамдата жиналып, атқа қонып жан-жақтарына үрейлене жалтақтап еңістей жөнеліпті. «Көрмегеніміз Ортақтың сайы болсын. Бұл жер жын-перінің мекені екен» деп үйлеріне жетіп, әйелдеріне жеті шелпек салдыртып құдайы шай беріп «үһ» деп жан шақырыпты. «Адам баласынан азған албастыны жолықтырып, әйтеуір құдай сақтап аман қалдық» деп отырған жерлерінде әңгімелеп жүргендері ел құлағы елу емес пе, ұзынқұлақтан бізге де жетті. Бұл әңгімені естігендердің ішіндегі құлағы түрік, әрнеден хабары барлары албасты туралы оқығандарын айтып қорқынышты жағдайды қоздата түсіпті. Енді бір қылжақпас құрдастары аңшы достарының шынайы айтқандарын мазаққа іліндіріп «қорыққанға қос көрінер» десе, енді бірі «бұған дейін атқан аңдарыңның сендерге келіп сес көрсеткен киесі шығар» деп одан әрі қорқытып әрі әжуаға айналдырыпты.
Мұндай жабайы тіршілік иелерімен жүздесу жүздеген жылдарда бір кездесетін жаңалықты оқиға болғасын менің де қызуғушылығымды оятты. Жазғы демалыс алған кезімде ауылдағы сол ағаларыма арнайы барып жолығып, бастан кешкен оқиғаларының барлық мән-жайына қанықтым. Аң аулай барғандағы тау шатқалының үлкен үңгіріндегі қорқынышты жайды кезекпе кезек таратып айтқызып отырып тыңдадым. Әңгіме аяғында ағаларыма бұл жөнінде, яғни қазақтар албасты деп атайтын жабайы мақұлық жайында біраз мағлұмат бердім. Осыдан 50 мың жыл бұрын жер бетінде ежелгі адамдармен қатар жаратылып, бірақ эволюцияға ұшырамаған жабайы өмір сүретін екі аяқты тіршілік иесі туралы сөз қостым. Сол кездердегі одақ бойынша шығарылып, ең көп оқылатын «Вокруг света», «Білім және еңбек» журналдарындағы, «Известия», «Лениншіл жас» тағы басқа баспасөздегі шыққан «Қар адамы» туралы мақалалар жайлы айтып беріп қорқыныштарын сейілткендей болдым. Адам тектес, бірақ ақылы, ой-санасы дамымай қалған, былайғы жұрттың көзіне көп түсе бермей өмір сүретін мақұлықтардың жер бетінде жиі кездесетінін айтып бердім. Ғылыми жазбаларда, зерттеулерде оларды «Қар адамы» деп сипаттаса, олардың орманды-тоғайлы, тау-тасты жерлерді мекендейтінін білетін қазақтар ежелден-ақ «албасты» деп атайтынына көз жеткізгендей болдым. Ағаларым бастарын шайқап оған илана қоймады. Қазақтардың жабайы тіршілік иелерін атам заманнан білетіндігі тіліміздегі «албасты», «кісі киік» сөздерінен айқындалып тұрады десем де ағаларым «Әй, қайдам, әй қайдам. Кәпірдің түсі тым жаман екен» деп сене қоймады. Көз алдарынан сол үрейлі түнгі көргендерін кетіре алмаған сияқты. Ұйықтаса түсіне енетін пәленің сұрынан қатты шошып қалса керек. «Ойпырым-ай, ойпырым-ай, әп-сәтте ажал аузына түсе жаздадық. Өлтіріп кетсе қайран қыла алмас едік» деуден танбаған қылықтарына күлдім де қойдым. Сол мезетте «Ал, түн ішінде қараңғы үңгірде осы аңшы ағаларыммен бірге болсам, албастыны көргенімде қайтер едім, қандай күйде болар едім» деген ой басыма келмепті. Иә қайтер едім? Бұл сұрақ әлі күнге дейін ойымда жүр.
Жабайы мақұлықтың бар екендігін білдіретін сөздер ел арасында көптеп кездескенімен, өзіміз оған айрықша мән бермейміз. Балалық шақта ауыл ішін аралап, тынымсыз аула кезіп ойнап жүргенімізде үлкендердің, әсіресе әйелдердің аузынан «Албасты басып жатыр ма? Тұр деймін, түс болды ғой», «Албастыға ұқсамай жина ана шашыңды» деп ұйқышыл, тарамаған шашы дода-дода болған салақ қыздарына ұрсып жатқанын талай естігенбіз. Әдетте үлкендердің топқа қосылмай саяқ жүретіндер туралы әңгімелегенде сырттарынан «Ой ол бір кісі киік, адамға жоламайтын неме» деп отыратын. Сөз мәнін ұқпайтын шақта бұл сөзді ауылдан жырақ қонған, ел-жұрттан алыс отыратын қойшыларға айтылатын нәрсе деп ұғып жүрдік. Шығандап шығып түзді мекендеген малшылар, не аң қуған аңшылар, болмаса жолушылар көріп ат қоймаса, албасты атауы қайдан пайда болады. Осыларға ой жібере қарағанда сол жабайы тіршілік иелері, тілсіз мақұлықтар иен жерде әлі де болса өмір сүріп келе жатқанға ұқсайды.