немесе
Хит боламын деп тілді қорлап жүрген жастарға тоқтам бар ма?
Ән – өлең мен әуеннің бірлігінен құралған ерекше өнердің бір түрі. Музыка мен поэзия жанрына ортақ ән өнері шамамен 50 мың жыл бұрын пайда болған деседі. Бұл өнер түрі осынша жыл бұрын адамзат қалыптастырған мәдениеттің қатарына еніп, әлеуметтік өмірдің ажырамас бөлігіне айналған. Тарихи деректерге сүйенсек, музыкалық терминдер ежелгі Грекияда пайда бола бастаған. Біз оны әлемнің ұлы ойшылдары саналатын Платон мен Аристотель еңбектерінен біле аламыз. Ертеде ақсүйек отбасының балаларына ән өнері міндетті түрде үйретілген. Бүгінгі таңда ең көне әннің жасы 2 мың жылды құрайды. Ортағасырлық музыка қайта өрлеу кезеңіндегі ән өнерінің пайда болуына негіз болды да, осы саладағы жаңа терминдердің, жалпы нормалардың қабылдануына жол ашты. Міне, біздер тамсана тыңдап жүрген ән тарихы осылай сыр шертеді.
Музыка – әр халыққа тән. Оның ерекшелігі де сонда, тілге, дінге, ұлтқа бөлінбейді. Мысалы, поэзия қанша құдіретті болса да, жапондықтар өз тілінде көсіле жырлаған ақын Қасымның өлеңін түсінбеуі мүмкін. Дәл солай араб халқының ең ұлы деген ақынын да біздер аудармасыз түсіне алмаймыз. Жырды өзге тілге аударғанда алғашқы сезім мен ойды толықтай ұғыну мүмкін емес. Прозалық шығармалар да осылай. Ал ән өнері өзгеше. Оны кез келген адам түпнұсқада қабылдап, сезіне алады. Музыканың құдіреттілігі де осында. Қазақтың әні мен күйін бүкіл әлемге әйгілеген Димаш «Дайдидауды» орындағанда қытай халқының жанарына жас үйірілгені бекер емес-ті. Себебі, ән – дербес. Ол қандай да бір тілді білуге тәуелді емес. Десе де, әр ұлттың өзіне ғана тән ән өнеріндегі айшықтары болады.
Қазақ халқы әнмен егіз жаратылған ұлт. Жарық дүниеге шыр етіп келгеннен, соңғы демі үзілгенге дейін қазақтың жаны әнмен бірге ғұмыр кешеді. Шаттанса қуанышын еселейді, қайғыға батса мұңын бөліседі. Әйтеуір өмірінің әр белесінде әнмен бірге есейеді. Мұны Абай Құнанбайұлы «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп екі-ақ жолмен жеткізген. Тағы бір жырында ұлы ақын былай дейді:
«Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді
Тыңдағанда көңілдің өсері бар…»
Сірә, бұдан асырып ешкім де айта алмаса керек-ті. Кезінде ұлтымыздың ән өнерін дамытуға Абай бастаған, Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Мұхит, Әсет, Естай, Кенен сияқты халық композиторлары өлшеусіз үлес қосты. Олардан қалған асыл мұра әлемдік деңгейде де зор ықылысқа ие болды.
«Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы.
Бітпейді іштегі,
Ғашықтық жарасы.
Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы.
«Бар» демес сендей бір
Адамның баласы.
Жылайын, жырлайын,
Ағызып көз майын.
Айтуға келгенде,
Қалқама сөз дайын.
Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын.
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын»
Иә, дана Абайдың даралығы оның әндерінен де ерекше көрініс табады.
Бұл әнді тыңдаған әр адамның бойында тыныштық орнап, өзгеше әсерге бөленері хақ. Өкінішке қарай, есерсоқ әндер жайлаған қазіргі қоғамда әннен жан рақатын табу мүмкін болмай тұр. Көпшілікке Qanay лақап атымен танылған әншінің мына туындысына қарап қарның ашады.
Кетті ляқты ол тыңдамай неге
Бидің үстіне би сұрайд неге
Ол қыз, ол қыз
Кетті ляқты ол тыңдамай неге
Бидің үстіне би сұрайд неге
Ол қыз, ол қыз
Әкесі білсе оның құлағынан бұрайды
Шешесі біліп қалып қаншық деп сабалайды
Кетемін үйден сендер түсінбейсіңдер мені
Деп өзінікін қуып шәйіп ол айқайлайды
Жылайтын кино көріп өкіріп бір жылайды
Мазасы кетіп оның түнімен ұйықтамайды
Өтірік жігіттері телефон шалған кезде
Анашым шығармайд деп өтірікті алдайды
Кетті ляқты ол тыңдамай неге
Бидің үстіне би сұрайд неге
Ол қыз, ол қыз
Мойындау керек, әлеуметтік желіде бұл әнге билеп, видео түсірген жастар аз болмады. Сапасына үңілмеді, жастар секіре билеп мәз болысты. Мәнсіз әнге ел ағалары қарсы пікір білдірген шақта әнші бұл әнде қоғамдық мәселенің көтердім дегенді айтты. Қазақ тілінің құндылығын құрдымға апара жатқаны ойында да жоқ. Жақында ғана жарық көрген «Ұйқым келмейді» әні де желіде қызу талқыға түсті. Әннің мәтіні былайша өріледі:
Қош бол деп айттың
Тағы да бірдеме дедің
Сен менен кеттің кетсеңде күнде көремін
Ойлаймын көктен, сүйікті жұлдызым ағып
Әлемді мынау бөлмеме кіргізіп алып
Ұйқым келмейді
Махаббат маза бермейді
Ұйқым келмейді
Өткеннің шамы сөнбейді
Ұйқым келмейді
Мен сені көрген кезде
Ұйқым келмейді
Сені көрмесем, тағы да ұйқым келмейді
Көрінбей кеттің естілмей бір сәт дауысың
Қайдасың қайда, жерде ме ұшақтамысың?
Ұйқым келмейді содан соң ұйықтап кетемін
Түсімде сені соңғы рет құшақтау үшін
Ұйқым келмейді
Махаббат маза бермейды
Ұйқым келмейді
Өткеннің шамы сөнбейды
Ұйқым келмейді
Мен сены көрген кезде
Ұйқым келмейді
Сені көрмесем, тағы да ұйқым келмейді
Көпке күлкі болған Алина Шакиева бір күнде танымал бола қалғанына мәз болысты. Күні кеше, тағы да бір есерсоқ ән көк жәшіктің ішінен менмұндалап жарқ ете қалды. «Красный көйлек» деп аталатын әннің мәтінін оқысаңыз, тіпті, жанарыңызға жас келер. Бәлкім күлкіден, бәлкім қайғыдан. Қазақ тілінің қадірін осынша кетірген әншісымақтар мен ақынсымақтарға не дерміз.
Красный көйлек
Черный өрнек
Билейді гүлдер,
Әнменен сөйлеп.
Көйлегім сәнді,
Өмірім мәнді.
Күндей боп ярко,
Көздерім жанды.
Көйлегім в бренде,
Өрнегім в тренде,
Бәрінің көзі,
Менде, менде!
Бәрінен де қиыны, осындай сапасыз дүниені «Той думан» арнасының қабылдап, көпшілікке жария қылып жатқаны. Сөзі мәнсіз, әуені нәрсіз бос дүниені халыққа қалай ұсынуға болады. Мемлекет тарапынан ән мен әншіге арнайы талаптар қойылып, көркемдік кеңес арқылы сүзгіден өткізетін уақыт келген сыңайлы. Қазір ән – тәрбиенің бір бөлігін құрайды. Ал мұндай әндерді естіген жасөспірімнің ертеңі не болмақ? Психологтардың пікірінше, адамның санасының, ой-өрісінің жақсы қалыптасуына әннің берер пайдасы мол. Алайда, оның зияны да болуы мүмкін. Нақтырақ айтсақ, «есер» әндерді тыңдай берген адамның ойлау қабілеті шектеліп, психикасына зақым келуі мүмкін. Өз қолымызбен келешегімізге балта шауып жатқанымызды түйсінбей жүрміз. Десе де, Абай айтқан есті әндер мүлде жоқ дей алмаймыз. Мысалы, әнші Мейрамбек Беспаевтың мына туындысын тыңдаған жанның жаны жадырары анық.
Туған жер – анам, еркелететін
Көңілімді менің көркем ететін
Қанаты талып жыл құстары да
Біздің ауылға ерте жететін
Санамда қалған елесім бе екен?
Сағындым десем сенесің бе екен?
Түнгі аспандағы ең жарық жұлдыз
Біздің ауылдың төбесінде екен
Бұл көшті жастар жағы да қалыспай өз әлінше жалғастырып келеді.
Өмір кейде мәнді емес
Құлатқанда жар, белес
Өмір деген өтпелі
Адам да мәңгі емес
Өмір-ай, өмір ағын судай
Адамның жаны қауырсындай
Қиындықтарда сағым сынбай
Жүрсем екен, жүрсең екен
Өмір-ай, өмір сағым-киік
Иманның алтын тәжін киіп
Бір бірімізді қадірлейік
Тау бесіктен жер бесікке дейін
Бұл әнді Төреғали Төреәлі шырқайды. Әуен де, мәтін де бір-біріне үйлесімді. Тыңдарманға ой салып, ерекше әсерге бөлейтін осындай әндер көп болса екен дейміз. Көптің сұрауы осы демей, тыңдарманның талғамын өрге шығару өз қолымызда. Хит боламын деп, ит болып кеткендердің ғұмыры ұзақ емес. Нағыз дүр өнер мен өнер иесінің ғана мәңгіге жұлдызы жарық болары хақ. Өз дәуірімізде ұлық көшті дара туындылармен толықтырайық! Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан асыл өнерімізді ардақтай білейік, есті қауым!
Алуа АСҚАР