Қазақ арасындағы емшілік қызметтің басы ерте замандардан бастау алады. Аты-жөні кейінгі жаңалық атаулыны құры жібермейтін жұртқа таныс шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, алғашқы қазақ хандарының бірі Жәнібек ханның тұсында «Шипагерлік баян» деген кең көлемді кітап жазған. Кітап 15 ғасырдың екінші жартысында жазылған. Көлемді медициналық еңбегінде Өтейбойдақ сол заманның өзінде ел ішіндегі адамдарда кездесетін ауруларды анықтап, оған қарсы қолданылатын неше түрлі емнің түрлерін жазып қалдырған.
Жұрт таң қаларлық үлкен дәрігерлік-энциклопедиялық білімі болған емші, қазақ даласынан кездесетін шөптермен өсімдіктердің сабағынан, гүлінен, тамырынан, жапырағынан, жан-жануарлардың ағзаларынан жасалатын мыңдаған дәрілерді дайындауды атаған. Міне соның емдеу сарыны кейінгі жүздеген, мыңдаған емшілерге тәлім ретінде жұғып, олар жалғастырып кезекпе-кезек емшілікке қолдалынып, соңғыларына білім іспеттес мұра ретінде берілген. Соның бір қарапайым мысалы, дене қызуы көтеріліп, тұла бойы тітіркеніп, дірілдеп ауырған балаларды не үлкендерді қазіргідей піскілеуге ала жөнелмей, ауыл ішіндегі қолы жеңіл әйелдер, қариялар батар күннің алдында қызылы тарқамай тұрып кесеге толтырылған тұзбен не болмаса кебекпен аштап-ақ дем салып жазып жіберетін. Демек қазақтар ежелден тұз бен кебектің ауруды түсіретін қасиетін жақсы білген. Баяғы кездері адамдардың арасындағы болатын аурулардың әр түріне қарай ем жасайтын бақсы-балгерлері, тәуіптері, емшілері, сынықшылары болған-ды. Олардың бойында ауру емдейтін туа біткен қасиеттері болса, кейбіреулеріне мұндай қасиеттер жүре келе біткен. Әйтпесе көшпелі өмір сүрген, қыстың қақаған суығында мал бағып, жазғы ми қайнататын жазық далада өмір сүрген халық, уақытылы ем-домын алмаса, білегін ұстап тамыршылар ауруын айқындамаса, бала кезінен қисығын түзеп, сынған сүйегін жік-жігімен орнына келтірмесе, шыққан буындарын салдырмаса, жазылатын дәрмегін жасап ішкізбесе азып-тозып, ел болудан қалар еді. Тарихта халық арасында мыңдаған ауру-сырқау адамдарды емдеп, аяғынан тік тұрғызған, қол-аяғы тиген жерін сауықтырып жіберетін, адамның бойына кірген «жынды», «пері соққан» атауымен аталатын жаман энергияларды қадала қараған көзімен-ақ шығарып тастайтын көптеген шипагер емшілердің аты аталады. Дәрігерлік қызмет көрсету бертініректе кіргені белгілі.
Біз сөз еткелі отырған Өрмеке Жолдыбалаұлы 1906 жылы туылып, 1969 жылы қайтыс болған. Менің жасырақ кезімде Өрмеке ағамыз Алмалы ауылында тұрды. Өрмеке емші жайлы осы төңіректегі ел арасында көптеген аңызға бергісіз әңгімелер айтылады. Жақсы адамның артында жұртқа жасаған істері қалған. Ол кісінің ауру-сырқау адамдарға тигізетін пайдасын біліп тапқан шипалы, емдік қасиеті бар арасан Суасқан жайлауында бүгінгі күнге «Өрмекенің арасаны» деп аталады. Осыдан оншақты жыл бұрын қазір Басқұншы ауылында тұратын баласы Арманмен жолығып, Өрмеке емші жайлы біраз мағлұмат алғанмын. Бүгін сол әңгіменің бір ғана жағдаятын беріп отырмын.
Арманның айтуы бойынша Өрмеке қарияға көріпкелдік, емшілік қасиет жасынан қонған. «Ол кезде біз Алтыүй ауылында там үйде тұратынбыз. Ағаларым өз үй-ішімен жазда мал бағып, тауда отыратын. Қолдағы қалған малды өріске ұзатып салып үйге келгенмін. Күні бойы ішінен шоғы кетпейтін сары самаурын божылдап қайнап тұр. Әкем есік алдындағы орындықта шапанын жамылып отырған еді. Қасында ол кісінің етігіне басын сүйеп ақ итіміз жатқан. Қасына жақындаған маған қарап әкем басын көтеріп «Бүгін бір адамдар келеді», – деді. Әкеміздің көріпкелдік қасиетін барлық жұрт білетін. Біраз ел әкемізді Өрмеке бақсы, Өрмеке емші, Өрмеке көріпкел деп атын сыртынан ізетпен атаса да артық ауыз ештеңе айтпай байқастап сөйлейтін. Көбі қарсы сөзге келуден сескенетін.
Айтқандай-ақ түс ауа өңі жылы, қарапайым, бірақ таза киінген екі адам жетектесіп аулаға кірді. Оларды көрдім де қарсы жүріп барып ер адамға қол беріп амандасып, алдыға өткізіп, өзім қабаған болмаса да жүгірмесін деп ит жағына шықтым. Талды жақтан келдік деп жөндерін айтты. Ерлі-зайыпты адамдар екен. Әкеммен амандасқан 25-тердегі жігіт келген жағдайын баяндады. Мұғалім болып жұмыс істеп жүрген, жасы 23-тен жаңа асқан әйелінің кенеттен тілі байланып қалыпты. Бір бірімен тек жазу арқылы ғана, күйеуі жазып көрсетсе, ол оқып қана тілдесетін болып қалыпты. Әкем оларды бастап үйге кіргізді. Мен есік жақта арқамды босағаға сүйеп жүрелеп отырып бәрін көріп, айтқандарын естіп отырдым. Әкем әйелді алдыңғы жағына қарсы қаратып көрпеге отырғызып қойды. Көйлегінің көкірек тұсын сәл ашып, «суф», «суф» деп кішкентай бәкісінің өткір ұшын оның кеудесіне, бетіне, мұрнына болар-болмас тигізіп нұқып-нұқып айналдырып шықты. Осы емін бірнеше рет қайталады. Иегін көтеріп, аузын ашты да сұқ саусағын салып тілінің астын көтеріп ұртымен қосып екі-үш айналдырып шықты. Әкем істеген амалды күйеуі де, мен де көріп үнсіз отырмыз. Бір кезде «Болды», – деді. Әйелі басын изеп, рахметін үнсіз жеткізсе, ал күйеуі бар ықыласымен рахметін айтып сөйлеп жатыр. Әкем екеуін үнсіз тыңдап болып оларға қарап: «Ал енді қайта беріңдер, арттарыңа бұрылып қарамаңдар. Өздеріңнің үйлеріңе барған соң ғана сөйлесіңдер. Бара көрерсіңдер, болмаса келерсіңдер», – деді. Алғаш келген кезде қабақтары салыңқы түсіп, тұнжырап келген екеуі көтеріп келген түйіншектерін шешіп, апамның алдына көйлек-жейде, тәттілерін шығарып қойды. Жүзінен ризалық табы білінген күйеуі қалтасынан алып жүз сом ақша ұсынды. Әкем үйде қалды. Иттен шығарып салайын деп аулаға ере шығып, соңдарынан ұзағанша біраз қарап тұрдым.
Үйден ұзай бере әлгі екеуі біріне-бірі қарап сөйлесіп бара жатқандай көрінді. Ойымда ештеңе жоқ шығарып салдым деп үйге айналып кірдім. Иығына жамылған желбегей шапаны бар әкем сол кезде «Өй атаңның аузы…», – деп орнынан тұрып келе жатып, шапанының етегін қағып-қағып жіберіп далаға шығып кетті. Апам екеуміз әкемнің бір нәрсеге разы болмағанын сезіп үндемедік. Аз күннен кейін әлгі екеуі бастары салбырап қайта келді. Сонда барып мен өткенде өздеріне айтылған «екеуің үйлеріңе барғанда ғана сөйлеіңдер» деген шартты бұзып қойып, кінәларын мойындап қайта келгендігінің куәсі болдым. Содан екеуін үйге алып кіріп, әйелді алдыңғы жағына жүрелетіп отырғызып қойып әкем өткендегі емін қайта жасады. «Апа, деп айт», «Апа деп айт» деп қаттырақ дауыстап еді әлгі әйел екі-үш ұмсынып барып «апа» деген сөзді әрең дыбыстады. Көзін алмай тағы да айт деп бірнеше рет айтқызды. Содан соң қырқыншы ақ жіпті екі-үш қабаттап таспихқа ұқсатып түйін, түйін етіп қолына беріп «Мынаны мойныңа асып ал, өзі үзіліп түсіп қалады, ешкімге көрсетпе», – деді. Екінші жалпақтау бір белдемшені беріп жатып «Мынаны беліңе орап ал, біраз күннен кейін тоғыз жолдың торабына апарып таста», – деп қойды. Келгендер бас шұлғып мақұлдады да рахмет айтып, қоштасып шығып кетті. Одан қайтып оларды көрмедім. Әкеміздің шипасы дауа болған болуы керек», – деп аяқтады Арман әңгімесін.
Қазір де арамыздағы көзінің қарасымен, қолының шипасымен жандары жүдеп, шипа іздеп жүрген елді емдеп сауығуына септесіп жүрген жандардың шипагерлік қасиетін қадір тұтуымыз қажет сияқты.
Молот СОЛТАНАЕВ